Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет6/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26
Бөрте – Шыңғысхан жұбайы
Өскен де өнген, өркен жайған өрелі ұрпақ, еңселі тайпа, босаға таңбалы Нағанай батырдан тараған ақ боз үйлі ауылдың бірінде, дәл айтсақ, ел билеуші, әрі шешен, әрі би, талайлы елдің басшысы Менлеке атты қария үйінде 1170 жылдың күзінде, мизам ұшып, жиде гүлдеп, жемісін төгер шақта мынадай әңгіме болды. Бидің жақсы көретін немересі, балаң жігіт Сеңгеле атасына келіп былай деді:
- Ата деймін, анау әлгі біздің жылқыны бағатын жігіт бар ғой, сол еліне қайтамын деп жатыр...
- Ие, сол да гәп болып па, қайтса қайтсын. Жылқыға құрықша табылар. Ал жылқыны ерен бағып, ерекше көрінсе, менің атымнан, тіпті, сен де осал емессің, өз атыңнан алғыс айт. Жақсы көріп ұнатқан болсаң, ерінбей шығарып сал, бұл артық емес. Өсер елдің баласы ең алдымен өріс іздемейді, дос-жаран іздейді. Дос тапсаң, өріс өзі келеді...
- Сіздің айтқаныңызға бармын, ал оның өзі не дейді, оны өзіңіз сөз тартып білерсіз, мен де жандарыңызда отырармын. Оны ертіп келе қояйын! – деп Сенгеле сыртқа шығып кетті.
Балалар көп күттірмеді. Алдымен жылқышы бала кіріп келіп:
- Биеке, сау-саламатсыз ба? Күйлі қуатты боларсыз! – деді өте бір салмақты, жайбарақат үнмен. Дауысы еркін де берік.
- Есімің кім бала? – деді Мелеке, баланың мұны көптен білетіндерше сәлеміне аң-таң қалып.
- Мұны сіз, екі жыл бұрын, сұрауға тиіс едіңіз ғой. Оқасы жоқ. Әлде кеш емес, өткенге өкіну ер ісі емес. Менің атым Теміршын. Шешем Оөлен, осы сіздің елдің адамы. Әлі тірі. Сол шақырып жатыр. Еліме, шешеме барамын. Кетуге мұрсат сұрай келдім.
- Ата-ананы тыңдап өскен адам көпке барады. Әкеңнің аты кім?
- Әкем болған. Ол кісі жоқ. Аты – Есукей.
- Кім дедің?
- Есукей...
Менлеке баланың бетіне қайта-қайта тесіле қарап, көпке дейін үнсіз отырып қалды. Есіне көп жай түсті. Бірақ бірден шешілмеді.
- Әкең кім болған адам?
- Қалай десем болады. «Жоғалған пышақтың сабы – алтын, жүзі – болат» демекші, батыр ма, аңшы ма, мерген бе әйтеуір, тегін болмапты. Мынау, әлгі сіздің көршілер, татарлар у беріп өлтірген.
- Е, сен бала, бізге жиен боласың. Сен Есукейдің ең үлкен баласысың ба?
- Тұңғышымын.
- Сен, әрине, әлі үйленген жоқсың. Қалыңдығың бар ма?
- Бар болса, осы ауылда...
Менлеке есіне тағы да талай-талай хикаялар түсті. Немересі Сеңгелеге жалт қарап:
- Сен кәзір бар да, әлгі ағаш арба жасайтын ұста бар ғой, соны, ие Дүйшені шақырып кел! – деді.
Сенгеле жүгіріп кетті. Дүйше де көп ұзамай келді. Менлеке:
- Сен, Дүйше, мынау отырған жас азаматты танисың ба?
- Жоқ. Танымаймын. Бірақ сіздің қосында бір жылқышы бала бар деп естуші едім. Бұл сол бала болар.
- Болар емес, соның өзі. Енді есіңе бәрін де түсір. Атағы шыққан мерген Есукейді білесіңбе? Білесің.
- Ия, білемін.
- Білсең, бұл соның баласы, Теміршын.
- Есукей тірі ме? Өлді деп естігенмін.
- Әңгіме өлген жайында емес. Тірілер жайлы. Көп сөз – көбік, аз сөз – анық. Қысқасын айтсам, міне, мынау қызық: бұл отырған сенің күйеу балаң. Қалыңдығын бер. Той-домалақ жасайсың ба, жоқ па, оны өзің білесің? Еліне екеуін шығарып сал...
- Ау, биеке-ау! – деп Дүйше кідіріп қалды. Сонда Сенгеле:
- Әкесі барда мұнымен қызды атастырып, қол алысып, беттеріңе ұн жағыпсыңдар. Әкесі өлгесін айнымақсыз ба?
- Бөртеден сұрап көрейік, ол да бір пенде ғой – деді Дүйше.
- Ал онда, өзің айта алмасаң, оның өзі айтады. Ол да айта алмаса, үшінші болып мен айтамын. Есіңде болсын, үшінші өкім – шешуші өкім.
- Бөртенің өзін де тыңдайық дегенім ғой...
- Тыңдайық. Шақыр, сен Сенгеле!
Сенгеле мен Бөрте келгенше, жәй бір пендешілік әңгіме емес, Есукейдің батырлық, аңшылық мергендік қасиеттерін айтқан биді тыңдап отырды.
Айтылып жатқан сөз аяқталмай қалды. Есіктен ұзын бойлы, ат жақты, әдемі емес, сүйкімді ақ сарылау қыз бала кірді де:
- Ата, сіз шақырып жатыр дегесін, жөнді киім де кие алмай, асығып-үсігіп келдім. Қуаттымысыз ата, мен Бөрте деген балаңыз болам, - деді.
- О, айналайын! Өмір-жасың ұзақ болсын! Асыққан асылық болмайды, артық айтқан асылық. Шынын айтса, жөн сұрайын деп едім.
- Мен сізге жөн айта алмаймын. Ал, сауалыңызға уәж айтуға әзірмін, ата!
- Жөн дегенім уәж ғой. Соны айтсаң да жетеді. Дайынсың ба, балам, жауапқа.
- Тыңдап тұрмын ата!
- Мынау отырған, сенің өзіңе ұқсаған ақ сары әдемі жігіт, бұдан екі жыл бұрын сенімен атастырған бала. Есукей баласы, Теміршын. Әкесін көргенсің. Ол жарық дүниеде жоқ. Баласы келіп отыр. Ие, айтпақшы, осылар қайтер екен дегендей, қайын жұртына сынай қарап, осында екі жыл жүрген. Бұдан жөн-жосық, жол болсын сұраған ешкім болмаған. Мұны біз бүгін, бұл еліне қайтамын дегенде әрең біліп отырмын. Енді, қайтеміз? Мынай әкеңе айтсам күмілжиді. Кесімді сен айтасың ба, әлде мен айтайын ба?
- Сіз айтасыз да, ата!
- Мен айтатын сөз қысқа. Айтысқан сөз, алысқан қол, қағысқан кеуде – ант десең антпен, серт десең сертпен тең. Ертең осымен қол ұстасып, осының еліне, алыста болса да, онда апаң, Оөлен деген кісінің қолына келін боп түсесің, түсінікті ме? Ал енді, сен өз ойыңды айт. Өз құлағыммен естиін.
- Жазмыштан асар ештеңе жоқ, ата. Ал енді батаңызды беріңіз! – деді қыз алақанын аспанға қарай айқара жайып.
- Бірлік деген тірлік. Тірлік деген еңбек, талпыныс! Ойлаған ой, аңсаған арман, тілек-талап, тіршілік сен екеуіңе талмастай мықты, қанат берсін!
- Қанат берсін - деді Бөрте.
Дүйше үйінде шағындау, кішігірім той берді. Қыз алып кетуші жалғыз басты, салт атты, сабау қамшылы жас жігіт болғандықтан оған жастар жағы, қатар-құрбылар ғана қатысты. Той ұзақ болмады. Күйеу баланың елге жетуге асығыс екенін сезген жастар екеуін атқа мінгізіп, Ертіске дейін шығарып салды. Сонымен салт аттылар өзеннен өтіп, тауға, одан соң етек-жеңі далиған кең далаға бет түзеп жүріп кетті. Ат белін талдырып Теміршын туған жеріне оралды.
