Мысалы:
«Қариялар айтпақшы, Қауғабаевтың пешенесңне сорлай жазылса, бұл қайтпек?» (о, иә, басқарушы жолдастың тұрмысы жаман емес екен, зеңкейген бес бөлмелі шатырлы үй жай мынау (О.С.).
«Бүгін мені емешегің үзіліп, неғып қонаққа шақыра қалдың, әуелі соны айтшы, қызғалтақ! (О.С.).
Әдеби тілдің нормасын, тіл мәдениетін сақтау дегеніміз – тілді тек бірізділікпен қатып қалған қағида бойынша қолдану емес, оның тәсілдерін орынды пайдаланып, әр сөзді өз орнына қоя білу, оқырманын жалықтыратын бірсарныдылық емес, ойнақы бейнені дәл қолдануды талап етеді. Тілдік элементтердің орны дегенде оның сөйлемдегі қызметін, қай сөзбен тіркесіп тұрғанын ғана түсінбеу керек, сонымен бірге оның қай жанрда, әдеби еңбектің қандай түрінде қолдануға болады деп қарау керек. Мысалы: жүректің саусағы, көңілдің жайлауы, көңілдің қаймағы, сенімнің шырағы, шындықтың оты, мазасыз жүрек деген тіркестерді ғылыми, ресми мәтіндерде қолданса, өз орнын таппаған тіркестер болар еді. Ал өлең тармақтарында мұндай тіркестер өз орнын тауып, көркемдік тәсіл ретінде құбыла түрленіп, құлпырып жүре береді.
Мысалы:
Шындықтың оты жанымда,
Шалықты жүрек барында,
Шағала сынды шарқ ұрам,
Шабытым жанған шағымда.
Жайқалған гүлден, шайқалған жасыл теректен,
Іздедім сені осылай ету керек пе?
Бәрі де тұрды қоңырқай ғана мұңайып,
Жыр толды содан мазасыз мынау жүрекке.
(А. Таубай)
Бұл – әр жанырдың өзіндік нормасы, өзіндік сөз ұолданысы болады деген сөз.
Өзге тілдік нормалардан (диалект) әдеби тіл нормасының өз ерекшелігі бар.Әдеби тіл нормалары оқулыұтарда, сөздіктерде көпшілік қауымның ұажетіне айналып отырады. Ал, тиісті әдебиетте көрсетілген қағида, ережелерді сақтамау – нормадан ауытқу болып саналады. Бірақ сөздіктерде тіркелмеген, түрлі оқулықтармен анықтағыштардан ұшырата алмайтын сөздерді де күнбе-күн кездестіреміз. Әрине, әңгіме бұл жерде қоғамдық өмідегі сан алуан жаңалықтарға байланысты пайда болып, жаңа мағыналық сипат алған сөздер жайында болса бір басқа. Тиісті әдебиеттерде тіркелмеген сөздерді кітаптардан, күнбе-күнгі газет-журналдардан оқып, радио, теледидардан да естіп жүрміз. Бір кезеңдерде жаңа сөз болып, өз ортасына биімделіп кете алмай жүрген мына сөздер бұл күндері арнаулы сөздіктерге еніп, жалпыхалықтық тілге айналды. Себебі әрбір жаңа сөз тіл жұмсау дүкенінде сыналып байқалады, ауыз екі тілде халық тәжірибесінен өтеді. Оларды құбылысты дәл, дұрыс бейнелей алатындары өміршең қалады да, лингвистикалық зерттеу елегінен өткен соң, сөздіктерде тіркеліп, оқулықтарға енеді.
Мысалы: Ардагер, тәлімгер (наставник) баспагер, басылым, ғарыш, теледидар, әрлеуші, лездеме (жоспарлау), айдар (рубрика), ғарышкер, құқ, құқтану, құжат, ұжым (колектив), ұшақ, тікұшақ, көгілдір экран, әкім, маслихат, құрылтай т.б Тіл жұмсау дағдымызда жиі қолданылатын сөздердің бірі – ұстаз.
Бұл сөз – «оқытушы», «мұғалім» дегенмен синонимдес. Ал, қазір жас ұрпақты мамандыққа баулу ісінің елімізде өрістеп, кеңінен қанат жаюына байланысты жастарды мамандыққа, еңбекке баулу, тәрбиелеуші адамдарды да, «ұстаз, ұстаз – жетекші, алғашқы ұстаз» деп атай бастады. Кейін «тәлімгер» деген сөзбен орын алмастырады. Қалай десек те жетекшілік ететін, белгілі бір кәсіпке үйретіп, баулитын адамдарды «тәлімгер», «ұстаз-тәлімгер» деп атау дағдыға айналып, күнделікті тұрмыста жиі қолданылып келеді. Әдеби тілге еніп, жалпы халыққа таныс болғаннан кейін де көңілге қонымды, тілге жатық естіледі. Сөз жаттықтығына қойылар талаппен мүлде сыйыспайтын ағат қолданыстардың көзге шыққан сүйелдей болып баттиып тұратыны да, бидай арасында өскен бидайықтай көзге бірден шалына шалына қоймайтындары да болады. Сөз мәдениеті үшін, әсіресе, соңғысы қауіпті. Өйткені ондайлар ет үйрене келе кейбіреулердің дағдысына сіңеді. Мысалы:
«Адамың кенет толқуы не дұрысқа, не бұрысқа көнбейтін өліара сәт қой. Екі қолын қайда қоярын білмей абыржып қалмасы бар ма? Ақыры арқасында айқастырып салды да, бұтағын сыпырып, сылып алған сырғауылдай сидия қалды. Сол мұң екен, үстіңгі еріннің сол жақ құйрығы өстіп жоғары шапшып қалушы еді. Костюм үстіне түскен алақаны матаны уыстап мыжғылай берді» (газеттен). Осыдан «қолды арқасына салу, еріннің құйрығын шапшыту, өліара сәт, алақанды костюм үстіне түсіру, алақанға матаны мыжғылау» дегендер кімге де болса, әсері, қалам ұстап , тіл кестелеймін деушілер үшін кешірімсіз. Мұндай тігісі теріс тіркестер жазудан талап етер көркем тілді айтпағанның өзінде тіпті, жатық тілге қойылар талаптың маңайына да келмейтіндігі көрініп тұр. Оқушы наразылығын тудыратын мұндай бұрыс қолданыстар газет-журнал беттерінде орынды сыналып та жүр. Сөз жатықтығынан қиыс жатқан қолданыстың бірін байқаған Ғ.Мүсіреповтей сөз зергерінің мына ескертуін еске түсіре кету артық емес. Газет бетінде жарияланған аударма әңгіме де «Жайма шуак таңсәріде» дегенді ұшыратқан жазушы:
«Таңсәріде». «Жайма шуақ» болмайтынын білмейді-ау деймін. «Жайма шуақ» деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің сипатын айтады. Тегінде мал жаюға болатын қысқа күннің шуағын айтады. Таңсәріге де, тұтас алғанда түн мезгіліне де мұның қатысы жоқ» - дейді.
Сөзді бұлай қолдану дұрыс, бұлай қолдану бұрыс деп баға беру оп-оңай шешіле салатын да шаруа емес. Оны кейде газет-журнал беттерінде ара-тұра айтылып жүрген тартысты пікір таластардан да байқаймыз. Тіліміздегі бір алуан сөздердің жұмсалуын кейбіреуіміз даулы деп білсек, екінші біреуіміз ондай сөздерді өз мағынасына сай қолданылған деп танимыз. Сондай сөздердің бірі – «паш етті». Осы сөздің мағынасы кейбіреуіміздің түсінігімізше мүлде бұрмаланған. «Паш ету» деген – әшкерелеу, қылмысының не айыбының бетін ашу деген мағынада. Ал кейбір сөз қолданушылар оны «дәріптеу» деген мағынада қолданылады.
Парсы тілінде «паш ету» дегеннің мағынасы «айыбын бетіне басу» дегенді білдірсе, қазақ тілінде – «жария ету» «әйгілеу», «білдіру» дегенді білдіреді. Көркем сөздің көрнекті зергерлері бұл сөзді осы мағынада қолданған.
Мысалы:
«Тауының Шыңғыс, биігінің Хан аталғаны сол, Шыңғыс ханның мекен еткен қонысы екенін паш етеді». «Сылдыраған шолпысы әлдеқайда былдыраған тілмен Тоғжанның келуімен кетуін паш етеді» (М.Ә.).
Паш етуге байланысты осындай мысалдарлды өзге де суретшілердің шығармасынан кездестіруге болады. Егерде «паш ету» сөзінің мағынасын парсы тіліндегідей түсінетін болсақ «Тоғжанның келері мен кетерін шолпысы масқаралап, қылмысын ашып тұр» деп ұғар едік. Осы мысалдың өзінен-ақ «паш ету» сөзінің мағынасы «әйгілеу» «жариялау», «білдіру» екендігін байқаймыз. Атақты әнші, сазгер Жаяу Мұсаның «Зорлығын Мұстафаның паш қыламын» деуінде «Жұртқа жария етемін, әйгілеймін» деген мағынада екендігін түсінуіміз керек.
Қысқасы, сөз мағынасының өзгеруі, қызметінде жаңа бір қырдың пайда болуы өзгеше реңге көшіруі тілдің өз заңдылықтары бойынша өрбіп отырады. Соларға сүйенбей, оларды елеп-ескермеу «дұрыс» не «бұрыс» деп кесіп айтып, әркім өз қиялынша топшылау жасап жатса, көлеңкеге қарап пішкен тондай келіссіз болып шығуы да мүмкін. Сөздің де сөзі болғанмен, сарасы бар. Тіл табиғаты мен заңдылығын дәл сезініп дәлме-дәл дұрыс айтылған сөздің жөні тіпті бөлек болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |