Абай қара сөздерінің жанры, көркемдік ерекшеліктері. Бұл жөніндегі М.Әуезовтің көзқарасы және оның Абай сөздерін жіктеуі.
Қара сөздің жанры туралы абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім “Сөз жанры” дейді (М.Қашқарида кездесетін “Сөз” жанрына ұқсас – Қ.М. ) “Абай ойына келген нәрселерін еркін айту үшін өзі арнайы жанр ойлап тапқан. Ол сөз жанры. Ақынның қара сөздері нағыз еркін ойдың жанры. Мұнда ешқандай бір дәстүрге, тәсілге бағынушылық жоқ. Ой еркін айтылған, мазмұн өзін лайықты форма тапқан”.
А. Жақсылықовтың Абайға бұлайша ой тастауы – Абайды билеп-төстеп сөйлейтін қайсыбір зерттеудің жалаң, жалпылама сөзі емес. Ақын Абайды ақиқат тану жолындағы шынайы зерттеу, зерделеудің қисыны. Абайды іштен ұғу. Ғылыми негізді сөз. Абай жөнін тың танудың кемелденген кезеңінінің мәнді сөзі.
М. Мырзахметов Абайдың М. Әуезов көтерген, исламиятқа қатысы мәселесін кең, алымды зерттеулерге айналдырудың көкейтестілігін әр кез айтып келеді.
Ғ. Есім “түсінікті – түсіну” атаған “Хакім Абай” зерттеуінде Абайдағы дін, дүниетаным жайын сұңғылалықпен сараптайды.
Ғалымның “мистика – ол да дүниетанымның бір формасы” деген тұжырымы, “дін, мистика” дегеннен шайлығып қалған санаға жаңа сәуле жүгіртетіндей. Алла мен Адам, кейінгінің алғашқыға таусылмас махаббаты… Алла мен Адам арасындағы ынтызарлық болып трансформацияланған Аллаға деген махаббат… Сопылық пәлсапа… Ғ. Есім Абайдың көзқарасын діни идеология емес, діни философия жағынан іздеу керек дейді. Ғалымның Абай шығармаларында Алла үш мағынада қолданылады деп қисындауы, ілгері абайтануда айтылмаған пайымдау екендігін ескеру қажет.
1. Алла – шындық, ақиқат. Өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі.
2. Космогониялық мәнде. Алла әлемді жаратушы құдірет.
3. Гносеологиялық тұрғыда. Ислам дінінде Алланы тану оның елшісі пайғамбар арқылы болмақ.
(Осы арада ғалымның: “Абай пайғамбарды тануға шақырмайды” деген пікіріне қалай қарауды ойлағанымыз жөн – Қ.М.).
Жалпы, Абайдың дүниеге көзқарасы,исламиятқа қатысын зерттеуде Абай және сопылық ілім мәселелері біршама қозғалған. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде абайтанушы Ғабрахман Сағди Абайды сопылық ілімнен бөлек, бөліп алып қарастырудың жөнін көрсетіп, пікір айтқаны белгілі.