САН. Батырлар жырларында:
Он екі жасқа келгенде,
Он сан қолға бас болдым, –
деген жолдардағы сан сөзі немесе Махамбеттегі:
Алты сан алаш ат бөліп,
Тізгінін берсе қолыма,
Заулар едім бір көшке...
Сол онымыз жүргенде,
Мың сан әскер қол едік...
Сан шерулі қол болса,
Батырлар болар ағасы –
дегендеріндегі сан сөзін бұл күндегі «есеп» мағынасындағы
қолданысынан бөлек тану қажет. Өткен ғасырда қазақша-орысша
сөздік түзген Н.И.Ильминский сан сөзінің бір мағынасын «есепсіз
көп сан» («большое, неопределенное, впрочем, число») деп көрсетеді.
Бұл мәнде осы күні сансыз, сансыз көп сөздері жұмсалады. Ал о ба-
ста сан деген сөз «өте көп, мөлшерсіз көп» деген ұғымды білдірген.
Жалпы өлең жолдарындағы сан сөзі осы мағынада жұмсалып тұр. Ол
он сан, алты сан, мың сан деген тұрақты тіркестердегі он, алты, мың
деген сан есімдер де өздерінің номинатив (тура) мағынасын таныт-
пайды, олар да – «көп, белгісіз мөлшердегі көп» деген ұғымда келген
сөздер.
Сөйтіп, сан сөзі бір кездерде тілімізде «көп, сансыз көп» деген
мағынаны сан есімдермен тіркесте келгенде, тұтас тіркес болып біл-
дірген. Алты сан алаш – «қаумалаған қарындас», яғни қалың елі,
ағайыны, артынан ерген қалың жұртшылық, мың сан әскер де –
«есепсіз көп әскер».
145
САНА. «Алпамыс» жырында:
Маған да әсер қылып тұр
Зарланып айтқан санаңыз...
Қайда барып төгемін
Ішімдегі сананы, –
деген жолдар бар. Сана сөзі қатысқан өлең жолдарын өзге жырлардан
да жиі кездестіреміз. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Ол бір сана көңіліме салды дейді.
«Айман-Шолпанда»:
Айманның көңілі кең, ақылы дана,
Ішінде Арыстанның болар сана.
Бұлардағы сана – «сана-сезім» мағынасындағы сана сөзінен де,
«есептеу» мағынасындағы сана- етістігінен де өзгеше мәнде қолда-
нылған сөз. Келтірілген өлең жолдарындағы сана – «ой» және жай
ой емес, «толғантатын ой» мағынасында келген. Әсіресе, Сарғайып
санаменен жүзі сары немесе Қайда барып төгемін ішімдегі сананы
деген жолдарда сана сөзінің «қинаған, толғантқан, уайым жегізген
ой» деген мағыналық реңкі айқын көрінеді.
Сана сөзінің «ой, ойлау» мағынасы монғол тілінде де бар. Сана
сөзінің ой сөзіне синоним болып келетіндігін «Алпамыстағы»:
Қой дегенде қоймасаң,
Түсіремін ой-сана, –
деп плеонастық қатар (яғни бір мағынадағы екі сөздің қосарлана
қолданылуын) түзіп тұрғанынан да көрінеді. Ойды айтатын, төгетін,
салатыны сияқты сананы да салады, төгеді, айтады,
Әрине, қазақ тілінде бұл – кірме сөз емес, біздіңше, сірә, түркі-
монғол тілдеріне ортақ сөздердің бірі. Оның қазақтың ескі өлең-
жырларындағы мағынасы қазіргі философиялық, психологиялық
термин ретіндегі (орысша «сознание») мағынасынан едәуір өзгеше
болғаны көрінеді.
САНДЫҚ. ХVІ ғасырдағы қазақ тарихшысы жалайыр Қадырғали
би Қосымұлының атақты «Жамит` ат-тауарих» атты шежіресінде
Шыңғыс ханның өлерінде балаларына айтқан өсиетінде: «Мәнің
сүңгәгімні (ң) турған сандуқты алыб, өз уалайатларыңызға йүз
уруңуз» (Қадырғали би… 171) дейді. Мұндағы сандуқ сөзі – әрине,
бұл күнде біз білетін сандық (ішіне зат, бұйым, киім-кешек салатын)
емес. Орта Азияның отырықшы халықтарының (өзбек, тәжік т.б.)
өлікті жер қойнына беру салт-дәстүрінде орын алған сағана деген-
дерге өлікті салып қоятын жәшікті (саркофагты) сандық деп атаған
146
(Г.П.Снесарев. Реликты домусульманских верований и обрядов у уз-
беков Хорезма. - М., 1969. - Стр. 148-149). Сандық негізінен тақталар
мен кішігірім бөрене сияқты ағаштан қиюластырып жасалған. Сірә,
мұндай саркофаг жәшіктер тек сағаналарға қоюда ғана емес, жорықта
өлгендердің мәйітін белгілі жерге апаруға да қолайлы болған болу
керек. Шыңғыс ханның мәйіті белгілі бір орынға жерленбегені, оны
жәшігімен жер асты сағанасына жайғастырып, үстінен сан мың салт
аттылар мен жүздеген жылқы үйірін жүргізіп, адам таба алмайтын-
дай жермен жексен еткендігі тарихтан белгілі, бұл – Шыңғыс ханның
өз тілек-бұйрығы болды дегенді айтады тарихшылар. Демек, ХІІ-
ХІІІ ғасырларда монғолдарда сағаналап жерлеу дәстүрі болды ма,
болмады ма – оны арнайы анықтауды көздегеніміз жоқ. Тіпті бұл
дәстүр болмаған күннің өзінде Шыңғыс ханның өзі де, қалың ар-
миясы да Орта Азияны, Индияны, Қытайды жаулап, халықтарын
бағындырған шақтарда олардың өмір-салттарын біле жүрсе керек,
бұл салт-дәстүрлердің ішінде өзіне, әскеріне, жорықтарына пайда-
сы болатындарын көріп, кәдеге асырып отырғаны және түсінікті.
Сондықтан Рашид ад-дин мен Қадырғали би мәйітті салатын
сандық сөзін қолданған. Қазақ халқын құраған ру-тайпалардың
соңғы 4-5 ғасырлық өмір салтында өлікті сандыққа салып, жер асты
не жер үстіне сағана (склеп) орнатып, сонда жерлеу дәстүрі етек
алмаған болар. Сондықтан қазақтың ХV-ХVІІІ ғасырлардағы ақын-
жырауларында да, ауыз әдебиетінде де саркофаг мағынасындағы
сандық сөзі жоқ.
САРЫ. Түсті білдіретін сары сөзі – бұл күнде әбден түсінікті, жиі
жұмсалатын сөздердің бірі. Бірақ осы сөз келген жердің бәрінде де
түс атауы бола бермейтіні бар. Мысалы, бәрімізге белгілі сары ал-
тын тіркесі бар. Бұл өзі – тұрақты тіркес. Ертедегі өлең-жырларда да,
қазірде де қолданылатын сөздер. Мысалы:
Дүние деген сары алтын
Әркімдерді алдаған (Нұрым жырау).
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған (Махамбет).
Мұндағы сары сөзі, сырт қарағанда, солай сияқты болып
көрінетінімен, шындығында, түске байланысты емес, яғни алтынның
сары түсіне қатысты қалыптасқан тіркес емес. Сары алтын дегендегі
сары – парсыша сара сөзі, ол – «таза, қоспасыз, пробасы жоғары (ал-
тын, күміс жөнінде)» деген мағынаны береді. (Перс.-русск. сл., II,
435). Бұл ұғымда саф алтын деп те айтылатыны мәлім (саф деген
– арабша «таза» деген сөз). Абай тіпті самородный сары алтын деп
147
сол мағынадағы орыс сөзін қосып айтқаны белгілі. Сонда сары, саф,
самородный сөздері – бір мағынадағы үш тілдің сөздері. Демек, сары
алтын – таза, қоспасыз алтын.
