Қазіргі қазақ тіліндегі мекен үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдардың мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулерге мына сөздер жатады: төмен, жоғары, ілгері, әрі, бері, әрмен, алға, артқа, артта, тысқары, осында, мұнда, кері, алды-арты, әрі-бері, жолшыбай, жол-жөнекей т.б. Мекен үстеулері құрамы жағынан негізгі, туынды, күрделі түбір үстеулер болып бөлінеді. - 1) Негізгі мекен үстеулері жеке дара сөздерден тұрып, морфемдік жағынан бөлшектеуге келмейді. Олар: жоғары, төмен, әрі, бері, кері т.б.
- 2) Туынды мекен үстеулер сөз тудыратын жұрнақтар арқылы және көлемдік септіктердің консервациялануы арқылы жасалады. Мекен үстеуінің жасалу жолдары: а) -қары (-кері), -ғары (-гері) жұрнақтарының жалғануымен жасалады: ілгері, тысқары, сыртқары, ішкері. Бұлардың кейбірі түбірмен кірігіп, қазіргі кезде туынды түбір болып есептелмейді де. ә) Көлемдік (барыс, жатыс) септігінің көнеленуі жолымен жасалады: алға, артқа, төменде, жоғарыда, артта, осында, мұнда, ілгеріде.
- Күрделі түбір мекен үстеулер. Бұлар сөздердің қосарлануы арқылы жасалады. Қосарлану арқылы жасалған мекен үстеулер: алды-арты, жол-жөнекей, әрі-бері т.б. Мекен үстеулері негізінен етістікпен тіркесе келіп, оның орнын, мекенін, бағытын білдіріп, сөйлемнің мекен пысықтауыш мүшесі болады. Базаралы басын шайқады да кейін қозғалды (Әуезов).
Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіріп, қанша? қаншалық? қаншама? қаншалап? кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулеріне төмендегі сөздер жатады: сонша, осыншама, мұнша, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, онша, едәуір, бірталай бірқыдыру, біраз т.б. Кейде мөлшер үстеулері есім сөздермен де тіркесіп жұмсалады: бірталай уақыт өтті, сонша жүкті көтеріп, сондайлық сыпайы т.б. Морфологиялық құрамы жағынан мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды, себебі тілдегі барлық мөлшер үстеулері басқа сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалған.
Достарыңызбен бөлісу: |