№ 12
дәріс
|
Жоспар:
1.Стилистика және мәтін, оларды меңгерту, сөз мәдениетін оқыту әдістемесі.
2. Мәтіннің түрлері, оны талдаудың жолдары.
3. Стиль, оның түрлерін оқытудың жолдары.
4.Сөз мәдениеті туралы білім мазмұны және оны меңгертудің әдістемесі.
Дәрістің қысқаша мазмұны:
Тіл, сөйлеу мәдениеті дегендер көп ұғымды қамтиды. Ең алдымен, бұл – адамдардың тілді дұрыс қолдануы деген сөз. Ашып айтсақ, бұған білдірмек ойға сөздерді сай етіп дұрыс, дәл таңдай білу, ой мен сөздің құр дәлдігін табу емес, сонымен қатар сөздердің тыңдаушыға (оқушыға) әсер ететіндей орынды, көркем варианттарын тауып қолдану жатады. Сондай-ақ сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстыра білу, дұрыс орналастыра білу де, сөйлемдерді тым шұбалаңқы, түсінуге ауыр тиетін етіп те емес, тым қарапайым келте етіп те емес, дұрыс құрастыра білу де - тіл, сөйлеу мәдениетіне қатысты жайттар. Ғасырлар бойы қалыптасқан фразаларды (тұрақты сөз тіркестерін), мақал-мәтелдерді әрі орынды, әрі бұзбай, мағыналарын дәл түсініп пайдалану да – тіл мәдениетін көтерудің бір шарты. Стилистиканың лингвистикалық міндеті стильдік әсердің өзін емес, сол әсерді туғызатын тілдік тұлғаларды зерттеу болып табылады. Стилистиканы оқытуды жоспарлағанда мұғалім стилистикалық қателердің түрлерін, олардың көпшілікке ортақ топтарын айқындап алу, оқушыларға стилистикалық талдаулар жасату, сөйлемдер мен қысқа мәтіндер, стилистикалық диктанттар жазғызу т.б. жұмыстарды саралап алғаны жөн.
Стилистика қағидаларын меңгерткенде мұғалім жеке адамның өзіне тән лексикасы болатынын, кейбіреудің сөздік қоры бай, ал біреулердің сөздік қоры аз болатынын да айтып өткені дұрыс. Әр адамның сөйлеу мәнері, сөз екпін түсіріп айтудың өзіндік дағдысын қалыптастыратынын, көркем әдебиеттің әр жанрына тән стильдік ерекшеліктердің болатынын назарда ұстауы қажет. Оқушыларға стильдік түрлеріне байланысты әр түрлі жұмыстар орындату керек.
Тілдік суреттеме құралдарының /теңеу, эпитет, метафора, метонимия/ мәнісін мысалдарды саластыру арқылы білдіруге болады:
Жылқының тұлпары - талаптың тұлпары; Респблика сарайы - өмір сарайы, ой сарайы; есіктің кілті – дүниенің кілті, жүректің кілті;
Тілдік көркемдегіш құралдарын /гипербола, литота, грация, перифраз, қайталау, инверция, антитеза т.б./ да салыстыра түсіндірген тиімді.
Оқушыларға бірнеше тіркестер беріп, мысалы жылы жүрек, шыбын құрлы көрмеді т.б. жай сөйлем, құрмалас сөйлем, мәтін құратуға болады.
Мұғалім сөйлеу мен жазудың түрлі стильдік ерекшеліктеріне тән тілдік қолданыстар туралы ұғымды тіл дамыту кезінде жүргізілетін тапсырмалар арқылы кеңейтіп отыруы қажет. Тілдік тәсілдерді, стильдік құбылыстарды дұрыс, орынды қолдану арқылы сауатты сөйлеуге, ой дәлдігіне, сөйлеу әдептілігіне үйретіп, дағдыландырады. Сөйлеу мәдениетін арттырады.
Әр типтегі шығарма, мазмұндама жазуға жаттықтыру арқылы жазбаша жұмыстың мазмұн, идеясымен қатар ондағы тілдік фактілерге назар аудартады. Сөз тіркестерін көркем қиыстырып, сөйлемдерді стильдік жағынан мінсіз құра білуге үйретеді. Жазу жұмысында орфографиялық, пунктуациялық сауаттылықты арттырады.
Тіл дамыту- қазақ тілін оқытудың, білім мен тәрбие берудің ең маңызды да салмақты мәселесі. Ол арқылы жасөскінді тіл өнеріне баулу, туған тілінің қыры мен сырын терең меңгерту, ойын жатық та көркем етіп жеткізе білу, мәдениетті де сауатты жаза білу әрекеттері жүзеге асады.
Тіл дамыту жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін мұғалімнің лингвистика саласынан терең білімі ғана емес, психология, педагогика саласынан да терең білімі болуы керек. Тіл дамыту ең алдымен тіл ғылымы саласынан берілетін білімге тікелей байланысты жүруі керек.
Мұғалімдер тіл дамыту жолдарынан ізденгендеоқушының жеке бас ерекшелігін, ол жұмыстың қиын да күрделі мәселелерін есепке алады. Әсіресе, тіл дамытудың маңызды бір бөлігі әдемі де сауатты жазу екеніне ерекше назар аударады. Сөйлеу мәдениетіне баулумен қатар, жазу мәдениеті, сауаттылыққа баулу іс-әрекеттері – тіл дамытудың ажырамас бірлігі.
Ал сөйлеу мәдениеті орфоэпия заңдылықтарын толық меңгеруді талап етсе, жазу мәдениеті емле, тыныс белгелерін толық меңгеруді керексінеді. Бұл жерде жазу мәдениетінің өзідік ерекшелігін ажырата білу керек. Дұрыс сөйлеу, оны дұрыс жаза білудің өз әдістері, тәсілдері бар. Тіл дамыту іс-әрекетінде осы мәселелерді түйістіре білгенде, ортақ тиімді технологиясынан іздене білгенде ғана нақты нәтижеге жетуге болады. Шебер де жатық сөйлеу үшін әдеби тіл нормаларын, заңдылықтарын білу керек, оны меңгеру керек.
Қазіргі білім беру талаптары тіл дамыту жұмыстарына жаңа мақсат, жаңа міндет жүктейді. Оқытуды технологияландыру тіл дамыту жұмыстарын репродуктивті тәсіл емес, эвристикалық, шығармашылық, яғни продуктивті тәсілдермен жүргізілуі керек. Оқушылардың тілін дамытуға негізделген шығармашылық тапсырмалардың маңызын төмендегідей саралауға болады:
- шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге дейін көтеруге жол ашады;
шығармашылық тапсырмалар жүйесін оқушылардың өздері таңдап алады, қалауларына ерік беріледі;
шығармашылық тапсырмалар оқушыларды ізденпаздыққа, ситуацияны өз беттерімен шешуге, мақсаттан шыға білуге дағдыландырады, жеке тұлғалық қасиетін қалыптастырады;
модель, жоба жасап, болжамдар ұсынап, оны қорғайды, дәлелдейді, білуге дағдыланады.
Тіл дамыту жұмыстары бүгінгі таңдағы сабаққа қойылатын талап негізінде жүргізілуі қажет. Тіл дамыту жұмыстарын әр сабақта өтіліп жатқан тақырыпқа сай жүргізіп отырған жөн.
|