Сары сөзінің бұдан басқа да тіркестерде түстен өзге мәндегі сөз
болып келетін жерлері бар. Мысалы, сары уайым тіркесіндегі сары
да – парсы сөзі, парсыша сар сөзінің бір мағынасы – «уайым, қайғы»
(Перс.-русск. сл., II, 435). Сонда сары уайым тіркесі – уайым-уай-
ым болып, бір мағынадағы екі сөздің қабаттаса айтылуынан пайда
болған плеонастық тіркес. «Уайым, қайғы» ұғымындағы сар сөзінің
қазақ тілінде жеке (яғни еркін тіркесте) қолданылмайтындығынан,
қазақ құлағына кәнігі (үйреншікті) сары тұлғасына ауыстырылып
қалыптасып кеткен.
Сар сөзінің түске қатыссыз қолданылатын үшінші жері – сары бел,
сары адыр, сары жота, сары дала, сары арқа, сары жал, сары бұлақ,
сары тау деген сияқты тіркестерде. Бұлардағы сары (көбінесе дұрысы
– сар) сөзі жер-су аттарын арнайы зерттеген ғалым Е.Қойшыбаевтың
көрсетуінше, «кең», «басты», «негізгі» және «айқын, анық көрінген»
деген мағыналарды білдіреді (Е.Койчубаев. Краткий толковый сло-
варь топонимов Казахстана. Алма-Ата, 1974, 89).
САУДА. Сауда сөзін бұл күнде затты сату не сатып алу әрекеті
мағынасында ғана түсінеміз. Ал қазақ тілінде бұл сөздің өзге де
мағынада келіп, жалғыздықтың саудасы, ғашықтықтың саудасы
сияқты тіркестер құрап жұмсалатын сәттері бар. Жауына жалғыз
шапқан Алпамыс батыр туралы:
Жалғыздықтың саудасы
Түсті ерге бір күнде, –
деп келсе, Жібектің аулына екінші рет аттанғалы тұрған Төлеген:
Басыма менің түсіп тұр
Ғашықтықтың саудасы, –
деп шынын айтады. Қамбар батыр қарсыласы қалмақ ханына:
Қан ағызып көзіңнен
Басына сауда салайын, –
дейді. Мұндағы ғашықтықтың саудасы деген тіркес «ғашықтық
оты, өлердей ғашықтық» деген мағынаны білдірсе, жалғыздықтың
саудасы немесе басына сауда салу дегендердегі сауда сөзі «қиындық,
ауыртпалық» деген мәнде жұмсалып тұр.
Сауда сөзінің араб тіліндегі мағынасы «ыза, меланхолия», пар-
сы тіліндегі мағыналарының бірі – «қатты құмарту, махаббат және
ызаланушылық, ыза», ал орта ғасырлардағы түркі ескерткіштеріндегі
мағынасы – «қатты құмарту, сүю, махаббат және құмарлық, әуейілік»
148
(Фазылов, II. 238). Сауда сөзінің қазақ топырағында пайда болған
мағынасы одан әрі құбылып, жалпы «ауыртпалық, қиындық» де-
генге көшкені байқалады, өйткені жалғыздықтың саудасы дегенде
сөз ұғымы махаббатқа, әуейілікке жуыспайды, бұл жердегі сауда –
«ауыртпалық, шарасыздық». Сауда сөзін дәл осы мағынада қазақтың
өткендегі ақын-жыраулары да пайдаланған:
Басыңа сауда болады
Жолдас қылсаң жаманды (Майлықожа).
Сауда сөзінің осы көрсетілген мағыналарда бұл күнде актив
қолданылмағанымен, бір кезде еркіндеу жұмсалғандығын жоғары-
дағы мысалдар дәлелдейді, бірақ қазақ тіліндегі араб-парсы сөз-
дерінің арнайы түзілген сөздіктері (Н.Оңдасьнов. Парсыша-қазақша
түсіндірме сөздік. Алматы, 1974, Е.Бекмұхаметов. Қазақ тіліндегі
араб-парсы сөздері. Алматы, 1977) бұл сияқты сөздерді бермейді,
көбінесе қалың жұртшылыққа түсінікті, талайдан арабтікі, парсынікі
екені көрсетіліп жүрген сөздер түсіндіріледі.
Сөйтіп, түбі арабтық сауда сөзі қазақ тілінде тек «сауда-саттық»
ұғымында ғана емес, араб-парсы тілдеріндегідей, сезімге, ақыл-
еске, адам мінезінің сипатына қатысты мағынада да жұмсалған екен.
Орнын тауып қолданса (ғашықтықтың саудасы деген қалыпта), бұл
сөздің қазірде де кәдеге асатыны сөзсіз.
САУДАЙЫ. Абайдың:
Саудайы-ай, сауды алмадың, сырқауды алып,
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып, –
деген өлең шумағындағы саудайы сөзі де – «құмарлық, сүйіспеншілік,
әуейілік» мағынасындағы жоғарыда талданған сауда сөзімен түбір-
лес, атап айтқанда, саудауи немесе сауда-и сөзін Абай «есі дұрыс
емес, әйелге есі ауған» деген мәнде қолданған. Ақын жинағында бұл
сөзге «істеген ісін абайламау, байқамай істеу» деп жалпы нобайы
келетін түсіндірме берілсе (Абай Құнанбаев, I том, 1957, 209), «Абай
тілі сөздігі» «алаңғасар, нақұрыс» деп анықтайды. Ал бұл сөзді Абай
Дүйсенқұл деген ауылдасына айтқан. Дүйсенқұл бірнеше рет әйелін
тастап жесір қатындарға үйленген адам екен, ол тағы бірде әйелін
тастап, Жақып дегеннің күйеуден шыққан ауру қызын алады. Абай
бұл шумақты сонда жазған. Демек, ақын Дүйсенқұлды саудайы десе,
оған «әйел дегенде есі ауып кеткен, есі дұрыс емес» деген баға беріп
тұр.
149
Саудайы сөзінің «есі дұрыс емес» деген мағынасы «Екі тентек
қосылса, саудайы болар, екі мақұл қосылса, таудай болар» деген
мақалда да байқалады.
САУЫН: САУЫН АЙТУ. Күні кешеге дейін қазақ қауымында
сауын айту дәстүрі болған. Сауын айту – үлкен ас, ұлы той сияқты
үлкен жиындар туралы ел-елге жариялап хабар беру. Бұрынырақ
жорық, аттаныс жайында да елге сауын айтатын болған. «Айман-
Шолпан» жырында ас берген шөмекейлерге өкпелеп кеткен Көтібар:
Шабамын Маман байды жиылсын деп,
Еліне барысымен сауын айтты,–
дейді. Ал осыдан бұрын кісісі өлген Кіші жүз алшын-жаппас шөмекей
елі:
Бір тұтқа Кіші жүзде бай еді деп,
Шөмекей Маман байға айтты сауын, – деп келеді.
Сауын айту – жай хабар айту емес, белгілі бір салттың рәсімі
ретіндегі хабарды жеткізу. Сауын айтылған жақ сол үлкен жиынға өз
үлесін, өз қатысын көрсетуге тиіс болған. Сондықтан сауын кез кел-
ген адамға емес, байлар мен билерге, батырлар мен белділерге айты-
лады, олар сол ұлы жиынға өз «пайларын» енгізеді: саба-саба қымыз
бен сойылар малын, бәйгеге шабатын жүйріктерін, күреске түсетін
балуандарын т.т. апарады. Мысалы, сол асқа:
Даңқымды шөмекейге білдірем деп,
Саба артып тоғыз нарға Маман келді.
және:
Шай-қант пен тоғыз нарға тоқаш артып,
Көтібар өзі батыр шекті келді.
Осы көрсетілген рәсім сақталмайтын жайттарда сауын айту емес,
өзгеше түрде хабарлау айтылады. Мысалы. «Айман-Шолпан» жы-
рында Маман байдың шабылып, екі қызы «жесір» (тұтқын) боп қолда
кеткенін естіген Әлібек:
Әлібек мұны естіп аттаныпты,
Жар салып қатар өскен ерлеріне, –
дейді. Бұл жерде Әлібек сауын айтпайды, жар салады, хабар береді.
Сауын айту тіркесіндегі сауын сөзінің сауу етістігіне қатысы
жоқ. Оның түбірі – көне түркі тілдеріндегі саб/ сап (sав) сөзі. Саб/
сап дегеннің мағыналары – «1) сөз, сөйлеу, 2) хабар, 3) хат, 4) мақал,
мәтел, 5) баяндау, тарих, әңгіме, 6) сәуегейлік» (ДС, 478, 421). Демек,
саб сөзі қазақтың сауын айту, сөз саптау сияқты тұрақты тіркестері
мен сәуегей сияқты сөздерінде сақталып қалған. Алғашқы екі
150
тіркесте бұл сөздің көне «сөз, сөйлеу, хабар» деген 1-2-мағыналары
ғана сақталса, сәуегей сөзінде 6-мағынасы сақталған. Сөз саптау де-
ген тіркестегі сап дегені де – сол көне саб сөзі, бұл тіркес – сөз сөйлеу
дегеннің дәлме-дәл баламасы (эквиваленті), өйткені саб – «сөз>, саб-
та– «сөйле-».
Сөйтіп, сауын сөзі – саб түбіріне (саб~сау) -ын жұрнағы жалғанған
сөз, беретін мағынасы – «сөз-хабар».
Көне түркі ескерткіштерінде сауын тұлғасы кездеспейді, мүмкін,
бұл осы сөздің ескерткіштерде қолданылмағандығынан болар не-
месе сауын сөзі белгілі бір дәстүрдің пайда болуына қарай кейінгі
дәуірлерде (V-VIII ғасырлардан соң) жасалған сөз болуы. Әдет-
ғұрпы көбінесе қазақтарға сәйкес келетін қырғыздардың тілінде
(сөздіктерінде) «хабар» мағынасындағы сауын (соон) сөзі жоқ. Соған
қарағанда, бұл сөз қазақ халқын құраған тайпаларда өте көнеден келе
жатқан дәстүрге байланысты сақталған ұлттық сарқыншақтардың
(реликтілердің) бірі болу керек.
СИМИЯ: ХИМИЯ-СИМИЯ (ҚИМИЕ-СИМИЕ). XIX ғасырдың
II жартысында жасап өткен Шәңгерей ақын Америка ғалымы Эдисон
туралы өлеңінде:
Пәндерден қимие-симие ғылыми хикмет,
Көп сырлар ашты хикмет дүниеден, –
дейді. Мұндағы қимие-симие сөзіне берілген түсініктемеде «хи-
мия ғылымын айтып отыр» деп қана беріледі (XVIII-XIX ғ. қазақ
ақындары... 416). Бұл тіркестегі симие компонентін ат-мат, жігіт-
мігіт дегендердегі сияқты қос сөздің мәнсіз сыңары болар деп ой-
лаймыз. Ал, шындығында, қимие – «химия», симие – парсы тілінде
«магия, көз бояушылық, керемет іс» деген мағынаны білдіретін сөз.
Ол қимие (химия) сөзімен қатар айтылғанда, «алхимия» ұғымын да
береді. Демек, Шәңгерей Бөкеевтің қимие-симие деп отырғаны –
«химиядан да, алхимиядан да, яғни барлық ғылымнан хабары бар»
ғалым дегені.
Сірә, өткендегі әдеби мұраларда кездесетін бейтаныс сөздерді
түсіндіруде мейлінше дәл, толық мағлұмат берілсе, ол текстерді
түсініп, тұшынып оқуға көмектесер еді. Біздің осы кітаптағы барлық
талдауларымыз айтылған талап-тілекке септігіп тигізу мақсатын
көздейді.
СОЙУРҒАЛ/СОҺУРҒАЛ/СҰЙҰРҒАЛ. Бұл сөз қазіргі қолда-
ныста жоқ, тіпті ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулары
тілінде де, эпостық жырларда да кездеспейді. Бірақ бұл термин
151
дәрежесіндегі ескі атау қазақтың ертедегі жазба тілінде, оның ішінде
ХVІ ғасырда тарақ таңбалы жалайыр тайпасынан шыққан Қадырғали
бидің кейін «Жами` ат-тауарих» деген атқа ие болған атақты
жылнамасының біраз жерінен ұшыратамыз: «Барис Федарауич
…Ораз Мухаммедке Кермен шаһарын соһурғал қылыб берді».
«…Соһурғал қылыб, йарлықауың теңізге охшар» (Р.Сыздықова,
М.Қойгелдиев Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар
жинағы, 242 және 125-бетте). Бұл мысалдардағы соһурғал (кей жер-
де сойурғал деп жазылған) сөзі «тарту» дегенді білдіреді. Ол тарту
– тұрмыстық тарту-таралғы емес, орта ғасырдағы хан, бек, патша
сияқты әміршілердің әскери және мемлекеттік қызметі үшін өз адам-
дарына сыйға бөліп берген жер үлесі. Борис Годунов саяси мақсатта
бірнеше жыл қолында ұстаған қазақ ханзадасы – Оразмұхаммедке
алдымен Мәскеу түбінен поместье, кейін өзіне әскери жорықтарға
қатысып, үлкен еңбек еткені үшін «Қасым хандығы» деп аталатын
кішігірім жері бар хандықты (Орталық Ресейдегі хандықты) тарту
етеді, бұл хандықтың бас қаласы «Кермен шаһары» деп аталатын еді.
Қадырғали би тарихшы осы хандықты сойурғал етіп берді деп отыр.
Тарихшы бабамыз бұл еңбегінде Шыңғыс ханның да өз бектеріне
жасаған сойурғалдығы туралы да айтып отырған.
Сойурғал/суйурғал сөзінің соңындағы л дыбысы қатысып та, түсіп
қалып та қолданылғаны байқалады, мысалы осы мәтінде сойурғамыш
қылды деген де тұлға бар, бұл жердегі -мыш – парсының - миши
жұрнағы, сонда сойурғамыш қылды (парсыша суйурғамиши кунад)
түркіше сойурға(л) қылды (сойурғал етіп берді) дегенді білдіреді: «Уа
Худай жиһанны анларға суйурғамыш қылғай» (191-б.), кей жерде бұл
сөз көптік жалғаумен де келеді: «Чингиз хан аның қылған ақығына
үкүш сойурғаллар қылды» (167-бет).
Бұл термин қазақ хандығы құрылып, өмір сүрген кезеңдерде
көп қолданылмағанға ұқсайды немесе ақын-жырларда бұл саяси-
әкімшілік терминді сөз етпеген тәрізді, қысқасы, біз іздестірген
өлең-жырларда, батырлар жырларында сойурғал сөзі кездеспейді. Ал
бұл тұлға тарихи еңбектерде, шежірелерде кездесе қалса, оқырман
оның мағынасын біле жүрсін деп және Қадырғали бидің «Жамит`
ат-тауарих» атты жазбасын қазақтың ескі жазба тілінің үлгісі деп
танығандықтан, сойурғал сөзінің мағынасы мен қолданысын әдейі
талдап түсіндіріп отырмыз.
СҰМ, СҰМЫРАЙ. Бұл сөздер қазіргі тілімізде жағымсыз сипат-
ты білдіреді. Қазақ тілінің екі томдық түсіндірме сөздігі сұм және
сұмырай сөздерін былайша анықтайды: сұм – «залым, қу, жауыз»
152
(?), сұмырай – «жауыз (?), сұм, залым, жексұрын» (ҚТТС, II, 385).
Бұлардың сұмпайы варианты да осы мағынада танытылады. Ал
бұл сөздер сәл ертеректе (күні кешеге дейін) өзгеше мағынада да
жұмсалған. Мысалы, батырлар жырында:
Әкесі сонда сөйледі:
Олай деме, сұм ұлым,
Бұлай деме, сұм ұлым...
«Едіге» жырында Сыпыра жырау «Сыпыра сынды сұм жырау»
деп аталады. Шоқан жинаған материалда Орақ батыр:
Жалғыз да туған сұм басым,
Барымнан жоғым көп игі, –
дейді. «Алпамыс» жырындағы жеті жасар Жәдігерді Ұлтан құл:
Өлтіремін алып кел,
Жәдігер сұм баланы, –
дейді. Баян сұлу әрдайым өзін «Баян сұм» деп, ал Қозыға: «Атадан
жастай қалған сен сұмырай», – деп отырады. Осылардың барлығында
да сұм сөзінің мағынасы «бақытсыз, талайсыз, сормаңдай» дегенге
саяды. Шынында да, шум деген сөз парсы тілінде «бақытсыз, сорлы,
сормаңдай» дегенді білдіреді. Бұл сөз қазақ тілінде дыбысталуы сәл
өзгеріп (шум дегеннен сұм болып), сол өз мағынасына және бір реңк
қосып, өте ертеде енген деп топшылаймыз.
Осы реңк – бұл сөздің адамның (жастың) ата-анасынан жетім
қалып не бірге туған аға-інісінен, баласынан айырылып немесе
жал-құйрықсыз (аға-інісіз) жалғыз өсіп «сормаңдай, бақытсыз»
болған жағдайында айтылуы. Мысалы, Алмажан Азаматқызы (XIX
ғасырдың I жартысы) өзі туралы «өспей кеткір сұм басым» дейді,
ал мұны Алмажан әке-шешеден жетім қалып, тоғыз биге шағынған
өлеңінде айтады.
Сәкен Сейфуллиннің келтірген материалдарында жалғыз қызы
өлген шешенің жоқтауы бар. Онда шешесі былай дейді:
Ақ ешкі, сен де мұңды, мен де мұңды,
Жаратты Алла неге біздей сұмды.
Келгенде елу беске сұмырай Бетен
Айырылып жалғызынан аңырап қалды (Сейфуллин,VI, 149).
Мұнда да шеше өзін сұм, сұмырай деп атағанда, жалғыз қызынан
айырылып, сормаңдай болып отырғанын білдіреді. Қозы балаға
өрмегі үзілген кемпір: «Қатыныңнан айырылған сұм жүгірмек», –
дейді. Бұл жерде де сұм сөзі әкесі мен қалындығынан айырылған
жетім балаға қарата айтылып тұр.
Сұм тұлғасы сұмырай вариантында да келеді. Бұл күнде сұмырай
– мүлде жағымсыз қасиеттің атауы екені жоғарыда көрсетілді. Өткен
153
ғасыр сөздіктерінің өзінде қазақ тіліндегі сұмырай сөзін «айлакер»
(хитрец) деп танытады (Ильминский, 164). Қазіргі қарақалпақ тілінде
сұмырай – «өтірікші, алдамшы». Бірақ қазақ тілінде бұрын сұм мен
сұмырай сөздері бірінің орнына бір айтыла бергенге ұқсайды және
«бақытсыз, сормаңдай» деген ұғымда жиірек жүмсалған. Мысалы,
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Мен сұмырай сенен қалып не көрермін...
Кім айтты мұны саған сұмырай балам, –
деп те келеді. Алмажан ақын өзі туралы бір жерде:
Алмажан сынды сұм апаң, – десе, енді бір жерде:
Сұмырай туған қыз Алмаш, –
дейді. Демек, сұм, сұмырай сөздерінің күні кешеге дейін алып кел-
ген мағынасы бұл күнде пассивтеніп, сирек жұмсалатып болған да
олар көбінесе «алдамшы, өтірікші, қу, залым» деген сияқты адам
баласының жағымсыз қасиеттерін атайтын сөздерге айналған.
Бұдан сөз мағынасының қозғалысы үшін аса көп уақыттың керек
етпейтіндігі байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |