Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР



бет15/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   70
9-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР
106-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу

Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу болып табылады.

107-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері

1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:


1) бірінші санаттағы рұқсаттар – қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;


2) екінші санаттағы рұқсаттар – лицензиялар болып табылмайтын, қауіптіліктің орташа деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;


3) хабарламалар қауіптіліктің төмен деңгейіне байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызметтің немесе осындай әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.


2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері осы Кодекстің 83-бабына сәйкес жүргізілетін реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.


Ескерту. 107-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

108-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібі



1. Кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсаты болуға немесе "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.


Лицензиясы бар кәсіпкерлік субъектісі лицензиат деп танылады.


Екінші санаттағы жарамды рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектісі екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылады.


2. Кәсіпкерлік субъектілерінің "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.


"Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектілері рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны кәсіпкерлік субъектісі жіберуге тиіс.


3. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.


4. Рұқсаттардың және хабарламалардың түпкілікті тізбесі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.


5. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, жаңарту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

109-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі

1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.


2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.


3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісінде рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.


4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.


Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.


Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.


5. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.


6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар және хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және кәсіпкерлік субъектісінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай немесе хабарлама жібермей жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.


Ескерту. 109-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

110-бап. Өтініш берушілер. Өтініш берушілердің құқықтары



1. Лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген мынадай кәсіпкерлік субъектілері өтініш берушілер бола алады:


дара кәсіпкер;


заңды тұлға;


заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;


лицензиат;


екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.


2. Өтініш берушілердің:


1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

2) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 6-тармағынан қараңыз.




2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;


3) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.


3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қандастар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.

111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері

1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.


2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.


3. Рұқсат беру органдары:


1) осы Кодекске және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;


2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;


3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

4) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 7-тармағынан қараңыз.




4) мемлекеттік органдарға және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;


5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;


6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;


7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.

112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру

1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.


Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.


2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.


3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.


Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.

9-1-тарау. Ақпараттық құралдар

Ескерту. 3-бөлім 9-1-тараумен толықтырылды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет