Негізгі терминдер мен ұғымдар
Түрік-ислам тарихындағы ұлы ғалымдар, ойшылдар, ақындар
Қорқыт дана, әл-Фараби «шығыс Аристотелі»
М.Қашқаридің «Диуани лұғат-ат түрік» - түркі халықтарының энциклопедия ретінде.
Ж.Баласағұнның «Құтты білігі»
Мұсылман мектептері және оларда оқылған қағидалар
Сұрақтар мен тапсырмалар
1. Түркілердің рухани мәдениетінің дамуына қандай жағдайлар әсер етті?
2. Қорқыт туралы не білесің?
3. Әл-Фараби қандай ғылым салаларында еңбектер қалдырды?
4. М.Қашқаридың «Түркі сөздігінің» қазақ тарихы үшін қандай маңызы бар.
5. Ж.Баласағұнның «Құтты білігі» не туралы шығарма?
Негізгі әдебиеттер:
1 Мыңбаев Д., Бейсембайұлы Ж.Ұлт мұраты, 2014
2 Казакстан тарихы М.Б.Мұхамедов, Б.Сырымбетұлы , 2012
3 Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағыт-бағдарлары, А.Ш.Жангазин, Р.С.Кайсаринова, 2015.
4 Қазақстан халқының рухани мәдениетінің тарихы, Ш.Н.Нағымов, 2012
5 Материалы республиканского «круглого стола» «Послание президента-импульс к дальнейшей модернизации страны», /сост. З.Е.Кабульдинов, 2014.
4 -тақырып. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің рухани құндылықтары(XV-
XVIII ғғ) - қазақтану мәселесінің негізі
Дәріс мақсаты: Дәстүрлі қазақ мәдениеті құндылықтарының қазақтану мәселесіндегі ролін ұғындыру
ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда қазақтардың басым көпшілігі көшпелі ғұмыр кешті. Олар бір жаратушы құдайға, яғни Аллаға сенді. Көшпелі қазақтардың ғасырлар бойы жинақтаған рухани құндылықтары арасында жоғары әділдікке, өмір күшіне сену, сәттілік және даналық көзі ретінде аспан нұрына «құт-берекеге» сенушілік басты орын алды.
Қазақ жұртшылығының шаруашылық өмірінде көшпелі мал шаруашылығы шешуші роль атқарып, оның бүкіл тыныс-тіршілігінің ең басты негізі болып табылды. Көшпелі мал шаруашылығы қазақтар үшін тек тамақ асыраудың ең басты жолы болып қана қоймай, олардың барлық материалдық және рухани құндылықтарын анықтайтын факторға айналды.
Көшпелі әлемнің басты ерекшеліктерінің бірі – бүкіл қоғамға әскери сипаттың тән болуы. Әрбір көшпелі - туа біткен жауынгер, құралайды көзден атқан мерген, аттың құлағында ойнаған шабандоз болғандықтан, көшпелілердің орасан зор армияларының болуы ешкімді де таңдандырмаған.
Көшпелілер кез-келген уақытта ер адамдарды өз араларынан шаруашылықтан босатып, әскер қатарына жіберіп отырған. Кәмелетке толған әрбір жасөспірім дайындалған жауынгер болды. Бұған жас ұрпақты мақсатты тәрбиелеу жүйесі, әскери жаттығулар, әскери-спорттық жарыстар, жалпы көпшілік болып жабыла аң аулау, әскери қимылдарға үнемі қатысу игі әсер етті.
Діни сенім-нанымдарда, көркемсурет және зергерлік өнердегі «Аң стилінде», халық ауыз әдебиетіңің батырлар жырларында әскери өнерді мадақтау айқын көрініс тапты. Қолданбалы өнерде, ең әуелі қару-жарақты әсемдеуге ерекше көңіл бөлінді.
Қазақтың ежелгі замандарда қалыптасқан ауыз әдебиетінде, ертегілер мен батырлар жырларында «толарсақтан саз кешіп» ел қорғаған батырлардың ерлік істері мадақталып, халайыққа үлгі етілді. Сонау ноғайлы заманынан, ғасырлар қойнауынан келіп жеткен бұл жырлардың кейіпкерлері Ер Тарғын, Ер Қосай, Қарасай-Қазы, Орақ-Мамай, Алпамыс, қарақыпшақ Қобыландылар көшпелі халықтың мұң-мұқтажын жоқтаған, оны сыртқы жаулардан қасықтай қаны қалғанша қорғаған қас батырлар еді.
