Ақ малта– құрттың ең соңғы езілуінен қалдық.
Ақ түймеш – 1. жаңа қайнатқан құрт. 2. Қауынның қағы мен сөк талқанын араластырып келіге түйіп дайындаған тағам.
Ақ тұшпара – сүтке иленген жұқа қамырдың ішіне ақ ірімшік салып буға пісірген, үстіне май жаққан ас.
Ірімшік– майлы сүтті ұзақ қайнату арқылы алы-натын ақшыл сарғыш түсті қою сүт тағамы.
Ақ ірімшік – ыстық сүтке іріткі қүйғанда қоюланып қататын сүт тағамы.
Уыз ірімшік – уыз сүттен жасалған ірімшік.
Қызыл ірімшік– көп қайнатылып қызарған ірімшік.
Мәйек ірімшік – сиырдың тазаланған қарнына, жалбыршағына тұз сеуіп, күнге кептірілген мәйектің үстіне ашытқының суын құйып іріткен сүт. Өте дәмді, сіңімді.
Сарысу –1. айраннан не іркітген бөлінетін сары түсгі су. 2. қайнатылған ірімшік суы түнбасының кептірілгені, тәтті кенеулі тағам.
Сырынды – сарысуды қайнатудан өндіріліп кептірілген тағам.
Тосап– қой сүтіне мамыр айының майын, бал қосып қайнатып, суық тиген адамға беретін дәм.
Меңіреу – қой сүтінен жасалған дәмді қатық.
Қатық – 1. қой, сиыр сүтінен ұйытылған қою айран.
2. сұйық тамақтың дәмді, қоректі болуы үшін оған қосатын сүт, май т.б. тағамдар.
Қымыз – бие сүтінен ашытылған қышқыл дәмді, шипалы тағам, ақ.
Уыз қымыз – бие сүтінің уыз дәмі тарамаған жазғытұрымғы алғашқы қымыз.
Саумал – әлі бабына келіп аши қоймаған бие сүті.
Қымыз мұрын– биені байлағанда бірінші рет ішетін қымыз.
Қор – қымыздың ашытқысы.
Қораба – саба түбінде қалдырылған ашытқы қымыз. Қорланған қымыз деп те аталады.
Жуас қымыз– ащы қымыздың үстіне саумал қосып жұмсартылған қымыз.
Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз.
Бал қымыз – әбден пісілген, бойына жылқының қойдың майы сіңген бапты жұмсақ қымыз.
Қысырақ қымыз– бірінші рет құлындаған биенің сүтінен ашытылған қымыз.