22. Бүгінгі әдеби процестегі прозаның бағыт-бағдары, әдеби ағым-тәсілдері атап-көрсетіңіз. Шығармаларды атап көрсетіңіз. Бүгінгі Қазақстан үлкен қоғамдық сілкіністен өтіп келе жатыр. Басқа елдер, басқа жұрттар баяғыда жүріп өткен жолға енді түскен қазақ жұртьг егемендік алғаннан бергі он екі жылдың ішінде басынан қаншама замана кешті. Әрине, қоғамдағы болып жатқан құбылыстар әдебиетке көлеңкесін түсірмей қоймайды. Кеңес заманындағы құндылықтар, қалыптасқан идеалдар алмасқан осындай шытырман кезеңде болашақ қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, бет-бедерін айқындайтын жаңа: бір үрдістің нобайы шалынды. Осы орайда өткен жеті-сегіз жыл бедерінде түрлі басылым беттерінде жарық көрген бірқатар прозалық шығармаларды зерделей отырып әңгіме қозғағанды жөн көрдік. Талғат Кеңесбай өзінің «Лениннің бәтеңкесі» (ҚӘ. 28.07.2000) атты әңғімесінде бүгінгі тіршіліктің күрделі бейнесін бедерлеуге ұмтылған. Әңгіме тұтастай алғанда — үлкен эксперимент. Әлбетте, қай жазушы болса да өзінің әрбір кезекті шығармасында жаңа ой айтуға тырысады. Ал жаңа ой дегенініз — жаңа форма. Демек, эксперимент. Талғат өзінің ұзақ ойланып сомдап шығарған әңгімесін бастан аяқ жаңа формаға бағындырғысы келген сияқты. Әңгімеден, жазушының бұрынғы прозасының нышанын да таба алмайсыз. Шығарманы оқып отырғанда ХХ-шы ғасырдың басындағы, Грета Гарбо қатысқан дыбыссыз фильмді көріп отырғандай әсер аласыз. Әңгіменің, бірден кейіпкердің түс көруінен басталуы, төл сөздердің, тіпті диалогтардағы сөйлемдердің тырнақша арқылы тұйықталып жеке-жеке тұруы, міне, осының барлығы модернистік фильмнің сценарийін елестетеді.
Мәдина Омарованың шығармаларын қазақ әдебиетіндегі готикалық прозаның басы десем қателеспес едім. Сол себепті оның әр кезде жазылған, әр тақырыпты қамтыған шығармаларының ішінен осы готикалық сарындағы екі әңгімесін таңдап алып отырмын.
Жас қаламгердің бір әңгімесі «Жұмбақ» деп аталады. Оқиғаның ұзынырғасы: түнгі сағат он екінің шамасында өз үйінде телевизор көріп отырған әлдебір адамға сырттан достары телефон шалып, өздерінің жол апатына ұшырағандарын айтады. Достарын құтқармақ болған кейіпкер жедел жәрдемді шақыртып, апат болған жерге өзі де таксимен жетеді. Жеткенде көргені, достары таңертең, яғни жарты күн бұрын қайтыс болып кеткен екен. Кейіпкерге телефон шалған тірі адам емес, досының аруағы екеніне көзіңіз жеткеннен кейін әңгімені басынан түсіп қайтадан оқисыз. Оқисыз да түршігесіз.
М.Омарованың екінші әңгімесі «Жол үстінде» деп аталады. Әңгімені бірінші жақтан баяндап отырған кейіпкер түнде, әлдебір адаммен жол жүріп серіктес болады. Ол жолаушы кейіпкермен бір ауылдан, ит асырап аты шыққан Алмабек деген кісінің баласы болып шығады. Ауылдағы үйіне жетіп апасымен әңгімелескен қыз, озінің он жыл бұрын өлген адаммен жолсерік болғанына көзі жетеді. Мәдинаның осы әңгімелерін оқығанда Жак Казот, Шарль Нодье, Петрус Борель сияқты готикалық жанрда жазған жазушылардың шығармалары елестейді.
Дидар Амантай бүгінде аты ауызға ілініп, әсіресе аға буын қаламгерлер үшін «проблема» тудырып жүрген жазушы. Дидар Амантайдың «Мен сізді сағынып жүрмін» повесі постмодернистік үлгіде жазылған шығарма. Повесть (он-ақ беттік) түрлі шығармалардан алынған фрагменттерден құрастырылғандай әсер қалдырады. Себеп-салдарлық жүйемен өрістеген, оқырманды автор межелеген идеяға, байламға алып келетін біртұтас сюжет жоқ. Персонаждар арасындағы диалог белгілі бір мақсат қуалаған, ой алмасуын көздеген құрылым емес, адамның аузынан байқаусызда шығып кеткен, жауап қайтаруды керек етпейтін кездейсоқ сөз сияқты.
«Қоңыр қаз» — Айгүл Кемелбаеваның ең үздік шығармасы. Туғаннан қамкөңіл кішкентай қыз сурет салғанды ұнатады. Және тек қаздың суретін салады. Ақыр соңында қыздың арқасынан қанат өсіп шығып аспанға үшып кетеді. Әңгіме, «адам бұрын періште болған», «адам әзәзілдің айтқанына еріп жерге түскен періште» («все люди раньше были ангелами», «человек — это падший ангел») деген, Інжілден бұрын болған әфсаналардың бірінен алынған ізгі идеяға құрылған. Шығарма, тұтастай алғанда, бүгінгі адам әлі адамның толық тұлғасы емес екенін, адам, түптеп келгенде періште нәсілінен екенін қайыра айтатын «еске салу әңгіме» (рассказ-напоминание») болып табылады. Әңгімедегі қанатты қыз Адамзаттың көне мекені, шыққан тегі — Періштелер еліне қайтып кетеді.