Көшпенділер мәдениетінің өз нысандары болды. Ол нысандар көшпенділердің өздерін қоршаған ортаға, әлемге, өмір салтына деген философиялық көзқарастарынан туындады. Әлем мен тұрмыс философиясы бір-бірінен бөлектендірілмей, бірлестіре қарастырылды. Әрбір нәрсенің, заттың өз мәні, мағынасы, философиялық анықтамасы болды. Қазақтар тұрмысынан адам мен космос арасындағы байланыс анық көрініс тапты. Адам мен Космостың бірлігі өмір бастамасымен, бабалармен байланыстың көрінісі ретінде санаға сіңірілді. Қазақтардың осындай ұғымдарымен аға буынды сыйлау және бабалар рухына табыну байланысты болып табылады. Сондықтан ғасырлар бойы қазақтар арасында «Жеті ата» ұғымы, «үш жұрт» ұғымы, жалпы бір ру адамдарының бір-біріне деген ыстық ықыласы, қажет болған жағдайда бір-біріне көмектесуге дайын тұруы берік қалыптасты. Өздерінің балаларына, ет-жақын адамдарына туысқандық сезімін көшпенді қазақтар «айналайын» деген сөзбен жеткізді. «Айналайын»сөзі – «өзіңнен айналдым», «Өзіме сенің ауруларыңды қабылдадым» деген мағынаны білдірді. Аспан мен Жердің арасында өмір сүрген көшпенділер табиғаттың шын мәнісіндегі перзенттері болып, табиғатпен етене араласып өмір сүрді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан ертегілері мен аңыздарында көшпенділер өздерін «аспанның адамы» етіп көрсетті. Көшпенділер арасында берік қалыптасқан Аспан мен Жердің үйлесімдігі идеясын кезінде Ш.Уәлиханов жазды.
Көшпенді қазақ өмірінде ер жігітке тән жүректілік, батырлық, қайсарлық, өжеттік т.б. қасиеттер ерекше қастерленіп, ондай қасиеттерге ие адамдар ал арасында «қаһарман», «мәрт», «азамат» атанды. «Қазақ» деген атаудың өзі «нағыз», «қас» деген мағынадан туындаған болуы керек.
Көшпенді қазақтардың өркениетке қосқан зор үлесі – олардың ХІ ғасырдан бастап қолданған киіз үйлері.
Қазақтардың киіз үйінің құрылысы көптеген нысандық роль атқарған, Шеңбер формалы киіз үй - Әлем мен Космос арасындағы байланысты бейнелеген.
Қазақтар мәдениетіне тұрмыстың төртмәнділік жүйесі тән болған: айдың төрт жолы, дүниенің төрт бағыты, төрт зілзала.
Қазақ қоғамының шаруашылығы, тұрмыс-салты адамдар арасында демократиялық қарым-қатынастардың берік орнығуына ықпал еткенін атап өткен жөн.
Көшпелі мал шаруашылығы және оған байланысты көшпенділік өмір қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тілі жөнінен біртұтастығын қамтамасыз етуге жағдай жасады. Өйткені қысы-жазы төрт түлік малға жайлы қоныс іздеп шарқ ұрып көшіп-қонып жүрген қазақтарға ағайындық, туысқандық қатынастардың берік орнығуы игі нәтижелерге қол жеткізді. Тек осындай ынтымақтық пен туысқандықтың, сондай-ақ басқа түскен қиындықтарды бірге көтерудің арқасында көшпенді қазақтар табиғаттың тылсым күштеріне төтеп бере алды.
Төрт түлік мал ішінен қазақтар жылқы малын ерекше қастерлеген. Қазақ жылқылары аудандарына қарай адай, батыс қазақстандық, жетісулік және найман жылқысы болып бөлінді. Жылқыларды қазақтар сыртқы пішініне, жүрісіне, қасиетіне қарай «қазанат», «жорға», «жабы» деп бөлген. Батырлар мінетін жылқы малына халық «арғымақ», «тұлпар», «сәйгүлік» тәрізді ат беріп, ерекше қастерлеген.
Қазақ өзінің әлеуметтік тұрмысын төрт түлік малсыз – жылқы, түйе, қой және сиырсыз көз алдына елестете алмаған. Сондықтан қазақ амандасқанда, ең әуелі «Мал-жаның ама ба?» деп сұрайтын болған. Оның мәнісі: қазақ үшін мал жай ғана мал емес, бүкіл тіршілігінің көзі, мал болмаса, оның күні қараң, малсыз ол өмір сүре алмайды, сондықтан да қазақ малды әрқашан өз өміріндегі құндылықтар арасында бірінші кезекке қоятын болған.
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан түсінігінше төрт түлік мал дүниенің төрт бағытын: жоғары-төменді, оң мен солды бейнеленген. Төрт түлік малдың ең қасиеттісі болып жылқы саналған. Ол жоғары дүниенің нысанын, даналық әлемін, бабалар әлемін бейнелеген. Қазақтардың осынау түсінігі бала туу, үйлену және жерлеу дәстүрлерінен айқын көрініс тапты. Ат – ақыл-ойдың нысаны, жоғары әлем нысаны, сондықтан ол адамды о дүниеге кетерде бірге шығарып салуы қажет деп санап, жылқыны иесімен бірге жерлейтін болған. Сый-сияпат, кәделі жерлерде, құдалық-қонақтықтарда халық ер-азаматтарға ат мінгізіп, шапан жапқан.
Жылқы: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, кулық, бесті бие, ат сәурік, айғыр деп ажыратылады.
Көшпенділер түйе малын өсіруге де ерекше мән берген. Ол түсінікті де. Түйе - өте көнбіс, күшті жануар. Көшпенділер қоныстанған Еуразияның орасан зор кеңістігін алып жатқан шөл және шөлейтті аймақтарда бір аптаға дейін су ішпей, қомына орасан ауыр жүкті артып алып, мыңқ етпей жүре беретін түйеден басқа жануарды іздеп табу қиын. Ал, оның дәмі тілдің ұшын иіретін, хош иісті, көп ауруға шипа болатын, тоқтығы, тамақтығы керемет шұбатын қайда қоясыз?
Қазақстанның солтүстігі мен шығысынан басқа аймақтарында түйенің екі түрі – қос өркешті (бактриян) және бір өркешті түйе өсірілді.
Түйе малы жасына және жынысына қарай, бота, тайлақ, буыршын, науша, інген, атан, бура деп, қасиетіне қарай, мая, желмая, нар, аруана, жампоз, қоспақ, үлек, т.б. болып бөлінеді.
Қой: қозы, марқа, тоқты, бағлан, тұсақ, азбан, ісек, саулық, қошқар болып; ешкі: лақ, туша, бөрте, шыбыш, серке болып жіктеледі.
Сиыр жасына қарай былай аталады: бұзау, баспақ, торпақ, тана, тайынша, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа.
Халық ұғымы бойынша әрбір малдың өз иесі болған, мысалы түйенің иесі, пірі Ойсылқара, жылқының пірі Қамбар ата, сиырдың пірі Зеңгі баба, қойдың пірі Шопан ата, ешкінің пірі Шекшек ата аталған. Бұл түсініктер мен аңыздар бізге ғасырлар қойнауынан, сонау көне түркілер заманынан, одан кейін ноғайлы кезеңінен келіп жеткен деуге негіз бар. Олай дейтініміз, Қазақстан мәдениетінің «аспан астындағы мұражайы», 362 әулиенің отаны саналатын Маңқыстау өңірінен табылған қорымдық-қауымдық тас ескеткіштер арасынан төрт түлік мал пірлерінің тас мүсіндерін де, тасқа ойылып, қашалып салынған суреттерін де көптеп кездестіреміз. Олардың арғысы ХІ ғасырдың, бергісі ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың туындылары.
Мал шаруашылығының қыр-сырын жете меңгерген көшпенділер мал өнімдерін тұрмыстық салада молынан қолданды. Жылқы сүйегін өңдеп қобди сандықтар бетін өрнектеді. Күзеп алған мал жүнінен мықты арқан есті. Сиыр мүйізінен тарақ, тақта жасады. Қой жүнінен киіз, текемет басып, кілем, сырт киім тоқыды, түйе жүнінен шекпен, кеудеше, шұлық тоқылды.
Сөйтіп, көшпелілер өз тұрмысына мал баласын ерекше қастерлеп, оның басын көбейтуге, қамқорлап-бағуға барынша күш-жігерлерін салып отырды.
Достарыңызбен бөлісу: |