Қaзaқ Тiлiнiң Өзектi Мәселелерi және Тәуелсiздiк Тaғылымы
58
сөздердің терминдік сипатқа ие болу уәжділігін асқан сезгірлікпен
тани алуы. Соңғысы терминдерді тек төл сөздерден алу ниетімен
ғана шектелмейді, ғалым өзінің алдына сөздік қорда бар сөздердің
«тосын қырларын» ашып, жаңа сапада қолдану мақсатын қойғаны
сөзсіз. Бұл – елжанды һәм көшбасшы тұлғаға ғана лайық қасиет.
Дәл осы ниет ғылыми ұстаным болып бекіп, ұлттық
терминологияны жасау ісіндегі ұлтжандылығы мен көрегендігін
ұштай түскен.
Шындығында да, ғалым Ахмет Байтұрсынұлы зерттеу нысанына
алған мәселені қай қырынан зерделесе де, тілдің өз табиғатына
ерекше ден қояды. Сондықтан айтылым, тыңдалым, оқылым,
жазылым, тілдесім мәдениетіне қатысты зерттеу жұмыстарында
ғалым бекіткен қағидаларды басшылыққа алып отыру маңызды.
Бүгінгі тілді оқыту әдістемесімен
айналысатын зерттеушілер
көшбасшы тұлғаның осы бағыттағы тұжырымдарын айналып
өтпеуі тиіс деп санаймыз. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының
ауызша әдеби тілдің өзіндік табиғатын жан-жақты ашып көрсеткен
қағидалары ерекше құнды.
Тұлға үшін нәтижелі тілдік қарым-қатынас жасай білудің басты
шарты – сөйлесім әрекетінің барлық компоненттерінің өзіне тән
ерекшеліктерін нақты біліп, оларды негізгі қызметіне сай жұмсау
амалдарын саналы меңгеру. Осы сөйлесім әрекетінің ішінде ең жиі
қолданылатыны да, қатысым
дағдыларының қалыптасуында
ерекше рөл атқаратыны да, тілдік коммуникацияның өзгеше
өнімді түрі – айтылым. Айтылымның осы ерекшелігін дәл таныған
Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөйлеудің асыл мағынасы – біреуге
білдірейін деген ойын айту. Айтушының мақсаты – тыңдаушыға
ойын түгел түсіндіру. Ойын түсіндіру үшін соған керек сөздерді
алу қажет. Бір сөзді ойын анықтау үшін алса, екінші сөзді ойын
толықтыру үшін алады, үшінші сөзді ойын пысықтау үшін алады»,
- деп, баяншы қолданысына
қажетті сөздерді сұрыптап, ұтымды
қолданудың тілдік қарым-қатынастағы рөлін айқындап береді [6,
274].
Айтылымға тән осындай талаптарды дұрыс сақтауда, оны жүйелі
меңгертудің жолдарын табуда «айтылым әрекеті» ұғымының
аражігін айқындап алу шарт. Ауызша сөйленетіндіктен,
айтылымда ойды жеткізуде сөз мағынасын таңдап қолдану қандай