Алтыншы тарау
Үңіліп автоматтың үлгісіне,
Сарылған қиналысты тұр түсінде.
Ақанды абыржытты – мән бере ме,
Москва мұндай жастың тың ісіне?
Көп болды үлгісінің кеткеніне,
Әлі де Москваға жетпеді ме?
Әлде сол сызғандары сынға түсіп,
Ұнамсыз болып әлде өтпеді ме?
Мазасын алып өткен таластары,
Кейбір сәт қиялы да толастады.
Намыс қой қалса құлап, қарсы бұған
Өкілі Главканың Қараш тағы.
Жазыпты арызын ол бұрыс түрде:
«Пайдасыз бұл бір әуре жұмыс мүлде.
Шетелдік киялдардың шырмауы бұл,
Ұнайды мағынасыз бұл іс кімге?»
Қараштың дәлел таппай шүбәсына,
Әлде ол мазағына шыдасын ба?
Қарайды сызығына қайта-қайта,
Ғашығын іздегендей шын асыға.
Осылай үйде Ақан отыр міне,
Тесіліп чертежының тетігіне.
Көзіне елестеді Қараш бірақ,
Тығылып сызықтардың кетігіне.
Тағы да ол арызын түрте жүрді.
Сылтау қып люкке түскен сом темірді.
Төндіріп жүрді тағы өз күйігін,
Ежелгі күншіл лебі көтерілді.
Ол өзі сол күн байқап көрмеп еді,
Темірдің қалай кетті сом бөлегі?
Шәукеннің шағымына құлақ түріп,
Тергеуші тексеріп жүр сол бәлені.
Қараштың түстім бе деп дабылына,
Ақанның кетті қазір дамылы да, –
Русаков ақыл айтқан –
абыржыма,
Жетерміз уақиғаның анығына...
* * *
Суретке алдындағы қарады да,
Түйілді қайғы бұлты қабағына.
Ұлына ойлы әке тұрды қарап,
Үмітті әлі оның хабарына.
Шынымен мәңгілікке сүңгіді ме?
Неткен бұл тұйық дүние сыр білуге?
Тағы да арыз жазған жоғарыға,
Жауапты күтіп сағы сынды мүлде.
«Жүр екен қайран әкем әлдеқайда?
Мекені шығар әлде сонау тайга?
Мұз қатып кірпігіне, аяз қарып,
Жүргенде ажал жетіп сорламай ма?
Қала ма құрсауында сұм жаланың?
Білдірмей кеткені ме бір хабарын?
Сенбеймін кінәлі деп әке сені,
Кінәлі кім деп соған қиналамын.
Кім дейсің? Кіналыға талас бар ма?
Ұқсаған адамдар ғой Қараштарға.
Мансап пен абыройдың құлары сол,
Үрлесе өсек желін толас бар ма?
Өздері адал жансып кеуде қағып,
Күйесін талай таза ерге жағып,
Көпірген сондайларға сенді ғой заң,
Жаланы қарамады-ау тергеп анық?!
Ақанның ойлар сондай келді есіне,
Қараштың қабақ түйіп елесіне...
Жарқ етті Әсия да қиялында
Ауды ой өткен күннің белесіне.
Ең ыстық көрінген жан жас шағында,
Жүргенде институт құшағында.
Ұйыған отты лебі жүрегіне, –
Дариға, ұқсады ма сол сағымға?
Безді ме әлде сүйіп ол өзгені?
Ынтығы ләззат тапқан бір кездегі,
Жанның ең түкпірінде қызып шоқтай
Тығылды, бірақ дәтін күйгізбеді.
Сол күкірт шоғын бір кез кім үрлеген,
Күйдіріп махаббатын түңілмеген?
«Әсия Қарашқа шын қосылды», – деп,
Жат күңкіл құлағына күбірлеген.
Ақанды осы хабар күйіндіріп
Теңселткен, кеткендей бір құйын ұрып.
Талай түн төсегіне от түскендей
Тарыққан, ыза бұлтын түйілдіріп.
Амалсыз ойламауға көнікті тек.
Естіді –
Әсияны келіпті деп.
Мүсіркеп келер ме қыз... Әлде өзі
Барсын ба, аянышын сеніп тілеп?
Маздады сенері де, сенбесі де,
Өкпесі, қызғанышы егесуде.
Орнынан тұрып кетті күрсініп ол,
Наз, ыза қатар тулап кеудесінде.
Есіктен еніп ана күбірледі:
– Ақан-ау,
мейрімің бір білінбеді.
Еркежан зерікті ғой үйде жалғыз,
Ренішін сезбейсің бе түріндегі?
Ол өскен бағыңдағы гүл емес пе?
Сенімен тілегі де бір емес пе?
Шешені жұбатуға жауап берді:
– Киноға апарармын бүгін кешке...
Телефон безектеді.
– Ақанбысың?
Балам-ay, ұмыттың ба атаңды шын?
Кел жылдам, біздің үйге,
Анарқұл мен Байтасты алып еске атау үшін.
Ол кетті, кетуге шын сылтау тапқан,
Солай деп ана шіркін ойға батқан.
Артынан елең етіп, қалды қарап,
Еркежан қара көзі жаутаң қаққан.
Достарыңызбен бөлісу: |