Қазақстан республикасы ғылым және жоғАРҒы білім министрлігі еуразия гуманитарлық институты



бет2/15
Дата23.12.2022
өлшемі64,28 Kb.
#59288
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Курстық жұмыстың мақсаты. Орта мектепте роман жанрын оқытудың әдістемесін жасай отырып, тиімді әдіс-тәсілдерін қарастыру.
Курстық жұмыстың міндеті.

  • орта мектептерде роман жанрын оқытудың өзіндік ерекшеліктерін көрсету;

  • роман жанрын оқытудың заманауи, жаңа әдіс-тәсілдерін ұсыну;

  • орта мектепте роман жанрын оқытудың өзіндік ерекшеліктерін түсіндіру;

  • роман жанрын оқытудың заманауи, жаңа әдіс-тәсілдерін ұсыну;

  • Б.Мұқайдыің «Өмірзая» романынын кейіпкерлер жүйесін талдау.

Курстық жұмыстың зерттеу нысаны. Б.Мұқайдың «Өмірзая» романын оқыту.
Курстық жұмыстың практикалық маңызы. Курстық жұмыста қарастырылған әдіс-тәсілдерді болашақ әдебиет пәні оқытушылары танысып, қолдана алады.
1. Б.Мұқайдың «Өмірзая» романын тақырыптық-идеялық мазмұны
Қазақ прозасының роман жанры да күннен күнге дамып, кемелденіп келе жатқаны белгілі. Күрделі жанр саласындағы көркем туындыларында өзіне тән машық-мәнерімен, баяндау стилімен дараланып, идеялық шеберлігімен ерекшеленіп тұратын жазушының бірі – Баққожа Мұқай. Қаламгер сомдаған кейіпкерлер бүгінгі таңдағы замандас бейнесін айшықтандыра отырып, оқырман көңілінен берік орын алады. Прозаның қай түріне қалам тартпасын шығармада заман шындығын көркемдік шындыққа айналдыру үшін жазушы терең ізденіс пен ауқымды мәселелерді ой қазық етеді.
Кез-келген қаламгерде көркем шығарма жазудағы басты мақсат мол материал қамти отырып, замана шындығын көркем шындықка айналдыру жолында қызмет ету екені белгілі. Сол уақыт тынысын көркем шындыққа айналдыруда бір тақырыптың өзі алуан түрлі сипатқа ие болуы заңды. Бұл, әрине, әр қаламгердің сол шындықты өз көзқарасы, өз ой танымы тұрғысынан эстетикалық дәрежеде жеткізе білуіне байланысты. Баққожа Мұқайдың прозалық, я болмаса драмалық туындыларында болсын, замана шындығы барлық поэтикалық көріністерді қамти отырып, табиғи деңгейде жеткізіледі. Еліміздегі ызғарлы желтоқсандағы ұлы мұрат жолында қыршыннан қиылған боздақтар туралы ой қозғайтын Б.Мұқайдың «Өмірзая» шығармасы «роман» терминінің жанрлық шегарасынан асып, сол кезеңнің сан бейнелі шындығын беруде үстеме жанр ретінде «трагедияны» құрылымдық элемент ретінде сәтті пайдаланған туынды.
Бұл шығарманы жазудағы авторлық нысана – Кеңес үкіметінің сыңаржақ саясатының қазақ халқының ұлттық болмысы мен қоғамдық құрылысына тигізген ауыр зардаптарының соңғы түйінді тұсын жеткізу. Қазақ халқына құлдық қамытын кигізген солақай саясаттың ұлттық ұрпактың рухани сана-сезіміне қандай әсері болғаны жан-жақты көрсетіледі. Міне, осындай саясаттың қазақ топырағына, менталитетіндегі жүргізу әсерінің «жемісін» суреттеу Б. Мұқай шығармаларының тақырыптық аясына тән. Оқырманға сол кезең шындығын ашып, көркемдеп жеткізетін бұл романда қазақ халқының ержүрек, намысшыл мінезі мен аңғалдығы, отаршылдық пиғылдың сан түрлі құйтырқы саясатының болмысы, яғни кереғар екі топтың арасындағы күрестің сипаты жеткізіледі. Алғашқы топ – халықтың болашағы үшін жанын аямай күрескен шындықты алға тартып «аттандаған» Алдияр Ақпанұлы бастаған топ болса, келесі топ «заманың тазы болса, түлкі боп шал» идеясының төңірегінде жиналған, қара бастарының қамы үшін ештеңеден тайынбайтын Мұса Байларовтың айналасына жиналғандар. Романда екі топтың арасындағы қарама-қайшылықты табиғи түрде шешуге тырысқан жазушы өмір шындығын нанымды суреттеген. Шығарма әкелген жаңалығының бір қыры – әдебиетке қызғылықты характер қосуы. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың өрмекшінің ұясындай торланып алған тобырлық әрекеттері Мұса Байларов пен Жақия Тайлақұлы секілді «мықтылардың» келбеті арқылы бейнеленсе, ғалым Алдияр Ақпанұлы бейнесі арқылы көп шындықты жеткізуге, тереңдетіп ұсынуға талпынып, типтік үлгідегі характер сомдайды. Бұл бейнеден адам баласына тән жақсы қасиеттің бәрі адалдық пен білімділік, төзімділік секілді қасиеттерді анық көруге болады. Шығармадағы бас қаһарман Аяған бейнесі типтік қуаты зор образ ретінде ұсынылады. Романның басынан аяғына дейін өмірдің ауыр зардаптарынан көз ашпайтын, заманның ащы дәмін ғана татқан, бірақ өз дегенінен айнымаған кейіпкер адамгершіліктің биік болмысы ретінде бағаланады. Ал, жамандық ұғымының жинақталған типтік бейнесін Мұса Байларовтың бойына жинақталғанына шығарманың өн бойынан оқырман көз жеткізеді.
Роман негізінде қазақ басындағы қасірет – шынайы оқиға жатыр. Сол бейбітшілік күндегі қазақ болашағын тереңнен ойлап шырылдаған кейіпкерлер басындағы оқиғалар тізбегі автор тарапынан көркем баяндалады. «Белгілі бір дәуірлік шындықтан көркем шығарма туғызу үшін, бәрінен бұрын материал керек. Ал, материал табудың суреткерлік тәсілі – сол дәуірдегі адам тағдырын қазу қопару, «тірі документтерді зерттеу»» - деп академик 3. Қабдолов көрсеткендей, уақыт тынысын орнықты да дәл суреттеудегі жазушы шеберлігін ерекше атап өту қажет. Қаламгер өзі өмір сүріп отырған дәуірдің келелі мәселелерін тілге тиек ете отырып, заман сырын, замандас келбетін шынайы кескіндей білген. Роман-трагедия сынды синтезді жанрдағы күрделі шығарманың сюжет желісін бір арнаға салуда түрлі көркемдік тәсілдерді пайдаланады. Романның жанрлық шегарасын кеңейтеді. Сондықтан да автор сомдаған кейіпкерлер бейнесі, сюжеттік желілер, жалпы шығарма құрылымы өзіндік ерекшеліктерге ие.
«Баққожа Мұқайдың шығармашылық саладағы отыз жылдық еңбегінің ең қомақтысы өзі туып өскен өлкенің Хан тәңірі сияқты асқақ биігі — биыл Казақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отырған «Өмірзая» романы», — деп жазушы Сұлтанәлі Балғабаев бағалағандай романның қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше. «Бұл еңбегімді казақ елінің тәуелсіздігі жолында құрбан болған ерлердің әруағына арнадым» - деп жазушы романға келу жолындағы өз ұлтының алдындағы жауапкершілікті тереңінен түсінеді.
Б. Мұқайдың аталмыш шығармасы қазақ халқының бодандық бұғауындағы басынан кешірген оқиғаларының ірілі-ұсағын астарлы оймен түйіндеген. Жазушының өмір туралы философиялық концепциясы көркемдік тұрғыда қаламгерлік суреткерлікпен көрініс тапқан. Осы арада, бұл екі ұғымның бірлігі жайлы сыншы С.Әшімбаевтың пікірін келтіре кеткен орынды: «Суреткерлік сөзбен сурет салу ғана емес немесе болған, болуы мүмкін қызықты, мазмұнды оқиғаны көркемдік тілмен баяндау, сүлесоқ күйде суреттеп шығу да емес. Суреткерлік өмірдегі жай көзге танымайтынды таныту, жұрт байкамағанды байқату, елемегенді електен өткізіп көрсету, білмегенді биіктете елестету, танымағанына таңқалтып, дүйім қауымды таныту, шын мен жалғанның, ез бен ердің, адал мен арамның, кесепат пен парасаттың ішкі-сыртқы белгілерін таңбалап беру, басқаны қасіреттің қайғысына ортақтастыру, рақаттының бағына қуанту, жақсылыққа тебіренту, зұлымдыққа лағнет айтқызу. Ал, ойшылдық болса, жазушының осы қасиетіне имандай иландырып, айтқанына ажар беретін, көрсеткеніне көрік бітіретін, шығармасына қан жіберіп, жан беріп тұрған күретамыр іспетті.
Суреткерлік — жазушының зеректегі десек, ойшылдық — зерделігі, кемелдігі, бейнелеп айтқанда кемеңгерлігі. …Суреткерлік көргендік – терең ойшылдық пен пайымды парасаттылықтың ұштасқан жерінен жазушы творчествосындағы өміршең философия, басқаша айтқанда,интеллектуалдық концепциясы жарқырап көрінеді. Осындай жағдайда ғана шынайы жазушы әдебиет атты адамтану ғылымында, басқаның бақытын қолдап, адамдық асқақ сезімді қорғайтын, сөз өнерінде жаңалык ашып, мұратты жауһар ойымен көркем сөзбен гауһар мұрана тұрғыза алады».
«Өмірзая» романы XX ғасырдың cоңғы кезеңіндегі қазақ тарихының ащы шындығын суреттейтін салмақты туынды. Әрбір туындының бойында оқырманын шығармадағы шырғалаң иірімдеріне бірге тартар күш – шындық. Жазушының осы шындықтың адам тағдырына әсерін тереңдете көрсету, ауыр халді көркемдей түсу жолында өзгеше бір қаламгерлік қуатпен еңбек еткені шығарманың өн бойынан байқалады. Жазушы шығармаларында белгілі бір тақырыптардың көркемдік шешім табуы, характер сомдауындағы қыруар ізденісі ең алдымен өмір шьндығын көркем шындыққа жеткізуіндегі шеберлігі деуге болады. Ендеше, жиырмасыншы ғасырдың соңындағы қазақ тарихының басындағы шындықты жоғары деңгейде көркем шындыққа көркемдеп, әлеуметтік талдау арқылы ұлттық ерекшелікті сомдап суреттеген «Өмірзая» — автор шығармашылығьның ерекше шыңдалған асуы. Өз кезеңіндегі көркем шындықтың эстетикалық сипатын сомдаған жазушының поэтикалық ізденістері аталмыш шығарманың жемісі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет