«Жаңашыл кезең» ХХ ғасырдың 90-жылдарынан басталатын фразеология дамуының заманауи кезеңі болып табылады. Бұл фразеологияның лингвистика саласындағы зерттеу аймақтарының ішінара әсер етуімен шектелмей, сонымен қатар әлеуметтік-гуманитарлық, философиялық, тіпті математикалық, жаратылыстану және техникалық пәндермен ауқымды ғылыми интеграция кезеңі еді. Ғылыми интеграция осы кезеңнің басты ерекшелігі бола отырып, фразеологияның ғылыми шекарасын кеңейтуге ғана емес, сонымен қатар оның барлық жинақталған ғылыми тәжірибесін заманның жаңа талаптарына және ағымдарына сүйене отырып, терең, кешенді зерттеулерді жүргізуге жол ашты. Фразеологияның «классикалық» кезеңі барысында құрылымдық фразеология үстемдік етті, «постклассикалық» кезеңде фразеологиялық зерттеулердің антропологиялық парадигмасының қалыптасу және орнығу үдерісі орын алды, ал «жаңашыл» кезең антропологиялық парадигманың және «құрылымдық ренессанстың» дәуірі болып табылады [15, c. 112].
Әр бағыт өзіндік теориялық ұстанымдары мен зерттеу әдістеріне сүйене отырып, фразеологиялық білімді жаңа ғылыми деректермен кеңейтуге үлестерін қосуды мақсат тұтты. Сонымен қатар бұл бағыттардағы барлық зерттеулер өзара тығыз байланыста жүргізілді. Бүгінгі таңда тіл білімінде фразеологизмдерді зерттеудің этнолингвомәдени бағыты зор қызығушылық туғызып отыр.
Заманауи тіл білімінде этнос-тіл-мәдениет үштігіне қатысты үдерістерді зерттейтін бірнеше сала пайда болды. Олардың ара-жігін, кей кездері ажырату қиынға соғуы мүмкін. Бірақ, көптеген жылдар бойы қалыптасып, дамып келе жатқан этнолингвистиканың өзіндік зерттеу пәні мен әдістері бар. Этнолингвистиканың бастапқы идеялары И.Г. Гердер, В. Гумбольдт, Ф. де Соссюр еңбектеріне негізделген.
Этнолингвистика жеке бағыт ретінде XIX-XX ғасырларда этнографиядан бастау алып, өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-та қарқынды түрде дами бастады [21]. Этнолингвистиканың жеке пән ретінде қалыптасуына зор үлес қосқан америка ғалымдары – Ф. Боас, Э. Сепир және Б. Уорф.
Этнолингвистиканың Ресейдегі дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосқан Н.И. Толстой. Ол этнолингвситика пәнінің нысаны мен міндеттерін нақтылап, осы мәселеге қатысты пайымын былайша түйіндеді: «Этнолингвистика есть раздел языкознания, или шире – направление в языкознании, ориентирующее исследователя на рассмотрение соотношения связи языка и духовной культуры, языка и народного творчества, их взаимозависимости и разных видов их корреспонденции» [21, с. 68]. «Этнолингвистика – бұл тіл білімінің бір тармағы, нақтырақ айтсақ – зерттеушіні тіл мен рухани мәдениеттің, тіл мен халық шығармашылығының өзара байланысын, олардың өзара тәуелділігін зерттеуге бағыттайтын тіл білімінің бір саласы» (біздің аударма – Ж.А.). Фразеологизм мағынасының қалтарысында тасаланған «бейненің» негізі болып табылатын ішкі форма – фразеологиялық бірліктердің жалпы семантикалық құрылымының ең маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Фразеологизмнің ішкі формасы эмотивтілікті тудыра отырып, өз бойына этномәдени ақпаратты жинақтайды.
Әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану т.б. тәрізді, этнолингвистика да – «этностаным мен тілтаным» ғылымдарының ортақ мәселесі шеңберінде, тоғысуы нәтижесінде пайда болған жаңа сала. Оның теориялық негізі неміс ғалымы В. фон Гумбольдт еңбектерінен бастау алып, Америкада – Ф. Боас, Э. Сепир, Д. Уорф; Ресейде – Д.К. Зеленин, Н.И. Толстой, Е.Ф. Карский, А.А. Шахматов, А.А. Потебня, А.Н. Афанасьева, А.И. Соболева т.б. ғалымдардың еңбектерінде, ал отандық тіл білімінде этнолингвистиканың ғылыми-теориялық алғышарттары Ә. Қайдар, М.М. Копыленко, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Н. Уәли т.б. сынды ғалымдардың еңбектерінен бастау алып, осы үдеріс Ж. Манкеева, Г.Смағұлова, Ш Сейітова, А. Жылқыбаева, Қ. Ғабитхан т.б. зерттеулерінде жалғасын тапты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, отандық тіл білімінде этнолингвистика саласының негізін қалаушылардың бірі – Ә. Қайдар. Ұлттың шынайы бейнесі, болмысы туралы тілдік деректер оның тіл әлемінде сақталып, сол арқылы болашақ ұрпаққа жеткізіліп отырады. Өз зерттеулерінде ғалым этносты, этнос болмысын тек оның тілі арқылы толыққанды түсіну мүмкін екендігін, ұлт өміріндегі «мол деректер мен мағлұматтарды тіл ғана бойына сыйғызып», мұра етіп ұрпақтан-ұрпаққа қалдыратындығын, тілді ұлттың өзін идентификациялау құралы ретінде қолдануға болатындығын, тіл этнос туралы білімнің қайнар бұлағы екенін баса айтты. Ол тіл феноменін «тіл әлемі» деп қолдануды ұсына отырып, этнолингвистикаға төмендегідей анықтама берді: «Этнолингвистика этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың жаңа да дербес саласы» [22]. Этнолингвистика ұлт мәдениетімен және тарихымен тікелей байланысты. Этнос мәдениеті – белгілі бір ұлт мәдениетінің даму тарихын, қоғамдық, экономикалық және әлеуметтік қатынастарын зерттейтін ғылымның бір саласы [23]. Қазіргі тіл білімі саласындағы орын алып жатқан жаңа заман талаптарына сай зерттеулер этнос мәдениеті мен тілі арасындағы байланысты қарастыруға бағытталып, этномәдени лексикаға ерекше көңіл бөліп отыр. Себебі, белгілі бір этностың тілдік бірліктерді қолдану сипаты, заңдылықтары этномәдени лексика аясында, оны зерттеу барысында ерекше байқалады. Ə. Қайдардың пайымдауынша, «Этнос мəдениеті əрбір этносқа тəн табиғи, əлеуметтік ортаға сəйкес қалыптасқан құбылыс. Өмір-тіршілік салты, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология т.б. осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба аламыз. Ал соның бәрін танып-білудің ең басты құралы – тіл екендігін мəдениеттанушы-ғалымдардың да барлығы дерлік мойындайды» [22, б. 36]. Этнос, тіл және мәдениетті этнолингвистика ғылымы тұрғысынан қарастыру арқылы біз сонау дүние есігін шыр етіп ашқаннан ер жеткенге дейін бойымызда қалыптасқан дүниетанымымыз, рухани, мәдени байлығымызды төл тілімізде қалыптасқан деректер арқылы зерттей аламыз. Себебі, мәдениет – жеке тұлғаға тән қасиеттерден бастау алып, бүкіл ұлттың ділі, сан ғасырлық дамуы барысында қалыптасқан дүниетанымы, ұлттық санасы, салт-дәстүрі туралы ақпаратты қамтитын кең ауқымды ұғым.
Әрине, этностың сан ғасырлық даму жолы барысында бастан кешкен тарихи оқиғалары, өмір-тіршілігі жайында біздің кезеңге дейін жеткен тас мүсіндер, жартастарға қашалған тарихи жазбалар, тас ескерткіштер ақпарат бере алады. Тарих, археология, мәдениеттану саласында жүргізіліп жатқан баға жетпес зерттеулердің саны өте көп. Бірақ халық даналығы, терең ойы, салт-дәстүрі, дүниетанымы тілде ғана айтарлықтай нақты көрініс таба алады. Халықтың әдет-ғұрпына, нанымы мен сеніміне, салт-санаға қатысты ұғымдардың атаулары, сипаты жеке сөздер, сөз тіркестері, мақал-мәтелдер және фразеологизмдер, бір сөзбен айтқанда, этномәдени лексика арқылы бізге жетіп отыр. Р. Ахметьянов айтып өткендей: «Лексика любого языка делится на слова, обозначающие общечеловеческие понятия, и слова с национальными этнокультурными значениями» [24]. «Кез келген тілдің сөздік қоры әмбебап түсініктерді білдіретін және ұлттық этномәдени мағынаға ие сөздер болып екі топқа бөлінеді» (біздің аударма – Ж.А.). Р. Ахметьяновтың бұл пайымдауымен біз толықтай келісеміз, себебі, әрбір тілде барлық ұлттарға ортақ түсініктерді білдіретін сөздермен қатар, белгілі бір этносқа ғана тән ұғымдарды білдіретін тілдік бірліктер де баршылық. Міне, осындай тілдік бірліктердің ішінде этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер ғалымдардың қызығушылығын арттырып отыр.
Ұлт пен мәдениет, өркениет және тіл өзара біте қайнасқан бөлінбес тұтас дүние. Бұл орайда, «Байқап қарасақ, адамның қайсы бір ұлтқа жататындығының өзі оның бет пішінінен ғана емес, халықтық дәстүрлермен байланыстылығынан да көрінеді екен» деген, тіл мен адам психологиясын ұштастыра зерттеген Ө. Жәнібековтың сөзімен толықтай келісеміз [25].
Тілдің этномәдени ақпаратты және мұраны сақтаушы қызметі туралы Н. Уәли: «Тіл – өмір шындығы. Сол шындықты уақыт қалдырған қатпарлардан аршып ала білсек, шежіредей сыр шертіп тұрады. Өмірде болған нәрсе тілде де із тастамай кетпейді. Сондай іздің сорабын асыл мұрамыздың тілінен де кездестіреміз» дейді [26]. Демек тіл – ұлт тарихын, танымын, санасын, салтын, дәстүрін, даналығын сақтайтын таңбалық жүйе қызметін атқара отырып, халық мәдениетінің айнасы болып отыр.
Әлемде мыңдаған ұлт өмір сүреді, әрбір этностың өз ана тілі бар, демек, ғалымдардың тіл, этнос және мәдениет тұрғысынан тілдік бірліктерді салғастыра зерттеуі арқылы қаншама құнды мәліметтерге, ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне болады. Себебі, бұл арада біз тілдің тек коммуникативтік қызметін қарастырумен шектелмей, оның кумулятивті, яғни этномәдени ақпаратты жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші, ұлтты бір бүтін етіп біріктіруші қызметін негізге ала отырып зерттеу жүргізе аламыз. Бұл орайда ғалым Е. Жанпейісовтың: «Этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі, ол этностың қазіргісін ғана емес, көбінесе өткенін зерттейді. Ал этностың өткені оның этномəдени лексикасынан айқынырақ көрінеді» деген пікірін толығымен қолдаймыз [27].
Шынымен де, қазақ тіл білімінде этнолингвистика саласындағы зерттеулер мен ізденістер нәтижесінде тіліміздің сөздік қорындағы мағынасы ұмыт болған көне сөздер мен тұрақты тіркестердің мағыналары қайта жаңғыртылып, тілдік жүйемізге қайтадан еніп жатыр. Бұл – этнолингвистикалық зерттеулердің негізгі мақсаты. Ғалым Ж. Манкееваның пайымдауынша, «этностың көне дәуіріндегі тарихынан, мəдени өмірінен хабардар ететін этнографизмдер, тілімізде мағынасы ұмыт болған əртүрлі этноатаулар олардың сырын ашуды, танытуды қажет етеді. Осы орайда қазақтың қара сөзін бағзы мәдениеттің жетегінде тіл арқылы анықтап, келер ұрпақтың санасына зор мақтанышпен жеткізу – ұлт болмысын, ұлт мәдениетін танытудың бір жолы. Осыған орай, қазақ лексикасындағы лингвокультуремалар ретіндегі этнографизмдер, ескіліктер т.б. этнодеректер мəдени-рухани байлықтың бір көзін құрайды. Қазақ тілі этнолингвистикасының денін тіліміздегі мағынасы күңгірттенген, тіл иесі сөйлеу процесі кезінде ол сөзді қолданғанымен де мағынасына терең бойлап, жете түсіне бермейтін, я қолданыстан шығып, архаизмге айналған сөздер құрайды» [28]. Төл тіліміздегі этномәдени лексика ауыз әдебиетінде, сонымен қатар көркем шығармаларда кеңінен қолданылады. Сол себепті, көркем әдебиет туындысын өзге халықтар тілдеріне аудару барысында этнографизмдерге, оның ішінде этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер аудармасына ерекше көңіл бөлген абзал.
Диссертациялық жұмысымызда М. Әуезовтің шығармаларын негізге ала отырып, этнос болмысын этномәдени семантикаға ие фразеологизмдер арқылы жан-жақты танып-білуге болатынын көрсетіп, салғастыра зерттеу және олардың орыс және ағылшын тілдеріне жасалған аудармалары арқылы этномәдени семантиканың тіларалық берілу мәселелерін қарастыру көзделіп отыр. Енді осы этномәдени семантикаға ие тілдік бірліктерге мысал келтірейік.
Егер Тектіғұл осы дерттен қаза болса, қалжа берген айыпты кісі құнына да жығынды «құныкер» болар еді [29].