Көзін ашты, кенеттен ол суретті көрді.
.. Сабыр қылмады көңілі тұрды, келді,
Өз қолымен ол суретті алды.
Көріп нақыш ішінен өз көркі нышанын,
Күйдірді біржола ғашық оты жанын262.
Тағдырдың жазуы – Алланың бұйрығымен, тылсыммен сырттай немесе туа бітті ғашық болудың осыған ұқсас түрленген тұрақты мотивтері «Жүсіп пен Зылиха», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Қорлы мен Зияда», «Сухейіл мен Гүлдірсін» т.б. түркі дастандарынан ұшырайтыны жоғарыда айтылды.
Құтыб жырлаған дастан түркі эпосының сарынымен мол суарылған. Осы ретте шығарма сюжетіне арқау болған эпикалық мотивтер қатарында перзентсіздік (бір балаға зар болу), әке мен бала арасындағы күрес, қайырымды, әділ билеуші, дүниенің жалғандығы, бас кейіпкердің немесе батырдың балалық шағы, мыстан яки жәдігөй кемпірдің айласы, аңшылық (киік аулау), эпикалық тұлпар, әйелдің ақылдылығы, моногама, ғашықтардың бір молада өлуі, т.б. көне фольклор сарындарын атауға болады. Мұндағы асты сызылған сюжеттік мотивтер негізінен түркі эпостарында тұрақты орын алған. Бірақ оларда шығыс (парсы, араб) фольклоры мен әдебиетінің елеулі әсері бар. Оның жарқын үлгілерін кемел адам, әділ патша, қайырымды қоғам, Аллаға, пайғамбарға, сахабаларға мадақ, жын, пері, диюлар оқиғасы, әйл мекерлігі, ғылым-ілім үйрену, суретке ғашық болу, бал ашу, әке мен бала арасындағы күрес, т.б. мотивтерден ұшыратамыз. Мысалы, түркілердің төл эпостарында, әсіресе, жергілікті батырлық, ғашықтық жырларда мұндай сарындар аз. Дегенмен, жазба әдебиетте, әсіресе, Орта ғасырлардағы түркілік мұралардың сюжетінде әлемдік және шығыстық мотивтердің мол болуында аударма немесе нәзиралық тәсілдің зор үлесі бар.
Айталық, «Хұсрау-Шырында» Хурмуз патша бір балаға зар болады. Бұл эпизод дастанда былай суреттеледі:
Көп құрбан шалып ол шаһ Құдайдан
Тіледі бір ұл бұл жаннан артығырақ.
Тәңріге жалбарынып қылса зары,
Ұл береді оған гауһардан таза.
Жаратқанның сый дариясынан-дүр,
Оның шамына берген мейірімнен нұр.
Мүбәрак бақыты – дәулет мекені,
Жүзінен белгілі – шаһтық нышаны.
Кемелденген патшалықты көрді әкесі,
Содан соң болды Парвиз аты263.
Махаббатты, Аллаға, адамға деген ұлы сезімдерді зор шабытпен жырлаған қыпшақ шайырларының қатарында Сәйф Сарайиды атаймыз. Алтын Орда жерінде туып өсіп, өмірінің елеулі кезеңдерін Сарай шаһарында өткізген талантты шайырдың тегі Кіші жүз – Алшын руынан шыққандығы қазақ ғалымдарын да бейжай қалдырмаса керек-ті. Бұл пікірді белгілі түркітанушы Әмір Нәжіп те жазған. Ал Сәйф Сарайидің өзі сегіз ақынмен мүшәйраға түскен уақытта замандасы, әрі жерлесі Ахмед Хожа әс-Сарайи атты шайырға қайырған жауап-ғазалында:
Аузы – фәстүк, көркү – таңсық, өзі мәшфик йар ирер,
Хүснинің жавы Хота [н] уә Шын ішінде бар ирер.
Асылы – Алшын, сөзлері – шын, көзлері татар ирер,
Мың йашар дудағы шәрбатын татар ирер264, - деп Сарай төңірегінде, қазіргі Астрахан маңында күні бүгінге шейін өмір сүріп жатқан қандастарын меңзегені шүбәсіз. «Алшынның» мағынасын түсінбеген татар ғалымдары оны «лашын», яғни орысша «соколиный род» деп тәржімелегенін де көрдік. Жоғарыдағы үзіндіден қыпшақ шайырының түркі, парсы, араб тілдерінің тылсым сырларын терең меңгерген өте дарынды ақын екендігін байқау қиын емес. Қыпшақ қаламгері ішкі ұйқастарды құруда омонимдік сөздерді кеңінен қолданады. Осындай поэтикалық стиль, күрделі метафоралар, ғажайып үнді, ырғақты поэзия үлгілерін С. Сарайи мұрасынан мол кездестіресіз. Ақын шығармашылығы біздің заманымызға түгел жеткен жоқ. Әйтсе де оның Сағдиден аударған «Түркіше Гүлстаны», «Сухейл мен Гүлдірсін» поэмасы және лирикалық өлеңдерінің сұлулығы Сәйфті Алтын Орда дәуіріндегі түркі-қыпшақ әдебиетінің классигі ретінде тануға толық мүмкіндік береді.
Орта ғасырдың өзге түркі шайырлары сияқты С. Сарайи шығармаларының да басты тақырыбы – Алланың барлығы мен бірлігі, Жаратушыға деген асқақ та астарлы сезім, ғылым-білім мен өнер, ұрпақ тәрбиесі, жалпыадамзаттық гуманизм идеяларын жырлаумен ерекшеленеді. Шайыр поэзиясында Шығыс классиктерінің хикметтері, хадистер, танымдық-эстетикалық аңыз-хикаялар, мәңгі өлмес ғашықтардың тағдырына айрықша көңіл бөлінген. Шындығында, Сарайи қанатты сөздерді халық мақалдары мен мәтелдерін жиі әрі орынды қолдана білетін данагөй ақын. Кейбір айшықты сөз орамдарын шайырдың өзі шығаруы әбден мүмкін. Қыпшақ ақынының хәкімдік қасиеттері Абай мұрасымен мәндес, мұраттас келуі де көз қуантарлық құбылық. Мысалы, шайыр:
Жәдігерге қалса кімнен игі ат –
Өлмес ол ер, кімде болса бұ сипат.
Немесе:
Кәміл ер ғайып естімес, өнер көздер,
Ғайбатшы өнер көздеп, ғайыбын көрер265.
(Автордың аудармасы)
«Өзі өлсе де өлер ме ойлаңдаршы, // Өлмейтұғын соңына сөз қалдырған» деп жырлаған ақын Абайда осы тектес даналық иірімдері аз ұшыраспайды.
Белгілі деректерге сүйенсек, С. Сарайи түркі әдебиетінде тарихи поэма (дастан) жазған тұңғыш қаламгер. Шайырдың 1394 жылы қағазға түсірілген. «Сухейл уә Гүлдірсін» атты туындысы осыған дәлел. Кейбір халық аңыздарына қарағанда поэманың бас кейіпкерлері Сухейл – Тоқтамыс ханның ұлы да, Гүлдірсін – Ақсақ Темірдің қызы. Ресейдің Челябі қаласының маңында «Темірлан мұнарасы» атты белгілі ескерткіш және осы аттас бекет те бар. Осы төңіректе Ақсақ Темірдің қызының бейіті сақталғаны туралы да мәліметтер кездеседі. Сол дәуірдің осыған ұқсас Әмір Темір қызының трагедиясы жанындағы тарихи аңыздар «Қобыланды батыр» эпосында көрнекті із қалдырған. Дастан оқиғаларының тарихилығын автор өз туындысының алғашқы тармағында-ақ еске салады:
Емес әфсана, шын үшбу бітілміс,
Бұл шын, әфсанадай ғашықтық айтылмыш.
Айттым жылап дәуірімнің жапасын,
Бір ердің қиссасы – азапты опасын.
Темір Үргенішке тартып келді ләшкер.
Көріп көз көр болып, қалды құлақ кер...266
Баяндау динамикасы жылдам әрі екпінді, реальді оқиғаларды қысқа қайырыммен сипаттайтын кіріспе – экспозициялық бөлімде күзгі қара суықта тұтқиылдан басқан Темір әскерінің жойқын да рахымсыз әрекеті көрініс тапқан. Бүкіл даланы топан басып, қан судай ағады, егіншілердің үйлері отқа жағылып, бидай алқаптары ат тұяғының астында тапталып, ойран-ботқасы шығады... Ендігі бір кезекте – сұрапыл шайқаста Алтын Орда ханының өзі де ажал құшып, ханның ұлы әлде бас батыры тұтқынға алынады:
Қатты соғыста өліп Тоқтамыс хан,
Тірі айрылды туғаннан туысқан.
Сухейл алыпты тұтқынға алыпты,
Һәммесі бұл іске шарасыз боп қалыпты267.
Темір тұтқынында – зынданда жатып қыпшақ батыры түс көреді. Түсінде әлдебір пері сипатты сұлу қызбен бақ ішінде жолығысып қалады да, оның есімін сұрайды. Бірақ қыз жауап бермей, түз тағысындай селк етіп қаша жөнеледі. Жігіт шұқырға құлап түседі. Ішіне бір от түскендей хал кешіреді.
Сухейлді шаһ алдына әкелгенде оны Гүлдірсін сұлу көріп қалған екен. Осыдан кейін қыз серуенді доғарып, Сухейлді ойлап, мазасы кетеді. Сарайи поэмасындағы төмендегі өлең жолдары қыпшақ шайырының лирикалық шеберлігімен қатар, интеллектуальдік биіктігін һәм ғалымдығын айқын аңғартады:
Сухейлді көрді де, айналды бірдей,
Күн орбитасында айналған жердей.
Өзін гүл білді, бұлбұл Сухейлді,
Оны сүйді де байлады пейілді268.
Бір ғажабы, жердің күнді айналатынын Алтын Орда зиялылары Коперник пен Брунодан 100-200 жылдар бұрын білген. Темірлан қызының Сухейлді көріп, ғашықтықтан бас айналған сәтін Сарайи сәтті пайдаланып, осы бір қайталанбас образ-метафораларға кезек берген. Бұдан басқа жерде қыпшақ шайыры көбінше түркі және Шығыс әдебиеті мен фольклорында бұрыннан қалыптасқан тұрақты эпитет, метафора, теңеулерді, символ, тұспал, шендестірулерді және тұрақты ғашықтық мотивтерін орынды қолдана білгенін байқаймыз.
Бұрынғы Шығыс классиктерінің дастандары сияқты Сухейлдің түсі де ғашықтардың маңдайына жазылған тағдырына айналады. Шаһтың қызы Гүлдірсін күзетшіні дәрімен ұйықтатып, Сухейлді зынданнан құтқарып алады. Алайда, ажалдан араша таппайды. Шөл далада әбден әлсіреген, шөлдеп, қарны ашқан Гүлдірсінді бір жерге қалдырып, жігіт су іздеп кетеді. Қайтып оралған Сухейл сүйген қызының бақилық болғанын көреді. Одан арғы қос ғашықтың тағдырын Сарайи былай сипаттайды:
«Маған жақсы, - деді, - жармен бірге өлмек,
Не керек қайғы-дертпен дүниеде жүрмек».
Сол сөзді айтты – қанжар ұрды өзіне,
Көрінбей қалды кең жаһан көзіне269.
Дастан соңында: «Болар біттігім тарихқа жәдігер, // Бұ жазғанымда жалған жоқ, шын көр», - деген жыр жолдары арқылы қыпшақ ақыны шығарма сюжетінің шынайы оқиғаға құрылғанын тағы бір ойға салады. Расында, Сарайи туындысы жазылған уақытта (1394 ж.) Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан арасында өткен сұрапыл шайқастарға 5-6 жыл ғана мезгіл өткен-ді. Бұл кезде тарихи оқиғалардың ізі әлі де суй қоймағаны анық.
Десе де, мұнда Орта ғасырлық ғашықтық дастандарға тән тұрақты сарындар жетерлік. Ал Гүлдірсіннің Сухейлді зынданнан босатуы – түркі эпосында жиі ұшырасатын «батырды жау қызының құтқаруы» сарынымен ұштасып жатыр. Бір назар аударарлық жайт, Сарайи поэмасы тарихи табиғатын танытумен бірге, бағзы ғашықтар хикаяларын, классикалық дастандарға алтын арқау болған өлмес образдар мен аңызға айналған кейіпкерлер есімін құрметпен еске алуды ұмытпаған.
Мысалы:
Сухейлдің сұлулығы Жүсіптен де ары,
Сүрінтер алманы жүзінің алы.
Ғажап қылықты, сөздері шырын,
Ынтызар болар оны көрсе Шырын.
Немесе:
Көңіліме келіп Мәжнүн, Ләйлі аттары,
Дәптердің үстіне сөз селі аққаны270.
Түркі ғашықтық дастандарының типологиялық ұқсастық, ерекшеліктерін танытатын мұндай көрініс, көне сарындар шағын шығарманың өне бойынан табылады. Сондай ғашықтық мотивтердің бірі – Сухейл мен Гүлдірсіннің бір-бірі үшін құрбандыққа барып, молаға көмілуі дер едік.
«Ғашығымен бір молада өлу» сарыны Шығыстың мұсылмандық әдебиетінде көбінесе, Ләйлі мен Мәжнүн атымен байланысты шыққандығы мәлім. Оның бір айғағы Физули Бағдадидің қос мұңлыққа арнаған ғашықтық дастанында көрініс тапты. Шығарма соңында Ләйлі қабірінің басында зар еңіреп, жоқтау айтқан Мәжнүннің ұзақ та қайғылы сөздерінің ақыры былайша біткен:
Деме сен, «өліп қалдым, сен менен қаш»,
Айтқаның рас болса, қабіріңді аш!
Жаталық бір орында құшақтасып,
Болсақ та мен – киімшең, сен – жалаңаш.
Жіберді сол қабірді тәңірім жауып,
Ләйліні құшақтады Мәжнүн барып.
Қайтадан қалыбына түсті сандық,
Қосылды осылайша екі ғаріп.
Қабірдің Зәйіт-тағы басында еді,
Кете алмай жолдасының қасында еді.
Жалғаннан сөйтіп өтті Ләйлі, Мәжнүн,
Сол жылы дәл он алты жасында еді271.
Ғашығының қабіріне барып өлу сарыны Құтыбтың «Хұсрау-Шырын» дастанында кең көрініс тапқан. Иран шаһы Шырын сұлуға ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмайды. Қос ғашық көптеген ауыр сынақтардан өтеді. Дастан композициясы түркі эпосының байырғы стиліне бағындырылғаны байқалады. Мұнда «Оғыз қаған», «Алпамыс» жырларымен бірге «Шаһнама» дастанының да елеулі әсері бар. Құтыб шығармасындағы Шырын образы қазақ эпостарындағы Ақжүніс, Құртқа, Қарлыға, Гүлбаршын бейнелерін еске түсіретіндей.
Мысалы, Шырын баптаған қос сәйгүлік – «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурыл мен Торы атқа ұқсас. Шырын әркез Хұсрау шаһқа ақыл-кеңес беріп, қысылтаяң сәттерде жігерлендіріп, қолтығынан демеп отырады. Қыздың даналығы ханзаданың әкесі Хурмуз патша өліп, Баһрам Шөбине Хұсрауды биліктен аластатқан мезгілде айқын көрініс береді. Ғашықтықтан басы айналып, сезім құмарлығына берілген ханзада тек Шырынның қанатты сөздерінен кейін қайраттанып, Иран елінің билігін қайта қолына алады. Дастанда бұл эпизодқа қатысты мынадай жыр жолдары бар:
Алдымен патшалықты хасыл еткіл,
Бұл істі таста, тұр, тез кеткіл...
Қашан бақыт пен тәж қолыңа кіргей,
Барлық мұратыңды Тәңрі саған бергей.
Алдымен дәулет тіле, ал мен,
Қолыңа түссе, мен осындамын.
Есітпеймін бұл жолда еш сөзіңді,
Қашан дәулетпен көрсем жүзіңді.
... Керек емес маған мұнда қалсаң,
Әкеңнің тақ пен тәжін желге ұшырсаң.
Егер шаһтыққа қайтадан жетсең сен,
Дариға, мен қасыңда болмағаймын!
Жігітсің, шаһтық ету бар басыңда,
Қатулан, әлсіз болма, өз ісіңде.
Қылыш қолға ал, Хақ жәрдем бергей,
Көп ел көңлін соған қарай бұрғай272.
Ғашық жарының осы сөздерінен намысы оянып, қайратына мінген Хұсрау Рим патшасынан көмекке әскер алып, Баһрамды жеңеді, патшалық тағына қол жеткізеді. Алайда, Шырыннан алыстауға мәжбүр болады. Себебі, Хұсрау Рим патшасымен одақтасу барысында дәстүр бойынша Қайсардың қызы – Мәриамға үйленеді. Дастанда түркі эпосындағы моногама салты берік сақталады. Қазақ батырлары да ерекше жағдайларда болмаса, негізінен бір әйел алумен шектеліп отырады. Көп әйел алу дәстүрі Ислам діні толық үстемдік құрған кейінгі кезеңдерден бастау алғанға ұқсайды. Сірә, «аға өлсе іні мұра, іні өлсе, аға мұра» дейтін түркілік салттың да, «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деп мәтелдейтін дала қағидасының да көп әйел алу (полигамия) заңына тікелей қатысты болмаса керек. Сол түркілік дәстүр бойынша Хұсрау Мәриям қаза болғаннан кейін ғана Шырынға үйленуге мүмкіндік алады. Шырын мінезі «Қобыландыдағы» Қарлыға мен Құртқаның қасиеттерін жинақтаған. Оның «Шәбдізі» - Құртқа баққан Бурыл ат сияқты Хұсрау шаһтың сенімді серігі. Бұл – түркі фольклорынан ауысқан эпикалық тұлпар, «батырға лайық ат» сарыны. Армян ханшайымы Хұсрау шаһтың барша жақсылығы мен жамандығына, түрлі қателіктері мен опасыздығына төзім, асқан сабырлылық танытады. Ақырында өзінің ақылы мен адалдығының арқасында ғашығымен қосылып, мұратына жетеді. Шырынның бұл әрекеттері, ақыл-көркі мен батылдығы Қобыланды жолына бар ғұмырын арнаған Қарлыға сұлу бейнесін елестетеді.
Жалпы, Орта ғасырдағы қыпшақ поэзиясында қоғамдағы әйел затының рөліне айрықша мән берген және олардың адами тұлғасын барынша жоғары көтере, кемелдендіре суреттейді. Құтыб шығармасында әйелдер образы: Шырын, Шекер, Мәриям, Михин Бану сынды арулардың өмірлік ұстанымдары, мінез-құлық психологиясы, адамдармен қарым-қатынасы, сезім құбылыстары өзгелерге қарағанда анағұрлым терең және жан-жақты ашылған. Қыпшақ шайырының шығармасында бейнеленген төрт әйелдің мінезі де, өмірлік тағдыры да, адами ұстанымдары да түрліше болып келеді. Бұлардан басқа Шырынның кәнизектері, өзі асырап алған кәрі кемпір, мыстан секілді кейіпкерлер эпизодтық көрініс береді.
Шырынның ақылы мен айласы дастанның барлық тарауларында айқын аңғарылып отырады. Арудың аузынан бал тамызған Құтыб Шырынға небір ғажап метафоралар, астарлау, шендестіру, теңеулерге толы қанатты, ғибратты, тәлімді лебіздерді айтқызады. Мәні терең халық мақалдары да, Құтыбтың өзі шығаруы мүмкін хикметі мол даналық сөздері де көктен дүр шашылғандай тоқтаусыз төгіледі. Түркі-қыпшақ шайырларының шығармалары негізінде ілгеріде белгілі түркітанушы, профессор Ә.Құрышжанов «Аталар сөзі» атты бір том көлеміндегі даналық сөздер жинағын шығарғаны белгілі.
Шырындай сұлудың ақылдылығы, жарға деген адалдығы дастанның соңында – қос ғашық қаза болған соң да жырланады. Дастан сюжеті бойынша Хұсрау шаһты өзінің алғашқы әйелі Мәриямнан туған ұлы Шируя опасыздықпен өлтіреді. Бұл эпизодта Иран әдебиетінде, әсіресе, «Шаһнама» дастанында негізгі сарындардың бірі болып табылатын «Әке мен бала арасындағы күрес» немесе «Патша баласының әкесін өлтіруі» сияқты көне әрі көшпелі мотив орын алған. Фирдауси дастанындағы Рүстемнің Сухрабты өлтіруі яки Сияуыш пен әкесінің арасындағы қақтығыстар Шығыс әдебиетінде елеулі із қалдырғаны мәлім. Хұсрау шаһтың өзі де жас күнінде Сияуыш сияқты әкесінің қаһарына ұшырап өзге елге қашып кетеді. «Патша ұлының өгей шешесіне көз салуы» немесе керісінше әрекетке құрылған Шығыс сюжеттері де аз емес. Нақтырақ айтсақ, Шируяның әкесін өлтіріп, Хұсрау шаһтың тағына отыруы мен Шырынға сөз салуы – ежелгі үнді, иран, араб аңыздарына орайластырыла құрылған дәстүрлі сюжет дейміз.
Қыпшақ шайыры Шырын сұлудың ғашық жары Хұсрау шаһтың табытына келіп жоқтау айтқан сәттерін, оның өлімге белін буып, бақи сапарына жасаған дайындығын да көркем айшықтайды:
Патша табыты – күмбезге жетті,
Кіргізді, елге кешірім айтты.
Белін байлады құлдыққа Шырын,
Айтты: «Тұрсын бектер барша сыртта.
Шығарды елді, есік байлады берік,
Сол кезде алды қолға қанжарды тәрік.
Ашып жарасын шаһтың ол толған ай,
Сүйіп байлады солай өлуге шешім.
Шаһтың жарасы қандай болса,
Қойып жүрек тұсына қанжарды ол бек.
Кіріп табытқа шаһ үстіне түсті,
Құшақтап берік мойнына жабысты.
Шаһ денесін қанменен жуды,
Екінші қанға былғанды денесі273.
Шырын осылайша ғашығы үшін жанын құрбан етіп, Хұсрау шаһпен бірге жер қойнына беріледі. Құтыб дастанындағы қос ғашықтың тағдыры қазақтың атақты махаббат жырының бас кейіпкерлері – Қозы мен Баянның өліміне көбірек ұқсайды. Көне замандарда туған жырдың сюжеттік шешімі бойынша Баян сұлу да махаббатын жоқтап, Қозы Көрпеш моласына келіп, өз жүрегіне ажал қанжарын қадаған-ды274.
Шайыр Шырынды ерекше жақсы көреді, армян ханшайымына Құтыбтың өзі де ғашық. Ол Шырынның тамаша образын жасай отырып, осындай дана әйелдің игі істерін кейінгі ұрпаққа, қыпшақ қыздарына үлгі етеді:
Осындай уәжіп ол ғашық өлсе,
Жанын жанға беріп бірге болса.
Ақыры барша әйел ме білмес ерлік,
Әйел сол болар – одан келмес ерлік.
Көп әйелдің ерден артығы бар,
Жерін тапса жүз ердің ісін істер275.
Түркі қыздарының қоғамдағы қызметін, қыпшақ әйелдерінің ақылдылығы мен адалдығы басқа ғашықтық дастандарда да жоғары бағаланған. Мұны біз Хорезми, Сарайи туындыларынан да көре аламыз. «Сухейл мен Гүлдірсін» поэмасында мынадай жыр жолдары осы пікірімізді айғақтайды:
Қатын – досың, оны сүй де, көңіл бер,
Оның сөз кенішінен гауһарларын тер276.
Ананы, қызды құрметтеу, ақылды жардың мерейін көтеру, әйелдің көшпелілер әлеміндегі жауапты да қиын қызметін жырға қосу – қыпшақ әдебиетіндегі көне сарындардың бірі.
Жоғарыда қарастырылған «ғашықтардың бір молада өлу» сарыны ХVІ ғасырда өмір сүрген шайыр, тарихшы, ғалым әрі мемлекет қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Жаһаннаме» дастанында да ұшырасады. Негізінде М. Дулатидің аталған туындысы кейінгі жылдарға дейін ғылыми қауым назарынан тыс қалып келді. Түркі шайырының 1530 жылдары Моғолстанда қанат жайған көне шағатай тілінде жазылған бұл дастаны профессор Ә. Дербісәлінің тәржімесімен 2006 жылы жеке кітап ретінде жарық көрді. Сондай-ақ 2011 жылы «Әдеби жәдігерлер» 20 томдық топтамасының 13-томына еніп, көпшілік оқырманға жол тартты. Бұл орайда ақын шығармашылығын ұзақ жыл зерттеген Әбсаттар қажының еңбегі мол.
«Жаһаннаме» дастаны – ғашықтық сюжетке құрылған классикалық шығарма. М. Дулати өз замандастары сияқты Орта ғасырда қалыптасқан Ислам мәдениетіне сүйенген әдеби норманы қатаң ұстанған. Зерттеушінің: «Ежелгі мұсылман Шығысы әдебиетінде кейбір көркем дүниелер әдетте «хамд» - мақтау, «мунажат» - мінәжат, «наът» - теңеу (эпитет), «мадх» - мадақ және «сабаби назми китаб» - кітаптың жазылу себебі іспетті шартты бөлімдерден тұрады. «Жаһаннамеде» осы қағида бұзылмаған», - деген пайымдауы соған меңзейді. Әйткенмен, дастанда түркі поэзиясы мен фольклорына тән стильдік белгілер өте көп. Мысалы, Самин шаһарының билеушісі Шаһсауар патшаның жасы 200-ге жетсе де бір ұлға зар болып, қайғы шегеді. Патша дала кезіп, әулиелердің мазарын зиарат етіп, Құдайдан перзент беруді тілейді. Ақыры Алланың мейірі түсіп, ұлды болады. Ұлан – асыр той өткізіп, құлдарды азат етіп, есімін Фируз шаһ деп қояды. Жас ханзаданың дүниеге келуі, кәмелетке толғанға дейінгі өмірі қазақ эпосындағы Алпамыс, Қобыланды, батырлардың әрекетіне үйлесіп жатыр:
Кейде құс ұстамақ, кейде ауламақ,
Киік атпақ, түлкі қуаламақ.
Түн болса ойын-сауықпен әуре,
Достарының бәрі сұңғақ ұнамды277.
Батырлық эпостарда бас кейіпкердің келесі әрекеті «қалыңдығын іздеу немесе жар таңдау» сарынымен байланысты болатыны белгілі. Қобыландының Құртқаны, Алпамыстың Гүлбаршынды іздеп жорыққа аттануы секілді ғашықтық дастандардың кейіпкерлері де өзіне лайықты жар іздеп, алыс сапарға шығады. Бірақ соңғыларда таңдау құқы жоқ. Классикалық дастанның бас қаһармандары өз ғашығын суреттен, айнадан, не болмаса түсінде көреді. Көбінесе, екі жастың махаббаты Алланың бұйрығы, Құдайдың құдіретімен пешенесіне жазылған тағдыры іспетті. Естерінен тана, бірін-бірі құлай сүйетін ғашықтардың қосылуы не қосылмауы да тылсым күштер мен Көк тәңірінің еншісінде.
Әдеттегідей, «Жаһаннаме» дастанының бас кейіпкері де түсінде ғашық болады. Бірақ Фируз шаһтың ғашығы – перінің қызы Назбойды табуда сюжеттік арқау ретінде «Киелі киіктің ізіне еру» мотиві басты мәнге ие. Киіктің ізіне еру, киіктің адамға айналуы сынды мифтік, тотемдік көне сарындар «Мың бір түн» қиссаларында, парсы, түркі фольклорында жиі ұшырайтын ертегілік мотив. Осы сарынның белгілері қазақтың «Күн астындағы Күнікей қыз», «Алтын мүйізді киік» ертегілерінде сақталған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғұмыр кешкен қазақ ақыны Әріп Тәңірбергенұлы жырлаған «Бәһрам» дастанында «Жаһаннамедегі» секілді ғашықтардың тағдыры осы «Киіктің ізіне еру» мотиві арқылы шешімін табады.
М. Х. Дулати дастанының сюжеті бойынша Фируз шаһ көңілін көтеру үшін көп әскермен киік аулауға шығады. Қоршауға түскен киіктердің бірі шаһзаданың жанынан тоқтамай өте шығады. Жігіт сол киіктің ізінен қуып, жапан түздегі жан баспаған өңірге – перілер патшалығына келеді. Қысқасы, Фируз шаһ перілер патшасы Тәж Бақыттың қызы - өзі түсінде көрген Назбой сұлумен танысады. Жігіт пері қызының бірнеше шартын орындаған соң онымен қауышып, той жасап, бастарын қосады. Бақытты өмір сүрген олардың Фаррух Сауар атты ұлдары болады. Дастан сюжеттерінің шарықтау шегінде Назбой сұлудың кенеттен жүрегі жарылып, қаза табуына куә боламыз. Ғашық жарының қайғы-қасіретін жұтып, қосағын іздеп, сағына зар илеген Фируз шаһ тағы да әдепкідей аң аулауға шығып, баяғы киіктің ізіне ереді. Киелі киік оны перілер зиратына – зайыбы Назбой сұлудың моласына алып келеді. Оның бұл жерге келгенін ешкім де сезбейді. Алайда жан-жағы тегістеп бекітілген мазарға Фируз шаһ кіре алмайды. Сол арада Құдайға мінәжат етіп, сүйгенімен бірге болуды зар еңіреп тілейді:
... Қамқорлық ет, ей, мейірімді құдіретті!
Бір пердеде жармен бірге.
Басайын дағы, көрмей жаһан мехнатын,
Айрылудың жаман мұң қасіретін.
Осылай жалынышпен налалы болып,
Көзі көңілі өксік пен күйікте болып.
Өтініп басын жерге қойған соң,
Жалыныш отымен бірге күйген соң,
Игі жауап есігін ашып Тәңірісі,
Сырып отыр еді пердені пердеші.
Шығып пердеден бір қол шаһты,
Алып барды өзіне шын досты.
Ешкім білмеді, [ол] қайда кетті,
Тастап бос үй жай, мекенін кетті278.
Сөйтіп, Ләйлі мен Мәжнүнге ұқсап Фируз шаһ пен Назбой сұлу да екі дүниеде бір болуды қалап, ғашықтық мұратына жетіп тынады.
Орта ғасырлық түркі-қыпшақ дастандарының оқиғалары негізінен ғашықтық тақырыбына құрылған. Олардың сюжеттік мотивтері ежелгі Шығыста кең тараған мифтік, аңыздық және діни сарындардан бастау алатынын байқаймыз. Олардың мазмұнынан кейде ертегілік, не болмаса тарихи сюжеттердің сұлбасы да көрініс беретіні бар. Хұсрау, Баһрам Шөбине, Сухейл сияқты тарихи кейіпкерлердің кездесуі осындай ойға жетелейді. Орта ғасырлық туындыларда Алтынорда, Мәуренаһр, Хорезм елдерінде өткен тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Десек те ғашықтық дастандардың стиль, образ жасау тұрғысынан ілгергі «Қисса Жүсіп», «Ләйлі мен Мәжнүн» секілді классикалық шығармалардан көп тәлім алғандығы айқын сезіледі. «Суретін көріп ғашық болу», «түсте көру», «ғашығымен бір молада өлу», «туа ғашық болу», «пері қызына үйлену», «ғашықтық дертіне шалдығу», «махаббат азабын шегу», «сүйгенін сарыла күту», «ғашықтық хат жазу», «сүйгенін іздеп алыс сапарға аттану» т.б. мотивтер орта ғасыр дастандарының барлығында дерлік кездесе беретін тұрақты сарындар десек, қателеспейміз. Бұл қатардағы ғашықтық мотивтердің арасында «ғашығын айнадан көру», «өз-өзіне сұқтану», «Алланың, пайғамбарлардың немесе жәбірейіл періштенің аян беруі» сынды байырғы мифтік және діни сарындар ерекше сипатқа ие. Сондай-ақ, ғашықтардың досы яки оларды жақтаушы сенімді серіктері туралы сюжеттер де түрлі көне сарындармен араласа келіп, махаббат дастандарының оқиғасын қызықтыра түседі. «Мың бір түн», «Тотынама» сияқты Шығыс ертегілерінен енген мотивтер де түркі-қыпшақ дастандарында жиі ұшырайтын дәстүрлі сарындарға жатады. Қысқасы, Орта ғасырда туған түркі әдеби шығармаларындағы ғашықтық сюжеттері халықтың төл ауыз әдебиетімен қатар, бұрынғы кітаби сарындардан, көрші елдердің жазба классикалық мұралары мен кейінгі ислами мотивтерден рухани нәр алып, толығып, айшықтала түскенін аңғарамыз. Демек, алдағы уақытта түркі-қыпшақ әдебиетіндегі тарихи-типология мәселелерін өзге де аспектілері бойынша қарастыру жөн деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |