Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай.
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт кұбылмай,
Жақсы өмірің бұзылмай,
Жас қуатың тозылмай,
Жалын жүрек суынбай,
Жас біткеннен түңілмей,
Жағалай жайлау дәулетің
Жасыл шөбі қуармай,
Жарқырап жатқан өзенің
Жайдақ тартып суалмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай.
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
Бұл шағын өлең – Абай творчествосындағы орны айрықша,
көркемдік құралдары мен грамматикалық құрылымы жағынан
өзге ешкімде, тіпті Абайдың өзінде аналогі жоқ дүние. Оның
жеке-даралығы, ең алдымен, тұтас бір өлеңнің, бастан-аяқ
аллитерациялық анафораға құрылғандығынан көрінер бол-
са, екіншіден, ж-мен келетін аллитерациялық кұрылыстың
тармақтардың тек басында емес, өн бойында сақталуынан да
байқалады: жасқанып жауға тығылмай... жау жүрек жо-
март құбылмай... жалын жүрек суынбай... жайдары жүзің
– жабылмай... Бұл 16 жолдық өлең бір ғана тирада (шоғыр)
және бір ғана сөйлемнен тұрады. Бұл да осы өлеңнің қайта-
ланбас ерекшелігі, өйткені бұл – синтаксистік сирек құрылым:
13 бағыныңқы, 1 басыңқы компоненті бар бір ғана құрмалас
сөйлем. Өлеңнің осы көркемдік және грамматикалық ерекше-
лігінің екеуі де бір ғана идеяны – Оспанның моральдық
портретін беретін тұтас дүниеге айналдырып тұр. Демек,
стильдік-көркемдеуіш мақсатты көздеуде де Абай сирек
кездесетін шеберлікке барған.
151
Анафора мен эпифора
Анафораның тек дыбыстық емес, өзге түрлерін де Абай
жақсы қолданған. Олардың бірі – шумақтық анафора бол-
са, оны өлеңнің әрбір шумағының немесе шоғыр сияқты
өзге де бөліктерінің басында бір сөздің, кейде бір фраза не
бір сөйлемнің қайталап келуі көрсетеді. Шумақтық анафора
өлеңде айтылмақ идеяны күшейте түседі. Мысалы, «Сап, сап,
көңілім, сап, көңілім» деп басталатын өлеңінде алабұртқан
жастық сезімді ақылға жеңдіріп, тежеңкіреу идеясы айтылған
болса, оны ақын «сап, сап, көңілім, сап, көңілім» дегенді осы
өлеңнің әр бөлігінің басында қайталап келтіру арқылы нығайта
түседі. Екіншіден, анафоралы құрылымы осындағы бес үлкен
шоғырды бір өлең етіп ұйымдастырып тұр.
Тілдік-композициялық келбеті ерекше болып келген бұл
өлеңде оны тұтастық етіп «цементтеуші» және бір амал бар,
ол – өлеңнің сұраулы сөйлемдермен келуі. Ақын сұрау арқылы
сабырлыққа шақырады:
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!
Саяламай, сай таппай,
Не күн туды басыңа
Күні-түні жай таппай?
Сен жайыңа жүргенмен,
Қыз өле ме бай таппай?
Түн кезгенің мақұл ма,
Жан-жағыңа жалтақтай?
Өлермін деп жүрмісің,
Мұнан басқа жан таппай?
Өлеңнің барлық шоғыры осы іспеттес. Қысқасы, «Жай
жүрсең де қыз қумай, Сені біреу қарғай ма? Қыз іздесең, қалың
бер, Мұным ақыл болмай ма?» деген сияқты сұрауларды «жа-
удырып келіп», лирикалық кейіпкер «сап, сап, көңілім, сап,
көңілім!» деп өзіне-өзі ақыл айтады.
Шумақтық анафоралы өлеңнің тағы бірі – «Мен көрдім
ұзын қайың құлағанын» деп басталатын аударма өлеңі. Мұнда
«мен көрдім» деген сөздер әр шумақтың басында келіп, анафо-
ра болып тұр.
152
Грамматикалық анафора біркелкі морфологиялық тұлғалар-
дан немесе синтаксистік құрылымдардан басталатын жолдар
болып келеді. Мысалы:
Барып келсе, Ертістің суын татып,
Беріп келсе, бір арыз бұтып-шатып,
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол...
Абай өлеңдерінің қатар түскен мына тармақтары да
грамматикалық тұлғалары біркелкі параллельден басталады:
Бір-ақ секіріп шығам деп,
Бір-ақ қарғып түсем деп...
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып...
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда...
Туғызған ата-ана жоқ,
Туғызарлық бала жоқ...
Бұларда тармақ басындағы сөздер морфологиялық құры-
лымы жағынан біркелкі тұлғалармен келген.
Келесі сәттерде Абай бір сөзді әртүрлі септікте келтіріп,
лексикалық анафора жасайды:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек...
Әрине, Абайда анафора өлең сайын кездеседі деуге болмай-
ды, бірақ барлары сол контекске аса бір әдемі музыкалық үн
береді. Келтірілген анафоралық қолданыстардың барлығы да
өлеңнің тыңдаушы (оқушы) сезіміне әсер ететін эмоциялық
бояуын күшейтеді. Анафоралы өлең жолдары өлең үнінің
әсерлі болуына қызмет етуімен қатар, өлеңді жаттау үшін де
көмектеседі: «сылдырап тұрған келісім», әдемі әуен адам жа-
дына өзінен- өзі құйылып, жатталып қалады.
Өлең жолдарының соңында қайталап келетін жеке сөздерді
немесе сөз тіркестерін қолдану эпифора деп аталатын бол-
153
са, ол да поэтикалық көріктеу амалдарының бірі. Бұл да өлең
үндестігін жасайтын тәсіл. Эпифораны да қазақ поэзиясы ауыз
әдебиетінен бастап, ақын-жыраулар үлгілерінде қолданып
келгенін айтуға болады.
Эпифораның ең бір қарапайым түрі – өлең жолдарының
соңғы сөзінің қайталап келуі, бірақ ол ұйқасқа қатыспайды,
ұйқасты оның алдындағы сөздер жасайды. Эпифораға қазақтың
ауыз әдебиеті мен XV-XVII ғасырлардағы ақын-жыраулары жиі
барған. Мысалы, Бұқар жыраудың бірнеше толғауы тармақтың
соңы етіп бір сөзді сан рет қайталаумен жасалған. «Айналасын
жер тұтқан» деп басталатын толғауының әрбір екінші жолы
демеңіз деген сөзге аяқталып отырады:
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз...
Әрі қарай бұл 23 жолдық толғаудың тағы 15 жолын демеңіз
сөзі аяқтап тұрады. Ал «Ай не болар күннен соң» деп бастала-
тын толғауы соң деген шылауды эпифора етіп алады, «Бірінші
тілек тілеңіз» деген толғауы тілеңіз сөзін тармақ соңына жиі
шығарады. Өзге толғауларынын, бірінде не пайда тіркесі (Көкте
бұлт сөгілсе, көктеп болмас, не пайда? Көкіректен жан шықса,
Қайтып келмес не пайда?..), екіншісінде немене сөзі (Алыстан
қызыл көрінсе, Манат емей, немене? Көтеріліп ұшқан соң,
Қанат емей, немене...), үшіншісінде өлгені сөзі (Асқар таудың
өлгені – Басын мұнар шалғаны. Көктегі бұлттың өлгені – Аса
алмай таудан қалғаны...) тармақ соңдарында қайталап келіп,
эпифоралық көрініс береді.
Эпифоралық құрылым – XVIII ғасырдағы Бұқарда ғана
емес, одан бұрынғы жырауларда да өнімді тәсіл болғаны
байқалады. Айталық, Қазтуған жырауда (XV ғ.) жұрт, деп сөз-
дерінің өлең жолдарындағы сөйлемді аяқтап тұруын көрсету-
ге болады:
Белгілі биік көк сеңгір
Басынан қарға ұшырмас,
154
Ер қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп...
Сусыным қанға қанар деп...
Жамандар мазақ қылар деп...
Асанқайғыда да (XV ғ.) деп, ғарып сөздері, Доспамбетте
(XVI ғ.) өкінбес, күн қайда, өкінбен сөздері өлең жолдарын
аяқтауда қайталанып тұрады: Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай
қондым – өкінбен... Топ бастадым – өкінбен... Дұспан аттым
– өкінбен... Ару сүйдім – өкінбен... Шаһид кештім – өкінбен...
Жыраулар мектебін ақындар мектебіне ұластырушы Ма-
хамбетте де (XIX ғасырдың I жартысы) эпифоралы өлеңдер
едәуір. Оларда ер (мінкен ер, неткен ер, өткен ер, жеткен ер),
күн сөзі (Мұнар да, мұнар, мұнар күн, Бұлттан шыққан шұбар
күн... шөккен күн... бақыт тайған күн...), күн қайда тіркесі, соң,
үшін шылаулары, жоқ, бар сияқты сөздер өлең тармақтарының
соңында сан рет қайталап келіп, эпифоралы құрылымдар
жасаған.
Сірә, эпифора тәсілін қазақтың дидактикалық толғаулар
жанрының тілдік-көркемдік құралының бірі деп санауға бола-
ды. Эпифоралы өлең жолдары үлгі-өсиет айтатын дидактика-
лық констатация не тұжырым болып табылады да, олар құры-
лымы жағынан бір тектес сөйлем-параллельдерді құрайды:
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бүлген соң...
Міне, бір-бір шындықты баяндау (констатация) үшін осы-
лайша екі-екі жолдан жұптастырып, әр жұпты соң шылауымен
келген сөздермен аяқтап, өзара ұйқастырады. Демек, әр жұп
– бір-бір шындықтың баяны. Біркелкі етіп ұсынылған парал-
лель баяндауларды бір толғауға топтастырудағы тілдік меха-
низм – соң шылаулы тіркестерді қолдану. Бұл жерде эпифора
әрі өлең жасау техникасына қатысып тұр, әрі көріктеу қызметін
атқарып, ұйқасты-ырғақты параллельдерді жасап тұр.
Әрине, эпифора тек жыраулар мектебіне тән жанрлық-тіл-
дік тәсіл деуге болмайды. Оны ретіне қарай қазақ поэзиясының
155
қай кезеңі де, қай түрі де (ауызша, жазба дегендей) еркін пай-
далана берді. Жазба поэзияда эпифора, сірә, жоғарыдағыдай
жанрлық белгі болудан гөрі, стильдік мақсат көздеп қолда-
нылатын тәрізді. Мысалы, Мағжан Жұмабаев 1911 жылы «Жа-
тыр» деген өлеңін жазды. Текст:
Басқа жұрт аспан көкке асып жатыр,
Кілтін өнер-білім ашып жатыр.
Бірі – ай, бірі – жұлдыз, бірі – күн боп
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер-білім алып жатыр,
Күнбе-күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рахметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп, қарап тұрсаң,
Қазағың таң қаларлық кепте жатыр ...–
деп басталады да, әрі қарай қазақтың «жатқан күйін» суреттейді:
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс-керіс, кісі өлтіріс
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр...
Дау, жанжал ел арасы толып жатыр,
Дін десе бар тілі де құрып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күннен-күн артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбей өз өлгенін өзінікін
Аты өшкір оқығандар нетіп жатыр
(«Айқап». - 1911. - № 2. - 14-15-б.)
Қысқасы, өлеңнің идеясы қазақ халқының қарасы бар, төресі
бар, қараңғысы бар, көзі ашық оқығандары бар іс-әрекетсіз,
қам-харекетсіз тегіс «жатқанын» айту екенін 3-шумақ ашып
көрсетеді. Тоғыз шумақтан тұратын бұл өлеңнің (біз оның алты
шумағын ғана беріп отырмыз) сегіз шумағында жатыр сөзі
көмекші етістік болып келсе, 3-шумақта негізгі етістік болып
жұмсалған:
156
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай шетте жатыр...
Жазба поэзияда тұтас өлеңнің бұлайша бір сөзді эпифо-
ра етіп келтіруі – сирек құбылыс. Дегенмен бірнеше жолды
қамтитын эпифоралы өлең құрылымдары кім-кімнен де табы-
лады. Мысалы, Абай бұл тәсілмен «Қартайдық, қайғы ойладық,
ұлғайды арман» деп басталатын өлеңін 2-шумағынан бастап
10-шумағына дейін деп сөзінің қайталап отыруымен жазған:
Бай алады кезінде көп берем деп,
Жетпей тұрған жерінде тек берем деп.
Би мен болыс алады күшін сатып,
Мен қазақтан кегіңді әперем деп...
Әрі қарайғы жеті шумақ осылайша түзілген. Дегенмен Абай-
да эпифоралы өлең құрылысы өте аз. Жоғарыда көрсетілгеннен
басқа тағы екі-үш өлеңін атауға болады: «Сұм дүние тонап жа-
тыр, ісің бар ма» деген үш шумақ шағын өлеңі бар ма сөзінің
эпифора болып келуімен құрылған. «Туғызған ата-ана жоқ»
деп басталатын өлеңінде жоқ сөзінің тармақ соңында қайталап
келуі арқылы эпифора жасалған, «Келдік талай жерге енді» де-
ген өлеңінде енді сөзі эпифоралық қызметте.
Түбірлес сөздер
Өлең тілінің үн сазына қатысы бар тағы бір тілдік көріністі
талдау қажет. Ол жайында қазақ өлең теориясында немесе
лингвостилисти-касында мүлде сөз болған емес. Ол – түбірлес
сөздердің өлеңнің бір жолында келтірілуі. Мысалы, Абайда:
«Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай» деген өлең жолын-
да шық- түбірінен өрбіген шыға (ойлау) және шығандау деген
екі сөзді қатар қолданып отыр. «Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа
ерме... Орақ орар, орылар мезгіл жетті» деген жолдарда да есім
мен етістік болып келген түбірлес сөздер қатар келтіріліп тұр.
Өлеңнің тек бір жолында емес, қатар келген жолдарында да
түбірлес сөздер қолданылып, өлең үніне ерекше саз береді.
Мысалы:
Туғызған ата-ана жоқ,
Туғызарлық бала жоқ.
157
Туысқан-туған құрбылас
Қызығымен және жоқ, –
деген төрт жолдың алғашқы үшеуінде ту етістігінен өрбі-
ген төрт сөз шоғырланып келген.
«Түбірлес» деп танылған сөздер грамматикалық жағынан
даусыз ашық болып та келеді. Мысалы, «Сүйер жансып,
сүйкімді бет берем деп» деген жолдағы сүйер, сүйкімді сөз-
дерінің түбірі – сүй етістігі. Сол сияқты мына өлең жолда-
рындағы көрсетілген сөздердің морфологиялық құрылымы
жағынан түбірлес екендігі даусыз: Қу тілмен қулық сауған заңы
құрсын... Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан... Күз күзеуде
жанжалсыз бола алмай жүр... Шалықтап шалқып шатпай ма?..
Табысына табынып, қалтаң қағып... Қызық келсе, қызықпа,
оңғаққа ерме... Сүйсіне алмадым, сүймедім... Ылайла ылай
оймен тұнығыңды... Бас болмай ма бастауға... Күлдіргіштеу,
күлкішіл, қалжыңға ұста... Шарықтап, шар тараптан көңіл
сорлы...
Дыбыстық құрамы ұқсас сөздердің түбірлестігі тұлғалық
жағынан күмәнді болғанымен, мағыналық жағынан бір-біріне
өте жақын келетіндіктен, бұларды да түбірлес сөздердің
қатарында қарауға болады. Мысалы, қызды айтсам, қызықты
айтсам, қыздырмалап деген жолда үш сөз әуендес: қыз, қызық,
қыздырмалау, бірақ үшеуінің де түбірі қыз деп этимологтер
дәлелдемесе, қарапайым оқырманға солай деп тану қиын, де-
генмен соңғы қызық, пен қыздыр деген екі тұлғаның түбірі бір
екендігі айқын. Сол сияқты: «Есер, есірік болмасаң» дегендегі
алғашқы екі сөздің мағына жағынан синонимдер екендігін,
мамандар үшін тіпті олардың түбірлес екендігін дәлелдеу де
қиын болмас. Осы қатарға: «Елең қағып елбірер, Еліртіп көзді
аспанға» деген жолдардағы елең, елбіреу, еліру сөздерінің
түбірлестігі фонетика-морфологиялық тұрғыдан этимология
жасап таппасақ, сырт көзге бірден бұлардың түбірі ел деп айту
қиын. Бірақ бұл жерде ақын түбірлес сөздерді келтіру арқылы
елең қағу тіркесіне елбіреу сөзін жалғастырып, бір жағынан
жаңа тіркес жасап тұрса (бұл – айтпақ ойына қажет сұраныс),
екіншіден, елең қағу әрекетін елбіреудің амалы етіп ұсынып,
соңғы сөздің эмоциялық әсерін күшейтіп тұр. Мағынасы
158
жағынан бұл сөздермен түбірлес-ау деп табылатын еліру сөзін
өлеңнің қатар тұрған келесі тармағында келтіру – образдың
экспрессиясын, яғни елең қағып, елбіреп барып елірген деген
образдың экспрессиялық бояуын қалыңдата түскен. Демек,
мұндай «фоникалық оркестровка» («өлең үнін үйлестіру») ай-
налып келгенде поэтикалық жүк арқалап тұр екен. Абайдың
ақындық құдіреті де осында. Өйткені егер фоникалық орке-
стровканы Марина Цветаева сияқты орыс ақыны саналы түрде,
яғни қыр-сырын біліп, әдейі қолданса (тіпті кейбіреулерін
қолдануда қандай образды көздегенін қойын дәптеріне жазған
сәттері де бар екен), мұны ол әдебиет тарихын өте жақсы
білгендіктен, ана тілінің де, шет тілдердің де орта ғасырлардағы
поэзия әлемінің барлық тәртіп-ережелерін оқып білгендіктен
деп табамыз. Ал Абай бұл теорияларды оқыған да емес, ал-
дында – өзіне дейінгі қазақ поэзиясында – үлгі-қалып болған
да емес, Абайдың бұл тұстағы шеберлік өрнегі – әсемдік
интуициясының жемісі.
Таза лингвистикалық тұрғыдан талдағанда түбірлес болу-
болмауы күмәнді сөздердің өзін Абай «түбірлес» етіп қояды.
Мысалы, «Ашуың – ашыған у, ойын кермек» дегенінде адам
мінезін білдіретін ашу сөзін етістік ашу («сүттің, сорпаның
ашып кетуі») сөзімен ұштастырады: мінездегі «ашу» да бұ-
зылған, «ашып» кеткен нәрсе деп теңеп тұр. Демек, ақын бұл
жерде сөздің дыбыстық ұқсастығынан мағына жақындығын
жасап паранимикалық аттракция құбылысын дүниеге келтіріп
тұр, бұған ассонанс та көмектескен деуге болады.
Назар аударатын жайттың бірі – Абайда түбірлес тұлғалар-
ды қолдануда тавтологиялық құрылымдардың сирек кездесе-
тіндігі. Мысалы, қазақ ақын-жырауларында кездесетін ой ой-
лау, тілек тілеу, ұйқы ұйықтау сияқты тавтологиялар Абайда
кемде-кем.
Әрине, Абай өлеңді қайткенде де түбірлес сөздерді қата-
рынан келтірем деп шығармаған. Ақынға керегі – сөздің
морфологиялық құрылымы емес, үндес, әуендес келетін сөз-
дердің сазы. «Керенау, кердең, бір керім, Жақпайды маған
сол жерің» десе, дыбысталуы жағынан үндес керенау, кердең,
керім сөздерін мағыналары жағынан синонимдес етіп, әдемі
159
қиюластырған. Немесе: «Саяламай, сай таппай» десе,
сая, мен сай сөздерін морфологиялық құрамы жағынан бір
түбірден өрбіте алмасақ та, желдің өтінен немесе ыстықтың ап-
табынан саялайтын жер – сай болатындықтан, бұл сөздерді де
контекстік немесе логикалық түбірлестер деп қарауға бола-
ды. «Сарғайды жүзіміз, сарылды көзіміз» дегендегі көрсе-
тілген сөздердің мағыналарының да логикалық уәжі (моти-
вировкасы) оларды семантикалық компоненттер қатарына
шығарады. Бұндай сәттерді ақын «поэтикалық этимологияға»
сүйенген я болмаса дыбыстық ұқсастықты мағыналық жақын-
дыққа ұластырған деп қарау керек. Бұл амалды ғылымда
«паранимикалық аттракция» деп атайды. Абай, сөз жоқ, лин-
гвист ғалым емес, сондықтан ол сөздердің фонетика-морфоло-
гиялық этимологиясын (түп-төркінін) іздемейді, үні ұқсас
сөздерді мағына жағынан жақындастырады. Мысалы, «Ауыр
ойды көтеріп ауырған жан» дегенінде ауыр сын есімі мен
ауыру етістігі – бір түбірден өрбіген мағыналас сөздер емес,
бірақ осы контексте оларды бір-біріне мағына жағынан
жақындастыруға қиюы келіп тұр: ойы ауыр болғандықтан,
адамның жаны ауырады немесе жаны ауырған адамның ойы
ауыр болады деп ұғынамыз. Мұндай мысалдарды Абайдан
едәуір мол келтіруге болады.
Енді бірқатар түбірлестер бір етістіктің екі түрлі морфо-
логиялық тұлғада келген сөздер болып танылады. Мысалы,
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес... Тәңірі сақтар табандап, тап
ұрса да... Сендіре алмай, сене алмай, сенделеді... Сүйсіне ал-
мадым, сүймедім, Сүйегім жасып сор қалың. Сүйісіп саған
тимедім, Бола алмадым сенің жарың... Өлейін деп өлмейді
өлерлік жан, Әсте өлмесін білгендей қылық қылған...
Етістік түбірінің әртүрлі тұлғада қатар қолданылуы – қазақ
тілінде ертеден бар амал: айтса айтсын, айтты-айтпады,
айтып-айтпай не керек, айтқаны айтқан т.т. Мұндайда түбір
сөздің мағынасы жалпылық пен (айтса) нақтылықтың (айт-
сын) семантикалық оппозициясы арқылы күшейтіледі. Абайда
өлсе (әйтеуір жалпы өлетін болса) мен өлер (нақты табиғат),
өлмес (нақты адамзат) сөздері дәл осындай тұлғалар арқылы
мағыналық-грамматикалық оппозиция жасап барып, өлу деген
160
етістік түбіріне ой екпінін аударып тұр. Ал көп ретте түбірлес
етістіктердің қатар қолданылуы сол түбір сөз білдіріп тұрған
идеяның мағынасын күшейтетін стильдік қызмет атқарады.
Мысалы: сендіре алмай, сене алмай... сүйсіне алмадым,
сүймедім...
Түбірлес сөздерді қатар келтіру амалы өлеңге ерекше саз
береді, бірақ бұл тәсіл Абайға дейінгі қазақ поэзиясы тілінде
сирек қолданылған. Онда да көбінесе сөз сөйлеу (Сөз сөйлесе
жөн болып, Не десе де жарасар – Асанқайғы), той тойлау
(Торы төбел ат мініп, Той тойлаған өкінбес – Доспамбет), тілек
тілеу (Тілекті бірге тілеген Малымды достан аяман – Шал-
киіз, Бірінші тілек тілеңіз – Бұқар), ұйқы ұйықтау (Қайғысыз
ұйқы ұйықтатқан ханым-ай! – Бұқар) сияқты есім, етістік
болып келетін түбірлестер мен бір сөздің екі тұлғада қалып-
тасуынан пайда болған варианттардың қатар келуі ғана
кездеседі. Мысалы, Қазтуғанда: «Қаһарланып, қарланып, Қай-
ран ер қарт күреңге мінбей ме!» дегенінде арабтың қаһар
деген бір сөзі әрі түпнұсқаша (қаһарланып), әрі «қазақша»
(қарланып) қатар қолданылған. Бір етістіктің екі-үш түрлі
тұлғада келіп қайталаулары да ақын-жыраулар поэзиясынан
көп болмаса да ұшырасып отырады: Айдын шүйсең, тарлап
шүй. Жауға кисең, берен ки (Шалкиіз).
XV-XVIII ғасыр ақын-жырауларынан сүзіп алғанда тапқан-
дарымыз жоғарыда талдаған мысалдардан басқа: «Жарық-
шылар жоқ па екен, Жармай білте саларға» (Доспамбет),
«Жебелей жебе жүгірген Ерлердің арғымақтан игі малы болар
ма?» (Шалкиіз) тәрізді тағы екі-үш қана факт болды.
Қазақ поэзиясының Абайдың алдындағы алыптары Ма-
хамбет пен Дулаттардың өзінде түбірлес сөздердің қатар қол-
данылуы дәл Абайдағыдай өнімді де әрқилы емес. Махам-
беттегі: «Кермиығым, кербезім, Керіскедей шандозым» деген
жолдардың алғашқы екі сөзі түбірлес, бұлар екеуі қатар келіп,
оларға аллитерация жасайтын керіске сөзі жалғасып, өте әдемі
әуезді үн пайда болып тұр. Махамбет жырларында бұлардан
басқа «көз көрінім жер, күндердің күні болғанда, толықсып
толғау толғамас... Толғамалы ақ мылтық, Толғап ұстар күн
қайда» деген төрт-бес қана жерде түбірлес сөздердің қатар
161
қолданылуы кездеседі. Бұлардың барлығы да халық тілінде
қалыптасқан, ертеден келе жатқан тұрақты тіркестердің
қолданылуына жатады.
Ал Дулат болса, онда да түбірлес сөздердің типтері – «қон-
ған қоныс (Ақжайлау мен Сандықтас Атамның қонған қоны-
сы), қайнардан суық қайнау... Төрде өңшең отырған Топыраш,
топас, күшіген... Өткелдектен өткенмен... Улы тілмен улату...
Ағылайын ақпадай... Бежін ерді ерлетіп... Ел тілегін тілеген
Ер азбайды батадан» деген сәттер ғана. Бұлардың барлығы
да – халық тіліндегі стереотиптермен келген автоматизм қол-
даныстар.
Ал Абайда түбірлес сөздердің контекстік қолданысы,
біріншіден, өзгеше қалыпта ұсынылған, екіншіден, бұл амал
активтенген, үшіншіден, бұл – Абайдың идиостиліне (өз қа-
ламына, сөз өрнегіне) тән поэтикалық тәсілдің біріне айналған.
Көп ретте тілдік немесе контекстік түбірлес сөздер образ үшін
келтіріліп, стильдік қызмет атқарады.
Түбірлес сөздерді қатар қолдану айтылмақ сөзді (ойды)
әсерлі ететін амалдың бірі – дыбыстық қайталау тәсіліне жа-
тады. Мұнда ой екпіні сөздің түбіріне түсетіндіктен, сол сөздің
мағынасымен қатар бейнелейтін образына назар аударылады.
Түбірлес сөздердің қайталануы көбінесе сөз тіркестерінде
және өлең жолдарында қолданылады. Сөйтіп, түбірлес сөз-
дердің қатар қолданылуында бірнеше мақсат көзделеді екен:
бірі – жоғарыда айтқанымыздай, қайталанып тұрған сөз түбі-
рінің мағынасын тани түсуді көздеу. Мысалы, ой ойлау десе,
басқаны емес, ойдың өзіне назар аударылады, екіншіден,
түбірлес сөздер өлең жолдарында қатар келгенде көркемдік-
эстетикалық мүддеден де шығады.
Қорыта айтқанда, өлеңнің фоникалық (үндік, әуендік)
оркестровкасы ондағы сөздердің ырғақтық-мелодикалық жа-
ғынан ұжымдасуы арқылы және дыбыстық құрамы арқылы жа-
салады. Бұл орайда дыбыстық қай-талаулардың мәні айрықша
болып келеді. Абай бұл салада да үлкен шеберлік танытып,
үлгі ұсынған.
162
Достарыңызбен бөлісу: |