Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Сөз байлығы мол, тілі оралымды адам деп кімдерді айтуымызға болады?
2. Бай әдеби тілді жетік меңгеру үшін кез келген мәдени ортада өз ойымызда еркін жеткізіп, әсерлі сөйлеу үшін бізге не қажет, ондай дәрежеге жету үшін әрбір сөйлеуші адамның әдеби білімі қандай болу керек деп ойлайсыңдар?
3. «Тіл байлығы» деген ұғым ана тілінің лексика-фразеологиялық топтарының ғана емес, синтаксистік, морфологиялық амал-тәсілдерін де қамтиды. Яғни, бір-бірімен ынтымақтаса, тығыз байланыста қызмет атқарады. Осыны қандай тілдік материалмен байланыстырып дәлелдер едіңдер?
4. Қазақстанның ұлттық телеарнасынан берілетін «Алтын қақпа» телеойынының алдына қойған мақсаты қандай? Көрермен қауымның тіл байлығын дамытуға бұл телеойынның тигізетін әсері қандай, осыны өмірмен байланыстырып, ой толғап көріңдер.
5. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы қазақ халқының әдет-ғұрпына, мал-шаруашылығына, ойын-сауығына, төрт-түлік малына байланысты біздерге беймәлім сөздер мен сөз тіркестері бар (бие бауы, сабат). Мұндай сөздер мен сөз тізбектерін жиі қолдана білмеудің тіл байлығына қатынасы қандай?
6. Қазақстанның әрбір өлкесінде, облыстары мен аудандарында сол жергілікті жерге байланысты қойылған жер-су атаулары бар (топонимдер). Мұндай топонимдердің жергілікті халықтың әдет-ғұрпымен, тұрмыс-тіршілігімен байланысты екендігін нақты мысалдармен түсіндіріп көріңдер.
1-тапсырма: Қазақ тілінің «Түсіндірме сөздігін» пайдалана отырып, төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына талдау жасаңдар. Ақын-жыраулар поэзиясынан бұл сөздерге мысалдар келтіріп, қазіргі кездегі лексикалық мағынасына анықтама беріңдер. Әрбір сөздің құрамындағы дыбыстық өзгешіліктерді жіктеп көрсетіп беріңдер.
Қара орман, қара орын, қаттану, құрсану, қырқарлану, сақетер, сақсыр, сыбай, кетбоғы, жер болу, жер қылу, дем тарту, аса жұрт, байсал табу, айпарадай, несібе, тақуа, бажайына келтіру, медет тілеу, күстәнәлау т.б.
2-тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын мақал-мәтелдермен жеткізіп, бір-бір шағын мәтін құрастырып, көріңдер.
Үлгі: Сақтық, қырағылық – «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Жаман көзден, жалған сөзден сақтан», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Сақтықты сұңқардан үйрен», «Үй менікі демесең, үй артында кісі бар», «Жаздың қамын қыс ойла, бір ойлама, үш ойла» т.б.
...Жақсылық, кедейлік; қадір бедел; ниет, тілек; ынсап, қанағат; қайырымдылық, мейірімділік; шыншылдық, адал достық; махаббат-сүйіспеншілік; іштарлы; көрсе қызарлық, жалған сөйлеу, өтірік айту; белсенділік бір сөзділік; талапкерлік, намысшылдық; ар-ұят т.б.
3-тапсырма: Төмендегі сөздердің мағынасын тұрақты сөз тіркестерімен айтып көріңдер.
Үлгі: Топырақты өлім-жүріп кетті, о дуниеге аттанды, қайта оралмас сапарға кетті, жан тәсілім қылды, жаны шықты, бақилық болды, ақырғы демі бітті, жүрек соғысын тоқтатты, көз жұмды, қонақты болды...
...Мылжың, бейпіл ауыз, жаулық, өштік, өткірлік, алыс, қайғыру, сырқаттанды, жас, бабына келу, сарыату маң дала, жасырын келу, кез қозғалды, қамқорына алу, менсінбеу, көңілсіз, күш бермеу, жазылды, үндемеу, жаратпау, жаңа қозғалмау, сұлу, жамандық, мән беру, анық, жақын, сергектік, шынын айту, көзге түсе беру, т.б.
4-тапсырма: Мәтіннің құрамындағы қарамен жазылған сөздердің мағынасына сөздіктерді пайдалана отырып, талдау жасаңдар. Әрбір сөздің немесе сөз тізбектерінің түп-төркінін анықтап, қай тілден келіп енгеніне мән беріңдер.
Қыстау
Үлкен кісілер қыста жауған қардың қалыңдығын: қырбақ, аттың қара тұяғынан, шамасынан, қызыласығынан, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан деп өлшейтін. Шынында да, біздің қыстаудың күнгейінде қабақ қар жатса, теріскейіндегі омбы қар аттың қары қапталынан келетін. Жан-жаққа жел үрлеп тастаған қасат қар жар қабаттанып, түксейіп-түксейіп тұрушы еді. Жұт жылдары осындай қалың қарды күрекпен ашып, астындағы сары шөпке мал жаятынбыз. Бұл бір ауыр бейнет қой. Кейде қия беттің қары жылжып кетіп, көшкін басып қала беретін. Сол үшін қыста үлкен сайдың күнгей бетіндегі қар жұқа түсетін, ықтасыны мол жыра-жықпылды қуалай қоныстанатын. Ол ол ма, бақсақ: ата-бабаларымыз малының қамына бола Арқадан Атырауға дейін көшіп-қонып журе береді екен. Сөйтіп, өзіне қыс қысқан кезде пана болатын болатын қонысты қыстау деп атапты.
Ендеше, шөбі шүйгін жайлы қонысты иемденіп алуға әркім-ақ тырыспай ма? Мұндайда кімнің іргесі бұрын тисе, қонысы соныкі болған. Әрине, малды адам, әлді адам қайда шұрайлы қоныс болса, сонда бұрын жеткен. Бірнеше жыл қыстаған соң, әлгі жер сол адамның атымен аталатын. Мәселен, ауыл адамдары: Көл бұлаққа қарай еңкейіп келе жатып Нұрғазының қыстауына соғып едім, биыл шөп ересен қалың шығыпты, - десіп әңгіме құратын (Н.Қазыбеков).
5-тапсырма: Этимологиялық сөздікті пайдалана отырып, мына сөздердің шығу тегіне, тарихына талдау жасаңдар. Тарихи жырлар мен эпостық шығармалардан мысалдар келтіріңдер.
...Алафа, алаш, алқалы, шар, сыбай, кешесі, жәреукелі, берен, шара, толағай, сызу, сыншы, сары, оразды, қайдақ, шерлеп, тақуа, мақам, жиһат, шаһбаз, бастырма, хикмат...
Үлгі: алафа 1) олжа, пайда, табыс; 2) пара, алым, ауы бастырық; 3) кәделі сыйлық, жөн-жоралғының атауы; 4) бедел, абырой.
Мысалы:
Қырық сан қара қалмақты
Жарлығына жаратқан...
Алафасын арттырып,
Арпалап атты қуантқан (Ш.Уәлиханов, І, 191).
6-тапсырма: Тіліміздегі жер-су атауларының өзі бір тарих. Оны білу, меңгеру үлкен мәдениеттілік. Сондықтан да мына жер-су, елді мекеннің атаулары қандай жағдайға байланысты пайда болған, байланысы бар ма, соны анықтап көріңдер. Ол үшін түсіндірме, этимологиялық, топонимдік сөздіктерді пайдаланыңдар.
Аманқарағай, Аңқаты, Арқалық, Балқаш, Боралдай, Жабасақ, Жоңғар Алатауы, Кеңгір, Қордай, Қызбел, Мойылды, Нарын, Саралжын, Сарыарқа, Тұран, Ұлытау, Ырғыз, Барбастау, Шілікті, Сайхын, Іле Алатауы, Қара төбе, Ойыл, Сағыз...
7-тапсырма: Көп нүктенің қрнына тиісті сөздерді қойып көшіріңдер. Мәтіндегі «ар-ождан», «ұят», «әдептілік» деген сөздерге түсінік беріп, осы сөздерге байланысты мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден, ақын-жазушылардың ұлағатты сөздерінен мысал келтіріңдер.
Достарыңызбен бөлісу: |