1. Ритмико-синтаксистік параллелизм бағыты. Түрколог ғалымдардың халық поэзиясындың, әсіресе эпикалық жырлардың осы бағыттағы құрылымын үздіксіз және белсенді зерттеуініңнәтижесінде оларда архаикалық және канондық өлең формалары қолданылғандығы дәлелденді. Бұған келесі жағдайларда көз жеткізуге болады: а) эпикалық шығармалардағы қысқа және ұзақ өлеңдерде (7-8-буынды), (10-13-буынды)305, б) тирада деп аталатын өлең жолдарының құрылымының спецификалық ерекшелігі негізінде306; в) өлеңнің ритмикалық құрылымындағы аллитерациялық ырғақ қайталамаларында (аллитерациялар, грамматикалық эпифора архаикалық тип және рифмасы канондық формада)307; г) екі бөлікті құрылыммен қатар изоссилабикалық принциптің үнемі бұзылып отыруы, (4//3; 5//3, кей кезде өлеңдерде изохрондық формулалар кездседі), бұл силлабикалық өлеңдердің ерте сатысында орын алған болатын308. Халық өлеңдерінің құрылымындағы ассимметриялық элементтерді мұқият зерттеу архаикалық өлең құрылымдарының ритмикалық табиғатын айқындауға мүмкіндік берді және соның көмегімен көне түркі поэзиясында «ритмико-синтаксистік параллелизм»принципі орын алғаны анықталды. Түркологияға аталмыш терминді енгізген ғалым – академик В. М. Жирмунский. Оның тұжырымдары көптеген түркі өлеңтанушыларының еңбектерінде дәлелденді. Бірақ олар өлеңдердің жазылу мерзімін, формаларын және олардың ішкі даму ерекшеліктерін ескере бермеді. Екінші жағынан, зерттеу нысаны болып отырған шығармалардан силлабикалық ритмизациялау үрдісі анық байқалады. Ең әуелі өлеңнің екі бөлікті формулалары қолданылған, ол халықтық өлеңдердің тарихи дамуы барысында толассыз дендеп еніп отырды. Эпостық жырлардың құрылымындағы екі жеке дара өлең формалары – қысқа (жыр) және ұзақ (махаббат, тұрмыстық дастандар) өлең формалары зерттеушілердің көне түркі өлеңдерін просодиялық тұрғыдан сипаттауына мүмкіндік берді, олардағы екпін соңғы рифмаға түсті және өлең қатарының нақтылы қайырымдары, шектері болатындығы анықталды»309. Ритмико-синтаксистік параллелизм принципін теориялық тұрғыдан тұңғыш рет негіздеген ғалым – Р. Лаут, ол библия мәтіндерін зерттеуден бастады. А. Н. Веселовский өз зерттеулерінде ритмико-синтаксистік параллелизм теориясын жалпыадамзаттық психологияның маңызды элементі ретінде жан-жақты дамытты310. Сонымен қатар, архаикалық тип ретінде параллелизмді бірізді зерттеген ғалым – В. М. Жирмунский, ол әр түрлі халықтардың поэтикалық тілінен жинақталған мол мәліметтер негізінде бірқатар ғылыми пайымдаулар жасады. Өлеңнің архаикалық типін айқындау барысында ғалым параллелизм теориясының мәніне баса назар аударды, соның нәтижесінде көне түркі әдебиетіндегі қара өлең формаларына байланысты мәселелерді нақтылы шешуге қол жеткізді. Оның тұжырымдарына сүйенсек, Орхон-Енисей жазба мәтіндері өлең үлгісі болып табылмайды, олар прозаикалық мәтін түрінде болған, себебі оларда мәтінді ритмикалық жағынан ұйымдастыруда маңызды орын алатын ритмико-синтаксистік параллелизм принципі сақталмаған. Руна жазбалары тек «ресми прозалық баяндау стилі» арқылы өңделген (В. М. Жирмунский пікірі – А.Т.)311. Келесі бір ритмико-синтаксистік параллелизм принципін жақтаушы ғалым Н. Е. Петров руна жазбаларының мәтіндерінің ритмикалық құрылымын анықтауда бірқатар қате көзқарастар енгізді. Ол "Орхон –Енисей мәтіндері көне батырлар жыры эпосы дәстүрімен ритмико-синтаксистік параллелизм және аллитерация негізінде жазылған» деп есептейді (өзім атап өттім – А.Т.)312. Зерттеуші «рифмоидтар» мен «строфоидтар» сипаты поэтикалық форма тұрғысынан алғанда толығымен Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі өлеңдерге сәйкес келеді деген тұжырым айтады. (өзім атап өттім – А.Т.)313. Бұл тұжырымдар көне түркі тілдеріндегі «қара өлең» мәтіндерінің мәселесін одан әрі күрделендіре түседі, сонымен қатар түркі халықтарының ұлттық әдебиетінде өріс алуына ықпал етеді.