Халқымыздың сөз байлығы мен құдіретін көрсететін көріктеуіш құралдар жайлы ғалымдар ұсынған анықтамалар бір-бірінен алшақ емес. Қазақ мәдениеті бойынша толығырақ түсінік «Әдебиеттану сөздігінде» берілген, онда төмендегідей анықтама бар:
«Бейнелеу құралдары – әдебиетте көбіне се бұл ұғым сөз қолдану тәсілдері, бейнелі сөздер, мысалы жалпы түрде құбылту деп аталатын метафора, метонимия, әсірелеу, тұспалдау, астарлау, теңеу, эпитет және стильдік айшықтар, дыбыстық қайталамалар деген мағынада қолданылады. Бейнелеу тәсілдері, әрине, бұдан әлдеқайда кең, мол. Кейіпкерлерді мінездеу, сөйлету, портрет жасау, табиғат көріністерін суреттеу, уақиғаны әртүрлі өрістету – осының бәрінде бейнелеу құралдары қолданылады. Әдеби тілдегі сөз байлығы – түгелдей бейнелеу құралы.
Бейнелеу құралдары қай ұлт әдебиетін де болса да негізгі сөз қорына, сөз байлығына байланысты түзіліп қалыптаспақ. Оның өзгешілігі халықтың айналадағы дүниені көркемдік ой-сезіммен қабылдауына, яғни бейнелі ойлау жүйесіне, оның алуан түрлі болып келуіне байланысты. Бейнелі, суретті ойлау мүмкіндігі, әрине, айнала дүниені ұзақ жылдар, тіпті, көне заманнан бастап бергі уақыт ішінде байқау, аңғару жолымен бекіп тұрақтамақ. Және ол көбіне-көп сол халықтың тұрмыс-тіршілігіне, істейтін кәсібіне байланысты түзілмек. Айнала табиғат, географиялық орта да бұған әсер етеді. Осындай әр алуан жағдайлардың жиынтығы халықтың ойлау, сөйлеу кейпін, қалпын анықтайды. Көркем әдебиетте оны қолдану да, бейнелеу тәсілдерінің сырын ұқтырады.
Достарыңызбен бөлісу: |