§ 19. Й әрпі ы, і әріптерінен басқа (сый, тый деген сөздерді қоспағанда) дауысты дыбыс әріптерінен кейін ғана қолданылады: (ай, ей, мерей, ойпаң, үй, әйнек, ұйқас.Орыс тілінен енген сөздерде және өзге жұрттың жер-су, ел-халық аттарында й әрпі сөз басында да жазылады: йод, йот, йог, йемендіктер, Йошкар-Ола, Нью-Йорк. Й әрпі қазақ сөздерінде толық и әрпінен кейін жазылмайды: ине (ийне емес), би (бий емес), киім (кийім емес). Орыс тілінен енген сөздерде ий әріптер тіркесі жазыла береді: калий, кальций, санаторий, планетарий, сценарий, Максим Горький, Сергеев-Ценский
.
3. ТҮБІР СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ
§ 20. Көп буынды тубір сөздер, көбінесе, бірыңғай жуан не жіңішке болып келеді: бала, жылқы, табан, тұрмыс, өмір, терезе, тебен, қыдыр, кідір(у). Мұндайда сөз бірыңғай жуан не бірыңғай жіңішке дауысты дыбыс әріптерімен жазылады.
Көп буынды түбір сөздер аралас (жуан және жіңішке) буынды болып та келеді, мұндайда бір сөз ішінде жуан-жіңішке дыбыс әріптері жазыла береді: қызмет, мұғалім, кітап, қадір, тарих. Аралас буынды сөздер, негізінен, араб-парсы тілдерінен енгендер.
§ 21. Орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген және көбінесе термин болып келетін сөздердің басым көпшілігі орыс орфографиясы бойынша жазылады: алюминий, антоним, аудитория, бухгалтер, повесть, гарнизон, гастроль, генерал, геофизика, коммутатор, конгресс, контейнер, плацдарм, плацкарт, термометр, террор, фракция, фрегат, хром, хронограф, цемент, цифр тт.
§ 22. Орыс тілінен енген сөздердің ішінде дыбысталуы өзгеріп қалыптасқан бірқатар сөздер сол өзгерген күйінде жазылады. Олардың дені қазақ тіліне ертеректе ауызша сөйлеу тілі арқылы енген сөздер. Бұл сөздер, негізінен, тұрмыстық зат, бұйым атаулары мен әкімшілік, сот, сауда, шаруашылық салаларына қатысты атаулар болып келеді: әшмүңке (восьмушка), барқыт, бәтеңке, бәтес, божы (вожжи), бөкебай (пуховый), бөрене (бревно), бөшке, жәшік, кәзекей (казакин), көшір (кучер), калаш (калач), шөген (чугун); ауылнай, болыс, поштабай, сот, кәтелешке (каталашка), түрме, пәтерь (квартира), шіркеу (церковь), тауар, зауыт, кір (гиря), келі (килә, кило емес, бірақ киловатт, киловольт, килограмм). Тұлғасы өзгертіліп жазылатын орыс сөздерін емле сөздіктерінен қарап білуге болады.
Орыс тілінен келген кірме сөздердің бірқатары соңғы дауысты а дыбысын түсіріп қалыптасқандықтан, сол ықшамдалған түрінде жазылады: газет (газета емес), минут (минута емес), пар (пара емес), секунд (секунда емес), гранат (граната емес), координат (координата емес), цифр (цифра емес). Ал негізінен, а-ға аяқталатын кірме создер, әсіресе терминдер соңғы дауысты дыбысын сақтап қолданылады және солай жазылады: кассета (кассет емес), кантата (кантат емес), тирада (тирад емес), капсула (капсул емес), оптика (оптик емес) т.б. Бұлардың барлығының жазылуын сөздіктен қарап алу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |