Тас дәуірінің тарихында мезолит б.з.б. 12 - 5 мың жылдықты қамтиды. Мезолит заманындағы адамдардың садақ пен жебені ойлап шығаруы үлкен жетістік еді және осы тұста микролиттер – үшбұрыш, ромб, трапеция, сегмент – тәрізді ұсақ қалақтар шықты.
Б.з.б. 5 мың жылдықта басталған неолит – тас құралдарын барынша пайдаланған дәуір. Бұл кезде еңбек құралдары жетілдіріліп, тастарды бұрғылау, тегістеу, ағашты арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістер қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмысқа, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дән үккіштер жасала бастады. Неолит дәуірінде Қазақстан жерінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының тууы, ертедегі адамдардың бұрынғы табиғаттың дайын өнімдерін иемденуден, яғни өсімдік дәндерін жинау, аң аулау орнына, өндіруші шаруашылыққа көшуге жағдай жасады.
Қазіргі уақытта Қазақстан территориясында ғылымға белгілі 600-ден аса неолиттік және энеолиттік ескерткіштер табылған. Неолит тұрақтары өзінің орналасу сипатына қарай төрт түрге: бұлақ бойындағы,өзен жағасындағы, көл жиегіндегі, үңгірдегі тұрақтары болып бөлінеді. Олардың қалдықтары археологиялық зерттеулер барысында Қазақстанның барлық аймақтарынан табылған.
Ескерткіштері. Қоныс орындары Қаратау алқабынан Қараүңгiр, Арыс, Дермене, Тасқотан, Арал маңынан Жалпақ, Ақеспе, Сарыарқадан Жезқазған, Сарыбұлақ, Қарағанды кешендерi, Шығыс Қазақстаннан Соцчигиз тұрақтары табылды. Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Атбасар мәдениетi (б.з.б. 7 мыңжылдықтың соңы - 6 мыңжылдық басы) жергiлiктi мезолит тайпаларының материалдық негiзiнде қалыптасқан. Мұнда 200-ге тарта тұрақ табылған. Торғай ойпатында неолит дәуiрiне жататын Маханжар мәдениетiнiң тұрақтары ашылған. Сондай-ақ, бұл заман ескерткiштерi Ертiс алабында Усть-Нарым, Пеньки, Железинка қабірлерімен де белгілі. Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Железинка ауылының маңынан қазылып, зерттелген неолит кезіндегі мәйіт қабірдің ішінде өртелген. Қабірге өлген адам денесімен бірге әртүрлі әшекей заттар, тас қарулар, қыш ыдыстар, тамақ қойылған. Бұл заттар о дүниеге барғанда қажет болады деген ойды білдірсе, ал өртеп қою отқа табынуды көрсетеді. Неолит дәуiрiнде дәстүрлi аңшылық, балық аулау, терiмшiлiк сақталды.
Достарыңызбен бөлісу: |