Алшинбаева жулдыз куанышевна


Фразеологизмдердің ішкі формасы мен этномәдени семантикасының аудармада берілуі



бет13/37
Дата29.12.2023
өлшемі1,63 Mb.
#144569
түріДиссертация
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37
1.2 Фразеологизмдердің ішкі формасы мен этномәдени семантикасының аудармада берілуі
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дүниежүзілік аренадағы саяси, экономикалық және мәдениетаралық коммуникацияны, мемлекетаралық байланыстарды нығайту, дамыту қажеттігі айқын. Осы мақсатқа жету үшін қоғамымыздың барлық салаларында жан-жақты жұмыстар, ғылыми ізденістер жүргізілуі қажет. Ұлттық тілді, әдебиетті, мәдениетті салыстыра, салғастыра зерттеу де бұл бағыттан тыс қалмауы тиіс. Яғни, этностың рухани және материалдық мәдениетіне тән қырларды ашып, бай тілдік деректерді қамтитын, тілдің этномәдени қызметін, мазмұның айқындайтын ғылыми ізденістерді іске асыру қажет. Сонда ұлттық тіліміздің байлығын әлем халықтарына көрсету мүмкіндігі туындайды. Осы мақсатқа жету үшін тіл білімі саласында жаңа бағыттарды ұстанып, өзекті мәселелер төңірегінде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек.
Кез келген тілдің фразеологиялық қоры – ұлттың рухани қазынасы саналады. А. Байтұрсынұлы тілдің мәні, қызметі жөнінде: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиын күйге түсер еді» дейді [40]. Ғалым Н. Уәлиұлының: «Тіл – өмір шындығы. Сол шындықты уақыт қалдырған қатпарлардан аршып ала білсек, шежіредей сыр шертіп тұрады. Өмірде болған нəрсе тілде де із тастамай кетпейді. Сондай іздің сорабын асыл мұрамыздың тілінен де кездестіреміз» деген құнды пікірі келешек зерттеулерге бағыт берері анық [41]. Ғалымның бұл пайымдауы біздің зерттеу нысанымыз ретінде қарастырып отырған тұрақты тілдік бірліктерге де қатысты. Тілімізде көрініс тапқан халқымыздың сан ғасырлық дүниетанымы фразеологиялық бірліктердің тұрақтылығы негізінде кейінгі ұрпаққа рухани құндылықтар ретінде жетіп отыр. Сол себепті этнолингвистикалық зерттеулерде фразеологизмдер басты орын алады, себебі, ұлттық мәдениет қандай да болмасын тілдің осы қабатында айырықша көрініс тапқан [42].
Этнос, қоғам, тіл және мәдениет сабақтастығы ұзақ жылдар бойы ғылыми зерттеулердің негізгі өзегі болды және күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Себебі, олар бір-бірімен өзара тығыз байланысты, біріне бірі ықпал етеді және үздіксіз қатар дамып отырады. Сондай-ақ олардың өткені мен бүгінін бейнелей сипаттайтын тілдік бірліктердің бірі фразеологизмдердің де ішкі формасы, этнолингвистикалық мәні, бейнелі сипаты, ерекшеліктері, релеванттық белгілері шетел және отандық ғалымдардың зерттеулерінде қарастырылды және кешенді түрде зерттеліп келеді.
Қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика саласы жөнінде сөз қозғағанда оның негізін қалап, даму бағыт-бағдарын айқындаған І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, М. Копыленко, Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, Т. Жанұзақов т.б. сынды ғалымдардың орнын ерекше атап өткеніміз жөн.
Этнолингвистика мәселелерін зерттеушілер үшін М.М. Копыленконың «Этнолингвистика негіздері» еңбегінің берері мол. Аталған еңбекте М.М. Копыленконың: «Тілде этностың тұрмыс-тіршілігі, қазіргі болмысы мен тарихы, оның материалдық және рухани мәдениетінің тілдік көріністері айқындалады» деген пайымдауын қолдаймыз [43].
Қазақ тілінің этнолингвистикасын, көркем шығармалардағы атауларды, фразеологизмдерді зерттеуге белгілі ғалым Е.Н. Жанпейісовтің қосқан үлесі зор. Ол М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының тілін, ондағы қазақ этносына тән символдар мен кодтарды этнолингвистикалық тұрғыда жан-жақты зерттеген [44].
Зерттеу тақырыбы аясындағы ғылыми еңбектерді сарапқа салу барысында «кез келген этностың өкілі фразеологизмді сөйлеу әрекеті барысында қолданады, алайда оның құрамындағы элементтерінің шығу төркініне, олардың жеке дара тұрғанда білдіретін мағыналарына көңіл бөлмейді» деген тұжырымдар кездесті. Бұл пайымдауларды қолдаймыз, себебі, әрбір жеке тұлға сөйлеу барысында тұрақты тіркестің әрбір компонентіне, оның түп-төркініне немесе тілде қалыптасу тарихына назар аудара қоймайтыны рас. Себебі, оның мақсаты тұрақты бірліктің тұтас мағынасын негізге ала отырып, өз пікірін жеткілікті дәрежеде нақты, ұтымды жеткізу. Осыған байланысты Ж. Манкеева: «Сөз заттың тура таңбасы емес, оның біздің санамызда тілдік шығармашылық процесс нәтижесінде туған бейнесі. Яғни, тіл кез-келген жеке заттарды бейнелегенде, сол тілде сөйлеушіге оны қоршаған дүниенің есігін ашады, суретін салады. Мұның мәдениетке қатысты ұлттық атауларға да тікелей қатысы бар» деген пікірімен келісеміз [45]. Арнайы зерттеу, тәжірибе жүргізу нәтижесінде бұл мәселенің себеп-салдарын анықтауға болады деп есептейміз.
Зерттеу жұмысымызда этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің көркем мәтіндегі рөлі мен оның аудармада берілуі тәрізді мәселелерге баса назар аударылады. Бұның бірден бір себебі бар. Көркем мәтін авторы өз шығармасында оқырманға белгілі бір әсер ету мақсатында, саналы түрде ұлттық-мәдени нышанға, этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді тиімді қолдануға тырысады. Сондықтан да көркем мәтінді аудару барысында фразеологизмдердің, олардың этномәдени семантикасының тіларалық берілуі мәселесінің аудармашылар, тілші-ғалымдар тарапынан қызығушылық туғызатыны заңды [46]. Көркем аударма барысында өзге ұлт, мәдениет өкілдері жөнінде түпнұсқаға сәйкес толық мағлұмат берілуі қажет, аударма сәйкестігі де, сапасы да осымен анықталады. Міне, осы мақсатқа жету жолында аудармашы тарапынан қарастырылатын негізгі тілдік бірліктердің бірі этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер тобы. Тұлғасы ықшам болғанымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні іспеттес бейнелі, көркем сөз орамдарына ерекше көңіл бөлінгені абзал.
Зерттеу жұмысымыздың барысында ең алдымен, фразеологизмнің «ішкі формасы» және «этномәдени семантикасы» ұғымдарының ара-жігін ажырату қажеттігі айқындалды.
Тіл жалпы адамзатқа тән ортақ қарым-қатынас құралы, алайда, екінші жағынан жеке, бір ғана этнос жан дүниесінің, тарихының, салт-дәстүрінің айнасы іспеттес. Этнос тарихы, қоғамның идеологиялық құрылымы, адамның әлеуметтік ортадағы орны, ұлттық психология, ұлттық мінез, рухани және материалдық мәдениет негізінде белгілі ұлтқа тән таза этномәдени ақпарат көзі – этномәдени лексика қалыптасады [47].
Салғастырмалы фразеологияға қатысты еңбектерімен танымал ғалым С.Е. Исабеков тілдік бірліктер семантикасындағы этномәдени белгіні анықтайтын келесі факторларды ұсынады:

  • таным үрдісінің селективті бағыты, яғни болмыстың бір құбылысының әртүрлі тілдерде ерекше аталуы;

  • халықтың өмір сүріп жатқан географиялық және ауа-райы ерекшеліктері;

  • белгілі мемлекеттегі әлеуметтік, экономикалық, саяси жүйелері еркешеліктері;

  • мәдени-тарихи фактор;

  • ұлттық психологияның ерекшеліктері: темперамент, сезім, өзін-өзі түсіну, ұлттық мінез-құлық т.б. [48].

С.Е. Исабековтың жоғарыда аталған фразеологизмдер семантикасындағы этномәдени белгіні анықтайтын факторлар жөнінде пайымдауын толығымен қолдаймыз.
Фразеологиялық бірліктерді зерттеу барысында белгілі бір халықтың тұрмыс-салтын, ұлттық ерекшелігін көрсететін этномәдени сипат айқын байқалады. Ал фразеологизмнің этномәдени семантикасы оның ішкі формасымен тығыз байланысты. Демек, фразеологизмнің этномәдени семантикасын түсіну үшін оның ішкі формасына үңілу қажет. Фразеологизмнің ішкі формасы мәселесіне арналған бірнеше ғылыми жұмыстарды талдау, саралау нәтижесінде кез келген фразеологизмнің ішкі формасы болатындығы, алайда этномәдени семантика тіл жүйесіндегі барлық фразеологизмдерге тән еместігі анықталды [49].
Ғалымдардың осы мәселеге қатысты жіктелімін негізге ала отырып, фразеологизмдерді универсалды (әмбебап) және тар мағынадағы фразеологизмдер (2-сурет) деп екі үлкен топқа бөле аламыз.


Сурет 2 – Фразеологизмдердің семантикалық жіктелімі


Фразеологиялық бірліктердің басым бөлігі олардың мағынасын қалыптастыратын бейне (образ) негізінде пайда болып, дамиды. Басқаша айтқанда, фразеологизмнің мағынасындағы «тасаланған бейне» – оның ішкі формасы, ал ономасиологиялық аспектіде, ішкі форма фразеологизм семантикасының ең негізгі компоненті ретінде қарастырылады. Ішкі форма фразеологизм мағынасының тірегі қызметін атқарады. Фразеологизмнің ішкі формасы болмаса, оның семантикасы да болмайды, демек фразеологизмнің өзі де жоқ. Сол себепті, егер фразеологизм ішкі формасын жоғалтса, ол өз мағынасынан да айрылады, нәтижесінде фразеологизм өзінің коммуникативтік қызметін атқара алмайды. Ішкі форма, семантика және фразеологизмнің қызметі арасында тығыз байланыс бар екендігі даусыз [50].


Фразеологизм – номинативті әрі коннотативті қызмет атқаратын тілдік бірлік. Кез келген фразеологизмнің формасы мен денотат арасында ассоциативтік бейне қалыптасады. Ассоциативтік бейненің қалай пайда болатынын фразеологизмнің этномәдени семантикасының қыр-сырын зерттеу арқылы ғана түсіне аламыз.
Тіл мен қоғам, тіл мен ұлт, тіл мен мәдениет, т.б. экстралингвистикалық контекстердің тілдегі көріністерін зерттейтін антрополингвистикалық парадигма ХІХ ғасырда пайда болды. Бұл бағытты тұнғыш ұсынған неміс ғалымы Вильгельм фон Гумбольдт еді.
В. фон Гумбольттің пайымдауынша, тіл – объективті дүниенің субъективті бейнесі, яғни, этнос басынан кешкен барлық тарихи, әлеуметтік жағдайлар тілде көрініс тауып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала бермек [51].
Антрополингвистикалық парадигманың Ресейдегі өкілі – А.А. Потебня. Ол В. фон Гумбольдтың пікірімен келісіп, тілді халықтың мәдениетімен тығыз байланыста болатын шығармашылық құбылыс деп білді [52].
Ал ХХ ғасырдың басында Ф. де Соссюр есімімен байланысты структурализм бағыты пайда болды. Тіл синхрондық тұрғыдан қарастырылып, диахрондық жағынан қарастыру мәселесі көлеңкеде қала бастады. Бірақ кейінгі жылдардағы зерттеулер тілдің ішкі мәнін негізге алып, тілді жүйелі құбылыс ретінде, кешенді сипатта тарихи деривация мен номинация шегінде қарастырумен ерекшеленеді.
Лингвистикада этнолингвистиканың терезесі тең ғылыми пән ретінде қалыптасуына Ф. Боас, Ю.М. Лотман, Э. Сепир, Н.И. Толстой, В. Воробьев, В.И. Телия, А. Вежбицкая, Е.М. Верещагин, В.Т. Костомаров, В. Маслова, т.б. сынды ғалымдардың ғылыми ізденістері негіз болды. Аталмыш ғалымдардың еңбектері тіл мен мәдениеттің өзара ықпалын, қызметін зерттеуге бағытталған.
Отандық тіл білімінде жүргізіліп отырған зерттеулер де осы ұстанымға берік. Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұбанов, М. Әуезов еңбектерінен бастау алып, тілші ғалымдар, атап айтқанда, І. Кеңесбаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Е. Жұбанов, Е. Жанпейісов, Т. Жанұзақов, Н. Уәли т.б. зерттеулерінде жалғасын тапты деп айтуға болады.
Бірақ, тілді этнос мәдениеті туралы мағлұматтың негізгі дереккөзі ретінде қарастыру мәселесіне қатысты зерттеулер әлі де жеткіліксіз. Әсіресе, көркем мәтіндегі ұлттық реалийлер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілу мәселесі үлкен маңыздылыққа ие [53]. Бірақ, әлі күнге дейін осы саладағы зерттеулердің жеткіліксіздігі байқалып отыр. Мысалы, этномәдени семантикаға ие фразеологизмдердің ағылшын, орыс және қазақ тілдеріне қатысты салғастырмалы негізде зерттелмеуі, арнайы сөздігінің болмауы күрмеуі шешілмеген мәселелердің бір парасы ғана.
Қазақстанда этнолингвомәдени бағытта жүргізілген зерттеулер: Р. Сыздықова «Сөздер сөйлейді» (1980, 1984, 2004), Е. Жанпейісов «Этнокультурная лексика казахского языка» (1989), А.Ш. Жылқыбаева «Термины питания в казахском языке (в этнолингвистическом освещении)» (1991), Ж.А. Манкеева Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері (2008), С.К. Сәтенова «Төрт түлік атауларына байланысты тұрақты тіркестердің бейнелік-аялық негізі» (1990), «Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты» (1998), Г. Смағұлова Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері (1999), Ш. Сейітова «Өсімдікке байланысты тұрақты тіркестердің этнолинвистикалық сипаты» (1999), Г. Сағидолда «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны» (2004) т.б.
Осы бағыттағы ізденістердің негізінде тіл-этнос-мәдениет сабақтастығын, фразеологизмдердің тілдік табиғатын, лакуналар, реалийлер сырын этнолингвистикалық зерттеулер арқылы анықтауға болады деген тұжырым жасай аламыз.
Заманауи тіл біліміндегі зерттеудің антропоцентристік бағытына сәйкес ұлттық ерекшеліктердің барлық аспектілерін (тарихи, экономикалық, мәдени, географиялық, т.б.) тіл арқылы тануға мүмкіндік беріп жатқан, салыстырмалы түрде алғанда жаңа сала этнолингвистика деп жоғарыда айтылды.
Көркем мәтіндегі фразеологизмдердің этномәдени семантикасы мәселесін зерттеу арқылы ұлттың рухани дүниесін тани аламыз. Фразеологизмдер этностың тұрмыстық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, дүниетанымдық факторларының негізінде қалыптасқан тілдік феномен [54]. Демек, этнотілдік ерекшеліктердің басты көрсеткіші – этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер. Фразеологизмдер екі тұлға арасындағы қарапайым ғана қарым-қатынас жасау құралы емес, адамның көңіл-күйіне, сезіміне әсер ететін ерекше менталдық тілдік бірлік болып саналады.
Фразеологизмдерді зерттеу барысында оның ішкі формасы және этномәдени семантикасы мәселесіне тоқталмауға болмайтыны анық. Себебі, фразеологизмнің ішкі формасында этностың әлем жайындағы бейнелі түсінігін қалыптастыратын мәдени ақпарат көзі жинақталып, фразеологизмге этномәдени реңк береді.
Ішкі форма ұғымы ХVIII ғасырдың бірінші жартысында В. фон Гумбольдт тарапынан алғашқы рет ұсынылды. Оның пайымдауынша, ішкі форма – халық рухы немесе ұлттық рухани күш негізінде пайда болатын көпқырлы құбылыс [55]. Кейін ішкі форма жайындағы бұл түсінік А.А. Потебня, Г.О. Винокур және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тапты.
Ішкі форма фразеология іліміндегі аз зерттелген мәселелердің бірі. Тіл білімінде ішкі форма ұғымына келесідей түсініктемелер берілген:

  1. толық көлемді және жан-жақты этимологиялық ұғым;

  2. белгілі мағынаға негіз болып отырған номинация белгісі;

  3. лексикалық бірліктің синхронды уәждігі;

  4. семантикалық құрылымда белгілі бейнелі, сезімдік компоненті сақталған атаудың образдық негізі [56].

Ішкі форма фразеологизм компоненттерінің байланыс жүйесін көрсетеді және санада ассоциативтік байланыстардың пайда болуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ішкі форма белгілі бір қоғамның тарихи дамуы барысында ата-бабалар санасында, таным-түсінігінде қалыптасқан және дамыған біртұтас түсініктің нәтижесі болып табылады.
А.П. Василенко ішкі форма мәселесі жөнінде «Основа формирования семантики фразеологизма – его внутренняя форма, ассоциативно-образная картинка, предопределяющая и значение, и функционирование структуры. Внутренняя форма организует значение фразеологизмов и объясняет их мотивацию. Образ формирует значение фразеологизма в целом. Внутренняя форма характеризуется своей относительностью, то есть неоднозначностью трактовки самого образа фразеологизма, вызванной существованием многих культурно и исторически обоснованных причин, повлиявших на создание «картинки» [57]. «Фразеологиялық бірліктің семантикасын қалыптастырудың негізі – оның ішкі формасы. Құрылымның мәнін де, қызметін де алдын ала анықтайтын ассоциативті бейне. Ішкі форма фразеологизмнің мағынасын жүйелеп, оның уәжін түсіндіреді. Бейне тұтастай фразеологиялық бірліктің мағынасын құрайды. Ішкі форма өзінің салыстырмалылығымен сипатталады, яғни фразеологиялық бірліктің «бейнесін» түсіндірудің екіұштылығы, «бейненің» қалыптасуына әсер еткен көптеген мәдени және тарихи негізделген себептердің болуынан туындайды» (біздің аударма – Ж.К.). Демек, ішкі форма негізінде біз фразеологизмнің этномәдени семантикасын анықтай аламыз.
Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, фразеологизмнің ішкі формасы тек еркін сөз тіркесі ретінде сол лексика-грамматикалық құраммен қолданыла алатын фразеологизмдерге тән [58]. Ағылшын фразеологиясына қатысты еңбектерімен танымал А.В. Куниннің пікірінше, көптеген фразеологизмдерге ішкі форма тән емес болса, онда бұл факт фразеологиялық бірліктердің бейнелілік қасиетімен сәйкес келмейді. А.В. Куниннің анықтамасы бойынша ішкі форма бұл – «...диахроническая связь фразеологического значения оборота и его этимологического значения» [59]. «...фразеологиялық мағына мен оның этимологиялық мәні арасындағы тарихи (диахрониялық) байланыс» (біздің аударма – Ж.А.). деген пайымдауын қолдаймыз. Сонымен қатар, фразеологизмнің ішкі формасы семантиканың синхронды аспектісінде мазмұндық сипатқа ие элемент екені даусыз.
О.Н. Селиверстова (1975), А.М. Кузнецова (1980) да фразеологизмнің ішкі формасын «фразеологизмнің бейнелі негізі» ретінде қабылдап, оны экспрессивті-стилистикалық және этномәдени мәлімет көзі ретінде қарастыруын дұрыс деп танимыз.
Фразеологизм білдіріп отырған реалияның жоғалуы немесе компоненттер мағыналарының бұрмалануы, фразеологизм мен оның прототипі арасындағы деривациялық байланыстың бұзылуы нәтижесінде ішкі форманың демотивизациясына (жоғалуына) әкеледі.
Фразеологизмнің ішкі формасы мәселесін қарастыру барысында түрлі түсініктерді интерпретациялау нәтижесінде тілдік сәйкессіздіктер анықталады. Осындай ерекшеліктердің санаулылары ғана мәдени маңыздылыққа ие бола алады.
Бұл мәселеге қатысты теориялық еңбектерді саралау барысында фразеологизмнің ішкі формасын анықтаудың лингвистикалық және психологиялық тәрізді екі бағыты бар екендігі нақтыланды. Осы мәселені арнайы зерттеген Н.Ф. Алефиренко мен Л.Г. Золотыхтың пікірінше, көптеген ғалымдар ішкі форма мәселесін зерттеуде фразеология шеңберінен шығып, психология ғылымының категорияларына жүгінеді. Әрине, ішкі форма феноменін зерттеудегі бұл әдіс орынды, бірақ біржақты. Себебі, фразеологизмнің ішкі формасы – күрделі сөйлеу және ойлау үдерістерінің нәтижесінде туған құбылыс [60].
Біз зерттеуімізде фразеологизмнің ішкі формасы оның құрамындағы компоненттерімен тікелей байланыстылығын көрсететін әдіске ерекше көңіл бөлеміз. А.В. Кунин фразеологизмнің ішкі формасына келесідей анықтама береді: «мотивирующая образность языковой единицы, это значение ее прототипа, с которым фразеологическое значение связано деривационными отношениями» [61]. «Тілдік бірліктің уәждемелі бейнелілігі фразеологиялық мағынамен деривациялық қатынастары бар прототипінің мағынасы болып табылады» (біздің аударма – Ж.А.).
Әдетте фразеологизмнің негізі сөз тіркесі болғанымен, қарапайым нысанды ғана емес, белгілі бір жағдаятты суреттеуде де кеңінен қолданылады. Н.Н. Кириллова берілген жағдаяттың қисынды-семантикалық аспектісін префразеологиялық деп санап, оны «ішкі форма» деп атайды [62].
Т.З. Черданцева осы мәселе жөнінде «Даже в тех случаях, когда связь двух ситуаций потеряна в веках, сам по себе факт существования такого сравнения общеизвестен, и это только подтверждает возможность его восстановления» [63]. «Екі жағдаят арасындағы байланыс жоғалғанымен, осындай салыстырудың барлығы жалпыға мәлім және оны қалпына келтіру мүмкіндігін көрсетеді» (біздің аударма – Ж.А.). Демек, зерттеу барысында кез келген фразеологизмнің ішкі формасын анықтауға болады. Т.З. Черданцеваның бұл пікірімен келісе отырып және зерттеу нәтижесінде кез келген фразеологизмді аудару үшін алдымен оның ішкі формасымен танысуымыз шарт, сонда ғана сапалы, әдеби құндылығы бар көркем аударма нәтижесіне қол жеткізе аламыз деген тұжырымға келдік.
Фразеология мәселесіне қатысты көптеген ғылыми жұмыстарды саралай келе, ішкі форма – фразеологизмнің этномәдени семантикасын сақтаушы деген қорытындыға келдік. Демек, фразеологизмнің ішкі формасында мәдени ақпарат сақталып, оған этномәдени реңк береді. Ал, фразеологизмнің «тамыры» сонау ерте заманғы ел тарихынан басталып, даму барысындағы халықтың дүниетанымын, наным-сенімі мен дүние жайлы түсінігін тілдік қабатта сақтап, бейнелі түрде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді [35, б. 101].
Ішкі форма фразеологизмнің түпкі мағынасын уәждейді. Фразеология саласында В.В. Виноградовтың фразеологиялық доктринасы үстемдік еткен жылдары, ішкі форма түсінігі тұрақты сөз тіркесі құрамындағы сөз компоненттерінің мағыналары негізінде фразеологизмнің мағынасын айқындау немесе айқындай алмау мәселесіне тікелей байланысты болатын [64]. Мысалы, Л.И. Ройзензонның сөзіне көңіл аударайық: «Внутренней формой фразеологизма мы называем ту связь, которая существует между фразеологическим значением оборота и реальными (современными или историческими, древними) значениями компонентов (всех или хотя бы одного), из которых оборот состоит. Следовательно, внутренняя форма фразеологизма есть наличие мотивированности в устойчивом обороте» [65]. «Фразеологизмнің ішкі формасы деп тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасы мен құрамындағы компоненттердің (барлығы немесе кемінде біреуінің) нақты қазіргі немесе тарихи мағыналарымен байланысын атаймыз. Демек, фразеологизмнің ішкі формасы тұрақты тіркестегі уәждемеге негізделеді» (біздің аударма – Ж.А.).
Мысалы, «қан сонар» деген фразеологизмді қарастырып көрейік. І. Кеңесбаевтың фразеологиялық сөздігінде «Бірінші жауған қардағы аңшылық. («Сонар» – алғашқы жауған қар, оны «сонар қар» деп те атайды)» деген түсініктеме берілген [30, б. 317]. Фразеологизмнің мағынасын түсіну үшін біріншіден құрамындағы сөз компоненттерінің мағынасын анықтаймыз. Қан сөзіне Н. Уәли басшылығымен құрастырылған «Қазақ сөздігінде» мынадай анықтама берілген:
1. Тамырларды қуалап ағатын қызыл сұйық зат.
2. Анат. Дененің барлық жасушаларына қорек беріп тұратын, ағзада химиялық заттарды тасымалдау арқылы жасуша және аралық кеңістіктерде өтетін биохимиялық процестерді біртұтас жасуша жүйеге біріктіріп тұратын сұйық тін.
3. Ауыс. Тегі бір тұқым, туыс.
4. Ауыс. Өлім, ажал.
5. Ауыс. Ашулы кек, ыза, намыс.
Қан2 зат. Сөйл. Хан (748-749 бет. Уәли Н., Құрманбайұлы Ш., Малбақов М. және т.б. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі). – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 б.).
«Сонар» зат. этн. Қалың қар жауып, ашылғаннан кейінгі аңға шығуға қолайлы тынық күн [66].
Көріп отырғанымыздай, сөздікте қан сөзінің тірі жанның қаны және билеуші, әмірші дегеннен басқа номинативті мағыналары берілмеген. Алайда, А. Ысқақов, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев құрастырған «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» қан сөзін авторлар монғол тіліндегі хон сөзімен байланыстырады. Бұл тілде хон – «тыныштық», хон жэн – «жым-жырт тыныштық» дегенді білдіреді. Ғалымдардың пікірінше, хон сөзінің қан сөзіне айналуы бұл тілдердің фонетикалық заңдылықтарынан алшақ жатқан құбылыс емес [67]. Біз де «қан сонар» тіркесіндегі «қан» сөзіне байланысты авторлардың пікірін қолдаймыз. Жоғарыдағы мысалдан байқап отырғанымыздай, «қан сонар» фразеологизмінің құрамындағы компоненттердің мағыналары ішкі формаға негіз болып, фразеологизмнің толық мағынасын айқындауға мүмкіндік беріп отыр.
Ағылшын тілінен де мысал келтірейік. «Let the cat out of the bag» тұрақты тіркесіне «to allow a secret to be known, usually without intending to», яғни «абайсызда құпияны ашу» (біздің аударма – Ж.А.) деген анықтама берілген [68]. Бұл тұрақты тіркестің шығу төркініне келер болсақ, ол алғаш рет XVI ғасырда қолданылған. Сол кезеңдегі саудагерлер базарда сауда жасау барысында қаптың ішіне кішкентай торайдың орнына мысықты салып, алаяқтық жасағандығы жөнінде тарихи деректер сақталған. Сатып алушы қаптың ішіне торайдың орнына мысық салынғанын үйіне келгеннен кейін ғана анықтайды, осы бір жиі қайталанып келетін оқиға «let the cat out of the bag» тіркесінің тілде қалыптасуына, тұрақтануына негіз болған. Сол себепті «қаптың ішінен мысық алып шығу» тұрақты тіркесі кенеттен бір құпияны ашу деген ұғымды білдіреді [69].
Ғасырдан ғасырға ұласып, ерте заманнан келе жатса да ұлттық реңкін, терең мазмұнын, дәл жеткізер дәлдігімен ерекшеленетін ұлттық тіліміздің баға жетпес асыл қазынасы саналатын фразеологизмдер астарындағы ішкі форманы фразеологизмдегі этномәдени семантиканы сақтаушы және бейнелі тілдік бірліктің кумулятивтік қызметін жүзеге асырушы деп танимыз.
В.Н. Телия өзінің «Большой фразеологический словарь русского языка» атты еңбегінде фразеологизмге сипаттама беру барысында төмендегі алгоритмді ұстанған:

  1. Фразеологизмнің «бейнесіне» сипаттама беру.

  2. Фразеологизмнің «бейнесін» белгілі бір мәдениет саласымен байланыстыру (мифология, әдебиет, фольклор, тұрмыс-тіршілік және т.б.).

  3. Фразеологизм «бейнесін» белгілі бір мәдениет кодымен байланыстыру (соматикалық, зооморфтық, уақыттық және т.б).

  4. Бейне мен мағына арасындағы байланысты орнататын тропты анықтау (метафора, метонимия, синекдоха, кейіптеу және т.б.) [70].

Фразеологизмге сипаттама, сараптама жасаудың ғалым тарапынан ұсынылған амалын қолдай келе, оның ішкі формасын, мағына астарында «тасаланған» бейнені этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу де тиімді деп есептейміз.
Келесі мысалды қарастырайық. Қазақ тілінде жең ұшынан жалғасу фразеологизмі астыртын көмек беру немесе ым-жымы бір болып, ауыз жаласу деген мағыналарда қолданады. Берілген фразеологизм құрамында киімнің элементі болғанымен, оның семантикасы киім ұғымына қатысты емес. Жең – киімнің иықтан қолдың білезігіне дейін жетіп тұратын бөлігі [66, б. 502]. Ер адамдардың шапандарының жеңі кеңдеу және ұзындау етіп тігілетіні этнографиялық деректерден белгілі. Біздің пайымдауымызша, бұл тіркес базардағы сатушы мен алушыны байланыстырып, екеуінің де көңілін таба білген делдалдың қызметіне, іс-әрекетіне қатысты туындаған. Тәжірибелі делдал сауданы қыздырып, сатушыдан да, сатып алушыдан да пайда тауып отырған. Екеуін жең ұшынан жалғастырып, келістіріп, ебін таба білген әккі делдалдың әрекеті халық назарынан тыс қалмай, аталған бейнелі тіркестің туындауына негіз болған деп есептейміз. Көріп отырғанымыздай, берілген фразеологизмнің уақыт өте келе бастапқы төркіні, «прототипі» көмескіленіп, «астыртын көмек көрсету», «ауыз жаласып, іс-әрекет ету» ұғымдарында қолданылып келеді. Мағынаның екеуін де контекст аясында қарастырайық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет