Адам ойының образдылығы мен оның тілінің көркемдік табиғатын көрсететін лексикалық қабат функционалдық стильдің барлық түріне тән болып келеді. Алайда, әр стильдің қызметіне байланысты көріктеуіш тілдік құралдар өз деңгейінде ғана жұмсалады. Мұндай тәсілдердің қолданысы көркем әдебиет стилінде басым жұмсалады. Өйткені жазушы танымы сөзбен өрнектеледі. Тіл мәдениеті жайлы еңбегінде М. Балақаев шеберлік тәсілдерінің түрлеріне тоқталады: «Көркем әдебиетке тән әр алуан көріктеу, шеберлік тәсілдері болады. Сөз шебері соларды біліп, соларды өз творчествосының дүкенінде шыңдап пайдалануға тиіс. Олар: теңеу, эпитет, метафора, метонимия, кейіптеу (олицетворение), синекдоха, символ, аллегория, ирония, әсірелеу (гипербола), т.б.)» [11, 83].