3-ТАРАУ
Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің байланысы,
оған қойылатын талаптар ... Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес - Шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан Қиынды көргенім жоқ ... Бұқар жырау
Сөз өнерінің қиын екендігі, өнер атаулының ең биігі екендігін, Бұқар жыраудың осы бір сөзінен-ақ аңғаруға болады. Қазақ халқы өз ұрпақтарының тіліне, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөліп, сөздік қорының молайып отыруына, әдемі сөз саптауларына, өз ойларын еркін айтуларына мән беріп отырған. Оны көп алысқа бармай-ақ, ХІ ғасырда адамзаттың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Шығыстың алып тұлғаларының бірі Кей-Қабус «Кабуснаме» аттығылыми-әдеби шығармасының «Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болуы туралы» бөлімінде: «Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білген жөн.» Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі – сөз сөйлеу білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың, өйткені қандай сөзді айтуды әдеттенсең тіл соны айтады. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да жаман көрінеді: Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді.Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы иісі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы. «... Сөз бір шарап сияқты, одан басың ауруы да, жазылуы да мүмкін депті білімдарлар. Біреу сенен бір нәрсені сұрамаса, жауап бермегейсің, ал сұрай қалса, турасын айтқын. Босқа кететін жел сөзден сақтан», - деген даналық сөзі бізге өнеге ретінде сөздің адам өміріндегі құдіретін паш еткендей (Кабуснаме). Бұл тіл мәдениетінің адам баласына қажетті өнердің ең биігі, балқаймағы, шынары екендігін дәлелдейді. Шынында да, қазақ халқы қай заманда да аталы сөзді қастерлеген «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Өнер алды – қызыл тіл» деп құрметтеумен қатар оған күшті талап та қоя білген. «Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп түсінген. «Алтын» сөзі әрі қысқа, әрі нұсқа болумен қатар, аз сөзбен көп мағына беру. Ата-бабаларымыз көп сөзді ұнатпаған, оны «көмір» деп қана қоймаған, мынадай синонимдерімен беріп, жаратпаған ішкі ойларын дәл жеткізген. Мыссалы: «езбе» (езбелеу), «батпыл» (батпылдау), «бытшыл» (былшылдау), «мылжың» (мылжыңдау), «оттау» т.с.с. Халқымыздың ғасырлар бойы сақтап бізге жеткізген сөз мұрасын толық меңгеру, оны өз орнымен пайдалану – баршаның міндеті. Кім болса да өз пікірін дәлелдеу үшін сөзге, сөйлемге байланысты қажетті сөз тіркестерін терең меңгеріп, күнделікті өмірде қолдана білулері керек. Сөзді өз орнымен қолдану - білімділіктің белгісі. Сонлай болса тұрса да сараң сөйлейтін, өз ойын еркін жеткізе алмайтын, былапыттап сөйлейтіндер ұстаздар арасында да кездесіп қалады. Мысалы: Мінбеде сөйлеп тұрған бір шешен С. Торайғыровтың поэзиясына былай баға береді: «Сонымен, Сұлтанмахмұттың лирикасы поэма сияқты ұзақ болып келсе, поэмалары сюжетсіз болып, бірақ лирикалы болып, әлеуметтік лирика болып келеді». Мұнда, бір сөйлемнің құрамында «болып» етістігі төрт рет, «лирикасы болып» деген тіркестер үш рет қайталанған. Бұл – тіл мәдениетін бұзушылық. Тиянақты бір ой, нақты шешім бұл сөйлемде атымен жоқ. Міне, осындай мысалдарға қарап отырсақ – қазіргі таңдағы ең бір зәру, көкейкесті мәселе – тіл мәселесі болып отыр. Аллаға шүкір, қазір жеке ел болып, өшкеніміз жанып,өлгеніміз тірілгендей кезеңде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды.Қазір де қазақ тілін дамытуға толық мүмкіндік бар. Сондықтан ауызекі тілде сөздерді орынды қолданумен қатар, дұрыс жазу талабына, жазу мәдениетіне де көңіл бөлінеді. Яғни, орфографиялық нормадан ауытқуға, оны өз бетімізше өзгертіп жазуға болмайды. Өйткені, емле ережелері заңды түрде бекітіледі, жалпыға ортақ емле ережелерін сақтау, оны грамматикада қолдана білу – бәріміздің міндетіміз. Қазір қазақ тілінің лексикасы молайды, оның сөздік құрамына интернационалдық, ғылыми – техникалық жаңа терминдер енді. Мысалы: Ғарыштық кеңістікке байланысты – ғарышкер (космонавт), ғарышжай ( космодром), әуежай(аэропорт) т.б. Сол сияқты көгілдір экран, теледидар (телевизор), көгілдір от(газ), электрондық өткізгіш, ұшақ (самолет), тік ұшақ (вертолет), ұжым(коллектив) т.б. Кейінгі кезде пайда болған аң – құс, жан – жануар, өсімдік атаулары, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт салаларына байланысты құрал – жабдық, ұғым атаулары және екінші сыңары «аралық», «тану», «сымақ» сөздерімен келген атаулар бірге жазылады. Мысалы: Көзқарас, сутегі, сүтқоректілер, түйеқарын, жанкүйер, көрермен, оқырман, ауданаралық, қоғамтану, тәнтану, дүниетану, т.б. сөздер бірге жазылып, бір жүйеге түсті. Сол шақты тіркес құрамындағы жеке сөздер естілуінше жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: Ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), қара көлеңке (қарагөлеңке емес), көк орамал (көгорамал емес), барып па екен (барыппекен емес). Жалпы алғанда заңды түрде қабылданған ережені іске асырып, дұрыс сақтағанда ғана орфографиялық нормасын қалыптастыра аламыз. Нағыз мәдениеттің ту етері – тіл, ол жалпы адамзаттың мұратымен астасып жатқанымен, түп тамыры міндетті түрде белгілі бір әлеуметтік этникалық ортадан бастау алады. Сондықтан да өз тарихына, ұлттық дәстүріне, туған жеріне, туған тіліне, қамқор көзбен қарап, қадірлей білген сана – сезімі жоғары адам ғана мәдениетті болып есептеледі. Әсерлі сөйлеу, ойлау, тыңдау мәдениетімен бірге, жазу мәдениетін меңгеру – негізгі шарттың бірі. Ол үшін: стильдік элементтерден ажыратып қолдану керектігі, сөздердің, сөйлем мүшелердің орналасу заңдылығын сақтау, орфографиялық, синтаксистік норманы білу, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша жазу, т.б. заңдылықтарды тиянақты меңгеруді талап етеді. Жазу мәдениетіндегі сауаттылық, әдетте емле (орфография) тыныс белгілерінің (пунктуация) дұрыс қолданылуына қарап белгіленеді. Ауызекі тілдегі берілген ойды қағазға түсіру үшін әрбір тыныс белгілерін өз орнына қоя білу керек. Тыныс белгілері дұрыс қойылған, сөйлемді оқу да, ұғыну да жеңіл. Керісінше, тыныс белгілерін қате қою кейде сөйлемнің мағынасын бұзады, мағынасы бұзылған сөйлем айтайын деген ойды білдіре алмайды. Тыныс белгілерін белгілі бір ережеге сүйеніп қоймаса, сауаттылық саналы меңгерілмейді. Тыныс белгілері негізінен сөйлемнің құрылысына негізделіп қойылады. Мысалы: үтірдің бірыңғай мүшелерді бөліп көрсетуі. «Өсек, өтірік, мақтаншақ,еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпанын білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой – бес асыл сөз көнсеңіз». (Абай) Сызықшаның бастауышты басқа мүшелерден айыра білу үшін қойылуы: Әр адамның бағасына бір ғана өлшеуіш бар: ол – өнімді адал еңбек. «С.М.» Мен – көмір де, сен – темір, ерітуге келгенмін. (Қазыбек)
Сөзді дұрыс қолдану мен жазу мәдениеті әрқашан да бір – бірімен тығыз байланысты, яғни, бір нәрсенің екі жағы сияқты оны бір – бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Сондықтан да ішкі ой дүниемізге байланысты қандай сөзді қолдансақ та оны сауатты жаза білуіміз керек. Ол үшін мынадай принцептерді білудің маңызы өте зор. Олар: 1. Грамматикалық принцип – тыныс белгілерді грамматикалық ережелерге сүйеніп қою. 2. Мағыналық принцип – сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың мағынасына негіздей қою. 3. Интонациялық принцип – сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың сазына, нақышына келтіріп айтылуына және естілуіне қарай қою. Бұл принцип, біріншіден, тыныс белгілерін дұрыс қою арқылы ой – өрісті кеңейтеді, екіншіден, тілдің ішкі заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік жасайды, үшіншіден, әдеби тілдік нормаға сай сөйлеу білуге баулиды. Ауызекі тілде нақты сөз өрнектері ым – ишара, мәнерлі қимыл қозғалыстар адамның жан дүниесіне әсер етсе, ал жазба түрде ойды оқырманға дәл жеткізу үшін әрбір сөз, әрбір тыныс белгі өз орнына келіп, ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы қажет, басы артық сөздердің болмағаны дұрыс. Мысалы: «Мен – көмір де, сен – темір, ерітуге келгенмен» деген Қазыбектің сөзіне бір оқушы былайша ой толғайды: «Қазыбектің баяндауында зәулім ойлылық бар, қол жетпес асқар таудың қаһарлы шыңдары көрінеді, терең сезімі бар, онда халық күші қазандай қайнайды. Шешеннің сөзінде қара дауыл қаптап келе жатқандай, дауылдың арты нөсер жаңбырға айналар, одан суық ызғар сезіледі, бәрі –бәрі жинала келе, халық күші тасқынға айналар, ал тасқын жапандағы барлық тастарды домалатып әкетер, қазақ жеріне жиналып қалған өктем күшті жуып – шаяр, тазарар ақталар, содан әрі босаған жер қайта гүлденер, жасарар, жаңа хош исі аңқыр, өрісі кеңір, кең даласында еркін көшіп – қонар, қауіп – қатерді ұмытар, халық сонда бір еркін демалар!» Міне, оқушының сөз сараптауынан тілдік қорының бай екендігін, әдеби тілді еркін меңгеріп, өз орнымен қолдана білетіндігін байқап отырмыз. Қысқасы, тілдегі сөздердің қыр – сыры көп. Оларды бір – бірімен тіркестіріп, тілдің көркемдегіш құралдарының сан алуан тәсілдерін қолдансақ, неше түрлі мағынаға ие болып, сан қилы өң береді. Сондықтан ойды дұрыс құрып, сөз мағынасын жете түсінуі керек. Сөз саралай білу, сөзді жазу мәдениетінде дұрыс қолдану да сауаттылықтың белгісі.
Жазу – белгілі бір ойды, бүгінгі тарихты ертеңгі ұрпаққа жеткізу құралы. Жазу – аса пәрменді мәдени мұра. Яғни, сөз қолдана білудің де, жазба тілдің де маңызы ерекше. Сұрақтар мен тапсырмалар: 1. Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің бір – бірімен байланысы, туыстық қарым – қатынасы қандай, оны қандай мысалдармен дәлелдеп айтуға болады? 2. «Ақылдың көзі – аталы сөз» деп халқымыз бекерге айтпаған. Сонда әдеби тілді еркін меңгеру үшін, сөз қадірін терең түсініп тілдік оралымға байланысты тиімді қолдана білу үшін қандай жағдайлар қажет деп ойлайсыңдар? 3. «Тіл – ақылдың өлшемі» дейді. Осыған байланысты көркем әдеби шығармалардан адамгершілікке, имандылыққа байланысты үзінділерді таңдап алып, жатқа айтып көріңдер. Сол үзінді туралы өз пікірлеріңді ортаға салып сұхбаттасыңдар. 4. Көркем әдеби туындыларды аз оқитын адамдардың сөздік қоры аз болады, соған орай, олардың дүниетанымы да, сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады. Сондықтан бүгінгі күн мәселесіне арналған әдеби шығармаларды оқып, пікір таластырып көріңдер. Ондағы басты мәселелерді өмірмен байланыстырып өз ойларыңды еркін айта білуге тырысыңдар. 5. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Сөзіне қарап кісіні ал», «Сөз өнері – дертпен тең» деген қанатты сөздерді тақырып етіп алып, шағын мақала, шығарма жазыңдар. Алдымен қажетті тірек сөздеріңді ой елегінен өткізіп, жоспарлап, дайындап алыңдар. 1- тапсырма: Төмендегі тұрақты сөз тіркестерін пайдаланып, шағын мәтін құрастарыңдар. Әрбір сөйлемнің арасындағы грамматикалық байланысқа көңіл бөліңдер. Мысалы: Сіркесі су көтермеу, қара қылды қақ жару, жүрегі жарылып кете жаздау, жүзі шыдамау, беті бүлк етпеу, қырық пышақ болу, көзіне көк шыбын үймелеу, асты – үстіне түсу, қол аяғын бауырына алу, аузына қақпақ болу, ат тонын ала қашу, сай – сүйегі сырқырау, ішіне пышақ айналмау, жерден алып, жерге салу, ұрынарға қара таппау т.б. 2- тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын мақал – мәтелдермен жеткізіп, алмастырып көріңдер. Сөз мағынасын бірнеше нұсқада жеткізуге дағдыланыңдар. Үлгі: Жоқшылық, кедейлік – «Қысқа жіп күрмеуге келмейді», «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды», «Бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып». Қадыр, бедел, ниет, қағанат, мылжың, өштік, кекесін сөз, менсінбеушілік, адалдық, ақ көңілділік, әпербақан, күш көрсету, жуас, көкіректік, қайырымдылық, ізденіс, ашушаңдылық, ойын,жалғыздық, байлық, мырзалық, қонақжайлық, бекершілік, үй болу т.б. 3-тапсырма: Төмендегі мәтіндегі сүйене отырып, мына тақырыптарда ой толғап, шығарма жазып көріңдер. Әрбір сөйлемдегі ойдың дәлдігіне, тағылымдығына көңіл бөліңдер. Мәтіннің тәрбиелік мазмұны жоғары болсын. а) Пай – пай, қазақтың келіндері – ай! б) Қазақ қыз баланы қонағындай сыйлаған. в) Отбасы жас жұбайлардың татулығымен қызықты.
Ұлы тағылым Ауыз әдебиетінде, қала берді кейінгі жазба әдебиетімізде есімін мәңгіге қалдырған аналар қаншама! Олар сұлулықтың символы болда, оларда ерекше қастер мен тұспалдар, поэтикалық портреттер қаншама! Талай – талай ерлер сүйген қызының намысы үшін құрбан болмады ма? Жігіттегі білек, қыздарымыздың жүрегі талай – талай таразы басына тартылды. Қала берді, қыз – келіншектер тағдырын қорғауда поэзиямызбен бірге, өлең – әніміз, сазымыз бен күйіміз ерекше рөлге ие болды. Ғабиттің «Ананың анасынан» бастау тапқан аналар ірілігі аңызға айнала келе, «Ақбосаға» әніне ұласты да, Бауыржанның келіні Зейнептің ерлігімен өрлей түсті. Олардың әрбірі «Өмірді өздері сілкілеуге жаралғандығы» сондай, тас пен мәрмәрден салынуға тиісті ескерткіштер күтуде, ал Сараларымыз бастаған жыр құдіреті Біржан сияқты поэзия алыбының «екі аяғын бір етікке тықты» (Қадыр). Ал «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» ( Жұбан мен Исраил ) әнін естігеніңде, бар болмысыңмен солардың ұрпағы екендігіне риза болсаң! Қыз Жібек пен Баян, Ақтоқты, Ақжүніс пен Ботагөздің, Абай қыздарының сөзден жасалған портреттері, Рафаэль мүсіндеген мадонналар – қазағымда шексіз көп екен деп қоюға болмайды,сонымен бірге бабалар жасаған тіл құдіретіне қайырылып келіп, бас игендейсің тағзым еткеніне ризасын!
Қыздарымызға тән нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалық, сыпайылық, әдемілік, ұялшақтық, мығымдық, өнелік, іскерлік, шеберлік, адалдық, сүйіспеншілік махаббат мұратына жетудегі арман құсы, қайрат –жігері, бәрінен де ар тазалығы (кей халықтың қыздарына тін деп айтуға келе бермейдә-ау) – осы қасиеттерімен қазақ қыздары зор тағлым иесі! (М.Тілеужанов).
4- ТАРАУ Тіл тазалығы ...Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады – ау! Бұл тілден май тамады десе сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа, шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады... Нұртас Оңдасынов
Сөз қолдану мәдениетін арттыратын негізгі шаралардың бірі – тіл тазалығы. Тіл тазалығы дегеніміз – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу. Абай атамыз: «Сөзінің бірі жамау, бірі құрау» деп өзіне дейінгі кейбір ақындарды сынайды. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп – тегіс, жұмыр келсін айналасы» деп,әрбір сөздің түсінікті, жеңіл, мағыналы болуын өз ортасынан қатаң талап етеді. Ұлы ақынның бір ғасырдан астам уақыт бұрын тіл тазалығына ерекше мән бергендігін көреміз. Әрине, бөтен тілден сөз алмай таза ана тілінде сөйлейтін бірде – бір халық болмайды. Тек ол сөздер жергілікті халықтың тілдік заңдылықтарына бағынып, фонетикалық өзгерістермен барша қауымға түсінікті жалпы халақтық тілге айналуы керек. Шынайы бейне жасауда, сом тұлға жасауда, әдеби қаһармандардың ішкі – сыртқы бейнесін суреттеуде әрбір жазушы халық тілінің мол байлығын, әдеби тілге, әдеби нормаға ене бермейтін басқа тілден енген сөздерді де қолдануы мүмкін. Бірақ жергілікті тілдік ерекшеліктер (диалектілер, жаргон сөздер) әдеби нормаға жатпайды. Себебі мұндай сөздер жалпы оқырман кауымға түсінікті емес.
Қазақ тілінде өзге тілден енген сөздер өте мол, тіпті сөз тудырушы қосымшалар бар екені мәлім. Мысалы: Тілімізде «байсал табу», «байсалды» деген сөздер бар. «Байсал» сөзі қазіргі әдеби тілімізде жеке тұрып көп қолданылмайды. Тап осы күйінде қолдану – тіл тазалығына нұқсан келтіргендік болар еді. Бұл сөз не «байсалды» деген туынды сөз түрінде, не «байсал табу», «бойы байсал тарту» деген тіркес түрінде келеді. «Байсалды» сөзі – сабырлы, ұстамды, байымты деген сын есім мағынасында көбінесе адамға байланысты айтылады. Ал бұл сөздің қазақ тіліндегі ертеректегі мағынасы адамға қатысты «сабыр» дегеннен гөрі, жалпы мәндегі «тыныш, тыныштық» деген мағынада қолданылатындығы байқалады. «Байсал табу» деген тіркестің «тынышталу», «тыныш табу» деген мағынасы осыған саяды.
«Даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны», - (С.Сейф.) деген ескі нақыл сөздерде «байсал табу» фразасы «тыныш табу» дегенді аңғартады. Бұқар жыраудың «Байсалды үйге түсіңіз» дегендегі «байсал» сөзі де «тыныш, ұрыс-керіссіз» деген мәнде. Яғни, бұрынғы мағынасы қазіргіден өзгешелеу мәнде де жұмсалған. Тек бұл сөздерді қай жерде қандай мағынамен қолдана білу керек екендігін түсіне білген жөн. Тіліміздің мәдени лексика деп аталатын тобына жататын «дәптер» сөзі әуелде грек (дифтера), одан иран тілдері арқылы (дафтара) түркілер мен монғол (дэфтэр), тибет (девтһер) тілдеріне тараған.
Мұндай мәдени лексика тіл-тілдің барлығында да кездеседі деуге болады. Бұл сөздер әдеби тілге еш нұқсан келтірмейді, қайта тілімізге кірігіп, төл тіліміздей болып кеткен сөздер.
Өзге тілден еніп, заңды түрде орныққан осы тәрізді сөздерден кейбіреулердің дағдарысына енген мүкістіктер: «остановкаға барамын», «екі морожный ала келерсің», «ужас», «звонить ету керек», «лесницадан көтерілгенде», «диспансерлік наблюденье болады», «қой, завтрак жасайық» т.б. мүлде басқа.
Дағдының да дағыдысы бар. Жұртшылық қабылдаған, тілде орныққан, дағдыға енген шетелдік сөздің орны бөлек. Ал ондаймен санаспай, бөгде «элементтерді» оңды-солды жұмсау сөйлеушінің сөзге ұқыпсыздығын көрсетеді. Бұл – мәдениеттілік емес, қайта ана тілімізді шұбарлау, туған тілімізге қиянат жасау деген сөз. Мұндай тілде сөйлегендерді «мәңгүрт» десе де болады. Ана тілге деген сүйіспеншілік, ыстық сезімнің лебі таза сөйлеуден де байқалып тұрады. «Ана тілі – қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мәнде болу керек» (С.Торайғыров). «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызд, тарихымызды ұмыту», - дейді, Б. Момышұлы.
Осындай ұлағатты сөздерге мән бермегендіктен өз тіліне өздері тосырқап қарайтын, бөгде тілдік элементтерді араластырып сөйлеуді мәдениет деп санайтындар т.с.с. өзге де тұрпайы ерсіліктер (жоғарыда айтылған сияқты) кездесіп қалып отырады.
Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы сөйлейтін жандарды кездестіріп қаламыз. Тіліміздің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық нормалары мен заңдылықтарын ескермейді, қазақ тілінен алған теориялық білімдерін пайдалана алмайды, сөйлегенде тыңдаушы өзінің ойын ұғып, сезіп тұр ма, жоқ па, онымен санаспайды. Басқа тілдің сөзін араластырып, өз тілінің құтын қашырып сөйлеу мәдениетсіздік екенін аңғармайды. Белгілі жазушы Т.Ахтанов өз шығармаларында кейбіреулердің әңгімелесу кезінде бөгде сөздерді нормадан тыс араластырып сөйлейтін ерсіліктерін өткір сынаған.
Мысалы: «Сәуле» атты драмалық повестегі кейіпкерлерінің әңгімесінде мынаай сөздер кездеседі.
Алдаберген: Жазушы деген жақсы ойлайды деуші еді... Қап, сен қауғадан жүргенде, Бөпежан «без двух» отыр еді. Сен бардың да ...
Бөпежан: Ылғи жұпыны киінуші еді. Теперь настоящий щик... мама, осы жарасады...
Жазушы Д.Исабековтың да «Әпке» драмасынан қазіргі жастардың ана тілімізге немқұрайлы қарайтын кемістіктерін сынаған мынадай жолдарын кездестіреміз.
Мысалы: Нәзила: «Білмеймін. Мен дұрыс жасамаған да шығармын. Бірақ, әлгі қыздың тым еркінсіп, ар-ұятты естен шығарып бара жатқаны жаныма тиді», «Я так хочу» деп, Тимурды құшақтап апты. «Котенок мой» деп, бұл да өліп бара жатыр...»
(Жастардың өз сүйгендеріне айтатын «жұлдызым, айым, күнім» деген теңеулері бола тұрса да) сонымен қатар, кейбір сөздерге тиісті қосымшалардың нормаға айналған түрлерін жалғамай, басқа түрлерін орынсыз жалғау да тіл тазалығына өз кеселін тигізеді.
Мысалы:
1. Жазда бұл жер ыссы болады (ыссы емес - ыстық).
2. Шешесі ауызғы бөлмеге шықты да, төсектегі жатқан жиенінің жанына келді. (ауызғы емес – ауыз бөлмеге; төсектегі емес – төсекте).
3. Рабиға баласының бетін сүйді (бетін емес - бетінен).
4. Абай жасында молдаға оқыды (молдаға емес - молдадан).
Сонымен қатар, сөздерді дұрыс байланыстырмай, орынсыз тіркес құрау, сөйтіп, сөйлем құрылысымен мағынасын бұзатын кемшіліктерге көркем әдебиеттегі, газет журналдағы әңгәмелерден кәптеген мысалдар келтіруге болады.
Мысалы: 1. Ертелетіп екпіндетіп келген Шегебай енді уайым жейтіні жоқ кісіше асықпай аяндап барады (Я. Ж.)
2. Тақ алдында есіктің көзінен сарт етіп дәрігер машинасы тоқтай қалды (Р. Т. Бақыт). 3. Әлде жат жұрттыққа жаралған ежелгі қыз қылығына барып, неғайбыл болашақтағы тағдырына өзін-өзі дайындап бой ұсына бастағаны ма? (С. Ш. «Қарғам»).
Кейбіреулер айтайын деген сөйлемді жарыққа шығармай, сөйлемнің соңын жұтып сөйлейді. Мұндай стильдік ерекшелік тіл тазалығына, тіл мәдениетіне үлкен зиянын тигізеді.
Мысалы: «...Мен... енді былый ...Сәкең айтқасын... кетіп жатқаным ғой, Құрал сайман, жұмысшы күші тапшы дегендей ...Сіздер ғафу етіңіздер, мен кішкене былай..» (Т.А. «Боран»).
Кейіпкер тілінде кездесетін мұндай кедір бұдырлықтар күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мұндай мысалдарды әрбір жазушы өмірден алып жазады. Әдеби қаһарманның тілі, іс әрекеті, мінез құлқы арқылы тілімізді бұзып сөйлейтін адамдардың бейнесін жасайды. Дәл осылай сөйлейтін кісілердің арамызда жүргенін еске салады, тіл тазалығын сақтап сөйлеуге жетелейді...
Ауызекі тілде немесе жазуда болсын әр сөз айтылар ойға, мазмұнға қатысты болып, мағыналық жүк арқылы тұруға тиіс. Бірақ кейбір адамдардың сөйлеу дағдысында сөз тазалығына нұсқан келтіретін, сөзді әсерлігінен айыратын «қызметсіз» қыстырынды сөздер жиі кездеседі. Сөз арасында қызметсіз қыстырылып жүретін «жаңағы, нетіп, әлгі, мәселен, не қылғанды, ал енді, сонымен, солай етіп жүргенде, не етіп кеткеннен кейін» т.б. осындай сөздер өзінің тыңдаушыларын мезі етеді. Осындай сөздің керегінен кебегі көп болып жатады. Әсіресе сөйлеушінің айтар ойы айқын болмай, өзі сөз етіп отырған жайдан түсінігі бұлдыр болған кезде, сүрсеңіз сөздер киліккіш келеді.
Сөз тазалығын сақтауға талаптанған адам белгілі бір мәселе жөнінде әңгіме қозғамас бұрын сөйлейтінін кесіп пішіп, ой елегінен өткізіп алып, жұрт алдында шығады. Сондай ортаның бірі – ұстаздар қауымы. Елімізде мыңдаған ұстаз шәкірттеріне айтар ойын сірескен жансыз тілмен емес, сарынмен сөйлейтін оқушылар да кездеседі. Оның сөйлеу тілін дұрыс арнаға салып, шұбырынды сөз, сіреспе тіркес, түрлі қыстырма сөздерден тазартып отыру – ана тілін ардақтай білетін әрбір ұстаздың қасиетті борышы.
Достарыңызбен бөлісу: |