Көне түркі халықтарының сөйлеу мәдениетіндегі жанрлық формалар қарама-қайшылықтарға толы, терең синкретті және күрделі болғандықтан, түркологияда өлең құрылымының дефинициясын айқындау да күрделі құбылыс болып табылады. Сонымен бірге кейбір теориялық еңбектерде өлеңнің құрылымдық жүйесіндегі аса маңызы жоқ бөліктеріне, жалпылама мәселелерге баса назар аударылғандығы да мәселені қиындата түседі. Сондықтан зерттеушілердің алдында көне түркі поэзиясындағы іргелі мәселелерді шешу міндеті тұр, әсіресе, дифференциация және оппозициялардың бірлігі тұрғысынан – тіл және дәстүрлі әдебиет тоғысында қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Бір жағынан, тілдің табиғаты мен өлең жүйесі, екінші жағынан, әдеби бағыттар мен өлең тілі диалектикалық бірлікте болатыны белгілі. Тіпті өлең құрылымының құрамдас бөліктерінің гетероморфтылығы, оның сегменттік қатарларының функционалдық қарама-қайшылығы, дыбыстық компоненттерінің симметриясы мен асимметриясы, бірізділігі (интенционалдылық) немесе дискреттілігі (диахрония), т.б. өлеңнің құрылымын бір бүтін жүйе ретінде циклдік қағида бойынша қарауды қажет етеді. Аталмыш құбылыстың гносеологиясы мен мақсатқа бағытталған интерпретациясына қарай өлеңнің әдеби бағытын айқындай отырып, оның тілі мен жүйесін жан-жақты талдау керек. JI.И. Тимофеев өлең тілін «мазмұндық және эстетикалық мәні бар сөз тіркестерінің жүйесі ретінде» қарастырады, автордың ойынша өлеңнің мәнерлілігі «тілдің индивидуалды-эмоционалдық, экспрессивтік қуатын арттыратын дыбыстық-ритмикалық компоненттерінің қайталануына байланысты»279 болмақ. Аталмыш поэтикалық құбылыс сипаттарын талдау өлең құрылымының жүйесін құрайтын бірліктердің өзара тығыз байланысты болатындығын жан-жақты айқындайды және поэзия тілінің дамуында олардың атқаратын қызметін, ерекшеліктерін нақты саралауға мүмкіндік береді. Сондықтан бірқатар әдеби зерттеулерде өлеңтану мәселелері жан-жақты қарастырылған және көптеген ғалымдар поэзиядағы өлең құрау принциптері (қағидалары) белгілі бір «тарихи жағдаяттарға» (басқаша айтқанда, әдеби дәстүрлерге) немесе тілдік факторларға280 байланысты болатындығын атап өткен. Тілдік тұрғыдан зерттеу принциптерін жақтаушы ғалымдар өлең тілінің сөйлеу тілінен айтарлықтай айырмашылығы жоқ, онда тілде кездеспейтін жаңа элементер мен белгілер жоқ, себебі ол да тіл заңдылықтарына бағынады»281 деген көзқарасты ұстанады.
Е. Д. Поливанов және оны жақтаушы ғалымдар өлеңтанудағы бұл мәселені тіпті күрделендіре түседі. Олар «өлең тілін линвгистикалық тұрғысынан зерттеу барысында өлең құрау жүйесінің белгілерінің айырмашылықтарын жіктеп көрсету қажет, өлең техникасының типологиясын және поэтикалық тілдің өлең құраушы бірліктерінің функционалдық ерекшеліктерін анықтау қажет»282 – деп санайды. Бұл позитивистік концепция, біздіңше, әрекеттік сипатына қарамастан тіл мен өлең жүйесінің өзара байланысына қатысты маңызды мәселелерді толыққанды аша бермейді.
Міне, осы жағдай В. А. Никоновтың полемикалық көзқарасына негіз болды, ол отандық және шетелдік әріптестерінің теориялық тұжырымдарын дамытты, соның ішінде Б. Унбегаунның және Р. Якобсонның пікірлерін қолдай отырып, «өлең құрау жүйесіне тіл ғана емес, қоғамның даму тарихына байланысты туындайтын поэтикалық стиль әсер ететінін»283 атап көрсетеді. Ғалым «тек қоғамның жан-жақты дамуының нақтылы тарихи сипаты поэтикалық стильдің дамуына әсер ете алады, тілде қалыптасқан сөздерден өлеңнің құрылуына белгілі бір мүмкіндіктер туғызады, жағдай жасайды» – дейді284. Қорыта келгенде, әдеби дәстүр өлең жүйесінің сыртқы факторы ретінде, ал тіл – ішкі факторы ретінде қызмет атқарады, яғни ол екеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте бола отырып, өлең құру жүйесінде маңызды рөл атқарады. Бұл тұжырымды өз еңбектерінде К. Леви-Строс те қолдайды, Р. Якобсон өзінің тілдің фонологиялық құрылымы жөніндегі идеяларында да осы пікірді ұстанады. Ол бір тілдің әр түрлі құрылымдық элементтері арасындағы функционалдық байланыстарды бір «метақұрылымның» қызметі ретінде жан-жақты сипаттайды және оларды түрлі құрылымдарды құрайтын топтардың заңдары есебінде қарастырады285.
Атақты теоретик ғалым В. В. Томашевскийдің пікірі бұлардан өзгешелеу, ол «әрбір өлеңнің өзінің ішкі өлшемін құрайтын ритмикалық бірлігі болатынын» айтады. Бұл ішкі өлшем тілдің табиғаты мен әдеби дәстүрлерге байланысты болады. Ол шартты түрде өлең шығару нормалары мен ережелерінен көрініс табады және бір кезеңнен екінші кезеңге, бір әдебиеттен екінші әдебиетке өтуге байланысты өзгеріп отырады286. Ал А. А. Папаян бұл пікірді одан әрі өрбіте келе, әдеби бағыт өлең тілінің элементтерімен тығыз байланысты болатындығын айтады. Оның пайымдауынша, «философиялық-эстетикалық және әдеби бағыттар, шынайы құбылыстарды қабылдау формалары өзгеріп отырады, солармен бірге өлең формалары да үнемі өзгеріп отырады»287. Ғалымның пікірінше, өлең құрылымының өзгеруі поэтикалық дәстүрдің өзгеруіне тікелей тәуелді болмақ. Бірақ М. Л. Гаспаров бұл пікірге қарсы шығады, ол кейбір өлең құрылымдары үнемі өзгеріске түсе бермейтінін айта келе, өлеңнің ырғағы әдеби бағыттарға тәуелді болмайтындығына және ол көбінесе ақынның жеке шығармашылығының даму ерекшелігіне байланысты болатындығына баса назар аударған288.
Л. И.Тимофеевтің ойынша, «ол нақтылы мазмұнға (өлең, кең мағынасында тілдің функционалды көрінісі ретінде [атап өткен – А. Т.], жалпы алғанда поэтикалық тілдің жүйеішілік қабаты ретінде) тек жүйе ішінде ие болады, жүйеқұрушы фактор – сөз болып табылады, сөз дыбыспен, ритммен, рифмамен тығыз байланыста және интонацияға қатысты болады»289.
Академик В. М. Жирмунский «тіл мен өлеңнің өзара байланысының» маңыздылығы мен өзектілігі жөнінде мәселені қарастырады, ол орыс және неміс тілдеріндегі ямбикалық өлең формаларының ұлттық ерекшеліктерін салыстыру арқылы тіл мен өлеңнің өзара құрылымдық жағынан біртұтас және ұқсас екендігін нақтылы фактілермен дәлелдеген. Әсіресе, ғалым «орыс және неміс ямбтерінің мысалдары негізінде әр түрлі тілдерде ямбикалық өлеңнің өлшем модельдері бірдей болған жағдайда, ондағы метрикалық екпін нақтылы буынға түссе, түрлі тілдердегі бинарлық альтернация принципі тілдік материалдың фонетикалық сипаттарына байланысты түрліше жүзеге асырылады» деп орынды атап өткен290.
Ленинградтық өлеңтанушы В. Е. Холшевников аталмыш мәселені тәжірибелік әдіснамалық тұрғыдан терең зерттеген291, оны В. И. Павлова292 жалғастырған. Олар өлең ритмін музыкалық ритммен бірдей деп санайтын (А.П.Квятковский, С.В.Щирвинский, М.Г.Харлаптар жақтаған) «тактометриялық теорияны» жоққа шығарады және синтаксистік мүшелер мен декламация мәнерлері өлең жазуда жүйеқұраушы мәнге ие293 – деп санайды.
Бұл пікір, бір жағынан, өлең мен музыкалық ритмнің аражігін ажыратып береді, екінші жағынан – тілдік материал мен өлең тілінің өзара байланысын айқындап көрсетеді.
«Жалпы өлең құрау жүйесі деген ұғымның өзі нені білдіреді және оны қандай факторлар айқындайды» деген сауал төңірегіндегі батыстық және ресей өлеңтанушылары арасындағы теориялық қайшылықтар ұзақ жылдар бойғы пікірталастың және арнайы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өз шешімін тапқандай.
Батыстық және ресейлік өлеңтану саласының ғалымдары өлеңнің жалпыға ортақ концептуалдық дамуы өлең құру формалары тілдік материалдың ұлттық ерекшеліктеріне байланысты болатындығын дәлелдеді. Бұл фактордың диалектикалық және біртұтас сипатына қарамастан, өлең жазу формалары мен стилдерінің әдеби дәстүрлер (тарихи жағдаятта) мен басқа да поэтикалық жүйелерге тәуелді болатындығын жоққа шығаруға болмайды. Кейде өлең жүйесін құраушы факторларды айқындау және оның поэзия эволюциясындағы генезисін анықтау қиындық тудырады. Бұған алтай тілі тобына жататын халықтардың поэзиясынан мысалдар келтіру арқылы көз жеткізуге болады. Түркі және моңғол тілдеріндегі өлеңдер жүйесін ғалымдар «силлабикалық», «силлабо-тоникалық», «тоникалық», «тонико-темпоралдық», «сөзге екпін түсетін», «квантитативтік» «алитерациялық»және басқа топтарға жіктейді. X. Усмановтың пікірінше, «татар поэзиясында көптеген жылдар бойы өлеңнің негізгі екі ритмикалық құрылымы сақталған. Біріншісі: халық ауыз әдебиетінде (халықтық), екіншісі: жазба өлеңдерде (классикалық)294. Ол түркі өлеңінде кездеспейтін терминді енгізді, мысалы, «үшқатар төрт бунақты», «төртқатар бір бунақты», «бірінші және екінші буындармен үшөлшемді», т.б., бұл көзқарасы ғалымдар тарапынан сынға ұшырады. Автордың ойынша солар түркі өлеңдерінің онтологиялық табиғаты мен өзіндік даму ерекшеліктерін түсінуге мүмкіндік береді. Өлең жазудың халықтық жүйесі «бунақтық», ал классикалық жүйесі – «ашық күрделі бунақты» деп аталады295. Түркі өлеңдерін зерттеуші У. Туйчиев былай деп жазады: «Өзбек поэзиясы алты өлең жүйесінен тұрады. Біріншісі: ритмико-синтаксистік параллелизм, ол – проза мен өлеңнің арасындағы ерекше өлең жазу құбылысы – қара өлең (бұл көне түркі әдеби ескерткіштерінде жиі кездеседі). Буындық екпін, сандық-екпін және аралас өлең жүйесі соңғы кездері анықталған соны құбылыс, ...олар «бармақ» (силлабика) «аруз» сияқты жиі қолданылмаған296,297. А. М. Хамгашалов және В. И. Золхоев, өз еңбектерінде бурят тіліндегі өлең жүйесіне талдау жасай отырып, өлеңді ритмикалық жағынан ұйымдастыруда негізінен «тірек-сөздер» (слово-стопы) принципін кең қолданғандығын дәлелдейді298, 299. Біздіңше, бұл айтылғандардың басты кемшілігі – поэтикалық тілді зерттеу әдіснамасы мен талдау тәсілдеріндегі кемшіліктермен байланысты, онда өлеңдерді топтастыруда бірізділік принципі сақталмаған. Түркі және моңғол тілдеріндегі өлең жүйелерін айқындау барысында ғалымдардың пікіріне белгілі бір дәрежеде ықпал еткен әдістерді шартты түрде саралап көрсетуге болады. Европоцентризм, XX ғасырда кең өріс алған әдеби ағымдардың бірі, бұл ағым бойынша ритм құраушы екпіндерге ғана көңіл бөлініп қоймайды, сонымен қатар батыстық және орыстық өлең құрау үлгісіндегі терминдерге баса назар аударылады (мысалы, тірек, ямб, хорей, ерлерге тән, әйелге тән, дактиликалық т.б.). Соның әсерінен жүйесін анықтаушы ұғымдар мен категориялар түркі өлеңдеріне қатысты да қолданылады, мысалы, «тоникалық», «силлабо-тоникалық», т.б. Поэтикалық индуктивизм, оның көмегімен мәтіннің жеке компоненттеріне айрықша көңіл бөлінетіндігі соншалық, солардың негізінде мәтіннің архиформасына еш қатысы жоқ және көркем мәтінді тұтастай зерттеуге негіз бола алмайтын кейбір жалпы ережелер мен заңдар қалыптасады. Көп жағдайда зерттеушілердің назары қандай да бір шектеулі мәтіндерге ауады да, олар поэтикалық тілдің тұтастай бір тарихи үзінділерін нақтылауға алғышарт бола алмайды. Эклектизм, бұл маргиналдықпен байланысты зерттеу ағымы, ол ағым бойынша әр түрлі өнер құбылыстарына тән заңдылықтар олардың арасындағы айтарлықтай қарама-қайшылықтардың болатындығына қарамастан идентифицияланады (сәйкестендіріледі). Оның себебі, көне дәуірдегі өнер саласындағы синкретизм. Соның кесірінен музыкалық ритмикалық заңдылықтар өлең жолдарының ритмикалық заңдылықтарын зерттеуде басшылыққа алынады. Мұндай жағдайда өлең тілінің барлық дерлік элементтері формальды музыка заңдарына бағынады. Мысалы, мәтінді бірнеше синтаксистік бөліктерге бөлу арқылы өлең ритмдері музыкалық ритмдерге сәйкестендіріледі және жүйесіз өлең жолдары ритмикалық жолдарға салынып, реттелінеді, көптеген өлең жолларының орындары ауыстырылып, орынсыз реконструкциялар жасалады, бұл құбылыс әдетте қате пікірлер мен қорытындылар жасауға әсер етеді. Соның нәтижесінде өлеңнің негізгі құрылымын децентризациялау (қайта құрылымдау үрдісі орын алып отыр, ол өлең мен прозаның формаларының арасындағы шекараның, айырмашылықтардың жоғалуына әкеліп соқтырады, сондай-ақ әр түрлі өлең жазу жүйелерінің арасындағы ерекшеліктерді де жояды. Әрине, өлеңді осы тұрғыдан зерттеу барысында өлең жүйесінің диахрондық және синхрондық жақтарының теңесіп кететіндігі соншалық, олардың арасындағы айырмашылық та жоғалады. Өлең жүйесінің дамып, өзгеріп отыратын құбылыс екендігі, яғни эволюциясы қаперге алынбайды және метофизикалық тұрғыда зерттеледі. Мысалы, диахрондық тұрғыдан өлең жазу жүйесі – сапалық жағынан өзгермелі құбылыс болып саналады, сондықтан бұл анықтаманы барлық өлең түрлеріне бірдей қолданып, униформа немесе архиформа тұрғысынан қарау мүмкін емес және мұндай анықтама өлең құрылымының тұтастығын, яғни біртұтас жүйе ретінде сипаттай алмайды. Тек өлеңнің ішкі өлшемдерін ғана анықтауға мүмкіндік береді, ішкі өлшемдер өлеңнің жүйеқұрушы доминант элементтері туралы ұғымдарды қалыптастыруға ықпал етеді, сол арқылы жүйенің даму және тарихи тұрғыдан бір кезеңнен екінші кезеңге өту себептерін сипаттауға қол жеткізуге болады. Басқаша айтқанда, белгілі бір тарихи дәуірде поэзияның дамуы барысында бірнеше өзіндік және тұрақты жүйелердің қалыптасуы мүмкін. В. Шаповалов бұл мәселенің жан-жақтылығын түсіне отырып, жүйені архиформа ретінде белгілейтін мүлдем басқа жаңаша термин енгізуге тырысқан. Ол қырғыз поэзиясын зерттеу негізінде жалпыға ортақ атау – ұлттық өлең құрау деген ат береді (өзімнің атап өтуім – А. Г.), автордың пікіріне сүйенсек оның екі түрі болады: халықтық және әдеби. Халықтық өлең құрау жүйесінің құрамында эпикалық өлең-жырлар яғни ақындар поэзиясы негізге алынады, ал әдеби өлеңдердің өзін екіге жіктейді: дәстүрлі өлең және гетероморфтық құрылымы бар новаторлық, жаңашыл өлеңдер300. Мұндай классификация поэзия саласының өлшемдік және жанрлық түрлерін қатар қамтиды, жүйе деген ұғымның мәнін айқындайды және жүйенің ең әуелі өлең тіліне тән бірліктерге негізделетіндігін көрсетеді (просодия, ритм, өлшемдер, строфикалар, рифмалар, т.б.). Әйгілі түркітанушы ғалым Н. Н. Тобуроков негізін қалаған эксперименталдық-фонетика мектебінің өкілдері бұл мәселені өлеңге жан-жақты статистикалық талдау жасау арқылы және сараптамалық мәліметтер негізінде шешуге болады деп санайды. Ғалымдар түркі өлеңдерінің типтері туралы мәселені оның генезисінен бөліп қарастырмайды301. Міне, түркі өлеңдерінің жүйесін құрайтын факторларды дұрыс талдау әдісі, дұрыс интерпретациясы осындай. Олар фольклорлық және әдеби өлең жүйелерін жіктей отырып, біріншісіне альтернациялаушы ритм – аллитерация және силлабикалық сипат тән деп есептейді. Эксперименталды-фонетикалық мектептің жалпы бағыты өлең жүйесінің бастапқы ритмикалық бірліктерін айқындауға негізделді, өлең жолдары мен олардағы кідіріс ұзақтығы қандай екендігін айқындауға баса назар аударды. Олардың ойынша, кейінгі уақыттарда жазылған өлең-жырлардың жалпылама құрылымы сапалық тұрғыдан басқаша альтернациялық ритмге негізделген – изосиллабизм және изохрония тұрғысынан жазылған. Сонымен қатар ғалымдар әдеби өлең құрау факторлары буын шумақтарының ритмін алдыңғы орынға шығарып, аллитерациялық ритмиканың рөлін төмендетуге ықпал етеді деген қорытынды жасайды. Осылайша, түркі өлеңтануындағы бұл ағым, оны жақтаушы ғалымдардың санаулы болғандығына қарамастан, теоретикалық-дедуктивтік әдіспен салыстырғанда өлең жүйесінің анықтау теориясын ілгері дамытты. Кейбір түркі өлеңдерін зерттеушілер әлі күнге дейін «бүгінгі күні қандай халықтың поэзиясында болмасын кездесетін ешбір өлең жүйесінің формасы бейтаныс, жат болып саналмайды» деген пікір айтады302, 303. Бірақ бұл пікір объективті емес, шындыққа жанаса бермейді және уәжділігі да жеткіліксіз. Біріншіден, олар өлең жүйесіндегі тілдік факторларды ғана ескерген, сол арқылы өлеңнің сыртқы және ішкі бірліктерінің өзара диалектикалық бірлігі ескерілмеген. Бұл өлеңтану саласында қалыптасқан жалпылама әдістер мен тәсілдерді жоққа шығару деген сөз. Екіншіден, бұл болжамдар консервативтік сипатқа ие, себебі ұлттық мәдениеттің маңыздылығына негізделетін, өлең тіліне айтарлықтай әсер ететін басқа халықтардың поэтикалық дәстүрлері ескерілмеген. Біз түркі поэзиясына араб-парсы (аруз), көне үнді (анаграммалау) өлең жазу стильдерінің ықпал еткендігін, сол арқылы оған ислам және үнді мәдениетінің әсері болғандығын жоққа шығара алмаймыз. Өлең жүйесінің мәнін түсінуге қатысты жоғарыда аталған мәселелерді ескере отырып, біз тек поэзияда нақтылы поэтикалық стиль қалыптасқан жағдайда ғана дұрыс шешім қабылдауға болады деп санаймыз. Мұнда өлең тілі жүйесінің өлшемдік және ритмикалық белгілері мен көрсеткіштері ғана емес, өлең құрауға қатысатын барлық тілдік элементтерінің жиынтығы кешенді қарастырылуы тиіс. Осыған байланысты біз фольклорлық және жазба өлеңдердің айырмашылықтары анықталып, дәлелденді деп есептейміз. Бұл жүйелердің жеткілікті дамуы бізге олардағы гетероморфтылық (біріншісінің) және гомоморфтылық (екіншісінде) сипат тән екендігін айқындауға мүмкіндік берді. Фольклорлық жырлардың ішкі өлшемдері, жазбаша өлеңдердің ішкі өлшемдерімен салыстырғанда өзгеріске аз ұшырайтындығы таң қаларлық жайт, себебі олардың консервативтілігі – тұрақтылығы ауызша формасына байланысты. Сондай-ақ бұл құбылысты фольклорлық өлеңдердің эволюциясы қарапайым өлең формаларына негізделетіндігімен де байланысты түсіндіруге болады. Мұндай тұжырымды атақты қырғыз жыршысы К. Рысалиевтің: «Екі бөлікті ритмикалық құрылым халық поэзиясындағы ең қарапайым құрылым түрі болып табылады және сонымен бірге аяқталған ритмикалық бірлік ретінде кез келген өлең үшін ең қажетті заңдылық болып саналады» деген пікірінен көруге болады304. Ал жазба өлеңдерінде «тарихи жағдаят» факторы өлең құрылымына айтарлықтай әсер ететіндіктен оның диахрондық дамуы тұрақсыз болады. Оның прогрессивтік дамуы тілдік факторларға байланысты емес, ол әдеби үдерістердің қалыптасу жағдайына байланысты, әдеби үдерістер кейде тіпті өлең жүйесінің кері кетуіне де ықпал етеді. Фольклорлық жырлар екі өлшемдік тіл ретінде, бірінші кезекте өлеңнің формальды компоненттерін қалыптастырады, бұл мәтінді құрылымдық-семантикалық және ритмико-өлшемдік тұрғыдан ұйымдастыруға қажетті және өлеңді қабылдауды жеңілдетеді. Ал жазба өлеңдерінде формальды элементтер арасында тығыз байланыс байқалады (тігінен және көлденеңінен) олар өлең құрылымындағы күрделі комбинацияларды қалыптастырады. Түркі тектес тілдердің поэзиясында жазба өлеңдер бірнеше тарихи кезеңдерден өткен.