19. Әдеби процесс және шығармашылық талдау:тақырып, идея, авторлық ұстанымға сараптама жүргізіңіз. «Тақырып» ұғымына әдебиеттану еңбектерінде түрлі анықтамалар беріліп келді. Б.В.Томашевскийдің тұжырымдауынша, көркем шығарманың іргетасы болатын тақырып – автордың өмірді, болмысты бейнелеуі мен бағалауының нысаны. Тақырып – «шығармадағы жеке элементтердің мағыналық бірлігі. Оның көркемдік құрылымның компоненттерін біріктіретін және оқырмандардың назарын аударатын маңызды ерекшелігі бар». З.Қабдолов: «Тақырып – жазушының шындық болмыстан таңдап, талғап алып, өзінің көркем шығармасына негіз, арқау еткен өмір құбылыстарының тобы» - деп анықтама береді. Ал идея «жазушының өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы».
Көркем шығармадағы тақырыптық жүйе – аса күрделі және көп деңгейлі ұғым. Теориялық деңгейде тақырыптың үш түрлі бастауы бар:
1) онтологиялық және антропологиялық жалпы ұғымдар;
2) мәдени-тарихи құбылыстар;
3) жеке адам өміріндегі жағдайлар.
Көркемөнердегі тақырыпқа осы тұрғыда М.М.Гиршман еңбектерінде анықтама беріледі. Оның пікірінше, «көркемдік тұтастық ретінде шығармалардағы күмәнсіз және лайықты тақырыптар: адамзат, халық және жеке адам тұлғасы».
Әдеби шығармалардағы тақырыпты талдау барысында оны шартты түрде екіге жіктеуге болады: мәңгілік және тарихи тақырыптар.
Көркем шындық – өмір шындығының жазушының ой-елегінен, шығармашылық елегінен өтіп, қорытылып, әдеби шығармада баяндалатын көркем суретке айналуы. Жазушының қиыннан қиыстыру, метафоралық толғанысы - көркем ойлаудан туындайды. Ал осының негізінде көркемдік идея жасалады. Идея – шығармада суреттелетін өмір құбылысы туралы автордың айтқысы келген ойы, бағасы. Тақырып пен идея тығыз байланысты. Ой өзегі – тақырып пен идеяны жалғастырушы буын. Идеясыз шығарма болуы мүмкін емес. Тақырыпсыз идея да болмайды. Жазушы өмір шындығын образдар жүйесі арқылы жинақтап, идеялық-тақырыптық арна арқылы шығармасының көркемдік концепциясын айқындайды. Идея шығарманың көркемдік құрылымына тұтастай сіңіп, жинақталады. Туындыны түгел оқып, табиғатын түсінгенде ғана идеяны тани аламыз.