5. Д. Ысқақұлы «Әдеби сын тарихы»еңбегіне талдау жасаңыз Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» атты еңбегі қазақ әдеби сынының тарихын ғылыми негізде жүйеге келтіріп, бір ізге түсірген көлемді зерттеу болып отыр. Бұл турасында семинарға жиылып, аталған еңбекке өз пікірлерін білдірген қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері бірауыздан айтты. «Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» атты кітабы бүгінгі әдеби өміріміздің айнасы іспеттес. Ғалымның осы құнды еңбегі арқылы қазақ сынының бар екендігін, оның басынан аумалы-төкпелі қиын кезеңдерді өткізіп жатқанын, соған қарамай, қатары жаңа эсселермен толысқанын оқып білуге болады. Бұл еңбек көшін С.Қирабаев, Т.Кәкішев бастаған сынның «кешегісі қалай еді, бүгінгі кезеңінен қалай өтіп келеміз?» деген сауалдарға толықтай жауап береді» деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин. Ал белгілі әдебиет сыншысы, жазушы Бақыт Сарбалаев болса, аталған кітап бүгінгі әдеби сынның негізгі мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге қомақты үлес қосады деп атап өтті. Қазақ әдеби сынының тарихы тым тереңде жатыр. Әдеби сын – қоғамдық рухани өмірдегі бейберекет құбылыс емес, оның ғасырлар бойғы дамудың барысында қалыптасқан өзіндік құрылымы, жүйесі, заңдылықтары бар. Сондықтан да сынды зерттегенде, оның осындай сан қырлы ерекшеліктерін ескеріп отырған жөн. Д.Ысқақұлының жаңа туындысы әдеби сын тарихын ғылыми таным таразысына тартып, арнайы қарастырған іргелi зерттеу болып табылады. Кітап әдеби сын тарихын ерте кездерден бүгінге дейін тұтастай зерттеген ғылыми еңбек қана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарында жүргізілетін кітап аттас пәннің қажеттілігін өтеу мақсатын да көздейді. «Қазіргі уақытқа дейін зерттеушілер әдеби сынды көркем әдебиеттің бір саласына, әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігіне, журналистиканың әдебиет мәселелерін қамтып жазатын тармағына, билік басындағылардың сойылын соғатын идеологиялық құралға, өнерді зерттейтін эстетикаға жатқызатын пікірлер айтуда. Шынында да, әдеби сынның табиғаты аса күрделі. Сондықтан да оның осындай сан қырлы сипатын ескермей, білмей, оны мынаған жатады деп, біреуіне қоса салу жөн емес. Өйткені әдеби сын – тар көлемге сыймайтын, қоғамдық өмірдің күллі рухани әлеміне қатысы бар сан қырлы, сан сыпатты сала» дейді еңбектің авторы Дандай Ысқақұлы. . Мұнда қазақ әдеби сынының тарихы, әсіресе жиырмасыншы ғасырдың алғашкы ширегі саяси-идеялық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттелінген. Бір қарағанда, тұсауы кесілген жаңа еңбек осы зерттеудің жалғасы іспеттес, дегенмен, Д.Ысқақұлы өзінің жаңа еңбегінде қазақ әдеби сынының жүріп өткен сара жолдарын, тарихын, бүгінгі күн биігінен саралай түсуге баса назар аударған десе болады. Аталған еңбекті оқығанда бұған көзіңіз жете түседі.