Тұмар біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІ ғасырда сақ-массагеттердің әйел патшасы болып салтанат құрады. Сақ тайпалары Тұмар патшалық құрып тұрған кезде Ассириямен, Мидиямен жақсы қарым-қатынаста болған.
Тарихқа назар аударсақ, патшалықтың гүлденген тұсы патшайым билік жүргізген уақыт екеніне көз жеткіземіз. Сол кезеңде сақтардың қару-жарағы мен жүйрік аттарына тең келер құнды нәрселер болмағанын бүгінгі жеткен деректер әйгілейді.
Патшайым туралы бізге жеткен деректер аз. Соның бірі соғыс даласында өткен ІІ Кир есімімен байланысты әңгіме саналады. Достастық елдерде сонымен қатар Парсы патшасы атақты ІІ Кирдің өзі достық, соғыс одағын жасасқан. Алайда, асып-тасқан Кир бұл одақты місе тұтпай, Орта Азия мен Қазақстан жерін жайлаған сақ-массагеттер елін кіріптар етіп, жаулап алуға ұмтылады.
Тұмар ханым билік басына отыз жеті жасында, ерінің орнына келеді. Десе де өмірінің соңғы жылдары елдің жеріне көз алартушылықтардан көп жапа шегіп, шапқыншылық көбейіп, жеті жыл тақта отырады да қырық төрт жасында көз жұмады. Патшайымның жалғыз он алтыдан асқан ұлы бар еді. Ол бүкіл әскердің үштен бірін алып келе жатып, Кирдің адамдарына кездесіп оны жеңеді. Алғашқы жорығының жеңіспен аяқталғанына қуанған жігіт, сол жерде той тойлап, шарап ішіп, әскерімен алаңсыз ұйқыға кетеді. Мұны білген Кир қайтып келіп, ұйқыдағы әскерді тас-талқан етеді. Тұмардың баласы қолға түсті.
Тұмар патша Кирге жаушы жіберіп, баласын босатып, еліне тыныштықпен қайтаруды талап етеді. Тұмар Кирге былай деп сәлем айтады: «Сен менің тұтқындағы ұлымды қайтар да аман-сауыңда еліңе кет. Бұл айтқанымды тыңдамасаң, қанға тоймас басыңды қанға тұншықтырамын!».
Кир баланы босатпайды. Кирдің жібермейтініне көзі жеткен жас жігіт өзін-өзі өлтіреді. Баласының қазасы Тұмар патшаны есеңгіретіп кетті. Көзі жасқа толып, бауыры езіліп, іштей еңіреді. Сонда да бауырын жазып атқа мінді. Ата-бабаның жерін таптатпауға, қанға-қан алуға бел байлады.
Қанды шайқас басталды. Қиян-кескі соғыста парсы әскері тас-талқан болып жеңіліп, ІІ Кирдің өзі майдан даласында қаза тапқан. Осы ұрыс жайында грек тарихшысы Геродот: «Массагеттердің әйел патшасы Томирис шайқаста парсыларды жеңгеннен кейін Кир патшасының басын кесіп алып, қан толтырған тұлыпқа салады. Сосын, «өмір бойы аңсағаның қан еді, құмарың қанғанша іш» деп тұлыпты дарияға лақтырды, деп жазады. Себебі, бұл соғыста Томирис баласынан айырылған еді...
Тойымсыз Кирді жеңген сақтың қызы Тұмар патша осылай тарихта қалыпты. Бұл оқиғаны сол заманда өмір сүрген тарихшысы Геродот «Тарих» атты кітабында жазып кеткен. Онда Томирис деп аталады.