Ббк 83. 3 (5 Қаз) с 94 Қазақстан Республикасы


§ 14. Ұлттық жазба әдеби тілдің лексикалық



Pdf көрінісі
бет24/25
Дата21.01.2017
өлшемі2,1 Mb.
#2384
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25
§ 14. Ұлттық жазба әдеби тілдің лексикалық 
құрамының толығуы және нормалануы
XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  ұлттық  жазба  әдеби  тіл
 
өзіне  дейінгі  қазақтың  ауызша  тараған  төл  әдеби  тілінің  бар 
қазынасын  түгел  пайдаланғандықтан,  бұрынғы  лексикалық 
қат-қабаттар  мен  нормалары  бұған  да  тән  болды.  Сонымен 
қатар  мұнда  сапалық  өзгешеліктер  орын  алды.  Әдебиеттің 
жаңа жанрларының пайда болуына және шығарма тілінің сол 
шығарманың идеялық-тақырыптық мазмұнына үндесе түсуіне 
байланысты  лексикалық  топтар  көбейіп,  сөздік  құрам  жаңа 
көздермен (каналдармен) байыды.
Әсіресе әлеуметтік-саяси лексика тобы ұлғайды. Публици-
стика мен жартылай ғылыми стильдердің тууына байланысты 
қоғам өмірі, саясат, заң, медицина, география, табиғаттану т.б. 
қатысты сөздер әдебиетте актив және молынан қолданыла ба-
стады.  Олардың  жоқтары  жасалып,  барлары  тұрақтала  түсті. 
Әсіресе дерексіз ұғым атаулары көзге түсерлік дәрежеде дамы-
ды. Олар адамзаттың рухани дүниесін сөз ету үстінде публи-
цистика мен ғылыми әдебиетте жиірек қолданылатыны мәлім. 
Осы жанрларға жататын Абайдың «Қара сөздері» мен мерзімді 
баспасөз  тілі  және  көпшілік-ғылыми  үлгілер  қазақ  тілінде 
дерексіз есімдердің молаюына бірден-бір себепкер болды.
Бұл  кезендегі  қазақтың  ұлттық  әдеби  тілінің  лексикасын- 
дағы ерекшеліктердің бірі – жаңа сөздердің (неологизмдердің) 
көптігі болды. Мұнда бұрыннан бар сөздердің не мағынасын 
ауыстырып,  немесе  қолданылу  жиілігін  арттырып,  тұрақтан- 
дыру  да,  өзге  тілдерден  сөз  алу  да,  қазақ  сөздеріне  жұрнақ 
жалғап, жаңаларын жасау да орын алды. Әсіресе соңғы орай-
да -лық жұрнағының қызметі күшейді. Мысалы, Абайдың бір 
өзі  осы  жұрнақтың  көмегімен  ондаған  жаңа  атауды  ұсынды 
(ынтықтық, масқаралық, қырмызылық, суықтық, жылылық, 
арлылық,  тоқтаулылық,  жеңсікқойлық,  қорғалауықтық  т.т.). 
Бұл  атаулардың  бірқатары  тұлға  ретінде  бұрында  да  бар 
болғанмен, белгілі бір терминдік мәнде жұмсалмайтын.
XIX ғасырда шыққан екі тілдік сөздіктерді құрастырушы- 
лар орыс сөздеріне қазақша балама іздеу үстінде кейбір жаңа 

323
сөздерді өздері жасап отырған. Ол үшін жалпы мағынасы жуық 
келетін,  бұрыннан  таныс  қазақ  сөздерін  немесе  қазақ  тіліне 
сіңіп  кеткен  араб-парсы  сөздерін  алады.  Мысалы:  ойыншы  – 
актер,  сома  –  капитал,  өсімші,  сүтхор  –  банкир,  әмектес  – 
компаньон т.т. Сөздікшілер жаңа сөздер жасауда калька тәсілін 
пайдаланады. Мысалы, поденщик деген ұғымды күндікші деп, 
печатный деген ұғымды тасқа басқан деп, больница –ауруха-
на, отдых – демалыс, писец – жазушы деп ұсынуларынан каль-
ка құбылысы көрінеді.
Лексика  құрамын  толықтырудың  келесі  жолы  бұрыннан 
қолданылып келген араб-парсы сөздеріне жаңа, нақты мағына 
беру арқылы жүзеге асқан. Мысалы, бұл кезде ғылым/ илм/ілім, 
ғалым, ақы/хақы, дарухана, хисап ілімі, кітапхана, кітапшы, 
өнер/  һөнер,  махкеме,  қызмет/хизмет  деген  сөздер  қазақ 
қауымы  үшін  енді-енді  таныс  бола  бастаған  наука,  ученый, 
жалованье, аптека, арифметика, библиотека, библиотекарь, 
искусство, управление, служба деген терминдердің баламасы 
ретінде  тұрақтала  бастайды  (әрине,  бұл  ұғымдардың  өздері 
бұрыннан таныс болғанмен, оларды бір сөзбен дәл атау дәстүрі 
жоқ екендігі аян).
XIX  ғасырдың  II  жартысында  осы  көрсетілгендей,  араб-
парсы  сөздерін  түрлендіріп,  ягни  мағыналарын  жаңғыртып, 
кеңейтіп, тарылтып пайдалану, тіпті бұл тілдерден жаңадан сөз 
алу  –  әлі  де  тоқтамаған  тірі  процесс  болатын.  Әсіресе  проза 
жанрлары шығыс тілдерінің элементтерін молырақ жұмсады. 
Бұл  кезенде  араб-парсы  сөздері  поэтикалық  қазына  қорын 
да  түзеді.  Дүлдүл,  перизат,  айдаһар  тәрізді  сөздер  өздерінің 
мифологиялық мәндерінен айрылып, поэтикалық образдар жа-
сайтын құралға айнала түседі. Мысалы, Абайдың перизаты – 
пейіштегі хор қызы емес, «Евгений Онегиндегі» Татьяна Лари-
на! Айдаһары – айналасын жалмайтын мифологиялық аждаһа 
емес, Кавказдағы Терек өзенінің толқыны!
Қазақ  лексикасы  орыс  сөздерімен  толықты.  Әсіресе  Ре-
сей  империясының  ел  билеу,  сот  жүйесіне,  сауда-саттыққа, 
орыс  мәдениеті  арқылы  келген  әртүрлі  зат,  бұйым,  іс-әрекет 
атауларына,  оқу-ағартуға  байланысты  жаңа  ұғымдарды  орыс 
сөздерімен  білдіру  принципі  орнықты.  Мысалы,  бір  ғана 

324
сала – қазақ даласына келген Ресей империялық сот істеріне 
қатысты  закон,  адвокат,  дознание,  посредник,  судья  сияқты 
орыс  сөздері  баспасөзде  де,  ресми  іс-қағаздарында  да,  Абай-
да  да  еркін  пайдаланылады.  Сол  сияқты  доктор,  визит,  на-
града,  кандидат,  начальник,  трагедия,  князь,  граф,  расход, 
франк, такт тәрізді сөздер жиі жұмсалмағанмен, сол кездегі 
қазақша  жазбаларда  орын  алған  (бұлар,  әрине,  біз  тізіп  бер-
гендей орысша тұлғасында емес, біршама қазақыланған түрде 
қолданылды). Бұлардың көбі осы тұстан бастап қалыптасып, 
қазіргі әдеби тілімізге енді.
Орыс атауларын аудармай қабылдау – сол кездегі өмір тала-
бынан туған зандылық. Қоғам өмірі мен әдеби тілдің даму са-
тысы XIX ғасырдың II жартысында әр нәрсені, әр құбылысты, 
әлеуметтік-саяси  не  экономикалық  мәні  бар  іс-әрекетті 
өзгелерімен  шатастырмай,  жеке  атау  талабын  қойды.  Мыса-
лы,  бұл  кезде  қазақ  жерінде  заң-сот  істерінің  үш  түрі  қатар 
өмір сүрді: бірі – қазақтың бұрынғы әдет-ғұрып дәстүрлеріне 
негізделген,  билер  жүргізетін  қылмыс-іс  құқығы,  екіншісі 
– мұсылман дінінің заң құқығы – шариғат, үшіншісі – Ресей 
империялық  сот  құқығы.  Соңғы  құқықты  алдыңғы  екеуінен 
ажыратып көрсету үшін закон/ закүн сөзі әдейі қолданылады. 
Қазақ  қоғамының  бұрыннан  келе  жатқан  билер  құқығын 
көбінесе әдет-ғұрып немесе заң деп атау дәстүрі пайда бола-
ды, ал ислам дініне негізделген құқықты тек қана шариғат деп 
атау әдеби тіл нормасына айналады. Дознание, посредник, ад-
вокат атаулары да – осы мотивте, яғни ажырату үшін алынған 
сөздер. Монастырь – шіркеу де емес, мешіт те емес, өзгеше дін 
тұрағы, демек, оны басқаларына араластырмай, өз атымен беру 
қажеттігі осы сөзді (монастырь сөзін) қабылдатады.
Орыс  тілінен  енген  сөздердің  тұлғалануы  жағынан  мына- 
дай  ереже  ретінде  қабылданып,  жазылмаған  (кодификация- 
ланбаған) нормалары болғаны байқалады:
1) Ауызекі сөйлеу тілінде жиірек қолданылып, қазақ тілінің 
дыбыс  заңдарына  икемделген  сөздерді  сол  қалыптасқан  түр- 
лерінде беру. Мысалы: болыс, ауылнай, піркәшік, ояз, майыр, 
облыс, боблық шашу (публикация, обнародование), мүлиеншік, 
пөселке т.б. Бұлар жазба нұсқаларда да, сөздіктерде де осылай-

325
ша  берілген.  Кезең  үшін  сипатты  жайт  –  бұлар  сан  жағынан 
әлдеқайда кем.
2)  Орыс  сөздерінің  сан  жағынан  едәуір  мол  тобын 
түпнұсқадағы тұлғасына біршама жуық түрде қабылдап пай-
далану.  Мысалы,  бір  ғана  Е.Букиннің  сөздігінде  (1883):  бо-
лосной  упрауител,  задетке,  қарындаш,  қарта  (ойын),  клас, 
солдат,  кантор,  кәмпит,  мәгәзін,  мұжық,  политса,  румке, 
ыстақан, тауар, шөтке, ямшік, яшік, аршын, шот сөздері бар 
(бұл топқа осы сөздіктегі земтемір «землемер», көкпараз «ку-
порос», мұнанай «меновой двор» сияқты фонетикалық суреті 
едәуір өзгеріп берілгендерді қоспай отырмыз). Өзге сөздіктер 
мен кітап, газеттерде көпес, содия, кнеге, тетрат, грифел, ли-
нейке, капусте, тұрба, іскірт, музике, скрипке, гармон, минет, 
секөнт, шетбертек, кір, лот дегендер хатқа түскен. Ал Абай, 
Ыбырай тілдеріндегі орыс сөздері туралы арнайы еңбектерде 
көрсетіліп,  айтылып  келеді.  Бұл  сөздердің  барлығы  дерлік  – 
жазба  әдебиет  арқылы  енгендер  және  басым  көпшілігі  қазақ 
тіліне XIX ғасырдың II жартысында қосылғандар.
3)  Женский  родтағы  сөздердің  а  деген  соңғы  дыбысы 
(окончаниесі)  көбінесе  түсіріліп  алынған:  минөт/минут,  фа-
брик, награт.
4)  -ка  дыбыстарына  аяқталатын  орыс  сөздерінің  соңы 
көбінесе -ке түрінде айтылып, жазылған: кәтелешке, землеңке/
зілмәңке,  бөтелке,  румке,  іспешке,  бөшке,  линейке,  музике, 
скрипке т.б.
5)  Орыс  тіліндегі  кейбір  сын  есімдер  окончаниесімен  
алынып  қолданылған.  Бұл  құбылыс  Абайда  да,  баспасөзде 
де, орыс тілінен аударылатын іс-қағаздарында да, кейде тіпті 
публицистика  тілінде  де  кездеседі:  уездный  начальник,  воен-
ный губернатор, самородный сары алтынуголовный ісЕни-
сейский  губерне  т.б.  (біз  бұларды  осы  жерде  орысша  жазып 
беріп  отырмыз,  ал  олар  араб  жазуымен  түскен  текстерде  дәл 
түпнұсқадағыдай болмағандығы мәлім).
6) Орыс тілінен тұтас штамп ретінде алынған тіркестер де  
мүмкіндігінше  түпнұсқаға  жақындатылып  тұлғаланған:  под-
вижной  элемент,  притягательная  однородного,  впечатли-
тельность  сердца  (бәрі  де  Абай  «Қара  сөздерінде»)  деген-

326
дер  араб  жазуының  мүмкіндігінше  орысшаға  жуықтатылып 
берілген.
XIX  ғасырдың  II  жартысындағы  қазақ  лексикасында  сөз 
мағынасының  кеңею,  тарылу  және  айқындалып,  бір  ұғымда 
тұрақталу  процесі  әлдеқайда  жандана  түсті.  Бұған  жазба 
әдебиеттің,  әсіресе  публицистика,  ғылыми-көпшілік,  ресми  
іс- қағаздары сияқты «қатаң» стильдердің өріс алуы зор ықпа- 
лын  тигізді.  Мысалы,  бұрыннан  қолданылып  келген  халық 
сөзінің  мағынасы  нақтыланып,  көбінесе  енді  «народ»  мағы- 
насындағы  терминдік  сөз  ретінде  жиі  қолданыла  бастай-
ды,  бұл  ұғымдағы  жұрт  сөзінің  мағынасы  тарылып,  «жал-
пы  көпшілік»  («публика»,  «масса»)  және  «көшкен  ауылдың 
орны» ұғымын беретін болады. Қауым сөзінің де семантикасы 
айқындала түседі, ол енді көбіне көп «общество» деген мәнде 
жұмсалады.  Сол  сияқты  білім  сөзінің  мағынасы  тарылып, 
оқу-ағартуға  қатысты  термиңдік  мәнді  білдіруге  бейімделе 
түседі, қарашы сөзінің ертеректегі «ханның кеңесшісі» ұғымы 
жоғалып, енді ол «тәуелді, бағынышты адам» («подвластный, 
подданный»)  деген  мағынада  жұмсалады  (сөздіктерде  осы 
ұғымда көрсетіледі) т.т.
Әдетте  нормаға  тірелетін  мәселенің  бірі  –  жарыспалылық 
(варианттылық) жайы. Ұлттық жазба тіл қалыптасып, дамуы- 
ның  алғашқы  кезендерінде  бұл  –  өте-мөте  күшті  сезілетін 
құбылыс.  Тіл  тәжірибесі  бір  мағынадағы  екі-үш  параллель- 
дерді  біреуін  бірте-бірте  таңдайды  да  қалғандары  не  басқа 
мағына  беретін  болады,  не  қосымша  семантикалық  реңк 
үстеп, синонимдер қатарына көшеді, я болмаса ауызекі сөйлеу 
қорында қалады.
Бұрын болмаған жаңа ұғымды атау үшін де, ғылым, техни-
ка, әлеумет өмірі т.б. салаларға қатысты терминдерді беру үшін 
де, кейде тіпті бұрыннан бар ұғымдарды нақты атау үшін де 
бір сөз бірден қалыптаспай, екі-үш, кейде төрт сөз қатарынан 
қолданылып  келгені  жоғарыда  айтылды.  Мысалы,  терминдік 
сипаттағы еңбек сөзімен бірге осы ұғымда бейнет сөзі де жиі 
жұмсалады. Сол сияқты «торговец» ұғымын сатушы, саудагер 
деген  екі  сөз  білдіреді,  «станция»  ұғымын  қызыл  үй,  бекет, 
ыстанса деген үш түрлі атаумен береді.

327
Мұндай  параллельдер  орысша-қазақша,  қазақша-арабша 
(немесе  парсыша),  кейде  қазақша-қазақша,  арабша-парсыша, 
арабша-арабша  қатарлардан  түзіледі.  Мысалы,  школ  ~  мек-
теп,  шенеунік ~ төре,  дворян  ~  ақсүйек,  начальник  ~  ұлық, 
әкім ~ бастық, расписке ~ тілхат, пропуске жолхат, уезд 
~  дуан,  жалованье  ~  ақы  ~  хақы  варианттары  алма-кезек 
қолданыла  береді.  «Тәрбиелеу»  деген  бір  мағынада  асы-
рау  және  тәрбие  сөздерінің,  «дәрігер»  мағынасында  тәуіп 
және дәрігер сөздерінің, «искусство» ұғымында еп және өнер 
параллельдерінің, «кеңесу» мағынасында кеңес және мәслихат 
варианттарының қатар жұмсалуы араб-парсы сөздері мен қазақ 
сөздерінің жарыспалылығын көрсетеді.
Бұл  кезеңдегі  варианттылықтың  тағы  бір  себебі  –  ғылым 
мен техниканың әр алуан салаларына қатысты терминология 
жасауда  жүйелі  принциптердің  жоқтығында.  Дегенмен  бұл 
ретте  жалпы  бағыт-бағдарлар  нышаны  бар  екені  байқалады. 
Олар, негізінен, мынадай: жаңа ұғымды түсіндіріп беру ама-
лы  басым,  сондықтан  жеке  сөз-терминнен  гөрі  суреттеме 
тіркестер  орын  алады.  Мысалы,  «ботаника»  ұғымы  ағаш-су 
ғылымы болып, «метеорит» – көктен түскен тас болып ата-
лады. Кей сәттерде қазақша не арабша баламасы бар сөздердің 
өзін орысша түрінде қабылдау бағыты сезіледі. Мысалы, ақы 
сөзі  тұрғанда,  онымен  жарыса  жалованье  сөзі  қолданылады, 
ай  аттарының  бұрыннан  айтылып  келген  қазақша,  арабша, 
парсыша варианттары тұрғанда, ендігі қазақ жазбалары орыс 
календарының  атауларын  көбірек  пайдаланады.  Қазақтың 
ауызекі сөйлеу тілінде кәнігі болып кеткен қарашекпен сөзімен 
қатар  мұжық  сөзін,  дәрігер-ден  гөрі  доқтыр-ды,  кітап  сөзі 
мен  қосарластыра  кінеге  сөзін,  тәржіма-мен  қатар  переуат 
сөздерін жұмсауға бейімділік көзге түседі.
Сөз мағыналарын реттеуде байқалатын бағыттардың бірі – 
жұрнақ жалғау тәсілін жандандыру. Дерексіз ұғымдарды біл- 
діру  үшін  -лық  және  -шылық    жұрнақтары  өте-мөте  актив- 
тенеді: білімдік, бостаншылық, кедейшілік, зәрушілік, қысым- 
шылық, әкімшілік, татушылық, жұмшылық, залымшылық т.б.  
Кәсіпті,  мамандықты  білдіруде  -шы  жұрнағы  жиірек  жұмса- 
лады: газитші, жазушы, боблықшы, қазнашы (казначей) т.т.

328
Жаңа  ұғым  атауларын  беруде  және  оларды  қалыптасты- 
руда  функционалдық  стильдер  арасында  азын-аулақ  айырма- 
шылықтар  бар:  оқу-ағартуға,  қоғамдық  білім-ғылымдарға 
қатысты  үлгілерде  терминдер  мен  жаңа  атаулар  араб-пар-
сы  тілдеріне  иек  артса,  заң-сот  істеріне  байланысты  әдебиет 
қазақтың  өз  тілі  мен  орыс  тіліне,  ал  ресми  іс-қағаздары  мен 
көпшілік-ғылыми  кітапшалар  көбінесе  орыс  тіліне  жүгінеді. 
Мысалы,  осы  кезенде  жиі  қолданыла  бастаған  лұғат,  харіп/
әріп, әліфби, кағида, наху (грамматика), кітап, хат, әдәбият, 
хисаб ілімі (арифметика), хикаят (басня), кітапхана, кітапшы 
(библиотекарь), мінбер (кафедра), медресе, мектеп, тәржіма, 
дәфтер,  ұстат  (ұстаз)  (учитель,  профессор),  шербет  (ис-
куссный), сауат, есепші (счетчик) сияқты оқу-білімге қатысты 
атаулар араб-парсы сөздерінен жасалып, жазба тіл нормасына 
айнала бастаған.
Лексикалық нормалануға қатысты мәселелердің бірі – тер- 
минология жайы. Бұл процесс – XIX ғасырдың II жартысын- 
дағы  қазақтың  төл  жазба  тілінде  едәуір  жанданып,  өмірлік 
жолдама  ала  бастаған  құбылыс.  Ол  жөнінде  жоғарыда  әр 
стильді сөз еткен тұстарда кеңінен айтылды. Мысалы, бұрын 
жалпы ұғымдағы сайлау сөзі енді белгілі бір әлеуметтік-саяси 
актіні білдіретін терминге айналады. Осы сияқты атқамінер, 
пысық сөздері жаңа әлеуметтік топтарды атайтын бір ұғымды 
сөздер  ретінде  қалыптасады.  Осы  қатарда  қол  сауда  (покуп-
ка  на  деньги),  көтерме  сауда  (комиссионерство),  шоқыншық 
(новокрещенный),  өнім  (прибыль),  оқымыс  (ученый)  тәрізді 
сөздерді көруге болады. Осы күнгі белгілі бір ғана мағынада 
қолданылатын  кітапхана,  аурухана,  денсаулық,  өнер,  дүкен, 
куәлік деген сөздер – бізге өткен ғасырда қалыптасып жеткен-
дер.
Нормалану процесіне қатысы бар құбылыстың және біреуі 
–  диалектілік  ерекшеліктердің  әдеби  тілдегі  көрінісіне  (бар-
жоғына,  көп-аздығына,  сипатына)  келсек,  өткен  кезендердегі 
үлгілер  тіліне  қарағанда  XIX  ғасырдың  II  жартысында 
жергілікті  ерекшеліктердің  едәуір  кездесетіндігі  байқалады. 
Оның  басты  себебі  –  осы  кезең  үлгілерінің  молдығы  және 
жазба түрде жеткендігі болды. Әсіресе екі тілдік сөздіктердің 

