Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


-мыш жұрнақты түрі (жазылмыш, айтылмыштар), III жақта  етістікке -лар



Pdf көрінісі
бет14/38
Дата06.04.2017
өлшемі3,75 Mb.
#11193
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   38

-мыш жұрнақты түрі (жазылмыш, айтылмыштар), III жақта 

етістікке -лар жалғауын қосу (кетселер де керек, алмадылар), 



-дүр формантын қолдану (бәлки ғадаләт барша езгуліктің ана-

сы дүр), тіпті үшіндән (үшеуінен) сияқты қазақы емес тұлға- 

лар  мен  шәкіртлік,  перзентлер,  сафлық,  ғибратлендік  деген 

сияқты қосымшалардың қазақ тілінің үндестік заңына бағын- 

дырылмай  жазылуы  –  осылардың  барлығы  «шағатайлық»  

элементтер  болса,  бұлардың  38-сөзде  ара-тұра  бой  көрсетіп 

қалуы  –  тағы  да  стиль  мүддесін  көздеуге  байланысты.  Со-

нымен қатар бұл орайда осы стильдің шағатай тілінде едәуір 

қалыптасып, қолданылып келгенін Абай көрмей кете алмады.

Алайда проза саласында өзге шығармалардан едәуір оқшау 

тұрған  бұл  туындысының  да  «төсегі»,  «сүйегі»  –  қазақ  тілі, 

шығарма  мазмұнын  баяндау  қазақтың  ұлттық  әдеби  тілінде 

берілгенін баса айту керек. Өзге «Сөздері» сияқты бастан-аяқ 



196

таза  қазақ  тілінде  ұсынбай,  ара-тұра  түркі  жазба  дүниесінің 

осы жанрдағы тілдік-стильдік дәстүрін сақтауы, яғни «кітаби 

тілдік» элементтерді қосып отыруы, әсіресе лексикасында ис-

лам дінінің «иесі» – араб тіліне иек артуы – заңды құбылыс деп 

қараймыз. Бұл жерде де Абай жазушылық шеберлік көрсеткен.

Егер қазіргі кезде қазақ тілінде теологиялық, діни әдебиет 

стилі жасалатын болса (жасалуы керек қой), әрине, дәл Абай-

ша  болмағанмен,  оның  кейбір  принциптерін  ұстануға  болар 

еді. Мысалы, кейбір діни терминдерді аудармай алу, хадис, аят-

тарды  әуелі  араб  тілінде  келтіру  (одан  кейін,  әрине,  қазақша 

аударып түсіндіру), түркі діни әдебиет дәстүрінде қалыптасқан 

кейбір  формулаларды  сақтау  сияқты  нормалар  орын  алар  ма 

еді деп ойлаймыз.

Ең алдымен, Ыбырай мен Абай қазақ тілінде теологиялық 

әдебиетті дүниеге келтірудің бастамасын көрсетті, ислам діні 

негіздерін, мазмұнын, қағидаларын қазақша айтуға, түсіндіру- 

ге әбден болатынын танытты. Міне, 38-сөз деп аталған орны 

ерекше шығарманың стильдік, тілдік сыр-сипаты осындай.

Енді  Абайдың  прозалық  шығармаларының  ішінде  жан-

ры  жағынан  бөлек  танылатын  екінші  туындысы  –  тарих 

тақырыбына  жазылған  соңғы  46-шығармасы.  Ол  «Сөз»  деп  

нөмірлеп көрсетілмей, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шық- 

қаны туралы» деген атпен басылып жүр. Бұл жазба – қазақтың 

ұлттық жаңа әдеби тіліндегі тарихи очерктің алғашқы үлгісінің 

бірі.  Әрине,  бұл  шығарма  –  терминологиясы  жағынан  дәл 

қазіргі  тарихтық  ғылыми  еңбектермен  бірдей  түсе  алмайды, 

бірақ  баяндау  стилі  жағынан  білім-танымдық  мақсат  көздеп, 

көпшілік оқырманға арнай жазылған нағыз очерк. Бұл тексте 

тарихи  оқиғаларды  баяндауда  қолданылатын  кейбір  тілдік-

грамматикалық құралдар орынды келтірілген. Мысалы, баян-

дау желісін жалғастыратын сол, ол, бұл сияқты есімдіктер (сол 



арабтар... сол он екі кісінің бірі... ол Шағатай нәсілінің үлкен 

ханы  т.т.)  жиі  жұмсалады,  сондай-ақ  өткен  тарихты  баяндау 

болғандықтан,  етістіктер  негізінен  өткен  шақ  тұлғаларында 

келтірілген: есептеп жүріпті, жат көрініпті, айтқан екен... 

жүре  береді  екен...  т.т.).  Тарихты  баяндауда  автордың  үзілді-

кесілді айтпай, кейде шамамен болжалдап айтатыны да бола-



197

ды, сондықтан осы реңкті білдіретін тұлғаларды да тарихшы 

Абай дәл тапқан (тұрған кезі болса керек... хан аталмақ себебі 

де сол болса керек... тауларды мекен қылса керек...).

Әр  шығарманың  тақырыбы  мен  жанрына  қарай  сөз  сап-

тауы (стилі) бір-бірінен өзгеше болып келуге тиісті екендігін 

Абай бұл жерде де тап басқан. Сірә, ол Пушкиннің проза тіліне 

көзқарасы  туралы  айтқандарын  оқыды  ма,  жоқ  па  («У  нас 

употребляют  прозу  как  стихотворство...  для  приятного  про-

явления  форм...  Проза  не  может  довольствоваться  блестящи-

ми играми воображения и гармонии... Слово «прозаический» 

должно совмещать понятия «спокойный, умный, рассудитель-

ный» дегендерін), бірақ ол да, Пушкин сияқты, өлең сөз бен 

қара  сөздің  тілдік-көркемдік  тұрғыдан  айырмасы  болатынын 

принцип  етіп  ұстаған.  Әсіресе  теологиялық  трактаттар  мен 

тарихи очерк сияқты «метафизикалық» шығармалардың тілін 

«өлеңдетпей»  (поэтизацияламай),  айшықты  сөздермен  ажар-

ламай, әр сөзге нақты мағына беріп, анық, айқын етіп жазуды 

Абай да жақсы сезгенін оның біз талдаған соңғы екі шығармасы 

дәлел бола алады. Бұл тұста Абайдың тілдің функционалдық 

стильдерін, яғни әдебиеттің әрбір жанрына лайық қолданылу 

мәнерін аңғарған шеберлігін танимыз.

Шеберлік,  көркемдік  сияқты,  Абайдың  тіліндегі  кестенің 

бізі, өткірдің жүзімен салынған сөз өрнектерінің бір нақышы. 

Міне,  поэзиясы  мен  прозасында  осындай  шеберлік  пен 

көркемдік  көрсеткен  ұлы  Абайдың  поэтикалық  сөз  кестесі, 

толғауы тоқсан қызыл тілінің өрнегі осындай.



198

АБАЙ ТІЛІНІҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Абайдың істеп кеткен қызметі – 

әдебиетімізге асыл іргетас. 

(Екеу, яғни Ж. Аймауытов пен М. Әуезов)

Абайды  қазақ  көркем  сөзі  мен  әдеби  тілінің  жаңа  кезеңін 

бастаушы,  оларды  жаңа  сапаға  көтеруші,  сөз  өрнегінің  соны 

үлгілерін  ұсынушы  деп  танығанда,  сол  жаңалықтардың, 

сол  үлгі-қалыптардың  әрі  қарай  жалғасуын  іздейміз.  Егер 

жалғаспаса, ол жаңа кезең, жаңа сапа, жаңа өрнек болып санал-

май, дүниеге бір-ақ рет келіп, тұйықталып қалған феномендік 

құбылыс болып табылар еді.

Абайды  ұлы  деп  танытып  отырған  белгі  –  оның  поэтика- 

лық  дәстүрінің,  рухани  қазынасының,  көркем  тілінің  жал- 

ғастық  тапқандығынан,  өзінен  кейінгілерге  үлгі-эталон  бол- 

ғандығынан  көрінеді.  Бұл  жайында  жиі  айтылып,  көп  жазы-

лып келеді. Дегенмен бұл концепцияны жоғарғы талдаулары-

мыз  бен  түйіндерімізге  жанастыра  дәлелдей  түспекпіз.  Осы 

мақсатпен  ұлы  Абайдың  ізбасары  Шәкәрім  Құдайбердіұлы- 

ның тіл өрнегіне үңілсек. Шәкәрім – Абайдың азаматтық ар-

ұжданы  мен  ақындық  талантын  тамаша  танып,  өте  жоғары 

бағалаған, бағалай отырып үлгі тұтқан адам. Ол өлеңдерінде 

Абай есімін бір емес, бірнеше рет атайды. «Жастарға» деген 

өлеңінде:

Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық,

Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!

Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, 

Жалыналық Абайға, жүр, баралық! 

Білімді сол кісіден үйренелік, 

«Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік, 

«Өмір зая болмастық өнер үйрет, 

Ақылыңды аяма бізге» делік, –

деп,  Абайды  ұстаз  тұтуға  жастарды  шақырады.  Ол  «мыңмен 

жалғыз алысқан», «өзі ермей, ерік бермей қор еткен жұртын» 

айтқан,  «сөзді  ұғарлық  бозбаланы  көре  алмай,  үзілмес  үміт- 

пенен бос қуарған» Абайды да жақсы таниды. Сондықтан:


199

Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, 

Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан. 

Тегін білсең, аласың, бос береді, 

Тұтасынан ешкім жоқ мұны тапқан, –

деп  шындықты  айтады.  Абайды  Шәкәрім  барлық  тұрғыдан 

ұстаз тұтады:

Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп, 

Алсын деп керектісін өзі теріп, –

деп,  өзінің  алдына  ұстазынан  өзіне  керектіні  алу  мақсатын 

қойғанын білдіреді. Сөз өнеріндегі керегін теріп алады. Алады 

да, жаратқандарын ұстазынша халқына ұсынады. 

Шәкәрім  есімі  ақталып,  қалдырған  мол  мұрасын  қалың 

жұртшылыққа  ұсынылғалы  4-5  жылдың  жүзі  болғанымен, 

Шәкәрім  шығармаларының  тілін  сөз  етуге  алғашқы  күндер- 

ден  бастап  кірісе  алмағанымыздың  дәлелді  себебі  бар.  Ең 

алдымен,  белгілі  бір  қаламгердің  көркем  тілін  талдаудың 

негізгі мақсаты ондағы көріктеу құралдарын: эпитет, метафо-

ра,  метанимия  т.  с.  сияқтыларды  тауып  көрсетіп  беру  емес, 

бұндай  жұмыс,  біріншіден,  ғылыми  зерттеу  емес,  дерекнаме 

ғана  болар  еді,  екіншіден,  көркем  шығарма,  әсіресе  поэзия 

болғандықтан,  көріктеу  элементтері  ақын-жазушының  қай-

қайсысынан  да  молынан  табылары  даусыз,  сондықтан  олар-

ды тауып тіркеп, не ерекшелік, не жаңалық деп тану әрдайым 

ғылыми ізденіс болып шықпайды. Осы себептен суреткердің 

тіл  көркемдігін  көрсетуде  оның  әсемдік  әлемін  танытатын 

көркемдеуіш-бейнелеуіш  құралдарды  пайдалану  тәсілдерін, 

алдындағы үлгілерін, қайнар көзін, әрі қарай ұласуын танып-

таныту дегендей мәселе қырларын (аспектілерін) нысанаға алу 

қажет болмақ.

Ал  Шәкәрімнің  көркемдік  өрнегін,  яғни  поэтикалық  тілін 

Абайдың сөз кестесімен ұштастырмай әңгімелеу мүмкін емес, 

өйткені  Шәкәрім  –  Абайдың  поэтикалық  мектебінің  өкілі, 

жалғастырушысы.  Демек,  Шәкәрім  тілін  сөз  етпес  бұрын 

Абайдың тілдік поэтикасын жан-жақты талдап, танып алу қажет 

болды. Ұлы ақынның поэтикалық өресін лингвостилистикалық 

тұрғыдан  жүйелі  түрде  арнайы  зерттеген  монографиялық 

еңбектер  болмай  келді.  Әрине,  Абайдың  тілі  деген  тақырып 



200

мүлде  сөз  болмады  деуге  болмайды,  бірақ  бұл  тақырыптағы 

ізденістер  Абайдың  қазақ  әдеби  тілінің  даму  барысында 

алған  орны,  атқарған  қызметі,  ақын  өлеңдеріндегі  көріктеу 

құралдарының көрінісі, бұл орайда оның қосқан жаңалықтары 

мен өзгерістері деген сияқты мәселелерге арналды. Осы қазына 

мен  жаңалықтардың  тілдік  негізін  (механизмін)  танытуды 

кешеуілдетіп  келе  жатқан  жайымыз  болды.  Лингвистикалық 

стилистика  (тілдік  стилистика,  лингвостилистика)  дегеніміз 

әртүрлі эмоционалдық, экспрессивтік қосымша мағыналарды 

білдірудегі  тілдік  кұбылыстарды  зерттейтін  ғылым  саласы 

болса, осы сала бойынша Абай тілі кеңінен әңгіме өзегіне ай-

налмай келгені мәлім. Көрсетілген талапты көздейтін жұмыс 

енді  жазылып  отырғандықтан,  белгілі  бір  шамада  Шәкәрім 

тілін де сөз етуге мүмкіндік алдық. Әрине, бұл ізденістеріміз 

Шәкәрімдей зор суреткердің тілін тұтастай алып, жан-жақты 

талдау  емес,  өйткені  әрі  ақын,  әрі  прозаик  жазушы,  әрі  пуб- 

лицист,  әрі  тарихшы,  философ  ғалым  Шәкәрім  мұрасының 

стильдік-жанрлық өрісінің кең екендігі, оның тілдік-көркемдік 

тәсілдерді  саналы  түрде  қолданып,  өзіндік  ізденістерге  бар- 

ғандығы,  қаламына  тән  ерекшеліктердің  молдығы  мен  әр 

алуандығы –  осылардың баршасы бұл тақырыпты өз  алдына 

бөлек арнайы зерттеуді қажет етеді.

Біз  бұл  жерде  Абай  мен  Шәкәрім  поэзиясының  көркем 

тіліндегі  іліктестіктің  бірнеше  сәттерін  ғана  талдамақпыз. 

Шәкәрім де, ұлы ұстазы сияқты, ең алдымен, қазақтың күшті 

дамыған байырғы поэтикалық мектебінен, поэтикалық тілінен 

нәр алған, сол тілдің бай мұрасын: образдар дүниесін, сол об-

раздарды  беретін  сөздер  мен  фразеологизмдерді  орынды  әрі 

молынан пайдаланған. Ұстазы Абай:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, 

Сөздері бары – жамау, көбі – құрау,

51

 –

деп сынаса да, шәкірті Шәкәрім:



Сыпыра жырау, Шортанбай, 

Үмбетай мен Марабай 

51

 Өлеңнің бұл тармағын кейбір басылымдарда «бәрі – жамау, бәрі – құрау» 



деп,  енді  бірқатарында  «бірі  –  жамау,  бірі  –  құрау»  болып  жазып  жүр.  Ал  1905 

жылғы


 Мүрсейіт қолжазбасында: «Өлеңі бары – жамау, көбі – құрау» деп жазылған. 

Біз осы вариантты дұрыс болар дейміз.



201

Алды-артына қарамай, 

Соққанда жырды суылдап, 

Жел жетпейтін құландар, –

деп, оларды қазақ поэзиясының ең ірі өкілдері ретінде тани-

ды.  Бұл  жерде  шәкірті  ұстазымен  сыпайы  түрде  пікір  сайы-

сына барып тұр-ау дейміз. Абай Бұқар, Дулат, Шортанбайлар-

ды  сынағанда,  сірә,  олардың  шығармашылығынан  біркелкі 

тұтастықты,  төменнен  жоғары  көтерілетін  жүйелілікті  көре 

алмай,  «сөздері  жамау,  құрау»  десе,  шәкірті  бұл  «кедір-

бұдырдың» сырын өзінше дәлелдейді:

Ескі жырдың ұйқасы 

Бірі қысқа, бірі ұзын. 

Буындары бұзық деп, 

Біз баспаймыз ол ізін. 

Неге бұлай айтты деп,

 Сынамаймыз негізін. 

Ойлай келсең ескі жыр 

Салады тұлпар жүрісін,

Міне, байқа мұнысын.

Кейде жорға, кейде жел,

Бұлдыр қағып, асар бел. 

Кейде арындап, кейде шап, 

Адымын алыс құлашап, 

Алады кейде тынысты, 

Солғындатып жүрісті, 

Осындай жырды ұнаңдар! –

дей келіп, бұрынғы ақын-жыраулардың өлең-жырларына:

Сырына баға берсеңіз, 

Таңғаларлық ісі бар,

Көңілді тартар күші бар, 

Асықпай тыңдап шыдаңдар, –

дейді. Осы арқылы өзіне дейінгі қазақ поэзиясының көркемдік 

әлемін  мойындайды.  Мойындайды  да  қабылдайды.  Шәкәрім 

тіліндегі  қасықтай  қар,  тобықтай  тоқ,  көз  тойып,  көңіл 

толу, мінсіз бақ, сансыз дәулет, жүзі бар айдай, мінезі май-

дай,  дариядай  мол  ақыл,  сұр  жыландай  сусылдау,  ноқталы 

басқа бір өлім, көз алартып, күресін адырайту сияқты образ-


202

дар мен оларды беріп тұрған сөз кестелері – қазақтың көркем 

тіліне бұрыннан кәнігі дүниелер. Бұлар – Шәкәрімнің айтпақ 

ойларының,  поэтикалық  идеясының  тірегі,  негізі.  Мысалы, 

ақынның  «Өлімнің  хақ  екенін  көрсең  де»  деп  басталатын 

шағын өлеңіндегі сөз өрнегі түгелімен бұрыннан қалыптасқан 

образдар дүниесімен келген:

Өлімнің хақ екенін көрсең де, 

Өлместей омыраулап жатасың.

Дозақтың барын біліп жүрсең де, 

Күнәға әлің келсе батасың... 

Алланың адал ризығын жесең де, 

Арамды әдейі іздеп татасың... 

Алланың ақ өлімі келгенде, 

Амалсыз қара тастай қатасың...

Сырт  қарағанда,  өлең  тілінде  жарқыраған  әшекей  сөздер 

де,  көзге  ұратын  тосын  қолданыстар  да  жоқ,  бірақ  ақынның 

айтпағы – «біле тұрып, күнәға батпа, дұрыс емесін білген соң, 

бұрыстыққа  барма»  деген  идеяны  оқырманына  оның  құлағы 

қаныққан, тілі жаттыққан сөз бояуларымен әсерлі етіп, әдемі 

жеткізген.

Алайда бұдан «Шәкәрім тілінде ешбір жаңалық жоқ, ізденіс 

жоқ»  деген  тұжырым  шықпайды.  Керісінше,  кәнігі  фонда 

Шәкәрімнің Абайша тапқан соны дүниесі көріне түседі.

Абай тілінің өзіне дейінгі қазақ көркем сөзі поэтикасынан 

ерекшеленетін бірнеше тұстары барын айттық. Солардың бірі 

–  Абайдың  өз  қолтаңбасының  (шығармашылық  контексінің) 

айқын  көрінуі  болса,  бұл  ерекшелікті  танытатын  белгілердің 

бірі  –  поэзия  тілінде  соны  сөз-образдардың  молынан  орын 

алуы. Соны образдар жасауда Абай жандандырған тәсілдердің 

бірі  –  мағына  жағынан  бір-біріне  жанаспайтын  сөздерді 

тіркестіру  екенін  көрсеттік,  осы  амал  Шәкәрімде  де  кеңінен 

қолданылған. Мысалы, оның:



Улы жүрек, долы тіл сөйлеп отыр, 

Ыза қысып, тісімді байлаулымын, 

деген  өлең  жолдарындағы  улы  жүрек,  долы  тіл,  тіс  байлау 

деген тіркестер мағыналары жуыспайтын сөздерден жасалған: 

улы  болатын  тамақ,  ішімдік,  дәрі  сияқты  нақты  заттар,  ал 


203

жүрек сөзіне тіркескенде, улы компоненті мағынасын ауысты-

рып, «әділетсіздік көрген, ызаға толы» деген ұғымға ие болып 

тұр, долы тіл де сондай: долы болатын нақты адам болса керек 

(долы қатын деген сияқты), ал адамның өзі емес, тілін долы 

деп  бейнелегенде  және  тісімді  байлаулымын  дегенінде  тағы 

да жанаспайтын сөздердің тіркесуінен жаңа ұшқын – тың экс-

прессия пайда болып тұр. Тағы бір өлеңінде Шәкәрім:

Қайсыбірі қайғы айтып

Үміттің үйін құлатты, 

дейді.  Үй  –  нақты  зат  атауы,  үміт  –  дерексіз  есім.  Деректі, 

дерексіз  есім  атаулары  тіркеспеуге  тиісті,  ақын  осы  «заңсыз 

тіркес»  арқылы  жаңа  ассоциация  туғызып  тұр,  оның  үстіне 

осы  үйді  құлатып,  бұл  тың  образды  одан  сайын  күшейткен. 

Бұрынғы «үміт үзілу» деген образды үміттің үйін құлатты 

деп жаңаша ұсынуы – Абай үлгісі.

Еріксіз  маған  ел  жапты  Болыстықтың  тоқымын  – 

дегенінде  де  «өз  еркімсіз  ел  мені  болыс  етіп  қойды»  деген 

идеяны «ел маған болыстықтың тоқымын еріксіз жапты» деп, 

әсерлі, әсем образ жасаған. Тоқым атқа жабылады, адамға жа-

былмайды, бұл – бір мағыналық кереғарлық болса, болыстың 

тоқымы дегенде тоқым сөзі мағына ауыстырып, «әкімшілік» 

деген  ұғымдағы  метафораға  айналып  тұр.  Бұл  мысалдардың 

моделі Абайдың күлкінің ерні, үміттің аты, көңілдің жайла-

уы,  ақылдың  көзі  немесе  үрпейген  жүрек,  нұрлы  ақыл  деген 

сияқты қолданыстарында жатыр.

Осы қатарда: талапқа ноқта тағу (Талап деген бір жүйрік 

тұлпар  сынды,  Бабын  таппай  мінгенді  қылар  жынды.  Ын-

сап,  рақым,  ар,  ұят,  сабыр,  сақтық  –  Талапқа  алты  түрлі 

ноқта  тақтық),  айла  жамылу  (Ар  кетіп,  айла  жамылдым), 

ғылымнан жалаңаш болу (Бұтасыз біткен шоқыдай, Ғылымнан 

едім  жалаңаш),  ноқтасыз  ой,  бояулы  дін  (Ноқтасыз  оймен 

тексердім,  Бояулы  діннен  сескендім),  ұяттан  жүген  ұстау 

(Ынсап, рақым, ұяттан жүген ұстап, Өзіміз ең түбінде қайда 

бардық), өлеңнің жесір болуы (Жиырма үш жасымда Бұл өлең 

жазылған. Басында табылмай Өзіне лайық ән, Мұңлы, күйсіз 

жесір боп жатыр еді, Мінеки, ойланып өз әні табылған) сияқты 

образдарды көре аламыз.



204

Абайдың  қолтаңбасында  кейіптеу  амалы  көзге  түседі. 

Әрине, бұл мүлде тың тәсіл емес, дегенмен ол жаңа образдар 

жасауда  ұлы  ақынның  шебер  қолданған  құралдарының  бірі. 

Мысалы, қысты – ақ сақалды кәрі шал деп, күнді – күйеу, жерді 

–  қалыңдық  деп,  адам  кейпіне  келтіріп  бейнелеуінің  әсері 

Шәкәрімге:  Қүн  батып  жоғалды  Нұрыңнан  ұялып.  Жұлдыз 

бен ай қалды Сәулеңнен нәр алып. Жетіқарақшы айналып сені 

іздеп жүр. Бәрі де сені ойлап, Мас болып сандалып деп сұлуды 

суреттеуіне немесе: «Тойға келген таң желі сыбырласып» де-

ген сияқты өлең жолдарында күн, ай, жұлдыз, желдерді адамша 

ұялттырып, мас қылдырып, сыбырлатып қоюына жол берген.

Шәкәрімнен,  Абай  сияқты,  образдар  дүниесін  теңеу,  шен- 

дестіру  арқылы  беруде  де  жасалу  моделі  бұрынғы  болғаны- 

мен,  күтпеген  соны  қолданыстарды  табамыз.  Мысалы, 

Шәкәрімде өлең – әскер (Әскерім – өлеңім мен сөздерім), ән –  



өлшеуіш,  ашу  –  келіншек,  ынсап  –  кәрі  адам,  өлең  –  күміс, 

қағазы – жолдасы, қаламы – сырласы, сөз сөйлеу – ер қосу (Ер 

қосқанға ұқсайды сөз сөйлемек) тәрізді мысалдар ақынның об-

раздар дүниесіне тың үлгілер енгізіп тұр.

Абайдың  шығармашылық  контексінен  орын  алған  құбы- 

лыстың және бірі – мағынасында жағымсыз реңк бар сөздерді, 

әсіресе етістіктерді экспрессоид етіп жиі қолдануы көзге түссе, 

бұл  амалды  Шәкәрім  де  жалғастырады.  Мысалы,  ұстазы  бо-

лыс  пен  пысықтардың,  керім-кербездердің,  бойы  былғаң, 

сөзі  жылмаңдардың,  білімсіз  надандардың  портретін  беру-

де  далпылдап,  жалпылдап,  барқылдап,  тарқылдап  сияқты 

сөздерді  қолданса,  шәкірті  де  қалжыңшыл,  қылжақбастарды 

суреттеген өлеңінде ыржақта, жыртақта, бұлтылда, жыл-

пылда,  арсылда,  жырқылда,  тырқылда  сөздерін  бір  жерде 

шоғырлап келтіріп, олардың жағымсыз экспрессиясынан өткір 

образдар  жасаған.  «Сәнқойлар»  деген  өлеңінде  де  аталған 

қоғам топтарының шедірейіп, шекиіп, қасын керіп, бұлықсып, 



қылықсып деп суреттелуі тегін емес. Мұндағы жағымсыз боя-

улы етістіктер қылжақбастар мен сәнқойларды экспрессиялы 

сөздермен «сілейтіп салған».

Образдың  эстетикалық  өрісін  кеңейтуде  Абай  тосын  эпи- 

теттерді  қолдануды  жүйелі  тәсілге  айналдырса,  Шәкәрім 


205

мұны  да  іліп  әкетеді.  Жоғарыда  аталған  ноқтасыз  ой,  боя-



улы  дін,  улы  жүрек,  долы  тіл  дегендері  сияқты,  жүрек,  тіл, 

көңіл, ой сөздерінің эпитеттерін сан кұбылтып отырады. Мы-

салы, толқынды көңіл, өлген көңіл, жаралы жүрек, от жүрек, 



аптыққан  жүрек,  жарық  жүрек,  таза  жүрек,  ақ  жүрек, 

жылы жүрек т. т.

Жоғарыда  айттық,  Абай  шығармашылығының  негізгі 

объектісі – адам, оның ішкі жан дүниесі. Сондықтан ол жүрек, 

көңіл,  ой  деген  сөздерді  адамның  символы  етіп  алып,  оларға 

«жан бітіріп», көп өлеңдерін соларға қарата айтады. Шәкәрімде 

де  бұл  атаулар  –  автордың  жан  сарайының  көрсеткіштері. 

Сондықтан бұлар қаратпа сөз болып келеді. Мысалы: Шошы-



ма, ойым, шошыма ... Қажыма, ойым қажыма ... Шарлайсың, 

ойым,  шарлайсың,  Алыстан  мені  барлайсың...  Қой,  жүрегім, 

қайғырма...

Абайға  дейінгі  қазақ  ақын-жырауларының  бөгде  тілдік 

сөздерді образ үшін жұмсаулары кемде-кем болатын. Ал Абай 

перизат,  айдаһар,  дүлдүл  сияқты  шығыс  сөздерін,  единица, 

нөл сияқты орыс сөздерін өздерін тура мағынасында емес, ау-

ыспалы  мағынада  алып,  образ  жасағанын  білеміз:  перизат  – 

Татьяна  Ларинаны  сипаттайтын  образ,  айдаһар  –Кавказдағы  

Терек өзені толқынының образы, единица – басшының, нөл – 

сол  басшының  соңынан  еріп,  айтқанын  істейтін  қалың  көп- 

шіліктің,  тіпті  дәлірек  танысақ,  бастаушысыз  әлеуметтік  іс-

әрекеттерге бара алмайтын тобырдың образы.

Абайдың  бұл  қолтаңбалық  ерекшелігіне  Шәкәрім  мықтап 

ден қойған. Шәкәрім тілінде Абайға қарағанда орыс сөздерінің 

қолданылуы  әлдеқайда  молырық  орын  алған.  Олардың 

бірқатары өздерінің тура атауыштық мағыналарында жұмсалса, 

енді бірсыпырасы образ үшін алынған. Мысалы, пароход, пе-



реводчик, аэроплан, телефон, граммафон, радио, электр, маг-

нит, хроноскоп, секунд, минут, заседатель, фанатик, психо-

лог, конвой, секретарь, повестка, университет, вокзал, апелля-

ция, спирт, гипноз, телепат, лунатик сияқты сөздер өздерінің 

номинативттік тура мағыналарында жұмсалса, «перевод мал-



тасын ездім, банкрот боп күйреді, сен ферзімсің, мен жаяу, 

Қайтсем  ұтам  ойбай-ау.  Төрге  барсам,  мен  таяу,  Қылмыс  па 



206

екен ханды мат» деген өлең жолдарындағы көрсетілген бөгде 

сөздер образ жасауға қатысып тұр.

Бұрынғы қазақ өлең-жырларымен салыстырғанда, Шәкәрім 

поэзиясында көзге түсетін ең үлкен ерекшелік өлең архитек-

тоникасы  мен  өлеңнің  ырғақтық-әуендік  бітімінде  көрінеді. 

Абай мен Шәкәрім поэзиясының арасындағы үлкен іліктестік 

те  осында,  дәлірек  айтсақ,  өлең  құрауда  қазақ  көркем  сөз 

тәжірибесінде  бұрын-соңды  болып  көрмеген,  Абай  ұсынған 

жаңа тәсілдерді (тәртіптерді) Шәкәрімнің де саналы, сауатты 

түрде қабыл алуында.

Ілгергі  тарауларда  айтылды,  архитектоника  дегеніміз  – 

шығарманың,  айталық  өлеңнің,  композициялық  құрылымы, 

екінші сөзбен айтсақ, шығарма құрылымының сыртқы пішіні 

және оны құрайтын бөліктердің бір-бірімен байланысуы. Абай 

қазақ  өлеңінің  сыртқы  құрылымына  мүлде  тың  жаңалықтар 

әкелді,  бұл  ретте  қазақ  поэзиясын  жоғары  сатыдағы  жаз-

ба  әдебиет  қатарына  қосты.  Ұлы  жаңашылдың  бұл  еңбегін 

үстіміздегі  ғасырдың  басында  Әлихан  Бөкейханов,  Ахмет 

Байтұрсыновтар  тұңғыш  рет  танып,  атаған  болатын.  Одан 

кейін Абайдың ақындық шеберлігін арнайы зерттеген Қажым 

Жұмалиев пен қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған 

Зәки Ахметов Абай өлеңдерінің архитектоникасын кеңінен сөз 

етті.


Абай  ең  алдымен  өлеңнің  құрылымдық  бөліктерінің  жаңа 

түрлерін  енгізді.  Әдетте  өлеңдер  шумақты,  шумақсыз  және 

шоғырлы  (тирадалы)  болып  келеді.  Абайға  дейінгі  қазақтың 

шумақты  өлеңдері  негізінен  бір  түрде:  төрт  тармақты  ааба 

ұйқасты  болып  келетін  11  буынды,  кейде  7-8  буынды  туын-

дылар болып кездесетін болса, шумақсыз өлеңдерге көбінесе 

7-8  буынды  жырлар  мен  кейде  11  буынды  өлеңдер  жататын. 

Зерттеушілер  (3.Ахметов)  қазақтың  эпостық  жырларында 

шоғырларға бөлінген түрі де бар дегенді айтады (шоғыр немесе 

тирада деп өлең-жырдың бір ұйқаспен келген, бір тақырыпты 

дәлірек айтсақ, минитақырыпты сөз ететін, төрт-бестен бастап, 

одан да көп болып келген тармақтарды атайды).

Абай  шумақты  өлеңдер  мен  шоғырлы  құрылымдарды 

түрлендірді,  атап  айтқанда,  8  тармақты  («Сегізаяқ»),  6 



207

тармақты («Қор болды жаным», «Бай сейілді» т.б.), 7 тармақты 

(«Сен мені не етесің», «Ата-анаға көз қуаныш»), 9 тармақты 

(«Тайға  міндік»),  14  тармақты  («Қатыны  мен  Масақбай») 

шумақтардан тұратын өлең құрылымдарын ұсынды. Бұлардың 

ішінде  6  тармақты  өлеңдерінің  өзі  құрылымы,  интонациясы, 

өлшемі, ұйқасы жағынан бірнеше түрлі болып келеді. Мысалы, 

алты тармақты «Қор болды жаным», «Қуаты оттай бұрқырап» 

деп басталатын өлеңдері мен «Бай сейілді», «Ем таба алмай», 

«Кешегі  Оспан»,  «Бойы  бұлғаң»  деп  басталатын  өлеңдерінің 

құрылымдары бірдей емес: «Қор болды жаным» өлеңінің ұйқас 

суреті аб аб вв, өлшемі 57 57 66, яғни 1 және 3-тармақтар бес 

буынды, 2 және 4-тармақтар жеті буынды, 5–6-тармақтар алты 

буынды болып келген, алдыңғы төрт тармақ шалыс ұйқаспен 

берілген. «Бай сейілді» өлеңінің ұйқас суреті бұдан өзгеше: аа 

б вв б, өлшемі де басқаша: 44 7 44 7. Алтыаяқтардың тағы бірі 

– «Қуаты оттай бұрқырап» деп басталатын өлеңі ұйқасы мен 

өлшемі  жағынан  алдыңғы  екеуінен  де  бөлек  тұрады:  өлшем 

жағынан буын сандары: 7777 66, яғни алдыңғы төрт жол жеті 

буыннан,  соңғы  екі  жол  алты  буыннан  құралған.  Демек,  бір 

шумақтағы тармақтардың саны алтау болып құрылған өлеңдер 

болғанымен, бұлардың әрқайсысын құрылымы жағынан бұрын 

қазақ  поэзиясынан  мүлде  орын  алмаған  жаңа  архитектоника 

деп тану керек болады.

Сөйтіп,  Абай  қазақ  өлеңінің  бұрынғы  төрт  тармақты 

шумақтардан тұратын түрлерінен басқа, тармақ саны жағынан 

тағы  да  бес  түрін  енгізген  екен  және  олардың  өлшемдік, 

ырғақтық, әуендік өрнегін құбылтып, әртүрлі етіп ұсынғанын 

көреміз. Осы арқылы Абай өлең құрылымын түрлендірудің жо-

лын ашты, үлгісін салды. Ұлы жаңашылдың бұл «ұсынысын» 

шәкірттерінің  ішінде  бірден  қабылдап,  амалды  әрі  қарай 

жалғастырған,  жалғастыра  отырып,  бұл  орайда  ұстазынан 

асып түспегенмен, қалыспаған Шәкәрім болды деп батыл айта 

аламыз.

Ең  алдымен,  Шәкәрім  сегізаяқты,  яғни  сегіз  тармақты 



(жолды)  құрылымды  қолданды.  Сегізаяқтың  Абай  келтірген 

өлшемін және ұйқас суретін сақтап, Шәкәрім «Жастық тура-

лы» және «Кәрілік туралы» деген екі өлеңін жазған. Мысалы, 

«Жастық туралы» өлеңінің 1-шумағы мынадай:



208

Гауһардай көзі 

Бұлбұлдай сөзі

Жаннан асқан бір пері. 

Жүзі бар айдай, 

Мінезі майдай,

Өзгеден артық сол жері. 

Дариядай ақыл мол еді,

Жан ғашығым сол еді.

Бұл  шумақтың  тармақ  саны,  буын  өлшемі,  ұйқас  суреті 

дәл Абайдың «Сегізаяғындағыдай». Көрсетілген екі өлеңінен 

басқа тағы бір өлеңін («Шын сырым») Шәкәрім сегіз тармақты 

құрылыммен береді, бірақ мұның ұйқас суреті мен өлшем сан-

дары (буын сандары) Абай ұсынған сегізаяқтан мүлде басқаша. 

Бұл өлеңде сегіз тармақтың барлығы да 6 буынды өлшеммен 

келген, ал ұйқасы аб в бг д еб тәртібімен қиыстырылған, яғни 

2,  4,  8-тармақтар  ғана  ұйқасады,  ал  классикалық  (абайлық) 

сегізаяқта ұйқас формуласы аа б вв б гг болып келетінін ескер-

сек,  Шәкәрімнің  «Шын  сырым»  өлеңіндегі  сегізаяғы  мүлде 

жаңа ырғақ, жаңа құрылым екені көрінеді.

Ақынның  «Қалжыңшыл  қылжақбас»  және  «Таң  журна-

лына»  деген  өлеңдері  тармақ  саны  жағынан  «алтыаяқтар» 

болғанымен,  Абайдың  алты  тармақты  «Буынсыз  тілің»  деп 

басталатын  өлеңінен  ырғағы,  өлшемі,  ұйқасы  жағынан 

мүлде  басқаша  құрылған:  Абайдың  алтыаяғы  ааб  вв  б,  яғни 

сегізаяқтағыдай  параллель  құрылымды  (аа  вв)  болып  келсе, 

Шәкәрімнің аталған өлеңінің ұйқас суреті ааа бб в, ал өлшемі 

тіпті қызық: алғашқы үш тармақ 8 буынды, келесі екі тармақ 

3 буынды, соңғы тармақ 2 буынды «әйда» деген редиф (әрбір 

шумақ сайын не тармақ сайын қайталап келетін соңғы бір сөз 

немесе сөз тіркесі).

Шәкәрімнің өлең архитектоникасына үңілгенде, бір ескере- 

тін  нәрсе  –  оның  кейбір  өлеңдерінде  құрылымдық  тәртіптің 

қатаң сақталмағандығы, яғни бірқатар шумақтары сегізаяқты 

болса,  сол  өлеңнің  келесі  шумақтары  әртүрлі  тармақты  бо-

лып келеді. Мысалы, мына шумақты ұйқас суретіне қарап 10 

тармақты деуге болады:

Сөзі – жан, 

Әні – тән


209

Жарасымды болса,

Тыңдар оны дос. 

Жыршылар 

Ән салар

Толғанып ойдан 

Мұңлы зар 

Қозғалар


Байқалып бойдан,

Бұл  –  «Таң  журналына»  «Жаңа  әнмен  байғазы»  деген 

өлеңінен  алынған  мысал.  Осы  өлеңнің  келесі  мына  шумағы 

алты тармақты деуге болады:

Жаңа әнім 

Байғазым


Құттықтап журнал.

Кәрі жан,

Салып ән

Жыбырлап қозғал.

Шәкәрімде  12  тармақты  өлең  де  бар,  ол  –  «Достыңыз 

зор» деп басталатын өлеңі. Шәкәрім Абайда жоқ құрылым – 

5  тармақты  өлеңдерді  де  ұсынады.  Олар  –  «Бұл  ән  бұрынғы 

әннен өзгерек» және «Жаралыс басы – қозғалыс» сияқты ту-

ындылары.

Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген өлеңін 

біз  Абайдың  «Сегізаяғы»  сияқты  қазақ  өлеңі  техникасына 

тыңнан  қосылған  жаңалық  дер  едік.  Оның  жаңалығы  кейбір 

шумақтарының тіпті Абайда жоқ «бесаяқ» болып құрылуында 

ғана  емес  немесе  бір  тармақтың  екі-ақ  буынды  болып  келе- 

тіндігінде  де  емес,  ең  алдымен,  бұл  жаңалық  өлеңнің  бұрын 

кездеспеген  интонациясында  (әуенінде)  және  Абайдан  бұ- 

рынғы  қазақ  өлеңінде  қолданылмаған,  үлгісін  Абай  салған 

өлең тасымалы дегеннің орын алуында және сөйлем түзілісі- 

нің  проза  синтаксисіне  жақын  келуінде,  сондай-ақ  инверсия- 

ның  (сөздердің  орын  алмасып  жұмсалуының)  стильдік  мақ- 

сатта  қолданылуында.  Бұл  көрсетілген  белгілердің  барлығы  

да күшті жетілген жазба поэзияны сипаттайтын құбылыстар. 

Мысалы:


210

Бұл ән


Бұрынғы әннен өзгерек.

Бұған


Ұйқасты өлең, сөз керек

Өзіне орайлы.

Бұл шумақ тұтасымен тасымалдан тұрады: әрі қара сөзбен 

құрылған  сөйлемге  жақын  келеді:  Бұл  ән  бұрынғы  әннен 



өзгерек, өйткені бұған өзіне орайлы ұйқасты өлең, сөз керек 

деген сейлемнің бір тармақта келуге тиісті сөздері тармақтан 

тармаққа  тасымалданып  (көшіріліп)  берілген.  Әрине,  бір 

сөйлемнің  бірнеше  тармаққа  бөлініп  берілгенінің  бәрі  та-

сымал  болмайды.  Поэзияда,  оның  ішінде  Абай  мен  Шәкәрім 

өлеңдерінде,  бір  сөйлемнің  екі  не  одан  да  көп  жолдарға 

сыйғызылып берілгені жиі кездеседі. Мұндайда әр тармақтың 

синтаксистік-интонациялық дербестігі болады, яғни сөйлемнің 

синтаксистік  дербес  бөліктерінің  шекаралары  тармақтардың 

жігіне сайма-сай келеді, ашып айтсақ, бір тармаққа бір бөлік 

орналасады,  ол  бөліктер:  күрделі  немесе  жайылма  мүше, 

бірыңғай  мүшелер,  құрмалас  сөйлем  компоненттері  сияқты 

тиянақты бөліктері. Бұлардың тармақтан тармаққа ауысып ор-

наласуы – заңды, қалыпты құбылыс.

Ал Шәкәрімнің жоғарыда келтірілген шумағында екі-үш бу-

ынды бір ғана сөзден тұратын сөйлем мүшесін жеке бір тармақ 

етіп құрастырған немесе өзіне орайлы деген бір анықтауышты 

сөйлемнің соңына шығарып, жеке тармақ етіп берген.

Шәкәрім қазақ поэзиясына ырғағы тіпті Абайда кездеспейтін 

өлең түрлерін енгізгенін атау керек. Оның 23 жасында жазған, 

өзі әнін шығарған, демек, осыған орай ырғағын, жаңа ритми-

касын тапқан «Жиырма үш жасымда Бұл өлең жазылған» деп 

басталатын туындысы бұл пікірімізді дәлелдейді. Тармақ саны 

жағынан бұл өлеңнің құрылымы жаңа емес, ол – алты тармақты 

өлең, ал «алтыаяқтарды» Абайдың ұсынғаны мәлім. Шәкәрім 

өлеңінің  сонылығы  ырғағында,  атап  айтқанда,  алғашқы  төрт 

тармағы алты буынды аб аб ұйқасымен келген де, соңғы екі 

тармағының  алғашқысы  11  буынды,  екіншісі  12  буынды  вб 

ұйқасымен құрылған:

Бақытсыз жүрегім

Жалындап жанып тұр.


211

Үмітті тілегім

Орынсыз қалып тұр

Ақыл, қайрат, сабырдың бәрі кетіп,

Адасқан асығын мұңлы әнге салып тұр.

Мұнда жаңа ырғақ жасап тұрған алдыңғы тармақтар емес, 

олар Абайдың: «Көзімнің қарасы, Көңілімнің санасы» деп ба-

сталатын өлеңімен ырғақтас, ал соңғы екі тармағының бірін 11 

буынды, екіншісін 12 буынды етіп ұсыну – мүлде тың құрылым, 

оның үстіне бұл жердегі 11 буынды тармақтың бунақтары 4 + 

3 + 4, ал келесі тармақтың бунақтары 6+3+3 болып келгенінде. 

Бұл  екі  тармақ  өзара  ұйқаспайды  (бұл  ұйқаспаушылық  осы 

екі  тармақтың  буын  санын  әртүрлі  етіп  ұсынуға  мүмкіндік 

беріп тұр). Соңғы 6-тармақ 2, 4-тармақтармен ұйқас құрайды, 

яғни  өлең  шумақтарының  ұйқас  формуласы  аб  аб  вб.  Соңғы 

екі  тармақ  көбінесе  құрмалас  сөйлем  болып  келіп,  прозалық 

ырғаққа  жуықтайды:  «Жетіқарақшы  айналып  сені  іздеп  жүр, 

бәрі сені ойлап мас болып сандалып...»

Қысқасы, бұл кітапта Шәкәрімнің өлең архитектоникасын 

толық талдап шығуды міндетімізге алған жоқпыз, бұл – арнайы 

терең  зерттеудің  объектісі  демекпіз.  Ал  біздің  бұл  жердегі 

көздегеніміз – қазақ өлеңі құрылымына Шәкәрімнің де өзгеріс 

енгізгенін көрсету және бұл әрекеттің үлгісін Абайдан алғанын 

айту болды.

Бұл үлгі-өнегені тек Шәкәрім емес, Абайдан кейінгі қазақ 

поэзиясы жақсы қабылдағанын және құр еліктеу түрінде емес, 

Абайша  мазмұн  мен  түрді,  яғни  поэтикалық  идея  мен  оның  

тілдік көрінісін сәйкес келтіру мақсатында қолданғанын бай- 

қаймыз. Мысалы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұр- 

сынов,  Ілияс  Жансүгіров  сияқты  ақындар  жан  толғанысын 

поэзия  тілімен  айтуға  келгенде,  сегізаяққа  жүгінеді.  Абай 

«Сегізаяғында» өзінің философиялық, азаматтық, суреткерлік 

ой-толғамдарын  білдірсе,  Ахмет  Байтұрсынов  та  үстіміздегі 

ғасырдың басында елдік, ұлттық тәуелсіздігінен айрылып, отар 

жұрттық  күн  кешіп  отырған,  ғылым-білімнен  де  құр  қалған 

халқына:


Қазағым, елім, 

Қайқайып белің



212

Сынуға тұр таянып. 

Талауда малың, 

Қамауда жаның

Аш көзіңді оянып. 

Қанған жоқ па әлі ұйқың, 

Ұйықтайтын бар не сиқың?!–

деп,  қазақ  қоғамының  ұлттық  намысын  оятпақ  болады.  Бұл 

идея  Ахмет  Байтұрсыновтың  бүкіл  ақындық,  ағартушылық 

қызметінің  лейтмотиві  болса,  оны  білдірудегі  ең  бір  ұтымды 

деп тапқаны – осы ойын айтатын өлеңін сегізаяқтың үлгісімен 

жазу.  Мұнда  ақын  ұстаз  тұтқан  Абайдың  үлгісімен  алғашқы 

екі  жұпты  алты  тармақта  айтылмақ  идеяның  тезисін  (баян-

дауды)  береді  де,  соңғы  екі  тармақта  сол  тезистен  шығатын 

түйінді, яғни антитезисті ұсынады. Түйін-антитезис көбінесе 

ақыл  сөз,  өнеге  сөз  (сентенция)  болып  келеді.  Абайдың 

«Сегізаяғындағы» шумақтардың соңғы 7-8-тармақтары нақыл 

сөзге,  тіпті  мақал-мәтел  сөзге  айналып  кеткенін  білеміз.  Ал 

Шәкәрім  өзінің  «Сегізаяқтарында»  әлеуметтік  тақырыпты 

емес, жеке адамдық әңгімені: жастық пен кәрілікті сөз етеді. 

Бұлар  да  ақынның  жан  толқынын  сездіретін  тақырыптар. 

Шәкәрім  өлеңдеріндегі  түйіндер  сентенциядан  гөрі,  болған 

не болатын істің жалпы қорытындысы түрінде келеді, демек, 

мұнда да Абай сегізаяғының құрылымы сақталған: әр шумақ 

тезис пен қорытындыдан түзілген.

Абай  поэзиясы  тілінің  кейінгі  қазақ  ақындарына  орасан 

зор  әсер  еткенін,  Абай  тіліндегі  осы  жұмыста  көрсетілген 

көріктеудің  амал-тәсілдері  мен  ол  ұсынған  принцип-бағдар- 

лардың бірі болмаса бірін қазақ ақындары ертелі-кеш қабылдап, 

әрі  қарай  жалғастырғанын  батыл  және  молынан  көрсете 

аламыз.  Бұған  мысал  ретінде  екі-үш  ақынның  поэтикалық 

дүниесіне өте шағын экскурс жасалық.

Кезінде Пушкиннің тяжелое умиление деген жаңа тіркесін 

оқып, И.С.Тургенев: «осылай айта алу үшін мен әр қолымның 

шынашағын кесіп берер ем» деген екен. Абайдың осы үлгілес 

ыстық  қайрат,  нұрлы  ақыл,  қырық  жамау  жүректеріне 

сүйсінгенін айдай әлемге бұлайша паш етіп, қағаз бетінде ешкім 

білдіре  алмаса  да,  мұның  әсері  мен  үлгісі  қазақ  ақындарына 


213

Тургеневтен кем болған жоқ. Солардың бірі – Сұлтанмахмұт 

Торайғыров. Ол да – Абайды, оның ақындығын пір тұтқан жан. 

1913 жылы «Айқап» журналында жариялаған «Қазақ тіліндегі 

өлең  кітаптары  жайынан»  деген  мақаласында  сол  кезеңде, 

үстіміздегі ғасырдың алғашқы 10-15 жылдығына, қазақ тілінде 

деп жарық көріп жатқан поэзия дүниесінің алдымен тақырыбы 

мен мазмұнын, сонан соң идеясы («рухы») мен түрін («тілін») 

қатты  сынап,  «марқұм  Абай  өлеңдері  басқаларға  қарағанда, 

пайғамбардың жүрегінен құйылған құрандай, соқыр кісі сыб-

дырынан  танырлық  аққұла  ашық  тұрады»,  –  дейді  де  оның 

өткірдің  жүзі,  кестенің  бізі  өрнегін  сендей  сала  алмас...  са-

удырсыз  сары  қамқа...  сөзімде  жаз  бар  шыбынсыз  деген 

қолданыстарын мысалға келтіреді.

Сұлтанмахмұттың  бұл  сияқты  семантикасы  жағынан  бір-

біріне  жуыспайтын  сөздерді  Абай  үлгісімен  қиюластырып 

жасаған жаңа образдары тұрмыстың құрығы (Тұрмыстың ұзын 

құрығы Бұрды да түсіп мойынды), надандықты тебу (Тебем 

деп тірі болсам надандықты, Серт етіп өзіме өзім еткем егес), 



надандық  теңізі  (Надандық  теңізі  тартылар),  шындықтың 

ауылы  (Шындықтың  ауылын  іздеп  түстім  жолға),  үміттің 

көгі,  тағдырдың  тасқыны,  тағдырдың  кермесі  (Тағдырдың 

кездестім ғой кермесіне) сияқты соны тіркестерімен келеді.

Перифраздарды  Абайдай  молынан  келтірген  ешбір  ақын 

жоқ,  бірақ  сөз  құдіретін  тани  білген  Сұлтанмахмұт  сияқты 

тума  талант  оны  да  сезіп,  аз  да  болса  Абай  үлгісімен  жаңа 

өспірім  жас  шілік  (жас  ұрпақ,  замана  жастары),  Шоңның, 

Торайғырдың  көк  жапырақтары  (ұрпағы)  сияқты  тұспалды 

фразеологизмдерді (перифраздарды) ұсынады.

Сұлтанмахмұттың  ақындық  таланты  поэзиядағы  сөз- 

символ дегендерді де тапқызған. Ол жапырақ сөзін жеке адам- 

ның  символы  ретінде  келтіреді:  балғын  жас  адам  (сірә,  қыз) 

«бұтақтары  салбырап...  көз  тартарлық  балбырап,  лебіне  де 

аз желдің ұялып бұққан қалтырап... тұратын гүлдеген, біткен 

жапырақ болса, одан кейінгі жас – жұмақты кіріп көргендей, 

сайран етіп жүргендей халге түсіретін жапырақ болып сыбдыр-

лайды, сол жастардың (қыздардың) ішінде бақытсыздары бар 

екенін «солған, сарғайған, дірілдеп жерге қараған жапыраққа 


214

көзім  түсті»  деп  астарлайды.  Қысқасы,  «Жапырақтар»  деп 

өзі атаған бұл өлеңі түгел символмен берілген. Сарыарқаның 

жаңбыры  дегені  де  –  символ,  ол  1917  жылғы  патшаны 

құлатып,  бостандық  әкелген  Ақпан  төңкерісі,  бұл  символ-

ды ақынның өзі-ақ ашып береді: «Бұл мысалдың мәнісін ұға 

алсаң сен, Келген заман – бостандық жаңбырмен тең», – дейді. 

Біздің байқауымызша, бұл фактілердің барлығы – бір жағынан, 

мұсылманша, орысша оқып, көзі ашылған, көп нәрседен, оның 

ішінде  жалпы  поэзия  сырынан  білген-түйгені  бар  ізденгіш 

суреткердің  өз  таланты  болса,  екінші  жағынан,  Абай  өнегесі 

деп табамыз.

Абайдың  өлең  архитектоникасына  әкелген  жаңалықтары 

өзінен кейінгі түсіне білетін, іздене білетін ақындарға орасан 

зор әсер етті деп жоғарыда айттық. Сұлтанмахмұт та, Шәкәрім 

сияқты,  бұрынғы  қазақ  өлең  құрылымында  болмаған,  Абай 

жасаған жаңа өлшемдер мен ырғақтарға, жаңа ұйқас түрлеріне 

назар  аударады.  Өлең  түзілісін  Шәкәрімдей  түрлентпегені- 

мен,  Абайдың  кейбір  жаңа  «аяқтарын»  байқап  көреді.  Сұл- 

танмахмұт  шумағы  алты  тармақтан  тұратын  «Шәкірт  ойы», 

«Күңгірт  түспен  ойға  батып»,  «Алтыаяқ»  деген  өлеңдерін 

жазған.  Бұл  өлеңдердің  ұйқас  суреті  аб  аб  вв  болып  келеді, 

өлшемі 8 буынды:

Қараңғы қазақ көгіне

Өрмелеп шығып күн болам. 

Қараңғылықтың көгіне 

Күн болмағанда кім болам.

Мұздаған елдің жүрегін

Жылытуға мен кірермін.

Ақынның  қалған  алтыаяқтары  да  өлшемі  мен  ұйқасы 

жағынан  дәл  осындай.  Сегізаяқтардың  баяндау  (тезис)  және 

түйіннен  (антитезис)  тұратыны  сияқты,  Сұлтанмахмұттың 

алтыаяқтарының  да  алдыңғы  төрт  «аяғы»  (тармағы)  кон-

статация-тезис,  соңғы  екі  «аяғы»  салдар-қорытынды  болып 

ұйымдасқан.

Сұлтанмахмұтта  Абайда  жоқ  «бесаяқпен»  жазылған  бір 

өлеңі  бар,  ол  –  «Мейірімсіз  ажал»  деген  туындысы.  Мұнда 

алдыңғы төрт тармақ осы өлеңнің негізгі тақырыбы – ажалдың 


215

сын-сипатын,  «әрекет-қылығын»  бейнелейтін  жолдар  бо-

лып келеді де, 5-тармақ «уытың күшті ажал-ай!», «мейірімсіз 

шіркін  ажал-ай!»  сияқты  ажалға  айтылған  «қаратпалар»  етіп 

ұсынылады, ұйқас суреті аб аб в, бірақ төрт шумақтан тұратын 

бұл  өлеңнің  бесінші  тармақтары  өзара  ұйқаспайды,  бұл 

тармақтарды  бір-біріне жуықтататын  – «ажал-ай!»  деген  ре-

диф (қайталап келетін соңғы сөз).

Жоғарыда  Абай  кейбір  кірме  сөздерді  образ  үшін  қолдан- 

ғанын  көрсеттік.  Осы  амалды  аз  да  болса  Сұлтанмахмұт  та 

қолданады.  Мысалы:  «Қазақша  басшымыз  дер  шляпалар, 

Очки  сап,  портфель  ұстап  жүрген  жандар»  деген  өлең  жол-

дарында келтірген үш орыс сөзінің үшеуі де образ жасап тұр, 

барлығы  да  –  өздерінше  елге  басшы  боларлықтай  сезінетін 

қазақ оқығандарының образы, бірақ шляпа киіп, очки салып, 

портфель ұстағандар – сырттай интеллигент, қара қазақтан осы 

түрлерімен ғана ерекшеленетін, ал бірақ сол халқына «істеген 

он  тиындық  еңбегі  жоқтар»  екенін  осы  үш  бөгде  сөздің 

образдық қызметі көрсетеді.

Әрине,  Абай  шығармашылығының,  Абай  тіл  кестесінің 

Сұлтанмахмұтқа  тигізген  әсері,  берген  үлгісі  тиіп-қашты 

көрсетілген  бұл  фактілермен  шектелмейді.  Бұл  айтқандары- 

мыз да – тек барлау, дәлірек айтсақ, Абай поэтикасының жал- 

ғасуына  арналған  шолу-экскурс  қана.  Торайғыров  тілі  де  – 

лингвостилистика бойынша арнайы зерттелетін объект. Ол да 

қазақ көркем сөзінің тіл өрнегінде із қалдырған, мүмкін тіпті 

кейбір соны іздерін салған ақын, жазушы деп танимыз.



216


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет