Ббк 81. 2 С 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет25/27
Дата10.01.2017
өлшемі1,9 Mb.
#1599
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27

-сы жұрнағын пайдалануда Абайдың жалпыхалықтық тіл нор-
масынан сәл ауытқитын ерекшелігі бар. Абай бәлсіну, сәнсіну, 
керексіну деп, жалпы тіл нормасында қалыптасқан тұлғаларды 
емес,  бәлсу,  сәнсу,  керексу  деп  жұрнақты  түбір  сөзге  тікелей 
жалғайды,  сол  арқылы  бұл  туынды  тұлғалардың  мағыналық 
бояуын  қалыңдатады.  Мысалы,  «Ел  керексу»  дегені  елді 
керексіну  деудің  орнына  келіп  тұр.  Бір  қарағанда,  мұндай 
тұлғалар тосын, нормадан ауытқу сияқты болып көрінгенмен, 
бірде  экспрессивтік  мән  алып,  бірде  ұйқас,  өлшем  құрауға 
жәрдемдесіп,  жиі  қолданылғандықтан  және  өлеңнің  идеясын 
ашуда  кедергі,  яғни  түсініксіздік  тудырмайтындықтан,  Абай 
тілінің бір ерекшелігі ретінде орын алады. Абай шығармалары 
тілінде  көптеген  төл  сөздердің  мағыналары  жаңғыру  (ауы-
су,  тарылу  не  кеңею)  арқылы  айқындалып,  біразы  терминдік 
дәрежеге  көтерілді.  Бұл  ретте  әсіресе  қоғамның  әлеуметтік 
топтары  мен  экономика,  сауда-саттық,  заң,  әкімшілік  салала-
рына қатысты ұғым, зат атауларын білдіретін төл немесе кірме 
сөздер көзге түседі. Олардың ішінде кейбіреулері (мысалы, бо-
лыс, жатақ, шаруа, закон, законшік, арыз, іс, қызмет, шығыс, 
өсім, өсімкер, алыпсатар, атқамінер, пайда, кеспе т.б. нақтылы 
ұғым  атауы  ретінде  терминге  айналды.  Әрине,  бұлар  –  тек 
Абай тудырған жаңа сөздер емес, сол тұстағы жалпыхалықтық 
тілдегі жаңа ұғым атаулары. Бұлардың көбі мағына жаңғырту 
арқылы пайда болған, олар – жұрнақ арқылы жасалғандармен 
салыстырғанда  аса  көп  те  емес,  дегенмен    Абай  мен  оның 
тұсындағы ауызша, жазбаша тілде кеңінен орын ала бастаған 
лексикалық  құрам  бөлігі.  Жаңа  сөз  жасаудың  өзге  тәсілдері 
Абай тілінде өріс алмаған.
Екі түбірді біріктіру арқылы жаңа сөз  жасау қазақ тілінде 
бар тәсіл болғанымен, бұл жолмен Абай жаңа сөз  жасамаған. 
Оның  шығармаларында  кездесетін  елубасы,  атшабар  тәрізді 
сөздер  (олардың  өзі  арабша  жазылған)  қолжазбалар  мен 
кітаптарда  бір-бірінен  бөлек  таңбаланған.  Абай  туындылары 
емес,  сол  кезеңдегі  жалпы  қолданыстағы  жаңа  сөздер,  жаңа 
құрылымдардың  ең  үлкен  түрін  Абай  фразеология  саласын-
да  жасаған.  Соны  фразеологизмдер  жасауда  перифраза  жиі 

352
қолданылған.  Тек  перифразалау  үшін  емес,  жалпы  жаңа  об-
раздар  жасау  үшін  Абай  семантикасы  жағынан  қатыспайтын 
сөздердің тіркестерінен жаңа фразеологизм жасайды. Мысалы, 
тентек  жиын,  саңырау  қайғы,  жабырқаңқы  сөз  дегендерде 
алдыңғы сын есімдер – адамға қатысты айтылатын сөздер, ал 
мұнда адам емес, жиын, қайғы, сөз сияқты дерексіз ұғымдардың 
сипаттамасы ретінде берілген. Бұл – Абайда жүйеге айналған, 
кеңінен  қолданылған  тәсіл  және  ол  кейбір  зерттеушілер 
танығандай,  орыс  әдеби  тілінің  ғана  әсері  емес,  бұрыннан 
қазақ әдеби дүниесінде сирек болса да кездесетін, үлгі-моделі 
бар  амал  (мысалы,  Дулатта  ойдың  мөңіреп  жұртқа  қайтуы, 
ақылды  көңілдің  құтысына  құю,  Шәңгерейде  ақ  ниеттің 
тотығуы т.б.). Фразеологизмдер саласында жүйелі түрде Абай 
жүргізген  тағы  бір  жаңалық  –  бұрынғы  фразеологизмдердің 
компоненттерін  өзгертіп  қолдану,  сол  арқылы  тың  ассоциа-
ция туғызу. Мысалы, Абайдың уайым жеу тіркесін қайғы жеу, 
өсекке таңу дегенді өсекке салу, ауызға сөз түспеу дегенді тілге 
сөз түспеу деп беруі – кәнігі тіл нормасын бұзу емес, стильдік 
өң беру, өлең өлшемі, ұйқасы талабын өтеу т.б. сияқты әр алуан 
мотивпен жасалған құбылтулар. Сөйтіп, Абайдағы лексикалық 
жаңа сөздер бірнеше түрлі мақсат көздеп жасалынған: бірі – 
шығармаларының әр қырлы тақырыбына қарай өзі қолданған 
жаңа  ұғымдарды  қазақтық  атау,  бұл  салада  әсіресе  дерексіз 
ұғым  атаулары  көзге  түседі,  екіншісі  –  образ  жасау  үшін 
стильдік жаңа сөздер қолдану, бұған -сы жұрнағымен келген 
етістік  сөздері дәлел болады. Абай тілінде сол кезеңдегі жалпы 
қазақ тілі үшін жаңа сөздер болып табылатын бірсыпыра атау-
лар еркін және молынан қолданылған. Бұған әсіресе әлеуметтік 
саяси-экономикалық мәдениет, оқу-білім салаларына қатысты 
мағына  жаңғырту  арқылы  және  өзге  тілдерден  сөз  қабылдау 
арқылы  жасалған  жаңа  тұлғалар  жатады.  Бұл  реттегі  Абай 
тілінің  ерекшелігі  кейбіреулерінің  мағыналары  айқындалып, 
бір  ғана  ұғымда  тұрақталып,  терминдік  дәрежеге  көтеріледі 
(шаруа, жатақ, арыз, іс, қыізмет, өсім, болыс, партия, кан-
дидат т.б.).
Әдеб.:  Жанпейісов  Е.  Қазақ  прозасының  тілі.  -  Алматы, 
1968;  Сыздықова  Р.  XVIII-XIX  ғасырлардағы  қазақ  әдеби 
тілінің тарихы. - Алматы, 1984.

353
Қазақтың жазба әдеби тілін қалыптастыру
XIX ғасырдың II жартысы, әсіресе соңғы ширегі қазақ хал- 
қының әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени өмірінде 
елеулі тарихи оқиғалар, өзгеріс-жаңалықтар мен шиеленіскен 
тартыстар дәуірі болды. Тілдің белгілі бір кезеңдегі деңгейі 
мен даму барысына қоғам өмірінің елеулі әсер ететіні белгілі. 
Бұл кезеңде Қазақстанда кітап бастырудың етек ала бастауы, 
мерзімді баспасөздің, көпшілікке арналған жартылай ғылыми 
әдебиеттің пайда болуы, азаматтық оқу-білімнің қолға алынуы 
әдеби тілдің жазба түрін жандандырып, оның нақтылы стиль-
дерге  тарамдалу  көріністерін  туғызды.  Діни  оқудың  қазақ 
қауымында осы тұста едәуір жандануы араб-парсы, шағатай 
тілдерінің  одан  әрі  таныс  бола  түсуіне,  бұл  тілдердің  қазақ 
тіліне  әсер  етіп,  ауыс-түйістің  жақсаруына  септігін  тигізді. 
Сондықтан  тіл  саясатын,  оның  жай-күйін  жақсы  танып, 
тілдің арта түскен әлеуметтік қызметін дұрыс түсінген қалам 
қайраткерлерінің  атқаратын  жұмыстары  ұлғайды.  Бұлардың 
ішінде, әсіресе Абайдың қызметі мен орны ерекше. Абай өмір 
сүрген кезеңде және оған дейін де қазақ қоғамы тіршілігінде 
ауызша  сақталып,  тарап,  дамып  келген  байырғы  әдеби  тіл 
қызмет  етті.  Сонымен  қатар  көптеген  түркі  халықтарына 
ортақ  ортаазиялық  жазба  дәстүрдің  негізінде  қалыптасқан 
жазба  әдеби  тіл  де  қазақ  мәдениетінен  елеулі  орын  алады. 
Келешекте  қазақ  халқының  рухани-мәдени  қажетін  өтейтін 
бірегей  жазба  әдеби  тілді  қалыптастыру  үшін  осы  II  түрлі 
тіл  тәжірибесінің  біреуін  ғана  негізге  алу  қажеттігі  туды. 
Абай  санғасырлық  түркі  жазба  тілі  дәстүрімен  өзі  ақындық 
дүниесінің есігін қағар шағында таңдауынан гөрі тамашала-
уы  басым  14-19  жасында  танысты.  Оның  шығармаларынан 
бізге осы дәстүрде жазған 3 өлеңі келіп жеткені мәлім. Кейін 
саналы,  мақсатты  шебер  шығармашылыққа  бет  алғанда,  ол 
шағатай тілі, шағатай әдебиеті дәстүрінен бас тартты. Бірақ 
көптеген түркі тілдерінің мұқтажын өтеп келген, санғасырлық 
тұрақты  дәстүрі  бар  шағатай  тілін  Абайдың  қаламауы  бұл 
тілдің  «жамандығынан»  емес-ті.  Ең  алдымен,  оған  тілдің 
бұқаралық  бағыты,  жергілікті  халықтың  сөйлеу  тіліне  бет 
бұру  бағыты  басты  себеп  болды.  Осы  ағыстан  қазақ  тілі  де 
қағыс қалған жоқ. Қоғамның өсіп келе жатқан мәдени, руха-

354
ни және эстетикалық мұқтажын өтеуде сол қауымның қалың 
бұқарасына  ортақ,  жалпыға  түсінікті  сөйлеу  тілін  таңдау 
қажеттігін  Абай  жақсы  түсінді.  Халықтың  ұлт  ретінде  топ-
тасуына  ұйытқы  болатын  негіздердің  бірі  –  жазба  әдебиет 
тілінің  болуы  десек,  Абай  қазақ  ұлтының  қалыптасуы  үшін 
мұндай  қасиетті  шағатай  тілінен  көре  алмады.  Ол  мұны 
қазақ  халқының  сөйлеу  тіліне  негізделген  ұлттық  ауызша  
әдеби  тілден  тапты.  Сөйтіп,  XIX  ғасырдың  II  жартысын-
да  қазақтың  байырғы  ауызша  әдеби  тілінің  жаңа  кезеңі  ба-
сталды. Бұл кезең ұлттық жазба әдеби тілдің негізін қалады. 
Қазақтың  ұлттық  жазба  тілі  мен  Ыбырай,  Абайдың  мол 
әдеби,  педагогикалық,  публицистикалық,  текстологиялық 
шығармаларында,  қазақтың  алғашқы  баспасөздерінің  бет- 
терінде, енді-енді көріне бастаған азаматтық тақырыптарда- 
ғы  кітапшалардың  материалдарында,  әр  алуан  бағыттағы  
ақындар  өлеңдеріңде,  әлі  де  туындап  жатқан  ауыз  әдебиеті 
үлгілерінде қолданылып, бел ала бастады.
Жаңа жазба әдеби тіл өзінің әлеуметтік қызметі, стильдерге 
тарамдалуы жағынан ауызша дамыған байырғы әдеби тілден 
де, кітаби тілден де өзгешеленіп тұрды. Байырғы ауызша әдеби 
тілден  жаңа  кезеңдегі  қазақ  әдеби  тілінің  ерекшелігі  –  оның 
жазба сипат алуында; қызмет ету өрісінің кеңеюінде; лексика-
грамматикалық  өлшемдерінің  айқындалып,  тұрақталуында: 
жаңа стильдік салаларға бөлінуінде; көркемдеуші тәсілдерінің 
түрленіп,  молығып,  жаңаруында  еді.  Байырғы  ауызша  әдеби 
тіл негізінен көркем әдебиетке, оның ішінде көбінесе поэзияға 
қызмет  етіп  келсе,  жаңа  жазба  әдеби  тіл  әдебиеттің  өзге  са-
лаларында:  қоғамдық-публицистикалық,  тіпті  діни  әдебиет 
үлгілеріне де қызмет етуге бағыт алды.
Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің дәстүрлі түркілік жаз-
ба тілге негізделген кітаби тілден өзгешелігінің бірі – қызмет 
ететін салаларды, яғни төл жазба әдеби тіл әдебиет түрлерінің 
басым көпшілігіне, әсіресе көркем әдебиеттің прозалық жанр-
ларына  қызмет  етуді  таңдауында  болса,  кітаби  тіл  ресми 
қағаздар  (әкімшілік  орындарының  бұйрық-жарлықтары  т.б.) 
мен мұсылман дініне қатысты әдебиетті және ішінара көркем 
әдебиетті («қисса» деп аталған жанрды) қалады. Ұлттық әдеби 
тіл қазақ халқының сөйлеу тілінен алшақтамай, оны негіз етсе, 
кітаби тіл сөйлеу тілі өлшемдерінен алыстап, көпшілік бұқараға 

355
бейтаныс түркілік және араб-парсылық белгілерді мол пайда-
ланды. Дегенмен бұл екі жазба тіл бір-біріне ықпалдарын да 
тигізді. Ұлттық жазба тіл бұрыннан жазба дәстүрде келе жатқан 
кейбір сөздер мен тұлғаларды өз тәжірибесінде еркін қолданды. 
Бұл тұстағы қазақ әдеби тілінің публицистикалық және жарты-
лай ғылыми стильдерінде кітаби тілдің белгілері едәуір орын 
алды. Мысалы, «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты 
газетінің»  беттерінде  араб-парсы  сөздері  көбірек  көрінді, 
кейбір -мыш жұрнақты есімше сияқты «түркілік» тұлғалар да 
жиі жұмсалды. Орфографиялық өлшемдер көп сәттерде жазба 
тілдің екі түріне де ортақ болып келді. Осы күнгі ең, әр, пайда, 
Құдай деп жазылатын сөздер сол кездегі сөйлеу тілінде де осы 
тұлғаларда айтылғанымен, жазуда һеч, һәр, файда, Хұдай деп 
қолданылды,  дерексіз  ұғымдағы  араб-парсы  сөздері  көбінесе 
түпнүсқадағы таңбалануын сақтады.
Қолданылу өрісіне келгенде елеулі айырмашылықтар бол-
ды. Ақын-жыраулардың ауызша әдеби тілді танытатын өлең-
толғауларында  қазақтың  ауыз  әдебиеті  үлгілерінен  басқа 
өзге халықтардың әдеби дәстүрлеріне, тілдеріне иек арту көп 
көріне  қойған  жоқ,  ал  жазба  әдеби  тіл  араб,  парсы,  шағатай, 
орыс әдебиеттерінің үлгісімен дамыды. Ауызша әдеби тілдің 
стильдік тармақтарға бөлінуі жазба тілге мүлде тең келмейді. 
Алғашқысы негізінен көркем поэзия мен шешендік сөздер (би-
лер сөздері, әдет-ғұрып заңдары т.б.) стилінде ғана өмір сүріп 
келсе, ұлттық жазба тілдің көркем поэзиядан басқа көркем про-
за, публицистика, ресми іс қағаздары стильдеріндегі алғашқы 
үлгілері пайда болды. Жартылай ғылыми стильдің де нышаны 
байқалды.  Ұлттық  жазба  әдеби  тілдің  осындай  белгілерінің 
пайда  болуына  Абайдың  қосқан  үлесі,  атқарған  еңбегі 
айрықша. Абай, біріншіден, әдеби тілдің әлеуметтік қызметін 
қазақ қоғамының сол заман талабына сай ұштастырып, дұрыс 
тани  білсе,  екіншіден,  нақты  шығармашылық  қызметінде: 
а)  әдебиеттің  идеялық-тақырыптық  мазмұны  мен  тілінің 
үндесуін  негізге  алып,  сөздіқ  құрамға  жаңа  лексикалық  топ-
тар  қосты,  әсіресе  социология,  философия,  право,  эстети-
ка  тақырыбына  қатысты  сөздердің  жоқтарын  жасап,  барла-
рын  тұрақтандырды;  ә)  сөздік  байланысты  қалыптастыруға 
тілдерді,  әсіресе  орыс  тілін  қатыстыруға  жүйелі  сипат  берді, 
орыс сөздерін бұрынғыдан тек ауызекі сөйлеу тілі арқылы емес, 

356
орыс  жазба  әдебиетінен  тікелей  алды,  бұрынғыдай  нақтылы 
зат атаулары ғана емес дерексіз ұғым атауларын да қабылдады, 
сондай-ақ орыс сөздерін қазақ тілінде жоқ ұғымдарды білдіру 
үшін  ғана  емес,  стильдік  мақсаттарға  пайдаланды;  б)  әдеби 
тілдің  лексикалық  өлшемдерін  күшейтті,  жеке  сөздердің  се-
мантикасын  тарылтып  не  кеңейтіп,  айқындау  арқылы  белгілі 
бір  мағынада  тұрақталуын  қамтамасыз  етті,  кейбір  атаулар-
ды  терминдік  дәрежеге  көтерді,  сөздердің  тіркесу  аяларын 
кеңейтті, белгілі бір нақты ұғымды өзгелерімен шатастырмай, 
бір-біріне  ұқсас  зат,  құбылыс,  ұғым  атауларын  бөлек-бөлек 
беруді ұсынды. Қазақтың зандарына байланысты әңгіме бол-
са  –  би,Россия  империясының  заң  қызметіне  қатысты  жер-
де – судья,шариғатқа қатысты тұста қазы сөздерін қолданып, 
мұсылманша, ескіше оқуды әңгімелесе, жалпы азаматтық білім 
алуды  сөз  етсе  –  оқу-білім,  ғылым-білім,  ғылым  оқу,  ғылым 
табу деген сөздерді жиірек пайдаланды, ал орысша ағарту ісін 
айта қалса, орыстың ғылымы, кейде тіпті образование деп те 
жіберді. 
Қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасып, даму барысында 
ұлттық  поэзияның  орны  ерекше.  Абай  ертеден  қалыптасып, 
ауызша  тараған  аса  бай  әрі  күшті  қазақ  поэзиясының  жал-
пы  заңдылықтарын  сақтай  отырып,  көптеген  жаңалықтар 
енгізіп, өзгерістер жасады. Бұл жаңалықтар жеке суреткердің 
қолтаңбасын көрсету, өлеңдегі сөз қолданыс тәсілдері, өлеңді 
айқын,  ықшам  және  әуезді  етіп  ұсыну  сияқты  салаларды 
қамтиды. Абай қазақ поэзиясында ақынның өзіндік қолтаңбасы 
деген жаңа дәстүрді бастады. Абай шығармаларының тілі өзіне 
дейінгі,  өзімен  тұстас  қазақ  көркем  сөзі  тілінен  ерекшеленіп 
тұрады.  Заттың  не  құбылыстың  сыр-сипатын  әр  қырынан 
айқындай  түсетін  жаңа  теңеулерді  мол  енгізу  (асау  жүрек, 
мұз  жүрек,  үрпиген  жүрек,  қырық  жамау  жүрек),  көркем 
бейне  жасау  үшін  бояуы  қалың  сөздерді  шоғырлап  жұмсау, 
кейбір  грамматикалық  тұлға-тәсілдерге  стильдік  жүк  ар-
тып,  оларды  жиі  қолдану,  бұрын  қазақ  поэзиясы  білмеген 
фразеологизмдердің  жаңа  түрлерін  енгізу  т.б.  өлеңнің  Абай 
қаламынан шыққандығын дәл танытады. Ол айтпақ ойын басы 
артық,  қосалқы  бейнелерсіз  жеткізу  арқылы  өлең  тілінің  аз 
сөзді үлгісін жасады. Поэзия тілін жинақы, ықшам етіп, өлеңнің 
жеке тармақтары мен шумақтарының сыйымдылығын арттыр-

357
ды. Абай тілдің синтаксисіне де түбегейлі өзгеріс-жаңалықтар 
енгізді.  Бұл  тұжырым  оның  поэзиясына  да,  прозасына  да 
қатысты.  Прозасының  синтаксисінде  құрмалас  сөйлемдерді, 
төл сөзді құрылымдарды жасауда және сөйлем мүшелерін ор-
наластыруда Абай осы күнгі ережелерге ұласатын өлшемдерді 
ұсынды.  Абайдың  қазақ  өлеңі  құрылымына  енгізген  жаңа 
ырғақ, өлшемдері оның синтаксистік құрылысының да өзгеше 
болуын талап етті. Абай тіл қызметінің аумағын кеңейтті. Ол 
өзінің  ғаклия  сөздері  арқылы  әдеби  тілді  тек  поэзияда  ғана 
емес,  сонымен  қатар  публицистикада,  жартылай  ғылыми 
мақалалардада қолдануға болатынын дәлелдеді.
Абай заманында қазақ тілі құрылысына әлеуметтік күштер 
саналы  түрде  араласа  алмады,  яғни  әдеби  өлшемдерді  белгі- 
леп,  оларды  тұрақтандыруға  күш  салатын  ғылыми  орталық- 
тар, тілдің өлшемді-өлшемсіз сәттерін ретке келтіретін грам- 
матикалық  құралдар  мен  сөздіктер  болған  жоқ.  Бұл  жағдай 
жаңа кезеңдегі қазақ әдеби тілінің даму барысын, оған белсе-
не атсалысқан Ыбырай, Абай сияқты қалам кайраткерлерінің 
қызметін ауырлата түсті.
Әдеб.:  Әуезов  М.  Қазақтын,  әдеби  тілі  туралы  //  Әдебиет 
және исқусство. - 1951. - №4; Кенжебаев Б. Абай – қазақ хал- 
қының  жаңа  әдебиетінің  негізін  салушы  //  Ученые  запис- 
ки КазГУ им. С.М. Кирова. - Язык и литература. - 1955. - Т.19; 
Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай 
поэзиясының тілі. - Алматы, 1960.
Қарсы мәндес сөздер 
(антонимдер)
Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы келетін сөздерді Абай 
көркемдеу, образ жасау құралы ретінде ұтымды пайдаланған. 
Ақын  дүниеге  көзқарасын  ізгілік  пен  жамандық,  өмір  мен 
өлім,  қастық  пен  достық,  білімділік  пен  надандық  сияқты 
кереғар  іс-әрекет,  құбылыстарды  көрсету  арқылы  білдірсе, 
бұлардың тілдегі көрінісі –  қарсы мәндес сөздерді пайдалануы 
заңды. Абай қарсы мәндес сөздердің баршасын дерлік образды 
күшейту үшін қолданған. Мысалы, «Ішім өлген – сыртым сау, 
Бүгінгі дос – ертең жау» деген жолдардағы барлық сөздер қос-
қос қарсы мәндес сөздер болып келеді: іш – сырт, өлген – сау, 

358
бүгінгі – ертеңгі, дос – жау. Кейбір сөздердің нақты мағынасын 
қатарындағы қарсы мәндес сөздерге қарап тануға болады. Мы-
салы: «Оқыған білер әр сөзді, Надандай болмас ақ көзді» де-
генде оқыған сөзінің семантикасы – жалпы бір нәрсені оқыған 
адам емес, сауатты, көзі ашық адам. Мұны бұл жердегі надан 
қарсы мәндес сөздерді білдіреді.
Кейбір сирек қолданылатын, жеке тұрғанда мән-мағынасын 
екінің  бірі  тап  басып  біле  бермейтін  сөздердің  де  Абай 
қолданысындағы семантикасын қарсы мәндес сөздерге қарап, 
оңай  ұғуға  болады.  Мысалы,  шәргез  сөзінің  «жөнсіз,  қыңыр, 
шәлкес» мағынасы «Надан жөндіге жөн келмей, Білер қайдағы» 
деген тармақтарынан танылады. Сол сияқты: «Бұл сөзді тасыр 
ұқпас,  талапты  ұғар»  деген  сөйлеміндегі  тасыр  сөзі  жалпы 
түсініктегі  «есер,  алаңғасар,  тасырлаған  (адам)»  ғана  емес, 
«еш  нәрсеге  ынтасы,  талпынысы  жоқ,  еш  нәрсені  білмекке 
құмарлығы жоқ адам» деген семантикалық реңкі бар сөз екенін 
оның осы сөйлемдегі талапты қарсы мәндес сөзі көрсетеді. 
Тіпті қарсы мәндес сөздер ұғымдарды «Алла мықты жаратқан 
сегіз батыр» деп жұмбақтап, оның шешуін: «Қыс пенен жаз, 
күн мен түн, тақ пенен жұп, жақсылық пен жамандық болды 
сегіз» деп өзі береді. Өмір жайында философиялық ой қозғаған 
ақын  сол  өмірдің  өзі  тудырған  қарама-қарсы  құбылыстарды 
тілдегі  қарсы  мәндес  сөздер  арқылы  поэтикалық  құрал  етіп 
алған.
лексика 
Абай тілінің негізі қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу тілі мен 
ауызша  әдеби  тілі  болғандықтан,  оның  лексика-фразеология- 
лық  қазынасы  тегі  жағынан,  ең  алдымен,  қазақтың  төл 
сөздерінен, одан соң шағын мөлшерде араб-парсы және орыс 
сөздері қабатынан құралады. Өз тұсындағы қазақ қоғамының 
саяси-әлеуметтік,  мәдени-экономикалық  күй-жағдайына  орай 
қазақ  лексикасында  болған  өзгеріс-жаңалықтарды  Абай  тілі 
айқын көрсетеді. Мысалы, кейбір атаулар ескіріп, қолданыстан 
шыға  бастаса,  Абай  ондай  сөздерді  көбінесе  көнені  суреттеу 
үшін немесе образ үшін пайдаланады. Хан, уәзір, аламан, абыз, 
жылыс, тотыс, наурыздама сөздері көбінесе Қара сөздерінде 
тарихты  баяндайтын  тұстарда  қолданылады.  Ал  өмірге  кел-

359
ген жаңа атауларды жатсынбай қабылдап, өзі де бұларға қоса 
жаңаларын жасайды. 
Абай шығармаларының тақырыбына орай төл лексиканың 
ішінен этнографизмдерді де (шілдехана, үш тоғыз, қынаменде, 
ақшомшы, ықтырма, күзеу т.б.), көне киім-кешек, сауыт-сай-
ман,  құрал-жабдық  атауларын  да  (дәндәку,  жарғақ  шалбар, 
пыстан, шақпақ, шөншік, дулыға, шарайна т.б.) пайдаланады. 
Сондай-ақ  сыртқы  тұлғасы  жағынан  көнерген  сөздерді  (мы-
салы,  ұлы  дегеннің  орнына  ұлық,  кіші  сөзінің  орнына  кішік, 
тураның  орнына  тұғры  тұлғалары)  ұйқас  құрау,  мағыналық 
реңк  үстеу  сияқты  белгілі  бір  мақсатпен  қолданады.  Деген-
мен Абай тұсында бірқатар сөздердің көнеру дәрежесі қазіргі 
кездегіден  әлдеқайда  солғындау  болғаны  байқалады.  Мыса-
лы,  «ағайын,  туысқан»  мағынасындағы  қарындас  сөзі,  «ел, 
жақын» және «жат, алыс» семантикалы алаш, «әскери» мағы- 
насындағы  қол  сөздерінің  әлі  де  осы  ұғымдарда  еркін  және 
жиі қолданылғандығын сол кезеңдегі қазақ әдеби тілі де, Абай 
тілі де көрсетеді. Қоғам өмірімен етене қабысқан тіл, әсіресе, 
оның лексикасы сол қоғамның әр кезеңдегі тыныс-тіршілігіне 
орай өзгеріп отырады, яғни бірқатар сөздердің мағыналары ау-
ысады, бірсыпырасы терминдік дәрежеге көтеріледі, енді бір 
алуанының  қолданылу  жиілігі  артады.  Бұл  процеске  қалам 
қайраткерлері  белсене  қатысады.  Осы  ретте  Абайдың  еңбегі 
көзге түседі.
XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  қазақ  қоғамы  өміріндегі 
елеулі тарихи оқиғалардың бірі – ел билеу, әкімшілік, әлеуметтік 
құрылыс  салаларындағы  өзгерістер,  жаңалықтар  болса,  Абай 
лексикасы осы өзгеріс-жаңалықтарды атайтын сөздерді молы-
нан танытады. Олар қазақтың төл сөздері де, кірме сөздер де бо-
лып келеді. Мысалы, елбилеу, әкімшілік құрылысына қатысты 
болыс, старшын, жандарал, ояз, кандидат, сайлау, шар, тас, 
шабарман, атшабар, атқамінер, ұлық сияқты сөздер; заң, сот 
саласына  қатысты  заң,  закүн,  сот,  содия,  шариғат,  куә,  би, 
билік, жан беру, ант ішу, антқа салу, анттасу, айып, тоғыз, 
барымта, дүре, салауат, дау, даугер, теңдік, бітім, төре беру, 
жаза,  шағым,  арыз,  арызшы,  іс,  қағаз,  тергеу,  кәтелөшке, 
түрме, дознание, прошение сияқты сөздер термин дәрежесіне 
көтеріліп,  әдеби  тіл  нормасына  айналады.  Бұл  ретте  кейбір 
әлеуметтік ұғым атауларының мағынасы айқындалып, ішінара 

360
терминделу  процесі  Абай  тілінде  ерекше  байқалады.  Мы-
салы,  жарлы  мен  кедей  сөздерінің  ақын  біріншісін  сын  есім 
ретінде жиірек қолданады да, сол кездегі әлеуметтік топ ата-
уына  кедей  сөзін  әлдеқайда  жиі  телиді.  Сол  сияқты  байғұс 
сөзінің  ертеректегі  «қоңсы,  жалшы»  мағынасы  солғындап, 
бұл сөз  көбінесе «бейшара, мүсәпір» деген мағынадағы сын 
есім ретінде нормалана бастайды. Әрине, Абайда бір ұғымды 
бір  ғана  атаумен  білдіру  барлық  жерде  бұлжымай  жүзеге 
асырылған  жоқ,  өйткені  сөздердің  барлық  айналуы  –  едәуір 
ұзақ тәжірибенің жемісі және жеке қаламгердің еңбегін емес, 
көптің еңбегін, әсіресе баспасөз  сияқты көпшілікке ортақ жаз-
ба дүниелердің қызметін қажет ететін құбылыс. Осы себептен 
Абайда  да  кәсіп  мағынасында  кәсіп,  өнер,  харекет  сөздері, 
еңбек  мағынасында  еңбек,  бейнет,  қызмет  сөздері  жарыса 
қолданылған және керісінше, бір сөз  арқылы бірнеше мағынаны 
білдіру де орын алады. Мысалы, Абай тілінде ғылыми сөзі осы 
күнгі мағынасымен қатар, «білім, оқу» семантикасын да қамти 
қолданылған.  Өз  тұсындағы  қазақ  қоғамының  экономикалық 
күй-қалпына,  сауда-саттыққа  қатысты  лексика  тобын  өзінің  
кең  тақырыпты  шығармаларында  молынан  пайдаланып,  
мұнда да өмір суретін беретін сөздік қазынасын жасайды. Жал-
пы әдеби тілде, оның ішінде Абай тілінде базар, сауда, мәліш 
сауда, саудагер, бұл (пұл), өсім, өсімқор, табыс, пайда табу, 
зиян шегу, несие, қарыз, борыш сөздерінің көпшілігі қазақ да-
ласына  келген  жаңа  ұғымдардың  атаулары  ретінде  тұрақтала 
бастайды.
Абай  шығармалары  тақырыптарының  бірі  оқу-ағарту, 
білім-ғылым, мораль жайы болғандықтан, осы салаға қатысты 
лексика  тобы  ақын  тілінде  молынан  кездеседі.  Бұл  реттегі 
Абай тілінің ерекшелігі, біріншіден, ол бірқатар сөздерді өте 
жиі  қолданып,  олардан  туынды  тұлғалар  жасап,  белсенді 
қорға  айналдырған.  Мысалы,  білім  сөзін  30-дан  аса  рет 
қолданып,  одан  білімді,  білімсіз,  білімділік,  білімсіздік  деген 
туынды  сөздер  мен  білім-ғылым,  ғылым-білім  деген  қос  сөз 
тұлғаларын  жасаған.  Ал  ғылым  сөзін  Абай  100-ден  аса  рет 
пайдаланып,  оны  осы  күнгі  орысша  «наука»  деген  ұғымнан 
гөрі  білім,  оқу  сөздерінің  баламасы  ретінде  алған.  Мысалы, 
«Хатта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберіп, 
жақсы  дін  танырлық  қылып  үйретсе»  дегендегі  мұсылман  – 

361
мұсылманша оқу, «Балаңа орыстың ғылымын үйрет» дегендегі 
Абайдың  айтпағы  –  орысша  оқыту.  Сондықтан  Абай  тілінде 
ғана  колданылған  ғылым  табу,  ғылым  оқу,  ғылым  іздеу 
тіркестері білім алу деген мағынада келеді. Сөйтіп, Абай лек-
сикасы  XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  қазақ  әдеби  тілінің 
тақырыптық серияларға қатысты саласының байлығы мен ба-
рын, өзгөрісі мен жаңалығын танытатын айнасы іспетті бол-
ды. Абай шығармашылығының дені поэзия болғанымен, оның 
жырлаған тақырыптарына орай және ақын жаңашылдығы мен 
шеберлігіне қарай өлеңдер тілінің өзінде де әлеуметтік терми-
нология  мен  экономика,  саясат,  оқу-ағарту,  мәдениет  салала-
рына қатысты сөздер кең орыналған. Лексиканың бұл топта-
рын мол қамтуына Абайдың проза жанрына баруы да септігін 
тигізген.
Абай  тілі  лексикасының  келесі  қабаттары  –  араб  жене 
парсы  сөздері.  Бұрыннан  қазақтың  жалпыхалықтық  тілінде 
қалыптасқан  шығыс  сөздерін  Абай  жатсынбай,  еркін  қол- 
данады.  Олар  дінге,  оқу-ағартуға,  өнер-білімге,  әкімшілікке, 
сауда-саттыққа қатысты болып келеді. Араб-парсы сөздерінің 
басым көпшілігін, жалпыхалықтық тілдегі сияқты, Абайда да 
дерексіз ұғым атаулары құрайды (ар, абырой, мейір, нала, парыз, 
каһар, қиял,құдірет, дәурен т.б.). Абай тілі лексикасының бір 
ерекшелігі – мұнда қазақ тіліне енбеген араб-парсы сөздерінің 
де  қолданылғандығы.  Олар,  негізінен,  Абайдың  қара  сөзде- 
рінде,  онда  да  барлығында  емес,  тақырыбына  қарай  белгілі 
біреулерінде ғана шоғырланған. Ол шығармалар – «Жүрегінің 
қуаты  перзенттеріне»  арналған  атақты  38-сөзі  мен  қазақ 
оқырмандарына  иман  деген  –  Алла  табарақа  уатағаланың... 
жарлығына... мойын сұнып, инанмақ» екенін баяндаған 13-сөзі. 
Бұларда  философия  мен  моральға  қатысты  ой-пікірін  айтуда 
автор осы салалардағы ұғымдардың араб тілінде қалыптасқан 
атауларын  қазақшаламай,  сол  күйінде  пайдаланды.  Мыса-
лы,  саниғ  (өндіруші,  жасаушы),  салахият  (жарамдылық), 
сәмиғ (тыңдаушы), тахмин (болжау, бағалау), хасил (нәтиже) 
т.б.  Тіпті  кейде  арабша  тұтас  тіркестерді  қолданады  (иман 
тақлиди,  жәлиб  мәнфағат,  уафқи  музаррат  т.б.).  Бұл  қол- 
даныстар  стильдік  мақсатты  көздеген.  Шығыс  сөздерін  пай-
далануда  Абай  ұстаған  бір  бағыт  –  сол  кезде  айтылуы  мен 
жазылуы  жағынан  қалыптасып  болмаған  сөздер  қатарының 

362
әрқайсысына дербес мағына телу әдісі. Мысалы, Абай ғашық 
- асық, ғаділет - әділет, харекет -әрекет, хакім - әкім, қайла 
- айла сияқты жарыспалы варианттардың әрбір сыңарын жеке-
жеке мағынада жұмсайды.
Олар  өлең  техникасының  талабын  да  (мысалы,  «Сорлы 
асық  сағынса  да,  сарғайса  да»  деген  жолда  ғашық  сыңарын  
қолданса, өлеңнің буын саны тура келмес еді), мағына саралау 
мақсатын да («Ғаділетті жүректің әділетін бұзыппын»; «Қылып 
жүрген өнері әрекеті – харекет»), стильдік мақсаттарды да (мы-
салы, 38-сөзінде араб сөздерін түпнұсқада жазу: ғадалат, си-
фат, раст, хисап, харіф т.б.) өтейді.
Сөйтіп,  Абай  шығыс  сөздерін  қазақ  лексикасын  байыта-
тын бірден-бір жалғыз және ең басты көз деп есептемесе де, 
қазақ  әдеби  тілінің  лексикалық  нормасында  бұрыннан  еніп, 
қалыптасқан  араб-парсы  сөздерінің  мол  қорының  болуын 
құптаған,  олардың  қолданысын  құбылтып,  поэтикалық  тіл 
айналымын  қатыстыру,  мағыналарын  не  тарылтып,  терминге 
айналдыру (мысалы, насихат, хат, кедей сөздері) не кеңітіп, 
полисемияға – көп мағыналы сөзге айналдыру (мысалы, өнер, 
қызмет, ғылым, харекет, сипат сөздері), олардан синонимдік 
қатар  түзіп,  семантикалық  үстеме  реңктер  беру  (харекет 
-  әрекет,  ғашық  -  асық,  ғаділет  -  әділет,  заман  -  замана), 
стильдік  мақсатта  қолдану  принциптерін  ұстаған.  Абайдың 
араб-парсы  сөздерін  пайдалануында  түркілік  жазба  әдеби 
дәстүрдің әсері де жоқ емес. Мысалы, бірқыдыру жиі колданы-
лып, өлең текстеріне де енген хикмет, ғибрат, сухбат,һәмише 
сияқты сөздерді немесе 38-, 13-сөздерінде халық тіліне енбеген 
араб сөздерін, кейде тіпті тұтас тіркестерді молынан келтіруі 
түркілік (шағатайлық) нормаға үндеседі. Бұл – Абайдың кітаби 
тіл дәстүріне құбыжық ретінде емес, белгілі бір стильдік құрал 
ретінде қарағанын танытады.
Абай лексикасының келесі қабаты – орыс сөздері. Олар сан 
жағынан  араб-парсы  қабатынан  әлдеқайда  кем  болғанымен, 
әрі  қарайғы  орын  тебу  бағыты  жағынан  басым  түседі.  Бұл 
бағытқа себепкер, ең алдымен, қазақ қоғамының сол кезендегі 
және  әрі  қарай  әлеуметтік,  саяси,  экономикалық  күй-қалпы 
болса, екіншіден, қазақтың ұлттық жазба тілінің демократтық 
сипатта дамуы еді. Абай мен Ыбырай орыс тілі элементтерін 
тек жалпыхалықтық сөйлеу тәжірибесінен емес, тікелей орыс 

363
әдеби  тілінен  алды.  Абайдың  жалпыхалықтық  қолданыстан 
алып  пайдаланған  сөздерінің  көпшілігі  әкімшілік,  заң, 
шаруашылық  салаларына  қатысты.  Олар:  болыс,  кандидат, 
ояз,  сияз,  старшын,  майыр,  шен,  партия,  сот,  шар,  закун, 
закуншік,  кателешке,  бодан,  расход,  кір,  лапке,  барқыт,  са-
маурын, пәтер, сома, бақалшік, мәліш (сауда), аршепке, бара-
бан, зауыт, машине. Абайда өзіне дейінгі және өз тұсындағы 
қазақ әдеби үлгілерінде кездеспейтін бір топ орыс сөздері бар. 
Олар: адвокат, доктор, губернатор, начальник, визит, мона-
стырь, ладан, штык, картечь, такт, номер, химия, трагедия, 
единица,  ноль,  образование,  назначение,  посредник,  жеребе, 
прошение,  дознание,  прямота,  икра,  фабрик,  электр,  румке, 
стакан,  счет  деген  зат  есімдер  мен  уездный,  военный,  здра-
вомыслящий,  уголовный,  самородный  (сары  алтын),  виноват 
деген  сын  есімдер  және  гуляйттау,  пошел,  занимайся  деген 
етістіктер.  Бұлар  қолданылу  мақсаты,  тексте  кездесу  жиілігі 
жағынан  біркелкі  емес:  басым  тобы  (адвокат,  визит,  мона-
стырь, ладан, картечь, химия, трагедия, фабрик, электр т.б.) 
–  қазақша  сөздермен  беру  мүмкіншілігі  жоқ  болғандықтан 
пайдаланылғандар, енді бір шағын тобы (образование, назна-
чение,  дознание,  посредник,  прошение)  –  қазақша  баламасы 
бола  тұрса  да,  осы  ұғымдардың  орысша  «иісін»  сақтау  үшін 
стильдік  мақсатпен  әдейі  қолданылғандар.  Ал  здравомыс-
лящий,  коренной,  оязной,  счет  деген  орысша  тұлғадағы  сын 
есімдер мен занимайся прямотой тәрізді тіркесінің қолданысы 
да стильдік мақсат көздейді. Бұл сөздер Абайдың орысша оқып 
жүрген шәкірттерге арналған өлеңінде жұмсалған. Пошел, гу-
ляттау,  білетке  сияқты  сатиралық  бояуы  бар  осы  сөздерін 
Абай образ үшін қолданған. Орыс тілі элементтерінің тағы бір 
өте шағын тобы – штамп қыстырмалар. Арабша тұтас сөйлем 
тіркестерді  қолданғаны  сияқты,  Абай  прозасынын  тілінде 
бірді-екілі орысша күрделі атауды сол күйінде келтіреді. Олар: 
подвижный  элемент,  сила  притягательного,  однородного, 
впечатлительность  сердца.  Бұл  ақын  шығармаларын  жазу 
үстінде  орыс  тіліндегі  әдебиетті  пайдаланғандығын  таныта-
ды  және  бұларды  аудармай  алуының  себептері:  біріншіден, 
қазақша  философиялық  ғылыми  терминдердің  оларды  жасау 
тәжірибесінің  ол  кезде  жоқтығы,  екіншіден,  осы  ұғымдарды 
бұрмаламай, шатастырмай атау ниетінің болуы ұғымның ата-

364
уын орыс тілінде ала отырып, әрі қарай осы ұғымның мәнісін 
қазақшалап түсіндіреді. Бұл – қазақ әдеби тілінде бұрын-соңды 
болмаған  соны  тәсіл,  Абай  қолтаңбасы.  Орыс  тілі  арқылы 
интернационалдық  сөздерді  ішінара  қабылдау  принципінің 
алғашқы  нышандары  Абайдан  басталған.  Мысалы,  такт, 
трагедия, элемент, визит, химия тәрізді атаулармен қатар сол 
тұстағы  қазақтың  әдеби  тілінде  орын  ала  бастаған  партия, 
кандидат,  губернатор,  генерал,  доктор,  фабрика,  электр, 
миллион  сияқты  халықаралық  қор  элементтерін  қолдануды 
Абай  батыл  қостаған.  Бұларды  пайдаланудың  мотивтері  мен 
орындарын  кеңейткен.  Сөйтіп,  Абай  лексикасындағы  орыс 
сөздерінің қолданысы – қазақтың жаңа жазба тілінің даму ба-
рысында орын тепкен бағыттардың бірі. Бұл бағытты ұстап, әрі 
қарай жылжытуда Абайдың көздеген мақсаттары мен ұстаған 
принциптері  мынадай:  1)  орыс  сөздерін  өз  тұсындағы  қазақ 
қоғамының  саяси,  әлеуметтік,  экономикалық  және  мәдени 
өміріне  енген  жаңа  құбылыстарды,  заттарды,  ұғымдарды  ай-
ырып  атау  мақсатымен  қабылдау;  2)  әзірге  қазақ  қауымына 
бейтаныс  болса  да,  аударуға  болмайтын  ұғым,  зат,  құбылыс 
атауларын орыс тіліндегі түрінде беру; 3) орыс сөздерін образ 
жасау, әңгіме барысын белгілі бір оқырманға бағыштау сияқты 
стильдік мақсатта пайдалану. Бұл мотив, принциптер де – жаңа 
жазба әдеби тіл дамуында Абай қаламына ғана тән жатсынбай 
қабылданған соны құбылыстар.
Әдеб.: Жанпейісов Е. А.Құнанбаев пен М.Әуезов тіліндегі 
стильдік  кейбір  ортақ  өрнектер  //  ҚазССР  ҒА  Хабаршысы. 
- 1962. - № 1; Өмірәлиев Қ. Абай шығармаларындағы кейбір 
тілдік  ерекшеліктер  //  Ученые  записки  Гурьевского  педин-
ститута. - Серия историко-филологическая. - Уральск, 1962. -  
Вып. 2.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет