1. Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесіндегі лауазымға орналастыру үшін конкурс және тағылымдама өткізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесіндегі (бұдан әрі - прокуратура) лауазымға орналастыру үшін конкурс (бұдан әрі - конкурс) және тағылымдама өткізу тәртібін айқындайды.
2. Конкурстық негізде прокуратураға қызметке кіру осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесіне (бұдан әрі - Тізбе) сәйкес лауазымға тағайындау жолымен.
3. Конкурс туралы хабарландыру жарияланғаннан кейін өтініш берген Қазақстан Республикасының азаматтары конкурсқа қатысушылар болып табылады.
4. Азаматтар конкурсқа қатысу бойынша шығынтарды (емтихан, тағылымдама, әңгімелесу өтетiн жерге келу және қайту, тұрғын үй-жайды жалдау, тұру, байланыс қызметiнiң барлық түрлерiн пайдалану және басқа шығынтарды) өздерiнiң қаражаттары есебiнен жүргiзедi.
2-тарау. Конкурс өткізу тәртібі
5. Конкурс бірқатар ретті сатыларды:
1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялауды;
2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтардан өтінішті қабылдауды;
3) конкурсқа қатысушының (бұдан әрі - қатысушы) өтінішін қарау және оның жеке, моральдық, іскерлік сапасы бойынша лауазымдық міндеттерді орындау қабілеттіліктерін, сондай-ақ прокуратураға қызметке түскен кезде қойылатын талаптарға (шарттарға) сәйкестікке зерделеуді;
4) компьютерлік емтихандар (бұдан әрі - емтихан) тапсыруды;
5) медициналық және психофизиологиялық куәландыру, оның ішінде полиграфологиялық зерттеуді және міндетті арнаулы тексерістен өтуді;
6) тағылымдамадан өтуді;
7) әңгімелесуді;
8) прокуратура қызметіне кандидаттардың деректер банкіне (бұдан әрі -деректер банкі) енгізуді қамтиды.
6. Осы Қағидалардың 5-тармағының 2), 4), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген сатылардан өту қатысушының таңдауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде және жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) бар Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаты міндетті түрде болған кезде жүзеге асырылады.
7. Конкурстың кез келген сатысында одан әрі қатысуына дәлелді бас тарту осы бас тартуға негіз анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қатысушыға жазбаша нысанда электрондық мекенжайы немесе жеке кабинеті арқылы хабарланады.
Бұл ретте осы Қағидалардың 5-тармағының 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген конкурс сатыларына одан әрі қатысуына бас тарту алған қатысушы жазбаша бас тарту жіберілген күннен бастап алты айдан соң кейінгі конкурстарға қатысуға жіберіледі.
8. Қатысушы нәтижелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның электрондық мекенжайына немесе жеке кабинетіне ақпаратты (хабарламаны) жіберу арқылы конкурс сатысынан өту нәтижелері, келесі кезеңнің өту уақыты мен орны туралы хабардар етіледі.
9. Қатысушының электрондық мекенжайынан немесе жеке кабинетінен жеткізілгенін растайтын есеп алынған сәттен бастап хабарлама конкурсқа қатысушыға жеткізілді деп есептеледі.