Күлдіра – термелеп таңылған енсіз құр.
Аяққұр – уықтың иілген тұсынан жоғарылау оралатын жалпақша сәнді бау. Басқұр мен аяққұр киіз үйдің негізгі сүйектері шаңырақ, уық, керегені берік байланыстырады, қисайтпайды.
Уықбау– уықты керегеге бекітетін бау.
Адырна, аяқбау – бірнеше уыққа сәндік үшін салбыратып байлайтын ұшы шашақты термелі бау. Шалма деп те аталады.
Балақбау – уықтарды қысып байлайтын бау.
Таңғыш– үй тіккенде екі керегені байланыстырып тағылатын құр.
Желбау – шаңыраққа салбырата тағылатын қос құр. Үйді тігерде шаңырақты күлдіреуіштің тоғысқан тұсынан бақанмен көтеріп, қос желбаумен теңестіріп тұрады. Қатты жел соққанда үйдің жығылмауы үшін желбауға ауыр заттар байлап тепе-теңдікті сақтайды.
Басарқан (желарқан)– дауылды, желді күндері ұшырылып кетпес үшін түндікті, үзікті, туырлықты бастыра қазыққа байланатын мықты арқан.
Басар – қатты жел тұрғанда киіз үйдің үстінен бастыра қазықтарға байланатын ұзын екі арқан.
Белдеу– керегенің орта белдік тұсынан туырлықты сыртынан айнала буатын жылқының қылына қой жүнін араластырып есілген арқан.
Жоғарғы белдеу – туырлық және үзіктің етегі үй сүйегіне жымдаса жабылуы үшін кереге басы тұсынан сәл төмен деңгейде үйді айнала тартылған, екі ұшы екі босағаға байланған жуан арқан немесе жалпақ құр. Түндік, үзік баулар байланады.
Тастама– киіз есіктің жоғарғы жақ үшкіл басына тағылатын өрнекті терме бау.
Иықбау – есіктің маңдайына жақ екі бұрышына тағылатын екі еспе жіп.
Кұлте – шоқталып, үшы тұйіліп, шашақталып төгілген әртүрлі жіп не баудан жасалып, шаңырақтың қаламдығынан, уықтың жоғарғы қарын бауынан тең етіп немесе айқастыра салбыратып түсіріп қоятын әшекей.
Тегеріш– кереге мен уықты сыртынан қысып, айналдыра ұсталатын сәнді жалпақ бау.
Есікбау – киіз есікті көтеріп-түсіретін жіп бау.
Түндік бау – түндікті ашып-жабуға арналған төрт жіп (құр) бау.