89-сұрақ. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайы. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайы - Алматы қаласында 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында дүние жүзі қазақтары өкілдерінің қатысуымен өткен құрылтай. Құрылтай қарсаңында қазақ ұлтының саны 10 млн. 537 мыңға жеткен. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайына ТМД елдерінен 350 адам және көптеген шет елдерден делегаттар қатынасты. Құрылтайға қатысушылар Түркістан, Жезқазған, Ұлытау сияқты еліміздің ежелгі саяси-әлеум., мәдени орталықтарында болып, ата жұртымен қауышты. Құрылтай жұмысын 200-ден астам журналистер, 50-ден аса телерадиокомпаниялар насихаттауға ат салысты. Дүние Жүзі Қазақтарының Құрылтайына қатысушылар Қазақстан халқына және дүние жүзінің басқа да халықтарына, мемлекеттеріне, олардың үкіметтеріне Үндеу қабылдады. Құрылтай күндері “Қазақтар: кеше, бүгін және ертең” деген тақырыпта ғылыми конференция болып өтті. Конференцияда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев “Құшағымыз бауырларға айқара ашық” деген тақырыпта баяндама жасады. Қазақ халқының тағдыры, ата-баба мұрасы, тілі, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарды біртұтас ұлттық мемлекетіне біріктірудің құқықтық негіздері, т.б. мәселелер жөнінде баяндамалар тыңдалды. Конференцияда Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның төрағасы болып Н.Назарбаев сайланды. Бұл орталыққа ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономика, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі мәселелерді шешу міндеттері жүктелді. Құрылтай шет елде жүрген қазақтарға олардың артында арқа сүйер іргелі елі барын танытты.
90-сұрақ. Қазақстан халықтарының форумы (1992 ж.). АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің әрбір жылы, оның ішінде енді егемен ел ретінде етек-жеңді жиып, тізгінді қолға алған кез оңай кезең емес. Соның ішінде 1992 жыл - Қазақстанның тұңғыш рет тәуелсіздік ақиқатын сезіне отырып, жаңа жылдың табалдырығынан жаңа егемен ел ретінде аттаған жыл болды. Дәл осы тәуелсіздіктің алғашқы 1992 жылының ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені, күні кеше өз егемендігін жариялап үлгерген Қазақ елі өзінің дербестігін танытып, тұтастығын да сақтап қалуы үшін барын салуға тура келді. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі осы бір жылдың ауқымында Қазақстан бағындырған биік, түрлі саяси шешімдер, халықаралық аренадағы өзіндік беделін анықтау, айқындау барысы, өзге елдермен қарым-қатынас шеңберін межелеу кезеңі үсті-үстіне қабаттасып жатты.
1992 жыл бұл - Тәуелсіз елдің Президенті ретіндегі Елбасының алғашқы шетелге сапарлары, мемлекеттің қаржысын жасақтау қадамдары, өз алтынымыз бен алмасымызды өндіруге кірісу, Еуропаның кез-келген елімен тереземіздің тең екенін білдіретін ЕҚЫҰ-ға, содан соң әлемдік БҰҰ-ға, ЮНЕСКО-ға мүше болу, Тәуелсіз елдің ұланы мен Қорғаныс министрлігінің құрылуы, өзге елдердің Қазақстандағы елшіліктерінің ашыла бастауы. Осы жылы көк аспанда желбіреген Көк туымызды көтердік, Елтаңбаны таңбалап, Әнұранды әуелеттік. Ұлттың басына түскен тағдыр талайымен табанын тоздырып, тарыдай шашыраған қазақтың басын тәуелсіз елдің төрінде қосып, баба дәстүрімен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын Алматыда өткіздік. Тәуелсіз ел екенімізді сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеу үшін де, түрлі қиындықтарға қарсы тұруға тура келген жыл да осы - 1992 жыл! Ең ақыры Қазақтың ортақ баспанасы - Қазақстанның іргетасы сапалы қалануына да дәп осы жылдың бергені мол болғаны айқын көрінеді.
Осы тұста Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан жолы атты кітабындағы алғысөзінен дәйек келтіргенді жөн санадық. Әрбір отбасы өзінікі деген меншікті мекен-жай салып алуды арман етеді. Бәрі де кәдімгі қарапайым тілектен басталады. Ең әуелі отағасы болашақ үйінің нобайын ой жүзінде жобалап, көз алдына елестетеді. Әрбір бөлшегін ой елегінен өткізеді. Үйдің салынатын орыны анықталғаннан кейін, оның жобасы қағаз бетіне түсіріледі. Үй іргетасынан басталып, қабырғалары мен шатырына қарай бірте-бірте салына бастайды. Көптеген жанұялар үйіміз сәнді де сапалы болсын деп, оны жылдар бойы салады. Отағасы үйді өзінің балалары мен немерелеріне, шөберелеріне қалсын деп тұрғызады. Адамға өзінің қолымен салынған үйден қымбат ешнәрсе жоқ. Бірақ үй дегеннің мән-мағынасы - оның жай ғана қабырғалары, терезелері және ішкі бөлмелері сияқты ұғымдардан әлдеқайда ауқымды. Үй деген сенің баспанаң, құтханаң, тіршілік мекенің....Жұрттың көбі, әсіресе аға ұрпақ жақсы үй салудың оңай емес екендігін біледі. Ал біздің ортақ үйіміз - ҚАЗАҚСТАН сияқты жас мемлекетті құрып орнықтыру бұдан әлдеқайда қиын болды.