Оөлен ер мінезді де қайратты әйел еді. Баласы жалғыз келмей екеу болып оралғанына қуанғаны сонша, Есукей тіріліп келгендей болды. «Өлгенім тірілді, өшкенім қайтты. О, тәңірім бар екенсің! Көзімнің жасын, көңілімнің налысын көріпсің, біліпсің, есіңе апсың. Бәсе-ау, бәсе, түс көріп едім. Түбімде мына жыртық үйдің тесік түндігінен күн сәулесі түсіп, қойныма келіп еді-ау». Немере сүйем. Бауырым балаға толады. О, тәңірім тілегімді бердің бе! Көз жасым қорғасындай ауыр, алтындай таза еді-ау! Оны көрген екен тәңірім!
- Апа, апажан, әлгі түсіңіз аспандағы айдай алтын боп, төбедегі күндей күміс боп, осы қара шаңырақтан салдырап етегіңізге төгілсін – деді Бөрте.
Әрине, қара шаңырақ бірден жаңармады да жамалмады. Бірақ кедей үйдің түтіні бұрынғыдай емес, түзу шыға бастады. Ең алдымен Теміршын әкеден қалған ерге отырып, атқа мінді. Ат желігі оған жаңа ой салды. Жейдесін шешіп, оны тор жасап, тұнық судан балық аулауды қойып, қару асынды. Балық сорпасының орнына, арқар мен киік етін жеп, күн кешуден де басқа айла-амалына ауысты. Әке көзін көрген ескі достардың көбі-ақ қайта оралып, бұрынғы желі, көнетоз ақырға атбасын қайта тіреді.
Бөрте босанып, Жошы атты тұңғыш баласы дүниеге келгенде ол Тоғырыл үйіне келіп, өзінің көптен бері ойланып жүрген ішкі дүниесін хан алдына жайып салады.
- Сыныңыздан өттім бе, өттім, хан ием! Енді маған шағын болмаса да, әрине, сізге бағынатын, ел етіп, мынау монғолдың басын қосып, халық қылайын. Батаңызды беріңіз! – деп, оның сөзін күтпей-ақ алдында түргеп тұрған күйі аспанға қарап алақанын жайды. Отты көзімен тесіле қарап қалды:
Тоғырыл сақалын сипап қалғанын алғашқыда өзі де сезбей қалды. Бата берілді. Теміршын риза боп кетті...
Теміршын шын аты қалып, Шыңғысхан аталған ол ең алдымен бір шайқаста Керей ханы Тоғырылды өлтіріп тынды. Мұны естіген күні Бөрте оған:
- Жақсылыққа жақсылық демеуші ме еді. Әкеңмен дос-жаран болған, кезінде өзіңе қысылғанда қол ұшын берген қарт адамды өлтіргенің бе? – деген тікелей сауалға ол алғашында жауап бере алмай отырып қалды да артынша:
- Жақсылық жалғыз емес. Ол алдымен екеу, егіз туған. Оның бірі артында қалған жақсылық, бірі алдына түскен. Артқысының көзін жойып, алда тұрған жақсылық – соңғысына қол созамын. Тоғырыл артта қалғаны ғой, - деді жымия күліп.
- Арттағысын арбап, алдағысын қармап күн кешуге болар еді-ау! Алды – артыңа бірдей қарасаң ше?
- Қанша алдап-арбағанмен артыңда қалған қара алаңдата береді. Қауіп алдан гөрі артта болса жаман.
Жарының қаталдығына көзі жете бастаған Бөрте көпке дейін үндемей қалды да, артынша:
- Өткен іс өкінгенмен орнына келмейді. Енді оны жуып-шаюдың бір жолы бар. Саған көрсеткен жақсылығына, әкеңмен достығына бола өлген жеріне зәулім де биік ескерткіш орнат!
- Міне, мұны ұғамын. Ақылды сөз. Бұл дұрыс, Бөрте!
Міне, осы Шыңғысхан өзі өлтірген Тоғырыл басына, Қатын өзенінің бойына тастан қалатып, үлкен ескерткіш орнатты. Жауыздық пен алғыс белгісі тәрізді сол ескерткіш Қатын өзенінің басталған, жерінде әлі тұр. Бұл не? Жауыздық белгісі ме, әлде әділдік тұғыры ма? Кім білсін!




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет