Қалжа жеу – әйел босанғаннан кейін жас сорпа-су ішіп әлдену деген мағынада [30]. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі энциклопедиясының үшінші томында «қалжа– босанған әйелге сойылған қой еті» деген анықтама берілген.
«Күз, алды-салдысы көп мазасыз болар-ау!» десе, не «тосын жүріс, жолаушылық күзі болар» десе, сенімді аттарға қызығу, қолқа салу әсіресе көп болатын» [31].
Қолқа салу – қимас, қымбат затты қалау, сұрау (бұл фраза ерекше таңдау, талғау мағынасында жұмсалады) [30, б. 345].
«Онда Қодар өзі де, «тым құрыса, аққа тәуір болармыз, біреуден там-тұм сауын сауармыз» деп, елге ергенге қарсы болмаушы еді»[31, б. 28].
Сауын салу [алу] – біреудің сауын малын уақытша алу (бұрыңғы уақытта кедей, әлсіз шаруа күйлі кісіден уақытша сүтін пайдалануға келісіммен сауын мал алатын болған) [30, б. 457].
Көріп отырғанымыздай, көркем шығармада қолданылған этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер халқымыздың тарихы, мәдениеті және ұлттық болмысы туралы ақпарат беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын рухани байлығымыз болып табылады. Жоғарыдағы мысалдар этнос мәдениетінің тірегі тілде екендігінің көрінісі іспеттес. Жазушы тарапынан ұлттық тіліміздің жүйесіндегі фразеологизмдер қолданылып, көркем шығармаға ерекше стильдік реңк беріп отыр.
Ағылшын тіліндегі этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді қарастырып көрейік:
«The winters are long and cold and it rains cats and dogs» [32].
To rain cats and dogs – a literal explanation for this idiom is that during heavy rains in 17th – century England some city streets became raging rivers of filth carrying many dead cats and dogs [33].
Бұл идиоманың тура түсіндірмесі – 17 ғасырдағы Англияда қатты жаңбыр кезінде кейбір қала көшелері көптеген өлі мысықтар мен иттерге толы батпақты өзендерге айналды (біздің аударма – Ж.А.).
«I am not quite ready to spill the beans yet» [32].
Spill the beans – members of Greek secret societies voted on the admission of new members by dropping beans into jars or helmets. White beans sifginfied an affirmative vote and black beans a negative ballot. Occasionally voters would accidentally knock over the jar or helmet, revealing the secret vote, spilling the beans [33, p. 781].
Грек құпия қоғамының мүшелері құмыраға немесе дулығаға бұршақ тастау арқылы жаңа мүшелерді қабылдау үшін дауыс берген. Ақ бұршақтар оң және қара бұршақтар қарсы дауыс беру үшін қолданылған. Кейде сайлаушылар байқаусызда құмыраны немесе дулығаны қағып кетіп, жасырын дауыс беру нәтижелерін білдіріп қоятын (біздің аударма – Ж.А.).
Фразеологизмнің этномәдени семантикасын аударматану тұрғысынан қарастыру мәселесі де ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Себебі, бұл бағыттағы зерттеулер екі тілдегі этномәдени лексиканы салғастыра зерттей отырып, екі өзара туыс емес тілдерге тән ерекшеліктерді, сәйкес тұстарды анықтауға септігін тигізеді.
Тіл білімі ілімінің қалыптасу кезеңінен бастап, тілдерді салыстыра-салғастыра зерттеу дәстүрі қалыптасты. Жалпы, тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасуы тілдерді салыстырудан бастау алды. Бұл ғылымның бастапқы зерттеу бағыты мен әдісі тілдерді салыстырмалы-тарихи (компаративистика) тұрғыдан зерттеу еді. Сол кездегі компаративистиканың басты мақсаты тілдердің шығу тегін, туыстығын, даму заңдылықтарын анықтау үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу еді.
Кейін Ф. де Соссюрдің синхронизмнің басымдылығы туралы идеяларының әсерінен жеке тілдердің жүйелік-құрылымдық болмысына көп көңіл бөліне бастады. Осы кезеңнен бастап тіл біліміне қатысты жаңа деректер жинақталып, жаңа тілдер туралы мәліметтер пайда болды. Нәтижесінде тіл білімінің типология саласы пайда болды, яғни, тілдерді топтастырудың принциптері мен тәсілдері анықталды.
Өткен ғасырдың екінші жартысында Ж-П. Вине және Ж. Дарбельненің «Stylistique compareé du français et de l’anglias (Француз және ағылшын тілдеріне стилистикалық талдау)» (1958), М.А.К. Хэллидейдің «Comparison and Translation (Салғастыру және аударма)» (1964), «The Comparison of Languages (Тілдерді салғастыру)» (1966) сынды еңбектері жарық көрді.
Ал бүгінгі таңда аударма теориясы, шетел тілдерін оқытудың әдістемесі, тілді зерттеудегі когнитивті, лингвомәдени, этномәдени бағыттар зерттеушілер тарапынан қызығушылық туғызып, өзекті болып отыр, тілдерді жұп-жұбымен салыстыра-салғастыра талдау жағына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда ғалым А. Ислам: «Адамның шындықты танып білуі, ой арқылы жүзеге асса, тіл – ойдың бейнелеу қызметінің нәтижесін бекітудің құралы ретінде қызмет етеді. Бұл – жалпыға ортақ таным, өйткені табиғаты жағынан адамзат бірдей болса, таным қызметі де, оның механизмдері де ортақ құбылыс екені мәлім. Қандай да тіл өзіндік тілдік құрылымы және тілдік үлгілері жағынан әр түрлі болғанымен, тілдік болмысты түсінуге келген ортақ танымдық дүниелерден тұрады», – деген пайымдау жасаған [34]. Осындай бағыттағы зерттеулер салғастырмалы тіл білімі аясында да жүргізіле бастады. Салғастырмалы тіл білімінің міндеттері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ зерттеушілер, әдетте, негізгі үш бағытты, атап айтқанда, аудармашылық, лингводидактикалық және теориялық бағытты бөліп көрсетеді. Зерттеу жұмысымыздың мақсат-міндеттерін негізге ала отырып, тілдерді салғастыра зерттеудің аударма саласындағы маңыздылығына тоқталамыз.
Отандық тіл білімінде фразеология саласындағы салғастырмалы талдаулар қазақ және орыс, қазақ (орыс) және ағылшын, қазақ (орыс) және неміс, қазақ (орыс) және француз, қазақ және араб т.б. тілдері негізінде, демек, құрылымы әртүрлі тілдік жүйелер негізінде орын алып жатыр.
Өзара туыс емес тілдердің фразеологиялық жүйелерін салғастыра зерттеу аса күрделі мәселе. Осы орайда С.К. Сәтенованың «Әртиптес тілдердің фразеологиясын салғастыру барысындағы басты мәселелердің бірі осы тілдердің фразеологиялық жүйесіндегі ұқсастықтар мен ерекшеліктерді анықтау болып табылады. Ал бұл, өз кезегінде, фразеологиялық мағынаның негізіне қаланатын тілдік бейнелердің жиынтығын, тірек мүше компоненттерін, еркін және ауыс мағынадағы тіркестер мен осылардың барлығының басын құрап, фразеологизм жасайтын ассоциативтік қатынасқа құрылған адамның ойлау әрекетін, тіптен, тұтастай ұлт менталитетін салғастыруды қажет етеді» деген пікірін қолдаймыз [35]. Шынымен де, әртиптес тілдер жүйесіндегі фразеологизмдерді лексикалық, грамматикалық тұрғыдан ғана салғастыра зерттеу жеткіліксіз, ұлт мәдениеті мен дүниетанымына да ерекше көңіл бөлу шарт [36]. М.М. Копыленко, Н.Н. Амосова, А.В. Кунин, А.Д. Райхштейн, З.Д. Попова, С.Е. Исабеков, М.Т. Сабитова, Р.Е. Валиханова, М.Р. Есимжанова, С.К. Сәтенова, М.Х. Абилгалиева, А. Донбаева, Т. Мықтыбаева т.б. сынды ғалымдардың ғылыми жұмыстары негізінде қазақ және орыс тілдерінің жүйесі роман, герман, түркі тілдерімен салғастыра зерттеліп, біршама ғылыми нәтижелерге қол жеткізілді. Дегенмен, бүгінгі таңда ана тіліміз бен ағылшын тілінің фразеологиялық қорын аударматану аспектісінде салғастыра зерттеу бағытындағы зерттеулер саусақпен санарлықтай. Бұл жағдай құрылымы әртүрлі тілдерге қатысты заңдылықтар мен тілдік ерекшеліктердің аударматану аспектісі тұрғысынан зерттелмеген тұстарының молдығын көрсетеді. Демек қазіргі отандық салғастырмалы тіл білімі және аударматану проблемаларымен шұғылданатын зерттеушілердің алдында шешімін таппаған өзекті мәселелер баршылық.
Жаһандану заманында тіларалық қатынастардың үздіксіз дамуы ана тіліміз бен шетел тілдерін салғастыра зерттеудің маңыздылығын күннен күнге арттырып отыр. Әсіресе, фразеология, аударматану, этнолингвистика, елтану, әлеуметтану, лингвомәдениеттану т.б. ғылымдары аясындағы зерттеулердің орны ерекше.
Диссертациялық жұмыста салғастырмалы тіл білімі принциптерінің көркем мәтіндегі этномәдени семантикаға ие фразеологизмдерді аударудағы маңыздылығы практикалық мысалдарды талдау барысында анықталады.
Ұлт мәдениеті этностың таным болмысы, тұрмыс-тіршілігі, психологиясы, даму тарихы, салт-дәстүрінен т.б. құрылатын өзара байланысты бөлшектерді біріктіретін жиынтық, қор іспеттес. Әлемдегі кез келген этностың тарихын, мәдениетін, болмысын жан-жақты тану, түсіну үшін оның тілін зерттеу қажет. Ал тілдік жүйедегі тұрақты тіркестер, яғни фразеологизмдер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер ұлт жөнінде баға жетпес ақпарат көзі екендігі даусыз.
Елімізде қазақ және орыс тілдері жан-жақты салғастырыла зерттеліп, құрылымы әртүрлі тілдерді зерттеудің үлгісі қалыптасты. Уақыт өте келе, отандық тіл білімі қарқынды дамып жаңа сатыға көтерілді. Кейінгі жылдары түркі және герман, түркі және роман тілдерінің фразеологизмдерін салғастыра зерттеу бағытының тұсауы кесіліп, бұл мәселеге қатысты ғылыми мақалалар, диссертациялар жазылып, өзекті тақырыптарға арналған монографиялық зерттеулердің жарық көргені жөнінде жоғарыда айтылды.
Бүгінгі таңда тіл білімінің фразеология саласы өзінің жеке зерттеу объектісі қалыптасқан дербес пәнге айналып отыр. Фразеологизмдердің адам өмірінде орын алатын кез келген құбылысты, затты бейнелі, көркем сипаттайтын тілдік құрал екендігі белгілі. Фразеологизмнің құрылымын, құрамын, оның компоненттерін этнолингвистикалық аспект тұрғысынан зерттеу арқылы сол тілде сөйлейтін халықтың өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы жайында ғылыми тұжырымдар жасай аламыз [37].
Осы орайда Ө. Айтбаев: «Белгілі бір ұлт әдебиетінің даму дәрежесін, заңдылықтарын білу үшін де оны көрші әдебиеттермен байланыстыра зерттеуге тура келеді. Мысалы, қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің бүгінгі деңгейге дейінгі даму өрісін орыс әдебиеті мен тіліне байланыстыра қарамасақ, көп мәселеде олқы түсер едік. Ал сол өзара байланыс, қарым-қатынас дегеніңіз аударма арқылы жүзеге асатыны анық. Мұндай қарым-қатынастың әдебиет пен тілге тікелей әсері болары тағы да анық» [38]. Демек, ұлтымызды, тілімізді, мәдениетімізді әлемге танытқымыз келсе, көркем аударма мәселелеріне көбірек көңіл бөлу керек. Оның ішінде фразеологизмдердің этномәдени семантикасының тіларалық берілуіне, оның күрделілігіне, қиындықтарына ден қою маңызды. Көркем аудармадағы фразеологизмдердің тіларалық берілуі мәселесін қарастыра келе, оның маңыздылығы, сапалы аудармаға қол жеткізу және шетел тілін оқыту үдерісін жеңілдету үшін осындай салғастырмалы, аударматанымдық зерттеулердің қажеттігі анықталады. Әрине, диссертацияда қарастырылып отырған сұрақ, зерттеу нысаны ауқымды мәселенің бір парасы ғана. Демек, заманауи өзекті проблемалардың қатарына жататын, елбасымыз ерекше мән беріп, атап көрсеткен көркем аударма (қазақ және шетел тілдеріне қатысты) деңгейі жан-жақты кешенді зерттеулердің негізінде жетіле түседі.
Сондықтан да болар бүгінгі таңда тілтану ғылымында тілді тек коммуникативті және когнитивті қызметі аясында ғана емес, сонымен қатар жеке этнолингвомәдени қауымдастықтың мәдени коды ретінде жаңашыл антропоцентристік парадигма аясында қарастыруға деген қызығушылық пен талпыныстың күннен-күнге артып келе жатқаны белгілі.
Салғастырмалы фразеология көптеген жылдар бойы қалыптасып, дамып келеді. Өткен ғасырда бір немесе бірнеше тілдің фразеологизмдерін салғастыра зерттеу барысында негізінен оның семантикасына, лексикалық (компоненттік) құрамына, грамматикалық және стилистикалық сипаттамаларына көбірек көңіл бөлінді. Уақыт өте келе, негізінен ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басынан бастап фразеологизм семантикасы мәселесіне ерекше назар аударыла бастады, атап айтқанда, фразеологизм семантикасындағы бағалау компоненті, эмотивті компоненті, фразеологизмнің ішкі формасы, фразеологизм астарындағы бейнелілік, фразеологизмге тән аялық білім, мағына тұтастығы, тұрақтылығы және т.б. Осы бағыттағы зерттеулер нәтижесінде жеке, салыстырмалы және салғастырмалы фразеологияда бірқатар ғылыми жетістіктерге қол жеткізілді.
Фразеологизмдер – тұтастығын сақтап, мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші тұрақты тілдік бірліктер, әсіресе фразеологизмнің ішкі формасындағы тасаланған бейне, этносқа қатысты құнды мағлұматтардың қайнар көзі деуге болады. Фразеологизм мағынасы қатпарындағы өткен күндердің іздері, халықтың тарихы, ділі, салт-дәстүрі, дүниетанымы т.б. туралы ақпарат жинақталып, сақталған. Осы орайда фразеологизмдер мағынасының қалыптасу және ұлттық-психологиялық ерекшеліктерін зерттеген А.Р. Авакованың «Кез келген тілде сақталған фразеология – тек тілдің өткенінен ғана емес, сонымен қатар халық тарихы мен мәдениетінен мағлұмат беретін қазына» деген пайымдауын толығымен қолдаймыз [39].
Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі фразеологизмдердің сәйкестіктері мен ерекшеліктерін төменде ұсынылған тіларалық фразеологиялық баламалар жүйесі арқылы сипаттауға болады.