Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы



Pdf көрінісі
бет17/38
Дата29.01.2017
өлшемі3,48 Mb.
#2937
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   38

СҰРАУ. Бұл етістіктің «бір нәрсені білгісі келу», «бір затты беруін 

өтіну», «тілек білдіріп өтіну, қолқалау» деп «Түсіндірме сөздікте» (8-

том, 394- бет) көрсетілген үш түрлі мағынасының үстіне 4-мағынасын 

да көрсету керек еді, ол – ел «басқару, билеу» деген көне мағынасы. 

Бұл  мағынада  келген  сұра-  етістігі  көбінесе  ел,  жұрт  сөздерімен 

тіркесте келіп, «Батырлар жырлары» мен лиро-эпостардан, бұрынғы 

өткен ақын-жыраулар тілінен табылады. Алпамыс… қалың қоңырат 

еліне бек болып, жұрт сұрап тұрды (Алпамыс батыр», 1957, 21- бет). 

Сен залымды өлтіріп

Мен сұрайын жұртыңды («Қамбар батыр»). 

Білемін, хан Бәйеке, жарлығыңды,

Келсе − кең, қайтса − қайтпас тарлығыңды.

Баласын алты алаштың шырқ иіріп,

Ел билеп, жұрт сұраған хандығыңды (Шернияз).

Бұл тіркестің ел ұстау, жұрт ұстау деген синонимдік қатары да 

колданылған:

Кешегі ел ұстаған ханзаданың 

Сізді де ұрпағы деп бердім сәлем.

Олар да ел билеген, жұртын ұстап

Патшаға қара қазақ барысқан жоқ (Шернияз).



Сұрау  етістігінің  «билеу,  басқару»  мағынасында  Қазақстанның 

оңтүстік  өңірлерінде  қолданылатындығын  диалектологтер  көрсе- 

теді,  яғни  оны  жергілікті  ерекшелік  деп  табады  (Қазақ  тілінің 

диалектологиялық сөздігі, 1969, 300-301 беттер). 



154

СҰРҚЫЛТАЙ. Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек, 

төре  тұқымының  бірқатары  сияқты,  ақындыққа,  өнерге  бой  ұрған 

адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:

Тұсында Абылайдың Бұхар жырау

Хан Әділдің кезінде Түбек тұр-ау. 

«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы», 



Сұрқылтайым менің де екен мынау, – 

дейді. Қазақта «әр ханның тұсында – бір сұрқылтай» деген мәтел бар. 

Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, оның көбін орыс тіліне аударып 

бастырған  белгілі  этнограф-фольклоршы  –  Шоқан  Уәлихановпен 

Омск кадет корпусында қатар оқыған досы Г.Н.Потанин «Восточные 

мотивы  в  средневековом  европейском  эпосе»  (М.,  1899)  деген 

еңбегінде гурулъдай деген сөз монғолша «ханның кеңесшісі, ақыны» 

деп  анықтайды.  Қазақтар  қолданған  сұрқылтай  сөзінің  мағынасы 

да «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмары, ақыны» 

дегенді білдіреді. Бұхар жырау – Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, 

сұрқылтайы  болса,  Тезек  төренің  айтуына  қарағанда,  Әділ  ханның 

сұрқылтайы  Түбек  жырау  болған.  Зерттеуші  М.Жолдасбековтің  

жазуына  қарағанда,  Тезек  төре  Сүйінбайды  да,  Бөлтірікті  де 

ығына  жығып,  өзінің  сұрқылтайы  еткісі  келген  (М.Жолдасбеков, 

Асыл  мұралар,  1990,  153).  Мұны  жоғарыдағы  оның  Сүйінбайға 

«Сұрқылтайым менің де екен мынау» дегені дәлелдей түседі.

Бұл  сөздің  түбірі  монғолдың  «1)  оқыту,  2)  бір  нәрсеге  үйрету,  

3) тәрбиелеу» мағыналарындағы сурга(х) сөзі болу керек. Сургаал сөзі 

«ілім» мағынасын, сургуулъ сөзі «1) мектеп, училище, 2) оқу, үйрету, 

оқыту»  дегенді  білдіреді,  ал  -тай  –  монғол  тілінде  сын  есім  туды-

ратын  жұрнақ.  Сонда  сургаалтай  (сургултай)  қазақша  сұрқылтай 

«үйретуші (ақыл-кеңес беруші)» деген сөз болып шығады.



Сұрқылтай сөзінің көне этнографизмдердің (белгілі бір халықтың 

материалдық,  рухани  мәдениеті  мен  тұрмыс-салтын  танытатын 

сөздер)  бірі  екендігін  оның  қазіргі  монғол  тілі  сөздіктеріне  (мы-

салы,  1957  жылы  Мәскеуде  шыққан  монғолша-орысша  сөздікте) 

енбегендігі көрсетеді. Бұл сөз қазақ тілінде де мән-мағынасы мүлдем 

күңгірт тартып кеткендіктен, қазіргі жазушылардың бірқатары мұны 

жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде жұмсағандары байқалады. 

Мысалы,  Қалихан  Ысқақов  «Тұйық»  деген  романында  Қияқмұрт 

деп атаған кейіпкерін екінші кейіпкері Қажымұрат: «Ойпырай, бұл 

сұрқылтайдың да жаны сірі екен, таңнан қара кешке дейін нәр татпай 

іздейтіні  ілік»,  –  деп  сипаттайды  (Қ.  Ысқақов  Тұйық.  -1975.  -192). 

Тіпті  бұл  сөзді  сын  есім  (онда  да  жағымсыз  сипатты  білдіретін) 

ретінде жұмсаушылық та бар.



155

Бұл  сирек  кездесетін  сөзді  этнографизм  ретінде  сақтап,  өз  ма- 

ғынасында  ғана  жұмсау  –  тілді  танудың,  оны  сыйлаудың  дәлелі 

болмақ.


СҰРЫ  ҚАШУ.  Түсіндірме  сөздікте  сұр  сөзінің  бір  мағынасы 

деп «сиық, түр, түс» деген көрсетіледі де сұры қашты тіркесі «өңі 

қашты,  түсі  бұзылды»  деп  түсіндіріледі.  Ал  түптамырын  қуаласақ, 

сұр (сүр) сөзі монғол тілінде «қорқыныш, үрей» және «күш, айбар» 

дегендерді  білдіреді.  Монғол  тілімен  ілік-шатысы  молдау  Сібір 

түркілері  (саха,  хақас)  тілдерінде  сұр,  сүрээ  сөздерінің  мағынасы 

жоғарғы көрсетілгендей. Демек, сұры қашу – «айбарынан айырылу, 

яғни үрейлену, қорқу» деген сөз екен.

Сұр(сүр) сөзі де – түркі-монғол тілдеріне ортақ көне тұлғалардың 

бірі болу керек. Қазақ тілінде о бастағы немесе өзге түркі тілдері мен 

монғол,  бурят  тілдеріндегі  мағынасы  біраз  құбылып,  әуелі  «кісінің 

айбарлы өңі, мықты боп көрінген сиқы» дегенді, одан кейін де тары-

лып, жалпы «өң, түс, сиық» дегенді білдірсе керек. Сөз мағынасының 

не кеңейіп, не тарылып, өзгеруі – тіл эволюциясының заңдылығы.



СЫБАЙ. Бұл сөз әдетте сыбай-салтаң деген қос сөз құрамында 

айтылады. Ілгеріректе сыбай сөзінің жеке тұрып, белгілі бір мағынаны 

білдіргенін байқаймыз. Мысалы, «Қобыланды» жырында:

Көп қайырың тиеді 

Еліңде қоңсы, сыбайға, – 

деп  келеді.  Өткен  ғасырда  құрастырылған  Н.И.Ильминскийдің 

сөздігінде: «сыбай – живущий близ чьего аула» (бір ауылға іргелес, 

қонсы  қонған  адам)  деген  аударманы  береді  (Ильминский,  158). 

Сонда сыбай сөзі қоңсы сөзінің синонимі іспеттес болып келеді. Оны 

жоғарыдағы мысалда қатар қолданылғаны да дәлелдейді.



Сыбай/субай  сөзінің  екінші  мағынасы  және  бар.  Л.  Будагов 

субай  сөзі  шағатай  тілінде  «бір  өзі,  жеке  жүрген  салт  атты»  деп 

көрсетеді (Будагов, II, 404). Ал жалпы сыбай сөзінің «салт, бір өзі, 

қарақан басы» («яғни баласыз, мүліксіз, туыстарсыз» деген сияқты) 

үғымы бары сезіледі. Қырғыз тілінде бұл сөз субай тұлғасында және 

қолданылып, малға қатысты айтылса, «төлсіз» дегенді (субай жылқы 

– «ішінде төлдері жоқ жылқы үйірі»), ал адам жайында айтылса, жал-

пы «баласыз әйел» немесе «бала-шағасын ертпей шыққан (бір жерге 

келген не кеткен) әйел» деген ұғымда жұмсалады: субай барамыз де-

ген сөз – бала-шағасыз және артық жүксіз бір жерге кеткен не барған 

ересектердің айтатын сөзі.



156

Қазақ тілінде біреудің аулына жақын келіп қоныс тепкен адамның 



сыбай аталуында да өз руластарынсыз салт, дара (бір өзі) деген мән бар. 

Қоңсы да сондай: бұрын «қоңсы қону» деген тіркес өз аталастарынан 

шығып, өзге атаның, өзге рудың адамын паналау дегенді білдірген. 



Сыбай сөзінің «бір өзі, қарақан басы» деген мағынасы Қобыланды 

сынды аға-інісіз жалғыз бас батырға астындағы тұлпарының:

Ат қылып Тәңірім жаратты 

Сен сықылды сыбайға, – 

дегенінен де аңғарылады. Қазіргі әдеби тілімізде сыбай сөзі түсіндір- 

ме сөздікке жүгінсек, «жақын, аралас-құралас» деген мағынада қолда- 

нылады  дейді,  бірақ  келтірілген  мысалдар  айтыс  өлеңдер  сияқты 

халық  ауыз  әдебиетінен  алынған.  Демек,  бұл  мысалдардағы  сыбай 

сөзінің  беріп  тұрған  мағынасы  жырларда  қолданылған  бұрынғы 

мағынасынан  алшақтамағанын  көреміз.  Қазірде  бұл  сөз  жеке-дара 

сирек қолданылады.

СЫЗУ. Бұл сөздің мағынасы қазіргі қолданысымызда – «қарын- 

дашпен не қаламман қағаз бетіне сызық жүргізу, чертеж салу» (ҚТТС, 

VIII, 444). Ал жырларда бұл сөз «жазу» мағынасында қолданылады. 

Мысалы, «Қарабек» жырында:

Мінезіңнен таба алмадым бұзығыңды, 

Қаламменен хат таныған сызығыңды, – 

деп келсе, «Қобыланды» жырында:

Мінген атым қызыл-ды, 

Іс тағдырға сызылды, – 

дейді.  Мұндағы  тағдырға  сызылды  тіркесі  –  «тағдырда  солай  жа-

зылды» деген мәнде. Қазақ сөздерінің ертелі-кешті сыр-сипатын өте 

жақсы білген ғалым – Әлкей Марғұлан сызу сөзінің «жазу» мағынасын 

тап  басып,  Шоқан  жазбаларындағы  «Манас»  жырының  қырғызша 

тексін қазақшаға аударғанда орынды пайдаланған. Мысалы:

Алақандай ақ қағаз

Хат сыздырып алып кел («Көкетайдың ертегісі»).



Сыз сөзі – түркі-монғолға ортақ сөз. Саха (якут) тілінде суруй – 

«жазу» деген сөз, чувашша «жазу, сызу» дегенді сыр- дейді. Монғол 

тілінде «сызу, сурет салу» деген мағынада зура(х) сөзі бар. Осы күнгі 

сурет (монғолша – зурат) деген есім сөздің де түбірі – осы сур (сыр). 

Ал сыр- (сур-) сөзінің өзге түркі тілдеріндегі фонетикалық варианты – 



сыз- (суз-). Түркі тілдерінің көпшілігінде з дыбысымен келетін кейбір 

сөздер чуваш тілінде (және монғол тілдерінде) р-мен айтылатындығы 

– тіл ғылымында белгілі құбылыс. Мысалы, егіз сөзі чувашша йекер 


157

болып келеді. Қазақша қамырды «жаз (жай)» деген мағынада чуваш 

тілініде  сар  сөзі  келеді,  сол  сияқты  өгіз  ~  өкур,  аз  ~  ар  сөздерінің 

қатарында сыз ~ сыр сөздері тұрады. Демек, сыз- сөзінің о бастағы 

бір мағынасы «жазу» болған (алғашқы түркі жазуларының өзі тасқа 

қашап, яғни сызып жазу болғандықтан, бәлкім, «жазу» ұғымы сызу 

сөзімен айтылған болар).

Жазу сөзінің және бір мағыналық реңкі бар, ол – жазмыш сөзіндегі 

жазу, яғни Алла тағаланың адамға белгілеп (жазып) қойған тағдыры, 

бұйрығы,  көресіні.  «Жазмыштан  озмыш  жоқ»  деген  мәтелдің 

мағынасы «о бастан Алла тағала (Құдай) маңдайыңа (өмір жолыңа) 

нені белгілеп (жазып) қойса, одан қашып (озып) құтыла алмайсың» 

дегенді білдіретіні түсінікті. Сондықтан тілімізде Тәңірдің (Алланың) 

жазғаны деген тіркес бар, бұны тағдырдың сызығы деп те алмасты-

рып айта береді. Мысалы, Шортанбай ақында (ХІХ ғ.):

Әуелде менің ғұмырым

Құдіреттің жазған сызықта. 

Халықтық жырларда: 

Мінген атым қызыл-ды, 

Іс тағдырға сызылды («Ақсауыт», І, 32). 

Абай да осы тіркесті тағдырдың сызығы деп береді.

Жүректегі жазылмай

Тағдырдың салдың сызығын

Демек, жазу етістігінің бүгінгі нақты мағынасы – кәдімгі қағазға 

(не матаға, тасқа) таңбалар(әріптер) түсіріп жазу процесі. Ал екінші 

мағынасы – адамның тағдырында болуы тиіс (Алла тағаланың адам 

баласына  алдын  ала  белгілеп,  жазып,  сызып  қойған)  тағдыры.  Бұл 

екі  мағынаның  түптөркіні  –  біреу.  Сондықтан  да  жазу-сызу  деп 

қосарланып та айтылады. 

Сөздің семантикалық қозғалысына келсек, бұл күнде қаламмен, 

қарындашпен, қысқасы, кез келген жазу құралымен қағазға не өзге 

заттардың  бетіне  әріптер,  йероглифтер  сияқты  таңбалар  түсіруде 



жазу  етістігін  қолданамыз.  Демек,  бір  кезде  жазу  мағынасында 

қолданылған сызу сөзінің қызметі біршама тарылып, таңба түсірудің 

бір ғана түрін атауға көшкен. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 

сызу сөзінің бұл көне мағынасы («жазу» мағынасы) көрсетілмеген.

Сызу етістігінен жасалған сызық сөзінің «жазмыш» («тағдырдың 

жазуы») мағынасын «Түсіндірме» сөздік «сызық сызу» мағынасынан 

туған сызық есімімінің ауыспалы мағынасы деп анықтапты. Ал сызық 

сөзін  жазмыш  сөзінің  синонимі  ретінде  пайдалану  күні  бүгінге 

дейін келеді. Мысалы, Мұхтар Шахановта : «Бәрімізге ортақ бір ғана 

тағдыр сызығы бар-ды». 



158

Сызық сөзінде және бір сема (мағыналық реңк) бар, ол – «көңілдегі 

қайғы-қасірет». Мұны да ақын-жазушылар пайдаланғаны байқалады. 

Мысалы, Абайдан:

Жаралы көңлімнің

Жазылмай сызығы, – деген өлең жолдарын оқимыз.

Қайткенде  де  сызу  сөзінің  «сызу»  -мен  қатар  «жазу»  мағынасы 

да  күні  кешеге  дейін  қолданылып  келгенін  ауыз  әдебиеті  үлгілері 

тілінен көреміз. Келе-келе жазу-сызу болып плеонастық құбылыс жа-

сап, яғни бір мағынадағы екі сөз қосарлана айтылып, бір сөз ретінде 

қолданылғаны да байқалады. Ал жеке-жеке келгенде, бұл екі сөз екі 

түрлі мағынаны беретін болып кейін қалыптасқан.

СЫМАРЫШ ЕТУ. Шалкиіздің Би Темірге айтқан сөзінде:

Бұ халқыңды кімге сымарыш етерсің? – 

деген жолдар бар. Мұндағы сымарыш сөзі асмарла- сөзімен түбірлес 

болар. Ал асмарла- етістігі орта ғасыр түркі екерткіштерінің бірі – 

«Аттухфат  уз  закияту  фил-луғат  ит-түркийа»-ның  тексінде  «өсиет 

ету»  деген  мағынада  қолданылған  сөз  деп  көрсетілген.  Орта 

ғасырлардары  түркі  тілдерінде  асмар/сымар(ыш)  сөзі  «өсиет» 

мағынасында  қолданылып,  одан  жасалған  асмарла-,  сымарыш  ет

етістіктерінің де болғаны байқалады. Бұл етістіктердің мағынасы – 

«өсиет  етіп  қалдыру,  тапсыру».  Демек,  Құдайдың  үйіне  кетіп  бара 

жатқан әміршісі – Би Темірге жырау: «Артыңда халқың қалып бара 

жатыр, оны кімге тапсырасың, өсиет етесің?» – деп тұрған сияқты.



СЫНТАС. Көне түркі тілдерінде сын сөзінің бір мағынасы «кеу-

де, дене, мүсін» дегенді білдірсе, екінші мағынасы – «мола» болған 

(ДС, 503). Демек, сынтас дегенді екі түрлі түсіндіруге болады: бірі 

– «адамның мүсінін, көбінесе кеудесін бейнелейтін тас», екіншісі – 

«моланың басына қойылатын тас». Бұл екі мағына бір-бірімен іліктес. 

О баста сынтас «адам мүсінін бейнелейтін тас» дегенді білдіре келе, 

мұндай тастарды моланың басына да қоятын болғандықтан, сын сөзі 

«мола» ұғымын да беріп кеткен болу керек.

Қайткен күнде де сын – көне түркі сөзі. Бұл күнде сын сөзі өзінің 

көне мағынасында жеке тұрып қолданылмайды, тек тіркес құрамында 

сақталған.

СЫНШЫ. Қазіргі тілімізде бұл сөздің мағынасы айқын: ол – «бір 

нәрсені  (көбінесе  жазылғанды)  танып-біліп,  сынап  пікір  айтушы 

адам». Сыншы сөзінің қазақ, қырғыз тілдерінде және бір мағынасы 


159

бар,  ол  –  «атты  жақсы  танитын,  оған  баға  бере  алатын  адам,  экс-

перт». Бұл мағынадағы қолданысын эпостар тілінен де таба аламыз. 

Мысалы:


Хан Қореннің қолында

Бір сыншысы бар еді («Қыз Жібек»).

Тарихшылардың  пікірінше,  бұл  сөз  XV  ғасырлардағы  Дешті 

Қыпшақта белгілі бір қызмет бабындағы адамды атайтын термин сөз 

болған, яғни хан қасындағы сыншылар әскерді атпен жабдықтайтын 

хан кеңесшілері немесе инспекторлар болған болу керек (Материалы... 

496). Бұл сөзді өткен ғасыр сөздіктері де көрсетеді. Н. Ильминский: 

сыншы – «танушы, көріп байқаушы» деп береді (Ильминский, 159). 

Бұл  жердегі  «танушы  (исследователь)»  дегені  –  ғылым  зерттеуші 

емес, атты танып-білуші, соны бағалаушы деген мәнде.

СЫПАЙШЫЛЫҚ. Шалкиіз жырау бір толғауында:

Алаштан байтақ озбаса, 

Арабыдан атты сайлап мінбен-ді! 

Күлікке тастай болып тимесе, 

Үстіме көбе сайлап кимен-ді

Күлістен екі қолтық жоқ болса,



Сыпайшылық сүрмен-ді, – 

деп жырлайды. Мұндағы сыпайшылық деп тұрғаны нені білдіреді? 

Бұл сөзді Шобанның өлеңінен де табамыз:

Сыпайшылық бұ-ды деп, 

Ала білек оқ салған.

Біздің  байқауымызша,  бұл  –  парсының  сипаһ  «әскер,  жауын-

гер» деген сөзінен жасалған дерексіз есім. Оның қазақша баламасы 

–  батыршылық.  Мұны  жоғарғы  шағын  толғауында  Шалкиіз  қатар 

қолданған:

Дулығамның төбесі

Туған айдай болмаса, 



Батыршылық сүрмен-ді.

Демек, бұл сөз ертеректегі қазақ-ноғайлы поэзиясы тілінде парсы 

тілінен ауысқан сөздердің едәуір актив қолданылғанының дәлелі бола 

алады. Ал парсы тіліндік сөздермен келген образдар бұл кезеңдегі ау-

ызша тараған әдеби тілдің орта ғасырлардағы түркі әдеби тілдерімен 

іліктес  болғандығын  көрсетеді.  Орта  ғасырлардағы  түркі  жазба  тіл 

дәстүріне көне түркі тілдері мен парсы поэзиясы тілінің тікелей әсер 

еткені белгілі.



160

ТАРЛАН. Шалкиіз жырау: 

Айдын шүйсең тарлан шүй, – 

дейді. Одан үш-төрт ғасыр кейін жырлаған Махамбет ақын Исатайды 

жоқтағанда:

Таудан мұнартып ұшқан тарланым, – 

десе, өзінің сыбайластары, жорықтас жолдастары туралы:

Еділді көріп емсеген.

Жайықты көріп жемсеген

Таудағы тарлан шұбар біз едік! – дейді.

Бұлардағы  тарлан  сөзі  биікке  ұшатын  («таудан  мұнартып 

ұшатын») қыран құсты білдіретіні байқалады. Махамбеттің Исатайға 

арнаған өлеңінің және бір жерінде кездесетін:

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім, – 

деген жолдардары бөрі сөзі дұрыс оқылмаған. Бір зат әрі құс, әрі аң 

(бөрі)  бола  алмайды.  Бұл  жолдағы  бөрі  сөзі  бірі  деп  оқылуға  тиіс. 

«Таудағы тарлан біз едік» деп Исатаймен өзін қосып отырған ақын 

Исатайдың барында сол екі тарланның бірі едім деп отыр.

Бұл күнде тарлан сөзі түсті («тарғыл, шұбар секілді аралас түс» 

–  ҚТТС,  IX,  26)  және  ауыспалы  мәнде  «тәжірибелі,  майталман» 

дегенді білдіреді деп танылады. Ал ертеректе бұл сөз образ жасай-

тын поэтизмдердің бірі болған, ол образ биікті (тауды) мекендейтін 

қыран құс атауынан алынған. Бұл образ – еркіндіктің, биіктіктің сим-

волы, Сірә, тарлан сөзі бала қыран емес, есейген, мықты құсты атау 

үшін алынған сөз болар, мүмкін, есейе, қартая келе қыранның түсі 

шұбарланып, тарғыл тартуына байланысты туған атау болар. Өйткені 



тарлан сөзінің тар деген түбірі тарғақтарғылтарлау («әртүрлі 

шөп шыққан далалық, шалғын» және өсімдік атауы) сияқты сөздерде 

«шұбар» ұғымын қамтиды. Қазақ тілінде тарлау өсімдігінің тарлан 

қияқ  деген  екінші  аты  да  бар  екендігіне  назар  аударсақ,  тарлан  ~ 

тарлау ~ тарғыл сөздері бір мағыналас, бір түбірлес сөздер болып 

шығады.


Тарлан сөзі монғол тілінде де «шұбар, шұбар ала» дегенді білді- 

реді. Ильминскийдің материалдарына жүгінсек, тарлан – жылқының 

түсі  («сивый  с  желтыми  яблоками»),  тарғыл  –  сиырдың  түсі 

(Ильминский, 106).



ТАРЛАУ. Махамбет өлеңдерінде:

Арғымақтың баласы 

Аз оттар да көп жусар 

Талаудан татқан дәні бар, – 


161

деген  жолдар  кездеседі.  Бұл  үзіктің  соңғы  жолындағы  талау  деп 

жазылған  сөз  тарлау  болуы  керек,  өйткені  тарла  сөзі  түрік, 

әзірбайжан тілдерінде «жыртылған егістік», ал татар тілінде тарлау 

«қайта жыртылған бос жер» деген мағыналарда келсе, қазақ тілінде ақ 

от (жылқы жейтін өсімдік) және қара от (қой, түйе жейтін өсімдік) 

аралас  өскен  шалғынды  атайтынын  Л.Будагов,  Н.Ильминский 

сөздіктері көрсетеді (Будагов, I, 331, Ильминский, 160). Демек, тар-

лау сөзі өткенде қазақ тілінде (мүмкін, қазақ даласының белгілі бір 

өңірлерінде) мал жейтін шалғыны бар жерді білдірген.

Сірә, сусымалы («әлсіз») р дыбысының түсіп қалуы – түркі тілдері 

үшін жат құбылыс болмағандықтан, бұл сөздің тарлау ~ талау деп 

те  айтыла  беруі  әбден  ықтимал  (ол  күнде  жоғарыда  келтірілген 

Махамбет  өлеңінің  «талаудан  татқан  дәні  бар»  деп  жазылғанын 

қате  деп  те  санауға  болмайды).  Қазақ  тілінде  бұл  күнде  тарлау 

сөзі  «биіктеу  болып  шығатын  шалғын  шөп»  дегенді  білдіреді  деп 

түсіндіріліп жүр.  Оның  «ақ от  пен  қара от  аралас өсетін,  шалғын» 

мағынасы не ұмыт болған, не жергілікті сөз ретінде сақталып қалған. 

Диалектологиялық сөздік бұл сөзді Семей, Үржар, Жамбыл, Мерке, 

Шу өңірлерінде «биіктеу болып өсетін шөптің бір түрі» деп тіркеген 

(Диал. сөздік, 318).

ТАРПАН/ТАРПАҢ. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:

Тарпаңды асауменен бір қоймайды, – 

десе, Махамбет ақын:



Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,

Тағыдай таңдап су ішкен 

Тағы сынды жан едік, – 

дейді.  Тарпан  (тарпаң)  сөзі  –  В.В.Радловтың  көрсетуінше,  қазақ 

тілінде жабайы жылқының атауы. Мамандардың айтуына қарағанда, 

құлан  –  Азия  жерінің  жабайы  жылқысы  болса,  тарпаң  –  Еуропа 

жерінің жабайы жылқысы. Ата-бабалары Оңтүстік орыс ойпатының 

біраз жерін, Каспий теңізінің солтүстігін (демек, Еуропа топырағын 

да)  жайлаған  қазақтар  үшін  тарпан  жат  болмаған,  оны  қазақтар 

жақсы  білген.  Азиядағы  тектесі  –  құлан  сөзін  поэтикалық  образ 

жасауға пайдаланғаны сияқты, тарпаң-ды да ешкімге бағынбайтын 

еркіндіктің символы ретінде поэтизмге айналдырған деп табамыз.



ТАС.  Бұл  сөз  зат  есім  ретінде  қолданылуынан  басқа  етістік, 

сын  есім,  үстеу  сияқты  сөздердің  алдында  келіп,  заттық  ұғымда 

емес,  үстеулік  мәнде  қолданылады:  тас  керең,  тас  жетім,  тас 


162

түйін, тас қараңғы, тас қып байлау, тас табандау, тас төбе т.б. 

Бұл тіркестердегі тас сөзінің тау-тас, тас көмір дегендердегі тас 

сөзіне қатысы жоқ. Тас сөзі монғол тілінде «мүлдем, әбден, мықты» 

деген  мағынаны  білдіреді.  Жоғарғы  келтірілген  тіркестердегі  тас 

осы ұғымда қолданылған. Демек, бұл да бір кезеңдерде түркі-монғол 

тілдеріне ортақ сөз болғанға ұқсайды. Қазақ тілінде өзге сөздермен 

еркін тіркесу қабілетінен айырылған бұл көне сөз тек белгілі тіркес 

құрамында тұрып қолданылу құқығын сақтап қалған.



ТАУАП ЕТУ, ТАУАП ҚЫЛУ. «Алпамыс батыр» жырында:

Болды тауап қылғандай

Ниет қылып қағбаны, – 

деген жолдар бар. Бұндағы тауап қылу (ету) тіркесін Шалкиіз жырау- 

дан да табамыз:

Ниет еттің Тәңірінің үйі кебеге, 

Ниет етсең жетерсің

Жетсең тауап етерсің.



Тауап  ету  (қылу)  тіркесі  көбінесе  қағбаны  тауап  ету  түрінде 

кездеседі. Қағба (арабша Қа`аба) – Меккедегі храмның аты, мұның 

бір  қабырғасына  атақты  аспанға  ілініп  тұрған  қара  тас  қойылған, 

Меккеге  барушылардың  барлығы  осы  тасқа  қолдарын  тигізбей 

кетпейтін  болған.  Мұндағы  тауап  сөзінің,  біздің  байқауымызша, 

төменде  талданатын  тәу  (тәу  ету)  сөзіне  қатысы  жоқ.  Тауап  – 

арабтың тауаф «бір нәрсені айналу» деген сөзі. Түрікше де тауаф 

ету (қылу) «бір нәрсені, оның ішінде қасиетті жерді айналып жүру» 

дегенді  білдіреді.  Қағбаны  тауап  ету  –  храмды  айналып  жүрудің, 

яғни Меккеге барғандықтың белгісі.

Бірақ  тауап  ету  тіркесінің  тәу  ету  дегенге  сыртқы  тұлғасы 

жағынан ұқсастығы мен мағынасы жағынан жақындығы (яғни «бір 

нәрсені  қасиеттеу»  ұғымы)  оны  тәу  ету  деген  сияқты  «бас  ию» 

мәнінде жұмсауға себепкер болғанға ұқсайды. Мысалы, XIX ғасырда 

жасап өткен Нұрым жырау Шыршағұлұлының «Әтембетке айтқаны» 

деген толғауында:

Сондықтан сізге келгенім,



Қағбаға тауап еткендей

Иіліп сәлем бергенім, – 

дейді. Мұнда жырау тауап ету дегенді бас ию, иіліп сәлем берумен 

шеңдестіреді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет