4-сурет. Омыртқалылардың миы.
Сүтқоректілердің жүйке жүйесі жақсы дамыған (5-сурет). Оларда шартсыз рефлекстер
жетілген. Шартты рефлекстер де тез және берік қалыптасады. Сондықтан олардың мінез-
қылығы орта жағдайына қарай өзгеріп тұрады. «Көңіл күйі» деген сөзді бұлардың кейбір
түріне қолдануға болады. Мысалы, мысықтың ашуланған немесе көңілденген кездерін
көрген боларсыңдар.
СҰРАҚТАР
1. Жүйке торының бір тарамы қозуды қабылдайтын жасушаларға, екіншілер жиырылғыш
жасушаларға баратын ішек қуыстылар:
2. Жоғары деңгейде орталықтанған жүйке жүйесі бар:
3. Ағзаның тітіркендіргішке жүйке жүйесі арқылы қайтарған жауабын:
4. Балықтардың бәрінде болатын ерекше мүше:
5. Жүйке жүйесі жақсы дамыған:
6. Балықтарға су ағынының бағытын, күшін, сүңгу тереңдігін сезінуге мүмкіндік беретін қай
мүше?
7. Даму деңгейі бойынша қай ағзалардан бастап жүйке жүйесі күрделеніп, ми және жұлын
болып бөліне бастайды?
8. Төмендегілердің қайсысында құрсақ жүйке тізбегі болады?
9. Рефлекстердің қандай түрлері бар?
10. Қосмекенділердің біркелкі ғана қимылдауы қай ми бөлімінің нашар жетілгендігінен?
V ТАРАУ. ТОПТЫҚ МІНЕЗ-ҚЫЛЫҚ
Топтасып тіршілік ету – жануарлар әлемінде кеңінен таралған құбылыс. Бір түрге
жататын жануарлардың ішінде жеке-дара тіршілік ететіндері де, бүкіл тіршілігін топтасып
«тұқымтоп» (семья) болып өткізетіндері де бар. Сондықтан осы соңғыларын «қоғамдық»
120
жануарларға жатқызады. Табиғи жағдайларда бунақденелілердің «үйлерін», балара,
аралардың кәрездерін, құмырсқалардың илеуін жиі кездестіруге болады (1,2-суреттер).
1- сурет. Баларалардың кәрездері.
2- сурет. Жұмысшы құмырсқалар және
олардың жауынан қорғануы.
Ал құстар мен сүтқоректілер де үйір, шоғыр, тұқымтоп және т. б. топтасып тіршілік ету
көпшілік жағдайда табиғаттағы маусымдық өзгерістерге, әр жануар тіршілігіндегі көбею,
ұрпағына қамқорлық жасау, бір жерден екінші жерге орын ауыстыру, яғни жылыстау
(миграция) және тағы басқа осы сияқты әрекеттерге байланысты уақытша болуы да
мүмкін. Мысалы, көбею кезіндегі балықтардың топтасып өрістеуі; жыл құстарының жылы
жаққа сап түзеп ұшуы (үйрек, тырна, қаз және т. б.), ұсақ құстардың үйме-жүйме бірлесіп
ұшуы ( қараторғай, бозторғай, ұзақ және т. б.). Тұрақты үйір, табын немесе жатақ құрып
тіршілік ететін жануарлар құстар мен сүтқоректілер ішінде аз емес. Мысалы, даламыздың
сәні құландар тұрақты үйір құрып тіршілік етеді.
Қоғамдасып-бірлесіп тіршілік ететін жануарларға топтық мінез-қылық тән. Мысалы,
құлан үйірлерінде айғыр бүкіл үйірді басқарады, ал бие бүкіл үйірдің орын алмастырып,
қозғалуын бағыттап отырады.
Құмырсқа, ара, түкті ара сияқты бунақденелілерді шағатын жарғаққанаттылар деп атайды.
Себебі, бұлардың аналық безі мен жұмыртқа жолы түтікшесі өзінің негізгі қызметінен
басқа қорғану және жауына шабуыл жасайтын құрал ретінде қосымша қызмет атқарады.
Жұмысшы құмырсқалардың құрсағының жартысынан артығын құмырсқа қышқылын
түзетін едәуір үлкен улы без алып жатады. Бұл улы бездің сыртындағы бұлшықеттер
жақсы дамыған. Бұлшықет жиырылған кезде бездегі қышқыл түтік арқылы екпінмен
сыртқа атылған сұйықтық 0,5 м қашықтыққа дейін жетеді.
Құмырсқа илеуінде көпшілік жағдайда қызметі жағынан құмырсқалардың үш
маманданған тобы: 1) жыныстық топ (аталық және аналық құмырсқалар): бұлар көбею,
121
қоныс аудару қызметін атқарады; 2) ұя салу, жыныстық құмырсқаларды және
жұмыртқалар мен ұрықтарды күту, қорек жинап әкелу сияқты жұмыстарды орындайтын
жұмысшы құмырсқалар; 3) тіршілігін ұяда өткізетін, жұмысшы құмырсқалар жинаған
дәндерді жұмсартып, езіндіге айналдыратын және ұяны жаулардан қорғайтын жауынгер
құмырсқалар болады.
Аралар, түкті аралар ұрпақтарын кәрез ұяларына ауыстырып таси алмайды. Бірақ
жұмысшы аралар бұлшықеттерінің көмегімен қанаттарын тез-тез қимылдатып, ұяны
жылытады немесе желдету арқылы температураны қалпына келтіреді де ұяны
салқындатады. Құмырсқалар мен баларалар ұядағы ылғалды да реттеп, қажетті қалыпта
ұстайды. Олар жемсауымен су әкеліп, ұяға бүркеді. Ылғал көп болса, желдетіп құрғатады.
Қоғамдық бунақденелілер қоректің қорын көп дайындайды.
Өте ыстық және құрғақ жерлерде тіршілік ететін илеу құмырсқаларының ішінде «бал-
бөшкелер» деп аталатын қорек қорын арнайы сақтайтындары бар. Жұмысшы
құмырсқалар олардың жемсауындағы балды құстырып, өз жемсауына жинап алады.
Сөйтіп арнайы бөлмелерде орналасқан аналық құмырсқаларды («патша-ханымдарды»),
дернәсілдер мен жас құмырсқаларды қоректендіреді.
Жемсауында қоректік қорды жеткілікті мөлшерде сақтау кейбір құмырсқалар үшін онша
оңай емес. Сондықтан құмырсқалардың көптеген түрлері илеу бөлмелеріне өсімдік
дәндерін, өсімдік бітелерінің кепкен өлекселерін және тағы басқа қорекке жарайтын азық
қорын жинайды. Ал құмырсқалардың кейбір түрлері, мысалы, жапырақкескіш
құмырсқалар бір түнде үлкен бір ағаштың жапырақтарын қиып түсіреді де, оларды
қолшатыр сияқты басына көтеріп илеуіне тасып алады. Бұл жапырақтарды жұмысшы
құмырсқалар шайнап, біркелкі езіндіге айналдырады. Осы езінді бетінде өте майда
саңырауқұлақтар өседі. Ең кішкентай жұмысшы құмырсқалар осы саңырауқұлақтарды
отап, жинаумен айналысады. Ханша-құмырсқа жаңа тұрақ жасап, орын ауыстырғанда
жапырақ езіндісінен өзінің түскі асына арналған ең соңғы үлесін ала кетеді де, оны сол
жаңа илеу тұрағының қасында саңырауқұлақ тәлімбағын (плантация) өсіруге
пайдаланады. Құмырсқалар саңырауқұлақтардың, бунақденелілердің шырынын сорып
қоректенеді. Шартсыз және шартты рефлекстердің үйлесімділігі негізінде жасалатын
күрделі әрекеттерді инстинкт дейді. Инстинкт – әр құмырсқаға тән қасиет. Ал қоғамдасып
тіршілік ететін бунақденелілерде арнайы «әлеуметтік» инстинкт болады. Жалпы жас
құмырсқалар өз тобының иісін біртіндеп түйсініп, оны ажыратуды жүре келе үйренеді.
Әдетте бір илеудегі құмырсқалардың ішіне басқа илеуден бір құмырсқа келіп кірмек
болса, илеу жауынгерлері бірден оның «бөтен» екенін сезіп, илеуге жолатпайды.
СҰРАҚТАР
1. Жануарлар әлемінде кеңінен таралған құбылыс:
2. Шартсыз және шартты рефлекстердің үйлесімділігі негізінде жасалатын күрделі
әрекеттер:
3. Құмырсқа, ара, түкті ара сияқты бунақденелілерді:
4. Илеудегі азық жинайтын құмырсқалар қырылып қалса оның орнын:
5. Қызметі жағынан үш маманданған тобы: жыныстық топ, жұмысшы топ, жауынгерлер
тобы бар бунақденелілер:
6. Құмырсқаларда қандай қышқыл түзетін улы без болады?
7. Құмырсқа қышқылын түзетін улы без құмырсқа денесінің қай бөлімінде орналасқан?
8. Құмырсқаларға қауіп төнгенде, олар бір-біріне бұл ақпаратты қалай жеткізеді?
9. Құландардың тобы не деп аталады?
122
10. Шағатын жарғаққанаттылардың аналық безі мен жұмыртқа жолы түтікшесі өзінің негізгі
қызметінен басқа қандай қосымша қызмет атқарады?
V ТАРАУ. ЖАНУАРЛАРДЫҢ МІНЕЗ-ҚЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ БІЛІМДІ ІС ЖҮЗІНДЕ
ПАЙДАЛАНУ
Жануарлардың жеке-дара және топтық мінез-қылығын, тіршілік қалпын зерттеу, балық
өсіру, құс, аң, мал шаруашылықтарын дамыту, құстардың жылы жаққа қайту кезінде әуеде
ұшақтармен қақтығысып қалуын болдырмау сияқты аса маңызды шараларды сауатты
түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Мысалы, жылына 2 рет орын ауыстырып ұшатын
жыл құстары ұшақтар ұшатын әуе жолдарына шығып, елеулі қауіп туғызады.
Қазір 35 елде авиациялық-орнитологиялық қызметпен шұғылданатын комитеттер, басқа
да ұйымдар бар. Олардың қолында топтасып тіршілік ететін немесе топтасып ұшатын
құстардың мінез-қылығын зерттеп, соған сәйкес жасалған радиолокатор сияқты қуатты
техника бар. Осындай техниканың көмегімен әуе жолындағы құстардың топтарын тауып,
оларды үркіту арқылы ұшақтың әуе жолын тазартады.
Құстардың топтасып ұшу кезіндегі ұшу бағыттарын бағдарлай тын сезім мүшелерін,
олардың бағдарды анықтаудағы рөлін зерттеп, нысандарын жасанды түрде өзгерту
арқылы да құстардың ұшу бағытын өзгертеді. Мысалы, қараторғай, ұзақ, шағала сияқты
құстардың қауіп-қатерді сезген кездегі шығаратын шартты дыбысын арнайы аспап
арқылы қайталап, үркітумен бау-бақшаны, егістікті, балық шаруашылығын, саябақты
қорғайды... Дегенмен бұл жұмыс нағыз ғылыми негізде дұрыс жолға қойылған деу қиын.
Жыл сайын әуе жолдарында 4000-ға жуық ұшақ құстармен соқтығысады екен. Көп
жағдайда құс ұшақтың моторына түседі де, оны істен шығарады. Ұшақ кейде ебін тауып
қонғанымен, жаңағы моторды жөндеу құны миллиондаған теңге шығын әкеледі.
Сол сияқты балықтардың, құстардың, сүтқоректілердің түрлерін жаппай құртып алмау
үшін адам олардың аулау мерзімін жақсы білуі керек. Мысалы, теңізден тұщы суларға
қарай өрістеп келе жатқан бекіре балығын аулауға тыйым салынады. Ұя салып балапан
шығару үшін туған жеріне топ-топ болып қайтатын жыл құстарын дәл осы мерзімде
ауламайды.
Ал арқар, марал, тау ешкісі, түлкі және осылар сияқты аңдарды буаз кезінде аулауды
біздің халық «үлкен күнә» деп есептеген. Бұған заңмен де тыйым салынған.
Әрине жануарлардың топтық мінез-қылығының әлі де толық зерттелмеген, ашылмаған
сыры көп. Мысалы, жұмыртқаны тауық мекиені басатынын жақсы білеміз. Ал кейбір
жабайы құстардың қораздары ұя салумен, жұмыртқа басып, балапан шығарумен,
балапандарды өргізіп, оларға қамқорлық жасайтынын көпшілік біле бермейді. Мысалы,
жұмыртқаны түйеқұстың (эму) қоразы 2 айдай басады. Бұл кезде ол қоректенбейді.
Дегенмен ұя басып, балапан өргізу негізінен мекиенінің міндеті. Көптеген құстардың
қораздары ұя орналасқан аумақты «жан аямай» қорғайды, ұяда жатқан мекиенді,
балапандарды қоректендіреді. Мысалы, тамаша әнші құс – бұлбұлдың қоразы балапандар
жұмыртқадан шыққан соң оларды тек өзі ғана қоректендіріп, олар ұядан ұшқанға дейін
мекиенімен бірге тұқымтоп болып, ұрпағына қамқорлық жасайды. Оларды сайрауға
үйретеді, ұшуға баулиды.
Қараторғайдың мекиені балапандарын ұядан шығарған соң, өзі келесі ұрпағын шығаруға
қам жасап, жұмыртқа сала бастайды. Ал қанаты бекіп қатаймаған, бірақ ұяны тастап
шыққан балапандарды қосымша қоректендіріп, оларға қорек іздеуді қораз үйретіп
баулиды. Егер осындай кезеңде қораздарды аулап құртса, қаншама балапан қиындыққа
душар болар еді. Тіпті ашығып қырылып та кететіні сөзсіз.
Міне, жануарлар әлемін қорғауда олардың бұл сияқты биологиялық мінез-қылық
ерекшеліктерін білудің пайдасы зор.
Егер осы қоректік тізбектің бір буыны, мысалы, бунақденелілер үзіліп қалды (жойылды)
делік. Бұдан тізбек түгел жойылады. Өсімдік жеміс, тұқым бермейді де көбейіп өспейді.
Өсімдіктің қурап кетуінен қояндар ашығып өледі. Бунақденелілер болмаса, бақалар да
123
тіршілігін жояды. Қоян, бақа болмағандықтан, түлкінің де қорексіз қалатыны белгілі. Осы
үлескіде, яғни бірінсіз-бірі бола алмайтын біртұтас табиғи бірлестікте тіршілік
жойылады.
Достарыңызбен бөлісу: |