Қазақстанның кең-байтақ жер аумағы мен табиғат ерекшеліктері де көшпелі мал шаруашылығын өркендетуге ыңғайлы болатын. Еуразия далаларын мекендеген тұрғындардың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, бұл ұлы далада тек көшпелі өмірмен ғана тіршілік етуге болатындығы дәлелденген еді.
Б.з.б. бірінші мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында Қазақстанның кең байтақ далалары мен шөлейт жерлерінде жартылай көшпелі мал шаруашылығы шаруашылықтың басым және негізгі түрі болып орнықты.
Қолдарына көп мал жинаған бай-шонжарлар өз тайпаларымен бірге жайылым жерлерді үнемі ауыстырып отырған, олар қоғамдағы ықпалды күшке айнала отырып, далалық және шөлейт жерлерді интенсивті түрде игере бастаған. Осы кезде мал және жайылым жерлер үшін тайпалар арасында жиі-жиі соғыстар болды. Бұл соғыстардан әскер және тайпа басшылары байыды. Мүліктік теңсіздіктің пайда болуы, қоғамның жіктелуі әртүрлі топтар арасындағы қатынасты реттеуге қабілетті белгілі-бір күшті қажет етті. Мұндай күш мемлекет болып табылды.
Қазақстан территориясындағы алғашқы мемлекеттік құрылымдар б.з.б. бір мың жылдықта тайпалық одақтар түрінде пайда бола бастады.
Сақ тайпалары. Б.з.б. VІІІ-ІV ғасырларда Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген сақ тайпалары туралы археологиялық материалдармен қатар жазба деректер де көптеп кездеседі. Бұл тайпалар ежелгі иран және грек жазбаларында, Авеста діни кітабында сақтар, азиялық скифтер немесе «жүйрік атты турлар» және т.б. деп аталды.
Зерттеуші ғалымдардың пікірінше сақ тайпалары үш топқа бөлінеді. Олар: 1. Сақ-хаумаваргаларға (хаома сусынын дайындайтын сақтар). 2. сақ-тиграхаудаларға (шошақ бөрікті сақтар). 3. сақ-парадарайандарға (теңіздің арғы бетіндегі сақтар). Бірінші топтағы сақтар Ферғана өңірін мекендесе, екіншілері Сырдарияның орта аймағы және Жетісу жерін жайлап, ал үшіншілері – еуропалық скифтер немесе Арал теңізі және Сырдарияның арғы бетіне орналасқан. Сонымен қатар бұл одақ массагеттер, каспийлер, исседондар, аримаспылар, дайлар, сарматтардан тұрған.