Негізгі бөлім
Айтұран тактикасының маңыздылығы. Жаугершілік заманда жауды қос бүйірден
қысу, тұзақ құру, құйрық жеу, тұлғамақ, маңлайсүбе, барлау, айтұран, барысша құсу секілді
көптеген әскери тактикалар шебер қолданылатын. Осы бір ретте «барысша құсу» деген
тәсілді толықтай түсіндіре кетсем, бұл айла аңшылық кәсіпке байланысты пайда болған:
таудың ең ұшар басы, қарлы шыңын мекендейтін аш барыс қыстыгүні өз олжасын қиналмай
аулау үшін асқазанындағы қоректің қалдығын түлкі, қоян, қарсақ мол жүретін маңайға әкеп
құсып отырады да, соны жеп дәніккен дәмегөй аңды ініне таяп келгенде бас салатын. Қалың
қолдың азғана тобы шаһарға бекінген қалың жауға шабуыл жасап, олардан жеңілген сыңай
танытып қашып, жолға олжа төгіп дәндетіп, біртіндеп оларды далаға шығарып алған соң,
жасырын тұрған негізгі қол екі жақтан тап беріп талқандайтын болған. Жау күші қанша
мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмаған [2;2-бет].
Түріктердің б.з.д 525 жылдан бастап қолданған айтұран тактикасы барлық уақытта
жеңіске әкеліп отырған. Осы ай тәрізді тактиканың бұдан бұрынғы уақыттарда
орындалғаны жайында көптеген деректер бар. Сақтардың парсыларды, ғұндардың
қытайлықтарды, көк түріктердің парсылар мен қытайларды және салжұқтардың
византияны, осман империясының еуропаны тізе бүктіруіне осы тактика кең қолданылған.
Айтұран тактикасы өте қабілетті түрде қолданғанын түріктер сахнасында орасан зор
беделге ие болғанымен қатар, тарихта өшпестей етіп орын қалуына себебін тигізді.
Сақтардың парсы патшасы I Дарийді, Метенің Қытай императоры Каоны осы айтұран
тактикасымен жеңіп түркілердің тарихтағы алтын дәуір деп аталуына негіз салған. Мәселен
1071 жылы болған Малазгед соғысында Алып Ер Арсланның Византия императоры
Геогенсті өзінің бес мың әскерімен жетпіс мың әскерді тізе бүктіргені жайлы тарихи
деректерде жазылған. Ең негізгі мәселе әскер саны көп болуда емес, тактиканы жақсы
ұйымдастыруда. Және әскер сол тактикаға бұйрықты болуы шарт. Егер бір соғыс алаңында
әскер бұйрықты орындамайтын болса, онда тактика іске аспайды деген сөз. Жоғарыда
айтқанымыздай б.з.д VII ғ. бастап қолданған бұл айтұран тактикасы орта ғасырдың соңына
дейін қолданып, негізінен көшпелі түріктер өз замандастарынан әскери салада оқ бойы алға
тұрғандығын көрсетеді.
Соғыс тағдырын шешкен айла – тәсілдер. Жаугершілік заманда соғыс тағдырын
шешкен айла-тәсілдерде болған. Айқастар тағдырын қолмен сайысу емес, атысу шешетін.
VI ғ. Парсы садақшылары адырнаны кеудесіне емес, құлағына дейін тартып шеберліктің
шыңына шыққан еді. Сонда ұшы шынболаттан жасалған жебе 700 м жерге ұшып барып,
сауытты тесіп өтеді екен [3;125-бет]. Парсылар мен Түркіттердің арасында болған соғысқа
мән берсек. Бахрам бірінші қатарға жаяу әскерді, арт жаққа – пілдерді, екі қанатқа –
таңдаулы бөлімдерді қояды. Бұған қоса, ең сенімді жауынгерлерден тосқауыл отряд
құрылады, оның міндеті – өз әскерлерінің бытырай қашуына жол бермеу болатын. Әскердің
оң қанаты – Занджир-гох тауына, сол қанаты – Герируд өзеніне тірелетін. Парсы әскерінің
артында бау-бақшалы, егін-жайлы кент бар еді, ал түркіттердің алқаптың жалаңаш дала
жағын місе тұтуына тура келді. Бұл позиция парсы соғыс теориясының принциптеріне
әбден сәйкес келетін. Соғыс өрті басталған уақытта Саве парсыларға қарсы атты әскерін
жұмсайды, ол дұшпанның сол қанатын тықсырғанымен, оң қанаты мен орта тұстан
960
тойтарылып тасталады. Түріктердің қатуланып қатты тиіскені сондай, тіпті Бахрам қашу
жөнінде де ойлай байтайды. Бірақ Герт алқабы тек түріктер үшін ғана емес, парсылар үшін
құрылған тұзақ тәрізді еді. Таулар қашар жолды бөгеп тастағанды, сол себепті де
Бахрамның соғысты жүргізе беруден басқа амалы қалмайды. Атты әскер шабуылынан
ештеңе шықпағасын, Саве пілдерді соғысқа салады, оған Бахрам осы кезге дейін мұқият
сақтап келген қосымша күштерін түгел пайдаланып, қарсы шабуылмен жауап берді. Тап
осы арады парсы садақшыларының асқан мергендігі кәдегеасады. Олардың оғы пілдердің
жанды жеріне – тұмсығы мен көзіне барып қадалады. Жай жебелермен бірге пілдерге отты
тұтандырылған майлы шүберекті жебелер жаңбырдай жауады. Жаны қиналған пілдер
құтырынып өз әскерін таптап, жаншып тастайды. Пілдерден құтылмақ болған сарбаздар
сапта ұйқы-тұйқы болып, қол сайысқа ұмтылған парсыларға пәрменді қарсылық көрсете
алмайды. Саве қашса да құтылмайды, оны Бахрамның жебесі қырқып түсіп, ажал
құштырады. Бұл соғыста ең бірінші садақшылардың рөлі маңызды екеніне және жаудың өз
қаруын өздеріне айдау арқылы жеңгеніне көз жеткіздік.