329
Қазақстанның  әр  өлкесінен  жиналған  материал  бойынша 
түзілгендігі көптеген фактілерді ұстатады. Мысалы, Ташкент-
те  шыққан,  сол  шаһардың  студенті  Е.Букин  түзген  сөздікте  
кәтте (үлкен), шиша (бутылка), фақыр (бедняк), шамба (вы-
варки),  бәңқор  (мечтатель)  сияқты  бұл  күнде  диалектизм 
ретінде танылып жүрген сөздер бар. Ал оңтүстік өлкелерінен 
шыққан Майлықожа, Сүйінбай, Базар ақындарда ң ~ л дыбыс- 
тарының  алмасулары  (маңлай,  таңлай,  тыңла,  аңла,  даңлы, 
мұңлы), ауқат (тамақ), кесел (ауру), азар (реніш) сияқты сөздер 
кездеседі.
Зерттеушілер  қазақ  даласының  батыс  өлкесі  тұрғындары- 
ның  тілі  бойынша  түзілген  сөздіктерде  (Н.И.Ильминскийдің 
сөздігі,  «Гурия  братствосы»  шығарған  сөздіктер  т.б.),  қазақ 
жерінің  шығысы  мен  Жетісу  тіл  ерекшеліктерін  таныта-
тын  материалдарда  (В.В.Радлов  кітаптарында)  хатқа  түскен 
диалектизмдерді  тізіп  көрсетеді.  Мысалы,  С.Аманжолов 
Н.И.Ильминскийдің сөздігінен 160-қа жуық жергілікті сөздер 
мен тұлғаларды санайды (жамандырақ, сыйыр-сыбыр, түйе-
теге, атшұңқай, ерісе, ойнарқы, тайыз, дайра, лөкүр т.б.)
212

Әрине, көрсетілген 160 сөздің бәрі түгел – диалектизм емес: 
олардың тілінде әріптес (единомышленник), өнербет (искусс-
ный) сияқты жасанды сөздер де (яғни халық тіліндегі жергілікті 
ерекшелік емес, сөздік құрастырушының орыс сөзіне балама 
іздеу үстінде жасаған сөздері), көбеген (бала), кіріс (садақтың), 
сарыжа (жай, садақ), шаңғыл (мылтықтың түрі), жора (салт), 
жыға (үкі) сияқты барлық өлкелерде қолданылған, бірақ бұл 
күнде  көнерген  сирек  сөздер  де,  майталман,  үптеу,  балқаш, 
бекіре  сияқты  әдеби  сөздер  де  бар.  Дегенмен  фонетикалық 
варианттарды  қоса  есептегенде  (мұрсат,  молтық,  самқал, 
бұл сөздер – С.Аманжоловтың көрсетуі бойынша,  әдеби нор- 
мадағы  пұрсат,  солтақ,  шамқал  дегендердің  батыс  регионы 
тұрғындары тіліндегі жергілікті көрінісі), диалектілік құбылыс 
болып  келетін  сөздер  мен  тұлғалардың  бар  екені  даусыз. 
Мұндай таралу аумағы шектеулі сөздер қазақ жерінің барлық 
өлкесінде  де  болған.  Егер  XIX  ғасырдың  II  жартысындағы 
диалектизмдерді сол кезеңде (тіпті қазірде де) барлық аймақта 
212
 Аманжолов С. Вопросы диалектологии... С. 131-134.

330
бірдей  қолданылмаған,  тегіс  тарамаған  элементтер  тұрғысы- 
нан  қарасақ,  Ыбырай  тіліндегі  реуішті,  ептеш,  қысқантақ, 
шақат,  қандел,  бітегене,  шеттеуік,  былбыл,  сандығаш, 
ыссықтау, жамғыр, тамға дегендер де, Абай тіліндегі дарқан 
(«ұста»  мағынасында),  далаң  (ауыз  үй),  жолғасу,  болат 
(көздің  нұры),  түңлік,  қасыну  (тату  болу)  сияқты  сөздер  де 
– әдеби нормадан тыс тұрғандар. Мұндай «өлкелік» элемент-
тер барлық үлгілерден табылады. Олардың жаңа қалыптасып 
келе жатқан жазба әдеби тіл тәжірибесінде орын алуы – заңды. 
Бұлардың үлкен тобын халықтың жергілікті сөйлеу тілінде бо-
лып  келгендері  құраса,  енді  бір  тобын  жаңа  ұғымдарды  атау 
процесінде  әр  өлкеден  шыққан  авторлардың  ізденістері  мен 
тапқандарына қарай пайда болғандары құрайды.
Демек, әңгіме етіп отырған кезеңдегі жергілікті ерекшелік- 
тер  ұлттық  тілдің  сөздігін  толықтыратын  көз  ретінде  қызмет 
етті деуге болады. Бұлардың бірсыпырасы – қазіргі қазақ тілі 
нормасы  бойынша  диалектизм  болғанмен,  өткен  кезендерде 
олар барлық өлкеге тән болғаны байқалады. Мысалы, «жақсы 
ата, асыл тұқым» мағынасында «батыстық» сой сөзін Абайдың 
баласы Ақылбайдың тілінен табамыз, сол сияқты толағай сөзін 
Қазақстанның екінші қиырында жасап өткен Шал мен Дулат 
ақындардан кездестіреміз.

331
VII ТАРАУ
______________________________
XIX ҒАСЫРДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ
ЗЕРТТЕЛУІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЖАЗУЫ МЕН
ЕМЛЕСІ ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕЛЕР
§ 1. XIX ғасырдың ІІ жартысындағы
қазақ лексикографиясы
Кейбір тілдердің сөз байлығы өзін зерттеп танудан бұрын 
хатқа түседі. Сондай тілдердің бірі – қазақ тілі. Қазақ тілінің  
фонетикасы мен грамматикалық құрылысының ғылыми тұрғы- 
дан алғаш зерттеліп, ол жайындағы еңбектердің жарық көруі 
XIX ғасырдың соң тұсынан басталады. Ал қазақ тілінің лекси-
кографиясы, яғни сөздіктері, өз тарихын бұдан көп бұрыннан 
бастайды. Түркі тілдерінің әйгілі сөздіктері – Махмұд Қашғари 
құрастырған «Диван лұғат ат-түрк» (XI ғ.), XIV ғасыр ескерткіші 
–  «Кодекс  Куманикустер»  мен  орта  ғасырларда  жазылған  әр 
алуан  арабша-түркіше,  түркіше-арабша-монғолша,  парсыша-
түркіше  сөздіктерді  былай  қойғанда,  одан  кейінгі  кезеңдерде 
де қазақ лексикасы әрдайым хатқа түсіп отырды.
Әрине, лексикографияны құрайтын тек екі тілдік сөздіктер 
емес, дегенмен сөздік жасаудың бір мақсаты – екі тілді табы-
стыру  болғандықтан,  лексикографияның  тағдыры  мен  дамуы 
көбінесе  бір  халықтың  өзге  халықтармен  қарым-қатынас  та-
рихына  ұштасып  жатады.  Егер  түркі  тілдеріне,  оның  ішінде 
қазақ  тіліне  қатысты  алғашқы  сөздіктер  араб,  парсы,  монғол 
тілдерімен жанасып жатса, соңғы екі ғасыр ішіндегі қазақ лек-
сикографиясы орыс тілімен тікелей байланысты болып келеді.
Қазақ  тіліне  қатысты  лексикографиялық  жұмыстардың 
қауырт  қолға  алынып,  дами  бастаған  тұсы  –  ХIX  ғасырдың 
II  жартысы.  Екі  тілдік  сөздіктер  мен  салыстырма  түрдегі 
сөздіктерді қоса есептегенде және кейбіреулерінің қайта басы-
лымдарын  санағанда,  Қазан  революциясына  дейін  қазақ  лек-
сикасына қатысты 40-қа жуық сөздік жарық көрген екен. Олар 
мыналар:

332
А.Е.Алекторов  Краткий казахско-русский словарь. Прило-
жен к книге «К мудрости ступенька». - М., 1891.
М.Бекчурин  Начальное руководство к изучению арабско-
го,  персидского  и  татарского  языков  с  наречиями  бухарцев, 
башкир, киргизов и жителей Туркестана. - Казань, 1869.
Т.Бокин  Русско-киргизский словарь. - Верный, 1913.
Л.Будагов  Сравнительный  словарь  турецко-татарских  на-
речий  с  включением  употребительнейших  слов  арабских  и 
персидских и с переводом на русский язык. - СПб., 1869. - Т. 
I. - 1871.
Н.С.Жетбысбаев  Начальное  руководство  арабского,  пер-
сидского  и  киргизского  языков  с  арабско-персидско-русско- 
киргизскими словами в конце. - Казань, 1890.
Н.И.Золотницкий  Корневой  чувашско-русский  словарь, 
сравненный с языками и наречиями народов тюркского, фин-
ского и других племен. - Казань, 1875.
Н.И.Ильминский Материалы к изучению киргизского на-
речия. - Казань, 1861.
В.В.Катаринский  Краткий  русско-киргизский  словарь.  - 
Изд. 1. - Оренбург, 1895; - Изд. 2. - Оренбург, 1898; Изд. 3. Орен- 
бург, 1899-1900.
В.В.Катаринский Киргизско-русский словарь. - Оренбург, 
1897.
Киргизско-русский словарь. - Оренбург, 1897.
Киргизско-русский словарь. - Изд. 2. - Оренбург, 1903.
Краткий русско-киргизский словарь. - Оренбург, 1893.
Краткий русско-киргизский словарь. - Оренбург, 1898.
Краткий русско-киргизский словарь. - Казань, 1909.
Краткий русско-киргизский словарь. - Казань, 1911.
Ж.Кушербаев.  Краткий  русско-киргизский  дорожник  со 
словарем. Под ред. А.Е.Алекторова. - Изд. 1. - Омск, 1906; - 
Изд. 2. - Омск, 1911.
Материалы по киргизскому языку, собранные И.Лаптевым. 
- М., 1900.
М.А.Машанов  Русско-киргизский  словарь.  -  Оренбург, 
1899.
Н.И.Пантусов Материалы по изучению казак-киргизского 

333
наречия. - Казань. - Вып. I (1899), II... III, IV (1902), VI (1903), 
VII (1904).
В.В.Радлов Опыт словаря тюркских наречий. - 4 тома. - 24 
выпуска. - СПб., 1888-1905.
Русско-киргизский и киргизско-русский словарь (соста-
вил:  воспитанник  IV  кл.  Туркестанской  учительской  семина-
рии Иш-Мухамед Букин. Под ред. Н.А.Воскресенского). - Таш-
кент, 1883.
Русско-киргизский словарь. - Изд. 2. - Оренбург, 1899.
Русско-киргизский словарь. - Изд. 1. - Верный, 1912.
Русско-киргизский словарь. - Изд. 2. - Казань, 1915.
Русско-киргизский словарь. - Казань, 1916.
Словарь русско-киргизский. - Оренбург, 1894.
Сравнительные словари всех языков и наречий, собранные 
десницею всевысочайшей особы. - Отд. I. - СПб. - Ч. I. 1787; - 
Ч. II. - 1789.
А.В.Старчевский  Проводник  и  переводчик  по  окраинам 
России, заключающий в себе 24 языка. - СПб., 1888.
А.В. Старчевский Карманный стоязычный словарь. - СПб., 
1887.
А.В.  Старчевский  Спутник  русского  человека  в  Средней 
Азии. - СПб., 1878.
Бұл  сөздіктердің  дені  –  орысша-қазақша  және  қазақша-
орысша екі тілді болып келеді және олар күнделікті мұқтаж- 
дықты өтеу үшін, яғни орыс әкімшілігі мен жұмыс бабындағы 
орыс  адамдарының  Ресей  империясы  қоластына  қараған 
халықпен  қарым-қатынас  жасауына  көмектесу  мақсатымен 
түзілсе  де,  А.Н.Кононовтың  сөзімен  айтсақ,  «орайы  келіп, 
ғылыми мазмұнға да ие болған» жұмыстар болды. Бұларда сол 
кездегі қазақ халқының әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ру-
хани өміріне қатысты лексика топтары жақсы қамтылды.
XIX  ғасырдағы  сөздіктерді  жасағандардың  басым  көпші- 
лігі  –  орыс  ғалымдары  мен  ағартушылары  болды.  Олардың 
ішінде  «орыс  түркологиясының  алыбы»  –  В.В.Радлов,  қазақ 
грамматикасын  ғылым  дүниесіне  тұңғыш  таныстырушы  –  
Н.И.Ильминский, түркі тілдерінің салыстырма сөздігін жаса- 
ған  –  Л.З.Будагов,  орыс  тілін  қазақтарға  үйретуде  көп  еңбек 

334
сіңірген В.В.Катаринский, қазақ мәдениетіне қызмет көрсеткен 
А.Е.Алекторов,  Ресей  империясындағы  түркі  халықтары 
тілдерінің сөздігін түзу әрекетін жасаған АВ.Старчевскийлерден 
басқа Н.Ф.Катанов, М.Бекчурин, И.Лаптев, Н.И.Золотницкий, 
Н.Н.Пантусовтар болды.
XIX  ғасырдың  II  жартысынан  бастап  екі  тілді  сөздіктерді 
жасауға  орыс  авторларымен  қатар,  қазақтардың  өздері  де 
қатысқан. Олар: Е.Букин, Н.Жетпісбаев, Ж.Көшербаев, М.Ма- 
шанов, Т.Бокиндер. Бұлар өз жұмыстарын орыс лексикограф- 
тарының тәжірибесіне сүйеніп, солардың үлгісімен жүргізген.
Екі  тілдік  сөздіктер,  жоғарыда  айттық,  кезінде  күнделікті 
мұқтаждықты өтеу үшін жасалды, яғни Ресей империясының 
қоластына  енген  қазақтармен  жасалатын  әр  алуан  қарым-
қатынасты жеңілдету мақсатын көздеп, қазақтардың орыс тілін, 
орыстардың қазақ тілін үйренетін құралы ретінде тұрғызылды. 
Осыған  орай,  бұл  сөздіктердің  өздеріне  тән  және  мынадай 
ерекшеліктері болды:
1. Бұларда екі халықтың, әсіресе қазақ халқының сол кездегі 
экономикалық,  әлеуметтік,  мәдени  хал-жағдайына  қатысты 
сөздерді  қамту  принципі  көзге  түседі.  Мысалы,  бұған  1860-
1880  жылдардағы  сөздіктерде  сол  тұста  қазақ  даласына  келе 
бастаған  сауда  капиталына  қатысты  ұғымдарды  білдіретін 
мына  сөздердің  қамтылғаны  дәлел  бола  алады:  өсім  –  арен-
да; өсімші, сүтхор – банкир, пайда – барыш, прибыль, қарыз 
–  заем,  долг,  кіреу  –  заклад,  залог,  бексел  –  вексель,  задетке 
– задаток, сома – капитал, дүкен – магазин, мүлиеншік – мил-
лионер, өсім жүз сомға – процент, саудагер – торговец, залал 
–  убыток,  баһа  –  цена.  Ал  90-жылғы  сөздіктерде  бұлардың 
үстіне қарақша – медные деньги, шетпертек – 10 копеек, чет-
вертак, есептесу – расчитаться, қадақ – фунт, мысқал – золот-
ник, сатып беру – продать, сатып алу – купить, саттық – про-
дажный, сома – оборот в торговле сөздері қосылған. Бұлардың 
ішінде қазір қолданылмайтын, тіпті кейде түсініксіз, бірақ сол 
кездегі сауда-саттықтың түріне, сипатына, жаңалығына байла-
нысты жасалған сөздер де бар. Мысалы: көтере сауда (аукци-
он), мұнанай (меновой двор – сауда-саттық ақша арқылы емес
айырбас арқылы жүргізілетін орын), қол саудалы (купленные 

335
на деньги, покупка), базарлы мал (удобный для продажи скот), 
көтерме  (комиссионерство),  бас  сату  (совсем  продать),  бас 
алу (совсем купить), алып сатар (барышник).
Қазақ лексикасының сауда капиталына байланысты сөздері 
бірте-бірте  жасалғанын,  кейбіреулерінің  өткен  ғасырларда-ақ 
көнеріп,  пассив  қорға  кеткенін,  енді  біреулерінің  түзетіліп, 
айқындала  түскенін  де  екі  тілді  сөздіктерден  көруге  болады. 
Мысалы, 1878 жылғы А.Старчевский сөздігінде «ярмарка» – ақ 
базар деп көрсетілсе, кейінгілерде жәрмеңке, «вексель» – 1878 
жылғыда  –  куә  қағаз,  кейін  –  бексел  деп  орысша  терминнің 
өзі  алынған.  Алғашқы  сөздіктерде  қазақ  үшін  беймағлұм 
ұғымдарды  суреттеп  түсіндіру  амалына  жүгіну  де  бар  бол-
са  (мысалы,  «процент»  –  өсім  жүз  сомға),  кейінгілерде  тер-
минге балама термин ретінде бір сөз (өсім) қалыптастырыла 
бастағаны байқалады. Әрине, әр сөздікте бір ұғымның әртүрлі 
берілуінде, біздіңше, екі түрлі себеп бар: бірі – осы жаңа ұғым 
атауларының әлі қалыптасып болмауы, бұл – іздену процесін 
көрсетеді, екіншісі – сол ұғымдардың Қазақстанның кең-байтақ 
даласының әр өлкесінде әртүрлі аталуының хатқа түсуі. Бүгінгі 
ғылым үшін мұның екеуі де құнды материал болып табылады.
2. Әңгіме болып отырған екі тілдік сөздікттерде ислам дініне 
қатысты  ұғымдарды  кемде-кем  ұсыну  бағыты  байқалады. 
Оның  орнына  миссионерлік  қоғам  тарапынан  шығарылған 
сөздіктерде  әдейі  «Бог»  деген  тарау  беріліп,  онда  христиан 
дініне қатысты ұғымдар атауын көрсетуге ұмтылушылық бар. 
Бірақ баса көрсететін бір сипат – бұл сөздіктерде қазақ тілінен 
араб-парсы  сөздерін  аластату  ниеті  де  және,  керісінше,  бұл 
тілдерді  жаңа  сөз  жасаудағы  көз  етіп  ұстау  бағыты  да  жоқ. 
Бұларда  қазақ  тілінде  ертеден  қолданылып  келе  жатқан  ара-
бизмдер өзгертілмей, толық берілген.
3. Қазақ қоғамы өміріне жаңадан еніп жатқан құбылыстар 
мен  ұғымдардың  атауын  жасауда  өткен  ғасырдың  өзінде-
ақ  қазақ  тілі  өз  мүмкіндігіне  иек  артқаны  осы  сөздіктерден 
білінеді. Мысалы, аренда – өсім, банкир – сүтхор, өсімші, ра-
ботник – жұмыскер, малай, слуга – төлеңгіт, станция – қызыл 
үй, бекет, темница – қараңғы үй, хирург – сынықшы, худож-
ник – ұста, жамаушы, будка полицейского – қарауылшы үй, 

336
компания  –  ортақ,  железная  дорога,  вагон,  локомотив  –  от 
арба, пароход – от қайық ,столетие – жүз жыл, подорожная – 
бедерлі қағаз, баллотировка – тас салу т.б.
Революцияға  дейінгі  сөздіктердің  бірқатарында  түсіндір- 
мелік сипат бар. Әсіресе Ильминскийдің, Будаговтың, Радлов- 
тың сөздіктерінде кейбір қазақ сөздерінің түсіндірмесі не этно- 
графиялық, не лингвистикалық, не филологиялық мәліметтер 
болып келеді. Мысалы, Н.И.Ильминский шақыру деген сөзді 
тек  «звать»,  «кликать»  деп  білдіріп  қоймайды,  осы  тұста 
қазақтардың  әр  малды  әр  жағдайда  қалай  шақыратынын  да 
көрсетеді. Үй сөзі де кішігірім этнографиялық этюд ретінде кел-
ген. Мұнда қазақтың киіз үйінің барша бөлік, жабдықтарының 
атаулары  суреттеме  жолмен  толық  түсіндірілген.  Онымен  де 
тынбай,  автор  іргеден  шығарып  жіберу  («енші  бермей  қуып 
жіберу»)  сияқты  тұрақты  тіркестің  де  беретін  мағынасын 
көрсетеді.
Бұл іспеттес материалдар, бір жағынан, сол кездегі қауым- 
ға  қазақ  халқын,  оның  тұрмыс  күйін,  шаруашылығы  мен 
мәдениетін таныстырғандығы үшін құнды болса, екінші жағы- 
нан, кейбір көне немесе жергілікті сөздердің мән- мағынасын 
ашып беретіндігі үшін бағалы.
4.  XIX  мен  XX  ғасырдың  бас  кезінде  шыққан  екі  тілдік 
сөздіктер қазақ тілінің лексикалық құрылымының сол кездегі 
қабаттарын  көрсетеді.  Бұл  кезеңдегі  қазақ  тіліндегі  кірме 
сөздердің  үлкен  бір  тобы  –  орыс  сөздері.  Орыс  халқымен  әр 
алуан саладағы қарым-қатынастар арқылы келген жаңа ұғым 
атауларының бірқатарын аудармай, орысша алу бағыты көзге 
түседі,  Мысалы  1893,  1911  жылғы  «Шағын  орысша-қазақша 
сөздіктерде» мынадай орыс сөздері орын алған: аршын, ағлөп 
(оглобли), бет (печь), бөрене, булка, бөшке, вилка, гармун, гри-
фель, горчица, гір/кір (гиря), десте, землянке, капуста, картош-
ке,  карта,  көзір,  қарандаш,  кінеге,  кірауат,  минут,  линейка, 
лот, патнос, содия, стул, ыскамия, іскірт, салом, скрипка, се-
кунт, тетрат, труба, шот, шкаф, шарф, шайнек, шілия, шет-
пертек.  Бұдан  әсіресе  оқу  құрал-жабдықтарына,  үй-тұрмыс 
бұйымдарына, азық-түлік түрлеріне қатысты сөздерді орысша 
күйінде қабылдау принципі байқалады. Осы күнгі газет, на-

337
град, минут, секунд, почта, шот, жәмшік, магазин, доктор, 
штат  сияқты  орыс  сөздері  қазақ  тілінде  қолданылу  тари-
хын өткен ғасырлардан бастағаны осы сөздіктерден көрінеді. 
Қазірде орнықпаған боблық – публикация, земтемір – земле-
мер, кінеге – книга, мүлиеншік – миллионер, кірен – граница, 
задетка – задаток, көкпараз – купорос, мұнанай – меновой двор 
сияқты сөздердің қазақ тілінде бір кезде қолданылғандығын да 
жоғарыдағы сөздіктер білдіреді.
5. Біздің байқауымызша, бұрынғы екі тілдік сөздік авторла-
ры тек регистраторлық емес, ішінара шығармашылық қызмет 
те атқарған тәрізді. Бұған бірінші дәлел – бұл авторлар әсіресе 
жаңа ұғымдардың атауларын беруге ұмтылады, ол үшін кейбір 
жасанды  жаңа  сөздерді  ұсынады.  Мысалы,  мектепте  бола-
тын дежурный-ды кезу/кезі деп береді (қазірде кезекші), уче-
ный  дегенді  оқымыс,  сочинитель,  автор  –  кінеге  жазушы, 
шығарушы,  товарищество  –  ептестік,  құрама  –  совет,  со-
брание  людей.  Екінші  факт  –  түбірлес  сөздерді  мағынасына 
қарап айырып жіктеу әрекеті байқалады. Мысалы, 1897 жылғы 
сөздікте  жиналыс  –  собрание,  вообще  съезд,  жиын  –  собра-
ние народа (по случаю поминок), бастық – начальник, басшы 
– вожак, білік, білім – знание, білімдік – премудрость, өнербет 
–  искуссный,  өнерші(л)  –  ремесленник,  нажағай  –  зарница, 
найзағай – молния. Бұлар көп емес, өте аз. Дегенмен сол аздың 
өзі – қазақ тілі лексикалық кұрамының даму процесін таныта-
тын фактілердің бірі.
6.  Екі  тілдік  сөздіктерден  қазірде  қолданылмайтын  неме-
се  жергілікті  ерекшелік  ретінде  табылатын  бірқатар  сөздер 
мен тіркестердің мағынасын біле аламыз. Ал кейбіреулерінің 
өткен ғасырларда қазіргіден өзгеше ұтымды білдіргенін де осы 
сөздіктерден көруге болады. Мысалы, бір ғана А.Старческийдің 
сөздігінде: «айбана – наказание за воровство, когда изобличен-
ный в воровстве возвращает трижды девять за украденное; ау-
дандау – подготовить дело настолько, что немного остается до-
кончить; жазушы – писец, гражданский чиновник; жарылғас 
–  высочайшая  награда;  жортуыл  –  предполагаемая  добыча; 
көмбе – зарытое имущество (при перекочевке с зимовок неко-
торые вещи зарываются); құлақ, сүйінші – вознаграждение до-

338
казчика; сара қайсақ (сарқазақ) – степные казахи, так называют 
себя сами киргизы; сасығыт – поймавший вора с поличным 
имеет право отобрать от него все, кроме рубахи с подштанни-
ком. Эта добыча называется сасығыт. Он должен представить 
вора к бию. Если вор убежит, то не имеет право на сасыгыт, не 
может требовать сүйінші, если докажет на вора, если же нет, 
то  подвергается  ответственности  сам;  шоқыншық  –  новокре-
щенный.
7.  Әңгіме  етіп  отырған  сөздіктердің  барлығына  тән  ортақ 
белгінің  бірі  –  оларда  қазақ  тілінің  сөз  байлығын  реттеуші, 
нормалаушы сипатының болмауы. Әдетте, лексикографияның, 
әсіресе  қазіргі  әр  алуан  сөздіктердің  басты  міндетінің  бірі 
–  әдеби  тіл  нормаларын  беркітіп,  жалпы  тіл  мәдениетін 
көтеруге  көмектесу  екендігі  белгілі.  Ол  үшін  сөздікке  енетін 
реестр  сөздер  мен  тіркестер  сұрыпталып,  таңдалып  алына-
ды.  Көрсетілген  дексикографиялық  еңбектерде  бұл  принцип 
жоқ.  Іріктеу  жоқ,  қолға  түскен  материалды  енгізу  бар.  Егер 
кейбіреулерінде  біраз  сөздер  бірдей  түсіп  отырса,  ол  сол 
сөздерді тұрақтандыру, нормаға айналдыру мақсатымен болған 
іс-әрекет  емес,  бірінің  материалын  келесісі  пайдаланғандық 
қана.  Тілдің  сөздік  байлығын  ортақ  әдеби  нормаға  келтіру 
мақсаты  көзделінбегендіктен,  бұл  сөздіктерде  не  стильдік, 
не  өзге  көрсеткіш-белгілер  жоқ.  Мысалы,  сөз  диалектизм 
бе,  қарапайым  ауызекі  сөйлеу  тіліне  тән  ғана  элемент  пе, 
мағынасы күңгірт көне сөз бе, енді қолданыла бастаған жаңа 
сөз бе – бұлардың ешқайсысы көрсетілмеген. Сондықтан Таш-
кентте  шыққан  сөздіктер  де  (Воскресенскийдің,  Букиннің 
сөздіктерінде)  оңтүстік  қазақтарына  тән  жергілікті  сөздерді 
былай  қойғанда,  өзбек,  парсы  әдеби  тілдерінің  әсерімен 
сөздікке  енгізілген  масхарабас  (актер),  кәтте  орыс  мулла-
сы (архиерей), хикаят (басни), наху (грамматика), басмахана 
(типография) сияқты сөздер кездеседі. Ал Орынборда шыққан 
сөздіктерде  де  қазақтың  бірер  өлкесіне  тән  алғырт-салғырт, 
ебсек  (действие),  ересе  (мальчик  лет  14),  күмәнді  (беремен-
ная),  ырабат  (хозяйственное  заведение),  бітегене  (немнож-
ко),  шарқат  (красная  шелковая  шаль),  шаңғыл  (винтовка), 
шілеңгер (мастер), атқышыл (стрелок) тәрізді сөздердің орын 

339
алуы – бұл сөздіктердің нормалаушы емес, регистрациялаушы 
сипатынан деп табу керек.
Нормалаушы сипат болмағандықтан, кейбір ұғым атаулары 
әр  сөздікте  әртүрлі  берілген.  Мысалы:  компанион  сөзін  1897 
жылғы қазақша-орысша сөздік әмектес деп берсе, 1883 жылғы 
Букин сөздігі ортақ деп береді; лакей – бір сөздікте қызметші, 
шоры,  екіншісінде  –  төлеңгіт,  земледелец  –  1893  жылғыда 
жер  жыртушы,  1883  жылғыда  диқан,  егінші  т.т.  Әсіресе 
мұндай жарыспалылық қазақ даласына жаңа келген әр алуан 
әлеуметтік,  мәдени  құбылыстар  мен  зат  атауларында  көбірек 
ұшырасады.  Сөз  жоқ,  бұл  жерде  сөздіктерді  айыптауға  әсте 
болмайды.  Бұл  сөздіктер  үшін  қазақ  әдеби  тілі  нормаларын 
орнықтырып,  заңдастырушы  рөл  атқаратын  шақ  ол  кезде  әлі 
тумаған-ды. Олардың барды барша тіркеп отырған қызметінің 
өзі – сол кездегі қазақ тілінің күй-қалпы (статикасы) үшін та-
рихи құбылыс.
8.  XIX  ғасырда  шыққан  сөздіктерде  қазақ  тілінің  аса  бай 
фразеологиясы  жүйелі  түрде  берілмегенімен,  оның  үлгілері, 
кейбір сипатты түрлері орын алды. Бұл салада әсіресе салы-
стырма сөздіктер мен Ильминский сөздігі көзге түседі. Мыса-
лы, Радлов сөздігінде жол деген сөзтізбеде: ұлы жол, жол сай-
лады, жол бастады, жол берді, жол салды, жолдан қайтты, 
жол  түсті,  жол  болсын,  ауыр  жол,  жол  тапты,  жол  аяқ, 
жол көрген кісі, айтқаның жол, жолы бар, жолы үлкен, жолы  
қара деген тіркестер түсіндірілген. Әсіресе сөзтізбе қатысқан 
мақал-мәтелдерді қамту ниеті айтарлықтай. Радлов сөздігінің 
тек  ж  әрпінен  басталатын  сөздер  аясында  27  мақал-мәтел 
қамтылған.
XIX ғасырдың II жартысында қазақ тіліне қатысты лекси- 
кологиялық ізденістер тек сөздіктер жасау тұсында емес, өзге 
сәттерде де орын алды. Қазақ халқының тарихы, этнографиясы, 
мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық тұрмысы, поэзиясы тура-
лы жазылған мақалалар мен кітаптарда жүздеген қазақ сөздері 
келтіріліп,  олардың  мағынасы  түсіндірілді,  кейбіреулерінің 
этимологиясы  ашылды.  Әсіресе  этнографияға  қатысты  атау-
лар  мен  тіркестер,  аң-құстардың,  ауру-індеттердің  атаулары, 
музыка аспаптары мен ойын аттары қазақ даласы туралы сол 

340
тұста жазылған кітаптарда, мақалаларда, баспасөз беттерінде 
орыс, қазақ тілдеріндегі материалдарда едәуір кездеседі. Мы-
салы,  Ш.Уәлиханов  «қазақ  халқының  Геродоты»  деп  атаған 
А.И.Левшиннің  (1799-1879)  ең  алғашқы  қолжазбаларынан 
(Вестник  Европы.  -  1820.  -  Ч.  114)  бастап,  әйгілі  «Описание 
киргиз-казачьих  или  киргиз-кайсацких  орд  и  степей»  (СПб., 
1832) деген үш томдық еңбегінде қыруар қазақ сөзі қамтылып, 
олардың  мән-  мағыналары  түсіндіріледі.  А.Е.Алекторовтың 
«Народная  литература  киргизов»  (Астраханский  вестник.  - 
1893,  1177)  деген  мақаласында  батыр,  бархан,  кереге,  келін, 
би,  қымыз,  жылқы,  жігіт,  домбыра,  төре,  курай,  сандуғаш, 
қаймақ,  қатық,  ер,  сайлау,  барымта,  ұран,  той,  ілу,  жеңге, 
сәукеле, беташар, икулан (?), зекетші, байғұс, қобыз, ақын, сер-
кер т.т. ондаған қазақ сөздері келтіріліп, мағыналары ашылған, 
кейбіреулерінің орысша баламасы берілген.
Біздің  байқауымызша,  қазақ  лексикасында  ертерек  кез-
ден  терминдік  сипатқа  ие  болған  және  сол  терминдік  мәнде 
күні бүгінге келіп ұласқан сөздер – заң-сот (юриспруденция)  
саласындағы  сөздер.  Қазіргі  заң-сот  істеріне  қатысты  жаза, 
айыптау,  қылмыс,  ақықтау,  куә,  куәгер  т.т.  сияқты  сөздер 
бұдан ең кемі екі-үш ғасыр бұрын да осы күнгі мәнде қолда- 
нылғанын байқаймыз. Қазақтың әдет-ғұрып заңының («Обыч-
ное право казахов») ауызша қалыптасқан «статьялары» өткен 
ғасырдың басынан бастап жиналып, олар жөнінде орыс тілінде 
мағлұматтар берілген. 1824 жылғы жиналған «Материалы по 
казахскому обычному праву и положения на них Омского вре-
менного  комитета»  дегеннің  ішінде  және  1846  ж.  Орынбор 
шекара  комиссиясының  чиновниктері  жинаған  материалдар-
да,  Григорьев,  Валлюзектердің  қатысуымен  д’Андре  жинап 
бастырған қазақтың әдет-ғұрып зандарында ондаған қазақша 
термин қамтылып, мағыналары ашылған.
Бұл фактілерді тіл тарихын танудағы құндылығы – олардың 
едәуірі  сол  өткен  ғасырлардағы  қазақ  тілінің  сөз  байлығын, 
лексикалық  ресурстарын  танытады,  бұл  күнде  ұмыт  болған 
көне элементтердің сырын ашады.
Сөйтіп,  XIX  ғасырдың  II  жартысында  едәуір  жанданған 
қазақ лексикографиясы болды. Ол нормативтік мақсат көздей 

341
жүргізілмесе  де,  қазақтың  сол  тұстағы  және  одан  бұрынғы 
дәуірлердегі сөздік құрамын есепке алып тізіп, хатқа түсірді, 
оның  тақырыптық  топтарын  көрсетті,  жаңа-көне  сөздердің 
берген мағынасын танытты. Әрине, бұларды қазақтың көркем 
әдебиет  қайраткерлері  пайдаланып,  кәдеге  асырмағанымен, 
олар орыс тілінен аударма ісінде, мерзімді баспасөз бен ресми 
іс-қағаздары тілінде жәрдемін тигізгені сөзсіз. Сөйтіп, едәуір 
дамыған  лексикографиялық  жұмыстар  өз  кезеңінде  қазақ 
тілінің әрі қарайғы әлеуметтік қызметіне септігін тигізіп, оның 
дамуына үлес қосты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет