Менің портретім
Тұрпатым қатты қысқан жұдырықтай,
Қаңылтақ денем, мойыным қылдырықтай.
Жүректе жалын атқан жігерім бар,
Жүрісім жылдам ұшқан бұлдырықтай.
Кескінім – торсық шеке, қыртыс маңдай,
Қос қабақ бір-бірімен қырқысқандай.
Тұңғиық мөлдірейді екі көзім,
Жүзімді жылытуға тырысқандай.
Көк тастан қашалғандай өң-келбетім,
Салпы ерін, үйрек мұрын, шұңғыл бетім.
Қаралығым қазанның күйесіндей,
Мінекей, менің осы портретім.
(Ә.Нұршайықов)
С. Мұратбековтің «Жусан иісі» повесіндегі Аян бейнесіне, С.Досановтың «Құпия» повесіндегі Шынар, Құпия, Құмарбек, т.с.с. басқа да бейнелерге сипаттама беріңдер. Олардың әдеби портретін әдеби тілмен сомдап көріңдер.
4-тапсырма: «Монғолша-қазақша сөздікті» (Улан-Батор,1954), «Қазақша-монғолша сөздікті» (Б.Базылхан. – Ұланбатыр, 1977) пайдалана отырып, төмендегі сөздердің қазақ тілінде қалай аталатынын көрсетіңіздер. Олардың түбір тұлғасы мен мағынасындағы жақындықты ашыңыздар. Әрбір сөзге әдеби тілмен бір-бір сөйлем құраңыздар.
Авлах, адил, ажаа, айыл, аймаг, айраг, анч, ат, ахай, бағана, балчиг, балт, бараан, битүу, бичиг, борби, босгуул, бөгс, бөөр, бохон.
6-ТАРАУ
Сөз дәлдігі
... Жастарымыздың үлкен бір кемшілігі бар. Ол мынау: сөйлесе кетсең, көпшілігі-ақ мүдіріп, аузына сөзі түспей, білген сөзінің өзін бұзып айтып қиналады да қалады. Ана тілінде таза сөйлей алмайтыны, сөйлемдердің басы мен аяғы араласып, сөздері шұбарала келетінін бірден байқалады. Бұның өзі, әрине, тілін ұстартуға зер салмағандықтың салдары.
С.Қожамқұлов
Қазақ тілі мәдениетінде сөйлеуші өз сөзін дәл тауып, тыңдаушыға әсерлі жеткізе білсе, оны «дәл айтты, тауып айтты» деп түсінеміз. Бұл – сөз дәлдігі жөнінде әдеттегі түсінігіміз. Бұл – сөз дәлдігі жөнінде әдеттегі түсінігіміз. Мұнда нақтылықтан гөрі жалпылық басым. Ал сөз дәлдігі деген лингвистикалық терминдердің бұл түсінікпен дәл келетін тұстары да одан өзгешелеу ұғынылатын жерлері де бар. Солардың бәрі – әрбір сөзді тілдегі мағынасына лайық қолдану. Әсіресе, ауызға жиі алынып, жаза бастаған қаламның көп сыналатын жері осы. Қарапайым тілмен сөйлесек те, жүрек сезімі арқылы шығатын ішкі ойымызды өзге біреулерге дәл жеткізе білудің өзі – мәдениеттіліктің белгісі.
Мысалы: «Қаздар жейтін шөп пен қарғатұяқ қабындап көтерілмей, жер борсылмайды» деген сөйлемдегі атаулардың біразын қысқартып «қазоты мен қарғатұяқ қабындап көтерілмей жер борсылмайды» десе, «қаздар житін шөп» деп жатпай, «қазоты» деп, бір ғана сөзбен (біріккен сөзбен) айтсақ, көңілге әлдеқандай қонымды, сөйлем де, ықшамдалып, әдеби түрде ұғынықты болып тұрады. Не болмаса мына бағыттағы сөйлемдерді де ұғынуға түсінікті болу үшін стильдік жағынан ықшамдап былайша жеткізуге болады.
Әдеби шығармадағы үлгі
|
Сөйлемнің ықшамдалған түрі...
|
1. Сырдың бойындағы тамыры оңай ғана жерге жұлынып кететін, шөлді далаға да өсе беретін ербиген, майда тікенді шөп, өзі шөлді далада жапатармағай болып қалың болып шығады.
2. Ар жағында қалың дуал, сондықтан онда бара алмастаң, жендеттер ұзын сапты, өткір жүзді балтасын қайрап отыр (Жұлдыз журналы).
|
1. Сырдың бойында түйеқарын дейтін шөп болады, өзі шөлді далаға жапатармағай боп қалың шығады.
2. Ар жағында қалың дуал, сондықтан бара алмайсың, жендеттер айбалтасын қайрап отыр.
|
Бұл сөйлемдердің алғашқы нұсқасы да стильдік ерекшелігі жағынан дұрыс құралған. Бірақ әрбір сөз оралымын бітпеген жеріне дәл жеткізу үшін мұндай көркемдік тәсілді өз орнымен пайдалана білудің де маңызы зор. Одан сөйлемдік мағынасы бұзылмайды, қайта сөйлеушінің ойы дәл әрі айқын беріледі.
Сөздерді өз мағынасына сай қолданбау, дәлдік пен көз жазып қалу, әсіресе, басқалардан гөрі дыбысталуы ұқсас, бірақ мағынасы әр басқа немесе бір түбірден тарап, дербес мағынаға ие болған сөздерді жұмсауда жиі кездеседі:
Мысалы:
1. Енесіз сүйектерінің сырқыратып орынан қозғалды.
2. Жігіт жусан иісіне еліктеп, мас болғанын сезбеді.
3. Мүйізден зерделенген сандық құрлау қаңылтырлары ғана жатыр.
Бұл жерде «сырқыратып» емес, «сыртылдатып», «еліктеп» емес, «елітіп», «зерделенген» емес, «зерленген» деп қолданып, дыбысталуы ұқсас сөздердің мағыналық парқын ажырату кімге де болса қиын емес тәрізді. Онда неге сөзімізден ақау жіберіп жатамыз? Оның себебі біреу-ақ: ол – сөз қолданысымыздағы ұқыпсыздық. Ұқыпсыздықтың салдарынан дәлдіректен айырылып, сөздерді бірінің орнына бірін сапырылыстырып қолданып соңғы кездерде өз ортамызда жиі бой көрсетіп қалатын болып жүр. Бұл әр сөздің түп төркіні түсінбегендіктің салдары. Сөз болмысты бейнеледі. Сөз шындықтың санамызда сәулеленуі. Айналамыздағы заттар мен құбылыстар сөз арқылы таңбаланады. Осыған сәйкес бізді қоршаған құбылыстар мен «құбылыстар» мен «сөз» арасындағы белгілі бір қатынастың бар екендігін аңғарамыз. Ол қатынасты «зат» (құбылыс) «сөз» (сигнификат) түрінде бейнелеуге болады. Кейде сөз дәлдігін сақтай алмай, көз жазып қалуымыздың үлкен бір себебі «зат» пен «сөз» арасындағы байланысты жеке тани алуымыздан. «Сөзді» білмесек, сол сөздің қандай заттың таңбасы, бейнесі екендігінен бейхабар болып, сөзді заттың мағынасына сай қолдандық деп айта алмас едік. Енді сөзді дәл қолданбаудың мынадай кемшіліктеріне назар аударайық.
Мысалы: «Өліарада ауа өңі өзгеріп сала береді. Шалқалаған жаңа ой шағырмақтанып, күн қабағы кәдімгідей салыңқы тартқан» ... «Берекелі күздің аңқылдап алтын күрек желі есті». Осылайша сөзді дәл, орынды қолданбау үлкен қателіктерге ұшыратады, тіпті сөйлеушіге абырой әпермейтіндей жағдайға алып келеді. Қазақ ұғымында «өліара» деп ескі ай мен жаңа айдың қараңғы аралығын айтады. «Өліарада» ай көрінбейді. Ал қарды кетіріп, жер бетін кептіретін жел «алтын күрек» деп аталады. Оны жазда немесе күз бен қыста соқты деу сөз қолданысымыздағы үлкен ағат әсіресе, табиғаттың қыр сырына қанық диқаншылар мен малшы қауымды иландыра қоймайды.
Дәл сөйлеуге қажетті алғы шарттардың бірі – мағыналы сөздерді, олардың деректі, дерексіз ұғымды білдіретін түрлерін талғап, таңдай білу. Оған көз жеткізу үшін мына бір шағын мәтінді оқып көрейік: «Жерқылаң мінген, қылаңнан киген екі жігіт кешкі салқын мен есіп жүріп кеткенде, кебідегі, боз көденің арасынан зорға көрінгендей түстері де, жүрістері де көзге түспей, ұлана жүруге бейімделіп апты» (М.Ә.). Осы сөйлемдегі «кер бітеге», «боз көде» деген деректі ұғым атауларының орнына осы сөздермен мағыналас дерексіз ұғымды (жалпы мағынадағы сөз) білдіретін «шөп» деген сөзді қойып, оқып көрсек те, сөйлемнің мазмұны өзгермейді. Ал әсері, әрине, алғашқы оқығанымыздай емес, тым әлсіз соғатыны бірден байқалады. Оның басты себебі – сөз дәлдігін жоғалтқанымыз. «Шөп арасынан зорға көрінгендей» десек дәлдік жоқ. Олай дейтініміз екі жігітте жерқылаң ат мінген, жерқылаң киінген. Жердің түсі де боз екі жігітті сырт көзден жасырып тұр. Бұдан байқарымыз: деректі ұғымға тән сөздерді талдау арқылы да суреткер қаламы сөз дәлдігі деген сапаны дөп басқан.
Сөз белгілі бір зат пен құбылыстың атауы. Сөзді білгенмен оның қандай затты, құбылысты белгілейтінін білмеген немесе шала-шарпы ғана білген жан дәлдіктен көз жазып қалады. Кейде осы айтылғанға керісінше зат пен құбылыстың дәл қалай аталатынын білмеу не оған дейін қоймау да сөз дәлдігінен жаңылуға себеп болады. Ондай адам «Құлын» деудің орнына «арқан орады» деп сәлекет сөйлеп тұрады. Сөз дәлдігінен былайша ауытқу – осы ұғымдардың қалыптасқан, орныққан атауларынан ауытқу, өз тілімізде осы ұғымдардың орныққан атауларын елеп-ескермеуден туған. Осы тәрізді мысалдарды кейде әдеби шығармалардан да ұшыратып жатамыз. Мысалы: «Шелегін жуып, сарайдан ішіне сабан тыққан теріні де алды да енесінің алдына тастады». Автордың айтайын деп отырғаны – тұлан. Бұл сөз, рас, қазіргі кезде кейбіреулеріңізге бейтаныс та болып бара жатыр. Жас бұзаулаған сиырдың төлі өліп қалғанда сол өлген бұзаудың терісіне сабан тығып (тұлып жасап) енесінің көз алдына әкеліп қоятын болған, сонда сиырдың сүті қайтадан иісініп тұрады. Міне, шаруашылық өмірдегі осы әрекет «алдамшы, жасалған нәрсеге шығады» деген мағынаны білдіретін «құр тұлыпқа мөңіреді» деген тұрақты сөз орамының жасалуына негіз болды.
Белгілі ағартушы ғалым С.Торайғыров өлеңдерінде мынадай жолдар бар:
Елде егер жүрсең келмей ұмытпассың,
Сүйгенге кір сөз жуытпассың.
Тұлыпқа мөңіреген сиырдай боп,
Көрумен сүйген жарың мауық бассын.
Тілімізде толып жатқан өзара мәндес, мағыналас сөздер бар. Бұл қасиетті сөздерді иіні келген орайда белгілі бір мақсатқа сәйкес талғап, саралап, дәл жұмсауға мүмкіндік береді. Алайда мағыналас сөздер бір-біріне қаншама жақын, мәндес болғанымен, тәуелді сөздердің бірінің орнына бірін талғаусыз жұмсай беруді сөздің стильдік қасиеті көтермейді. Мысалы: «Құтты болсын жас ұрпақ, қолға ұстаған туларың». «Керек өнерінде Жошы нәсілі де екі қолын қанға бояп шығары хақ». «Он бес байталдың ықыласын судай сапырған Қорғанбайдың негізгі қонысы Біржанның үйі болды».
Сырт қарағанда осы сөйлемдерде пәлендей дерлік қате жоқ тәрізді. Бірақ сөз дәлдігіне қойылар талапқа сай емес мағынасы бір-біріне жақын мәндес сөздер болса да, ол өз орнын дәл таппаса сөздің стильдік ерекшелігіне, құрылысына үлкен нұқсан келтіреді. Бұл жерде «ұрпақ», «нәсіл», «қоныс» деген сөздердің орнына мына сөздер қолдану әлдеқайда дәл болар еді. Мысалы: «Құтты болсын жас буын, қолға ұстаған туларың», «Керек жерінде Жошы тұқымы да екі қолын қанға бояп шығары хақ». «Он бес байталдың ақшасын судай сапырған Қордабайдың негізгі тұрағы Біржанның үйі болды».
Сөз дәлдігі - әдеби тіл стильдерінің (көркем әдебиет, публицистика, ғылыми стиль, ресми стиль) бәріне бірдей қасиетті сапа. Дегенмен сөз туралы әңгіме болғанда, болардың ішінде зерттеушілердің алдымен ауызға алатыны – ғылыми стиль, іс-қағаздар стилі. Сөз дәлдігі сөйлеу тіліне де қатысты. Мысалы:
Оқуды қызыл дипломмен бітірді – институтты үздік дипломмен бітірді.
Емтиханнан құлап қалды – емтиханды тапсыра алмады.
Зейнеткерлікке шықты – құрметті еңбек демалысына шықты.
Бірінші сыныпқа барды – мектеп табалдырығын аттады т.б.
Сөйлеу тіліндегі осындай қолданыстың біріне дәл емес, деген тәрізді қатаң талап қойылмайды. Ал, ресми қолданыста (өтініш, өмірбаян, түсінік хат т.б.) бұл тәрізді еркіндік болмайды. «Оқуды қызыл дипломмен бітірді», «бес алды» т.с.с. тәрізділер ресми тіл стандарттарына немесе бетпе-бет сөйлеуде белгілі бір оқу орындарының, мекеме, кәсіпорын құжаттарындағыдай толық айтып жатудың орнына «институтқа бардым», «мектептен келдім» деп ықшамды айтуда орында деп есептеледі.
Тіл толып жатқан нұсқалар, мағыналас сөздер бар. әдеби тілдің функциональдық арналарының кейбірінде (сөйлеу тілі көркем әдебиет) олар белгілі бір мақсатқа байланысты жарыса қолданылып та жатады. Ресми қолданыста олай емес, синонимдер мен нұсқа сөздердің бірде анауын, бірде мынауын жұмсау тым шектеулі болады. Бұл стильде тілде әр түрлі нұсқалардың бәрі бірдей қабылданбай, біреуі ғана негізге алынады. Мысалы: «Екі мәрте олимпиада чемпионы – Екі рет олимпиада чемпионы, халыққа тұрмыстық қызмет өтеу орындары – халықтың тұрмыстық қажетін өтеу орындары», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген артист» т.б. (осының алдыңғысы алынады).
Достарыңызбен бөлісу: |