Соғыс тактикасының ерекше бір өнері – барлау. Барлау – өзін жіберген
мемлекет
,
шетелдік ұйым үшін басқа мемлекеттің
әскери
,
саяси-экономикалық
негіздерінен
құпия
мәліметтерді жинау, ұрлау және бүлдіру, жою әрекеттерін жасаушылық, қолға түсірген
мәліметтерді шет мемлекеттер агентурасына беріп отыру істерімен айналысатын қауіпті
қылмыстық жұмыстар жүргізушілік. Сондай айла-тәсілдің бірі және тиімділігі жөнінен
теңдесі жоқ бірегейі, ежелгі Қытайлық сұлу қыздардың арнайы дайындық мектебінен өтіп,
көшпелі елдің билеушісіне «император қызы» деген жалған атпен әйелдікке беру болған.
Көшкіншілер мемлекетінің билеушісіне әйелдікке берілген мұндай қыздар аз уақыттың
ішінде барған елін алатайдай бүлдіріп, ел билеушілерін өзара қырқыстырып отырған.
Сөйтіп олар көшкіншілердің ерте заманда тарихқа танылған іргелі мемлекеттерінің
барлығын іштен ірітіп, өзегін құрт жеген бәйтеректей өз-өзінен құлауын қамтамасыз ететін
басты құралға айналған. Бұл ретте көне деректер ежелгі қытайлықтардың ғасырлар бойы
көшпелілерге қарсы жасап келген жазалау соғыс тактикасы бір де бірі оларға дәл осы
«император қызы» деген атпен көшкіншілерге ұзатылған қыздардай зиян келтіре
алмағанын алға тартады Көшкіншілердің билеушісіне қыз беру және оны «императордың
қызы» деп әдейі пұлдап беру, міне, осы оқиғадан басталады [4;536-бет]. Мұндай қыздардың
барған жерінде жасаған барлаушылық және бүлдірушілік қызметінің ерекше тиімділігін
көрген Император Сарайындағылар кейін, осының негізінде, «император қыздарының»
арнайы жансыздық мектебін қалыптастырады. Бұл мектепке шәкірт қабылдау үшін жыл
сайын империя бойынша сұлу қыздардың арнайы байқауы өткізіледі. Жер-жерде
өткізілетін осындай байқауда жеңіп шыққан, ақылына көркі, біліміне іскерлігі сай дарынды
қыздар Император Сарайына алдырылып, онда арнайы дайындықтан өткізіледі, болашақта
далалық жат мемлекет билеушісінің сүйікті әйелі болумен бірге, сонда жүріп туған елінің
пайдасы үшін не істеу керектігі жан-жақты үйретіледі. Міне, осындай шыңдылу мектебінен
өткендердің арасынан ерекше талантымен танылған аса қабілеттілері іріктеліп алынып,
оларды ретіне қарай өздері қажет деп тапқан көшкіншілер мемлекетінің басшыларына
кезегімен «император қызы» деген жалған атпен әйелдікке беріп отырған. Барған жерінде
өздеріне жүктелген мемлекеттік маңызды тапсырманы ойдағыдай орындап шығуына жан-
жақты көмектесу үшін «император қызыдарына» басыбайлы күтушілер бекітіліп беріледі.
Мұндай күтуші-қызметшілерге және кез келген адам алынбайды. Түрлі мамандық
иелерінен іріктелініп алынып, олар да арнайы дайындықтан өткізіледі. Сондықтан аты
күтуші делінгенмен, бұлардың қай-қайсысы өзіне тапсырылған істі мүлтіксіз орындап
шығуға үйретілген машықты жансыздар еді. Көшкіншілерге ұзатылған ханшаның мұндай
күтуші-қызметшісі болып еріп баратындардың саны жүзге жетіп жығылады, кейде,
жағдайға қарай одан да асып түсіп жатады
Әскери тарихтағы тактиканың ерекше бір түрі – тұзақ құру. Бұл соғыс тактикасының
ең маңыздысы ұрыс алаңына байланысты болған. Ғұндар заманынан бастап Батыс еуропа
Ғұндары, Көк түріктер және басқа да түркі мемлекетінде қолданған. Тактиканың қолданылу
961
әдісі бойынша өрбіген болатын. Қарсы тарап әскерлері соғысқа шықпас бұрын қандай
тәсілдер қолдану керектігі жасалатын болған. Бұл тактиканың қолдану үшін аласа төбелер
мен қыраттары жерлері бар немесе ой мен шұңқыры бар алаңқайлар таңдап алынатын. Осы
төбелер мен қыртысты шұңқырларға әскерді жасыруға оңай туған. Әскери бірліктің
көпшілігі осы жерлерде дұшпанға көрінбей қарсы алатын болған. Егер әскерлер жау
тарапынан байқалған жағдайда жеңіске емес қайта ауыр жеңіліске ұшыратуға мүмкіндігі
болған. Осы тұзақ құру тактикасына түріктер қатты баса назар аударған. Бұл тактиканың
қолдануында ең ұтымды етіп көрсеткен б.з.д 135 жылындағы Май қаласына жасалған
соғысты айта аламыз. Бұл тактика Ғұндар тарихында көп қолданған және жеңістерге аяқтап
отырған. Ғұндардың осы тактикасын Қытайлықтар қолданып Ғұндарға тұтқиылдан шабуыл
жасап қырғынға ұшыратқан кездер де болған. Бұл үшінде Қытай императоры жасаған
қулығымен Мейлін атындағы бір саудагерін Ғұн тәңірқұтына жібереді. Тапсырма бойынша
келген Қытай саудагері Ғұн тәңірқұтқа Май қаласының өте бай және алтынға толы
қазыналарының бар болғаны жайында сөз етіп, Ғұн тәңірқұтты шабуыл жасауға үгіттеген.
Осыны естіген әңірқұт дереу шабуыл жасауға дайындалды. Бұл тактиканы Қытай
генералдары Ваңшудің қолданғанын көреміз. Ғұн тәңірқұты жүз мың атты әскерімен ұлы
Қытай қорғаны арқылы өтіп Бушоу қорғанына басып кірді. Жаяу атты әскер және
садақшылармен бірге үш жүз мың әскерден құралған қытай әскерлері Май қаласының
далалы аймақта жасырынып жатқан болатын. Қытайлықтардың арнайы жасақталған атты
әскері генерал Ли Гуангтың қарамағында, ал бүкіл қолбасшылар бас қолбасшы Ханан Кенге
бағынышты болған. Ойластырған жоспар бойынша Ғұн тәңірқұты әскерлері қалаға кірер-
кірмес мезетте Қытайлықтардың соғыс бастайтын жеріне келіп қалады. Ваншу және Су Ли
Гуанг генералдары ғұндарға қарсы соққы бермекші болады, алайда Ғұн тәңірқұты далалы
аймақта тек хайуандардан басқа ештеңені көре алмағандықтан өздеріне құрылған тұзақ
екенін сезе білді. Бұған қоса Қытай қару әскерлерінде ұстап шындықты біліп алады.
Тәңірқұт өте шапшаң қимылдап кері шегеді әрі Қытай тұзағынан құтылып шығады. Қытай
әскерлері Ғұндардың тұзақты біліп коюымен тез арада кері шегіну қабілетіне таң қалып
соғыс ашуға батылдары жетпейді. Бұл тактика негізінен жақсы ойластырып құрылған болса
жеңіске жетері даусыз еді, бірақ бұны Қытайлықтар қолдана алмады. Ал бұған керісінше
Ғұн түріктері бұл әдісті үнемі қолданғандықтан соғыс алдындағы тұзақтан құтылып кетуге
үлкен себебін тигізді. Бұл соғыста атты іскердің мықтылығын көрсетеді.
Орбұлақ шайқасының стратегиялық маңызы. Саны отыз қырық мың әскер талай істі
тындырам десе, артық айтқандық емес. Ол үшін жауынгердің бес қаруы да, мінісі де кез
келген шайқасқа дайын болу дұрыс. Қатаң талап қажет. Ал соғыс өнеріне үйретуде әсте
аяушылық болмау керек. Үш тоғыс соғысы, қаша соғыс, жүре соғыс, жекпе-жек, үлкәр,
қоян-қолтық, ай қоралану, шұбыртпалы, додо, аламан, құйрық жеу соғыс дегендер әр
сарбаздың зердесінде жатталып, бүге-шігесіне дейін қамтылып, үйретілуі – әскери
шыңдалудың негізгі мақсаты. Аштыққа да, шөлге де, ауыр ұзақ жолға шыдау қазақ
әскерінің дағдысына айналғаны жөн. Бірақ қатаң талап сарбаздарға әрдайым қамқорлықпен
ұштастырыла жүргізілсе нұр ұстіне нұр [5;54-бет]. Осы әскер санының аздығымен өткен
шайқастарға мән берсек, 1643-1647 жылдарда қазақ-жоңғар соғысында Батыр қонтайшы 50
мың адамдық әскер жинай алды. Бұған негізінен түрлі топтардағы жоңғарлар және олардың
одақтастары – Орталық Азияның монғол халықтары кірді. 1643 жылы Батыр Тянь-
Шаньның оңтүстік сілемдеріндегі жерлердің бір бөлігін басып алды, бірнеше мың қазақтар
мен қырғыздарды тұтқынға түсірді . Жағдай жедел қимылдауды талап етті. Жиналған
жасақпен Жәңгір Жоңғар Алатауына, Орбұлақ деген жерге жетті. Қазақ ханы сол жерде
жоңғарлардың беталысын бақылап жатты. Жәңгір сұлтанда небәрі 600 қаруланған атты
әскер бар еді. Бұлар таңдаулы жасақтар болатын. Олардың арасында Шапырашты Қарасай,
Арғын Ағынтай, Алшын Жиембет, Қаңлы Сарпық, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл,
Суан Елтынды батырлар болды. Жоңғарларға қарсы күресте Жәңгір тапқыр әрі дұрыс айла-
тәсіл қолданды. Оны А.И.Левшин былайша суреттейді: «Осы бір ат төбеліндей аз
адамдармен ашық шайқасқа шыға алмаған ол адамдарының бір жартысын екі таудың
962
арасындағы табаны терең сай және жан-жағы биік жартас шатқалға орналастырып, өзі
екінші бөлігімен таудың арғы жағында тығылып тұрды. Жоңғарлар бекініске жақындап
келіп, оған лап қойды, міне сол уақытта, жердің тар болуы себепті қоршап алуға өте тиімсіз
шайқаста көп адамдарынан айырылған кезде, Жәңгір оларға желке тұсынан тап берді. Бұл
соққының күтпеген жерден жасалуы, осы үшін таңдап алынған жауынгерлердің
қаһармандығы және олардың бәрі тамаша мылтықтармен жарақтандырылуы Батырды көп
шығынға ұшыратты [6;433-бет].
Қорытынды
Жоғарыда көрсетілген мысалдарды келтіре отырып, әскери тарихтағы стратегияның
орнын ерекше атауға болатынына көзіміз жетті. Қорытындылай келгенде, қазіргі кездегі
қазақ елі аумағының жұрт таңғаларлықтай кең болуында хандық дәуірдегі әскери –
тактикалық өнерді жетік меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана білген хандарымыз бен
сұлтандарымыздың, батырларымыздың алатын рөлі өте жоғары. Біз ол тұлғаларымыздың
рухтарына тағзым ете отырып, олардың ұмытыла бастаған осы қасиеттерін
азаматтарымыздың бойына сіңіруге және жас ұрпақты тәрбиелеуде кең насихаттауымыз
қажет деп ойлаймын.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1.
Дженкинсон А. Путешествие в Среднюю Азию // Английские путешественники в
Московском государстве в XVI век. 1937
2.
Алаш айнасы газеті №76 (987) 2013 жыл
3.
Лев Николаевич Гумилев «Көне Түріктер» 1994 жыл
4.
Қойшығара Салғараұлы «Ұлы қағанат»
5.
Ш.Күмісбайұлы «Қанжығалы бөгенбай» 2005 жыл
6.
«Қазақстан тарихы» 2-том 2010 жыл
ӘӨЖ 930:94(574)
ЕСІМ ХАН ТҰСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ
Әзімов Нұрлан
Сүлейман Демирел атындағы университет
Ғылыми жетекшісі: т.ғ. магистрі, аға оқытушы Ұстағалиев Е.О.
Түйіндеме. Мақалада Қазақ ханы Есімнің билік құрған жылдарындағы хандықтың
ішкі саяси ахуалы баяндалады. Автор тақырыпты зерттеу барысында ауыз әдебиетінің
үлгісі – тарихи жырларға талдау жасайды.
Түйінді сөздер: тарихи жырлар, билер төңкерісі, қатаған қырғыны.
Аннотация. В статье описывается внутриполитическое положение ханства в период
правления казахского хана Есима. Автор при изучении темы делает попытку анализировать
устное народное творчество, как «тарихи жыр».
Ключевые слова: исторические эпосы, бийская революция, катаганская резня.
Кіріспе
Қазақ тарихында ел билеген хандардың жеке қасиеттері, жасаған іс-әрекеттері мен
ерліктері халық назарында әрі қызығушылық танытатын тақырыптар кешеніне жатады.
Хандардың тарихы, олардың билігі кезеңіндегі оқиғалар жан-жақты зерттелуі үшін
жазбаша деректер кешенін халық ауыз әдебиетінің ерекше жанры – тарихи жырлар
963
топтамасы толықтыруы тиіс. Оқиғалар желісін дұрыс түсініп, бағамдау үшін жазба
деректер мен жырларды салыстыра отырып талдау ортақ бір байламға келуге, тарихи оқиға
сарынын дұрыс ұғынуға мүмкіндік береді.
Еңбекте зерттеу нысаны ретінде қолданылған «Есім хан» және «Еңсегей бойлы ер
Есім» жырлары тарихи фактілері мен оқиға желісінің мазмұндылығымен құнды болып
отыр. Жырларда кездесетін тұлғалар есімдері, жер-су, елді-мекендер атаулары мен
оқиғалар сарыны тарихи нақтылықтың орын алғанын айғақтаса, жырларды дұрыс талдау
шынайы тарихты анықтауға бір қадам жақындата түседі. Қазақ тарихында Есім ханның
билік еткен кезеңін тарихи жырлар желісімен талдап жазу, ақтаңдақ тұстарын ашып
көрсету, осы салада жасалған алғашқы қадамымыз, бұл жұмыстың жауапкершілігін сезіне
отырып, тақырып өзектілігінің айқын екендігін баса айтқымыз келеді.
Есім хан тұсындағы Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайын, Есім хан
тұлғасына қатысты тарихи оқиғаларды тарихи жырлардың желісі арқылы талдау, «Есім
хан» және «Еңсегей бойлы ер Есім» жырларының мазмұнына деректанулық талдау жасау,
шынайылық деңгейі мен тәжірибелік маңыздылығын анықтау.
Жұмысымыздың мақсаты – тарихи жырларды, соның ішінде, қазақ ханы Есімнің
билігі тұсындағы тарихи оқиғаларды, бізге белгілі «Есім хан» және «Еңсегей бойлы ер
Есім» жырларының мазмұнын талдау арқылы зерттеу, халық ауыз әдебиетінің ерекше
жанры – тарихи жырларды шынайы ақпарат беруші тарихи деректердің кешені ретінде,
сондай-ақ, төл дерегіміз – тарихи жырлар мәліметтерінің шынайылық деңгейін мойындау
арқылы оларды ғылыми айналымға енгізу мәселесі болып табылады.
Негізгі бөлім
Қазақ – жері кең, елі бай, көңілі дархан халық. Бүгінде Қазақстанның жер көлемі
әлемде тоғызыншы орынға ие. Осынау ұлан-ғайыр жерді ата-бабаларымыз ақ білектің
күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, қасық қаны қалғанша азаттық үшін күресіп өтті.
Ендігі жерде жауынгер бабаларымыздың аманат еткеніне қиянат жасамау ұрпақ үшін –
қасиетті борыш саналады.
Еліміздің іргетасының қалануында Керей мен Жәнібек хандардың алар орны ерекше
болса, жеріміздің осыншалықты кең болуына Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім хандардың
қосқан үлестерін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазіргі таңда сол хандарымызды дәріптеу
кенже қалуда. Сондай кемшіліктердің орнын толтыру мақсатында халқымыздың ұлы
перзенті, еңсегей бойлы ер атанған – Есім хан туралы зерттеу жұмысын жүргіздік.
Есім хан – қазақ хандарының ішіндегі ерекше тұлға. Оның ерлігі де, елдігі де биік.
Ел іргесін қалаған, кеңіткен, қорғаған, айналасына ел батырларын жинаған батыр хан;
батырлығына, батылдығына бола Еңсегей бойлы ер Есім атанған хан. Оның аты аңызға
айналған.
«Есім ханның ескі жолы» деген әдет-ғұрып жолының халық ішінде сақталуы
да Есім ханның атақты хан болғанына куә. «Қазақта тұтас хандыққа Есім жеткен, тұтас
билікке Төле би жеткен», - деген сөз бостан босқа айтылмаса керек [1, 5 б].
Есім хан – қазақ хандығында 1598-1628 жылдары билік етті. Тәуекел хан жиырма
мың әскермен туған інісі Есім сұлтанды Самарқанда қалдырып, өзі ұлы жорықты біржола
тәмамдау үшін жетпіс мың қолмен Бұқара қаласына аттанады. Алдан шыққан әскер
атаулыны жеңіп, ығыстырып, астана шаһардың өзін қоршауға алады [2, 44 б]. Тәуекел мен
Есімнің Орта Азияға жасаған жорықтары кезінде Тәуекел Бұқара түбінде жаралы болған.
Сол жарадан қаза болады. Жазба деректерге қарағанда оның балалары жас болып, ел
алдында танылмағандықтан, хандық билікті Тәуекелдің інісі Есім сұлтан алады. Есім сол
кездің өзінде қазақтың көп санды әскер басшысы болған. Ташкент, Түркістан аймағын
билеген, көрнекті сұлтан еді [3, 282 б]. Сөйтіп, 1598 жылы Тәуекел хан Бұқара түбінде
жараланып қайтыс болады. Сол уақытта көпшілік сұлтандар мен батырлардың жақтауымен
Есім хан тағына отырады.
Есім ханның билік еткен заманы туралы ауыз әдебиеттерде жақсы сақталған «Есім
хан» және «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырлар бар. «Есім хан» жыры Қытай
964
Халық Республикасында шығатын “Шалғын” журналының 1987 жылғы үшінші санында
жарияланды. Соңында берілген түсінікте: “Айтып берген – Боранбай Ләмжанұлы. Жазып
алған – Оразбек Қанапин”, – деген мәлімет келтірілген [4, 337-338 б.]. Өзге нұсқалары
кездеспейді. Жырда аталған кейіпкерлердің Есім ханнан өзгелерін тарихта анық болды
деуге негіз боларлық деректер кездеспейді. Жыр оқиғаларының болған жерлерінің
«Қамыстақ», «Жидекті» деген топонимикалық атаулары да Қазақстанның кез келген
түкпірінен табылуы мүмкін болғандықтан, бұл шығармада нақтылы қай уақытта болған
оқиға бейнеленгенін тап басып айту мүмкін емес.
«Есім хан» жырында Есім ханның әділетті болғаны айтылады:
... Қазаққа әділдікпен патша болып,
Есім хан ел билеген өз тұсында.
Ол өзі жұртын сұрап даналықпен,
Мекен ғып тұрған Сырдың жағасында.
Қақ жарған қара қылды әділдікпен,
Халықтың алған алғыс-батасын да [ 4, 250 б.].
Дегенмен, Есім ханның жырда бейнеленгендей қалмақтардың басқыншылығына
әлденеше рет ойсырата тойтарыс беріп, оларға өзінің үстемдігін мойындатқаны – тарихи
шындық. Мысалы, В.А.Моисеев ХVІІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасына қарай
қазақ пен қырғыздың кейбір билеушілері ойрат феодалдарына тәуелді болып, ал, сол
ғасырдың екінші онжылдығының соңына қарай Есім ханның ойраттарды бірнеше рет
ойсырата жеңіп, оларды бітім жасауға мәжбүр еткені туралы жазған [4, 337-338 б.].
«Еңсегей бойлы ер Есім» жырын алғаш жырлаған Марғасқа жырау екен. Бұл туралы
алғаш «Бес ғасыр жырлайды» кітабында айтылады. Алайда Марғасқа жыраудың төл жыры
бізге жетпеген. Оның жырын әркім өзінше үйреніп, өзінше насихаттап алып кеткен. Соның
бірі Қазанғап Байболұлы да (1889-1945) үйреніп, қағазға түсіріп бізге жеткізіп отыр. Бұл
жырдың қолжазбасын 1941 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының Орталық
кітапханасына ақын Омарбай Малқаров тапсырған екен. Ақынның жыры ақиқаттан
алыстап кетпегенін кейбір салыстырулар дәлелді қуаттайды.
Есім хан мен Ташкент билеушісі болған Тұрсын арасындағы шайқас болғандығы
мәлім. Ол туралы Әбілғазы баһадүрмен қатар ел арасында танымал болған жыраулар да
мәлімет береді. Негізінде, қатаған руы – Тұрсын сұлтанның тірегі болған ру. Бұл рудың
санының көптігі туралы Қадырғали Жалайыри айтып кетеді. Саяси оқиға ретінде
сипатталатын «Қатаған қырғыны» 1627 жылы болады. Есім хан (шамамен алғанда 1627-28
жылдары) Жетісу жеріне келген қалмақтарға қарсы жорыққа аттанады [3, 283 б.]. Қазақтар
осы жорығында қалмақтарды ойсырата жеңеді. Жорыққа аттанған уақытында, өзінің
ордасына, Түркістанға, бауыры Тұрсын шабуыл жасап, ат тұяғы тиген жердің барлығын
ойрандап, ханның әйел бала-шағасын тұтқындаған күйі Ташкентке әкетеді. Жеңіспен
оралып келе жатқан хан бұл жағдайдан дер кезінде хабардар болады. Сөйтіп, екі әскер
Сайрам түбінде кездесіп, жан түршігерлік ұрыс болады. Есімнің тепкініне шыдай алмаған
Тұрсын Ташкентке қаша жөнеледі. Жырдың желісінде Есімннің Тұрсынның ауылын шабуы
бірнеше мәрте болған. Есім хан заманынан бізге хабар беретін халық ауыз әдебиеті өкілдері
Жиембет пен Марғасқа жыраулар. Бұл жыраулар Есім ханның батырлары әрі кеңесші
билері болған. Атақты Марғасқа жыраудың біздің заманымызға жеткен мынадай жыры бар:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз ерді еңіретіп,
Жер тәңрісіп жатырсың.
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да
Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы ер Есім
965
Есігіңде келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды! [5, 56 б.].
Есім хан елде жоқ кездегі Тұрсын ханның қылықтары «Алпамыс батыр» жырын еске
түсіреді. Есім ханның әкесіне, шешесіне, қарындасына Тұрсын ханның көрсеткен
қорлықтары, Есім ханның аңдаусыз келіп олардың зарын тыңдауы – бәрі «Алпамыс батыр»
жырына ұқсас. Оны ақынның дәстүрлі жырдан үлгі алғаны немесе соған еліктегені деп
қараған жөн болар. Ал адамдардың аты-жөні, олардың бір-біріне ағайындық байланысына
дейін дәл берілуі о баста бұл жырды Марғасқа жырау шығарды дегенге иландырады. Себебі
ондай дәлдік тек оқиғаның бас қасында жүрген адамнан ғана шықса керек [1, 6 б.].
Есім хан заманында үш жүздің баласында атақты төрт батыр болар еді. Ұлы жүзде,
Бөгежілі елінен Шабайұлы Жақсығұл деген мерген еді. Қоңыраттан Алатау деген батыр еді.
Кіші жүз Алшын-Жаппаста Бөрітоғашұлы Жиембет деген еді. Үйсіннен Сүлеймен батыр
[4, 133 б.]. Кіші жүздің батыры әрі биі болған, Есім ханның жорықты жырауы болған
Жиембет еді. Хан билігінің соңғы кезеңінде, яғни XVII ғасырдың екінші ширегінде Есім
мен Жиембет арасында өзара қайшылықтар орын алған.
Еңсегей бойлы, ер Есім,
Есім сені есірткен
Есіл менің кеңесім.
Ес білгеннен Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін,
Қолтығыңа болдым демесін.
Бұл жолдардан Жиембет жыраудың Есім ханға ақыл-кеңес беріп, тар кезде
қолтығынан демеген, әскеріне, төңірегіндегілерге сүйеу болған, ақыры соның нәтижесінде
оны үлкен билікке қолын жеткізіп, «есіртуге» дейін апарған кәнігі сұңғыла абыз, кызметі
өткен кісісі екенін байқаймыз. Демек, Жиембетке Есім хан осындай дәрежеге жетумен
борышқор. Бірақ жырау сөзіне қарасаңыз оны түсініп отырған билеуші жоқ. Қайта оған
қатты қаһарлы» [6 , 69 б.]. Осы жерде хан не себепті атақты жорықты жырауына ашулы,
бұлай жасауына не түрткі болды деген сұрақ туындайды.
«... Есімді қолға ұстамақ болған қалмақтың бір ханы оған елші жіберіп, сұлу қызды
сыйға тартады. Сыйлықты алып келе жатқан қалмақ елшісін Жиембеттің інісі Жолымбет
батыр тосып алып, ханға жеткізбей қолға түсіреді. Қызды барымталап ханға бермейді.
Мұны естіген Есім хан Жиембетке ренжіп, қалмақ ханы сыйлаған тартуды өз қолына тез
табыс етуді талап етеді. Бірақ Жиембет ауылы бұған түгел қарсы тұрып, қызды
қайырмайды. Бұрын ханға кеткен дауларының есесін осылай қайыруды ойлайды. Осындай
себептерден Жиембет пен хан арасы алшақтай түседі...» [7, 293 б.].
Жорықтарда өзінің жанынан еш уақытта тастамаған Жиембет жырау ел билеуде
жіберген Есім ханның олқылығын еш қорықпастан айта білген. Жырау хан қаһарынан
қорықпайды. Ханға қарсы батыл сөздер айтады.
Тас қалада жан сақтап,
Тасқан екен мына хан.
Қайырылып қайыр қылуға,
Қылығың жоқ ұнаған.
Қайратым қанша қайтса да,
Мұнына ханым шыдаман.
Арқаға қарай көшермін,
Алашыма ұран десермін,
Ат құйрығын кесермін,
Ат саурысын берермін,
Алыста дәурен сүрермін,
Қарамасаң, ханым қарама,
Сенсіз де күнімді көрермін! [5, 56 б.].
966
Жиембет жырау бұл жырды айтқан кезде («қайратым қанша қайтса да») бірсыпыра
жасқа келген азамат. Бірақ, артында сөзін сөйлер қабырғалы халқы бар кісі болған.
Осылайша ел арасында ханға наразы топтардың болғандығы және соны билер жеткізіп
отырғанын көруімізге болады.
Есім ханның заңдар жинағы туралы Мұхтар Мағауин былайша топшылайды: «...Есім
хан Қазақ Ордасының сыртқы шекарасын бекітумен қатар, оның ішкі жағдайын да әбден
орнықтырады. «Есім ханның ескі жолы» аталатын атақты заң желісін осы кезеңде
қабылданған сияқты.
Бізге «Ескі жолдың» нақты тұрпаты беймәлім, бірақ жалпы сұлбасы XIX ғасырдың
аяғына дейін жеткені байқалады. Абай өзінің бір сөзінде «Есім ханның Ескі жолымен»
жақсы таныстығын білдіреді. Қасым ханның мемлекеттік заң жүйесі – «Қасқа жолдан» көп
кейін шыққанына қарамастан, «Ескі жол» аталуына қарағанда, Есім ханның заңдары ежелгі
Алтын Орда тұсындағы низам-жарғыларға, одан бұрынғы Шыңғыс ханның «Жасақ»
үлгісіне жақынырақ болған сияқты. Есім, әсіресе, ұлыстың әскери ұжымына қатысты
мәселелерге ерекше мән берген деп шамалаймыз. Жеке тармақтары қандай болғанда да,
негізгі ұстыны Қазақ Ордасының мемлекеттік жүйесі, өзіндік құрылымы, ел билеу
жорасына арналған, азаматтық және құқықтық ережелер жинақталған «Ескі жол» - бір
ғасырдан астам уақыт бойы Қазақ халқының ең негізгі заңы болып келді» [8, 43 б.].
Есім ханның ескі жолы туралы Ералы Саққұлақұлының (1846-1932) XVIII-XIX
ғасырлардағы тарихи әдебиет нұсқалары қолжазбаларынан кездестіруге болады. Бұл
қолжазбаны тәртіппен құрастырған Семей пединституты, Тіл-әдебиеті кафедрасының
доценті, филология ғылымдарының кандитаты Тұрсынбай Ерғалиев. Бұл жинақ бойынша
заң жобасы 4 баптан тұрады. Біріншісі – құн бабы (біздің тарапымыздан берілген шартты
атаулар) деп аталады. Ол өз ішінде ер құны және әйел құны болып бөлінеді. Екіншісі – дау
бабы. Бұл баптан қазақтың жесірін жылатпағандығын айқын көруімізге болады. Үшіншісі
– әмеңгерлік бабы. Бұл бап бойынша «Аға өлсе – іні мұрасы, іні өлсе – аға мұрасы»
қағидасы негізге алынған. Төртіншісі – қылмыстарға берілетін жаза бабы. Жаза екі түрлі:
басымен тартатын жазасы және малымен тарту жазасы.
Біз аталған баптар бойынша құн бабына ерекше тоқталсақ. «Ежелден-ақ қазақ
қоғамындағы күрделі даулардың бірі – кісі өлімі. Кісі өлімі үшін құн алынған. Есім хан
шығарған арнайы заң бойынша өлген кісіге өлтіруші жақ құн төлеуге міндетті. Ер адамның
құнына жүз жылқы, алты жақсы (6 түйе) кесілген. Ол барлық еркек үшін бай, кедей, жас,
кәрі демей бәріне бірдей сол дәуірде бұл алынған құн өлшеуінен артық құнның мынандай
түрі болған.
1. Өнер құны. Оған жүлде лаған атақты адамның құны жатады. Жүлде алған деп,
жұртқа белгілі ақындар мен топқа түсіп бәйге алған балуандар есептеледі, олардың құны
үшін екі кісінің құны (200 жылқы, 12 түйе) кесілуі керек.
2. Сүйек құны. Оған өлген кісінің сүйегі үшін төленетін құн жатады. Мысалы өлген
адамның сүйегі туған-туысқанының қолдарына түспей, жоқ болып кетсе, ол үшін екі
адамның құнын төлеуі керек.
Бұл екі түрлі құнды үстеме құн деп атаған. Кісі өліміне құн төлеу жайлы жоғарыда
айтқан ойымызды бізге келіп жеткен «Есім ханның көкаласы бір-ақ бесті» деген қағида
толық дәлел бола алады. Ұры ұрлап кеткен Есім ханның көкала дейтін аты қанша жақсы,
жүйрік жылқы болғанымен ас пен тойға қосылып бәйге алған мал емес екен. Сондықтанда
ұрыдан төлеу алғанда төлеуге бір-ақ бесті кесіпті. Біз мұнан жұрт көзіне түсіп, белгілі болу,
болмауына байланыстылығын көреміз.
Болса да ол дәуірде құл мен күңге құн төленбегенін біз Есім ханның замандасы әрі
әскербасы батырларының бірі Жиембет жырау Бортоғашұлының «Еңсегей бойлы ер Есім»
атты толғауында:
«... Мен өлсем құнсыз кетер деме сен
Кешегі өзің ұрып өлтірген
967
Тілеуберді құлыңдай!...» - дегенінен аңғара аламыз [9, 153 б.].
Үкім шығару «Есім хан қағидасы бойынша ауыр жазаның үш негізі бар:1) Жан жазасы.2)
Мал жазасы. 3) Ар жазасы» [9, 147 б.].
Махмұд ибн Уәлидің хабарларына қарағанда, Есім хан 1628 жылы өлген. Есім хан
1643 жылға дейін билік етті деген басқа мәліметтер де бар. Есім хан Түркістан қаласында,
Қожа Ахмет Йасауи мешітінің қасына жерленген [10, 428 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |