Сақ мемлекетінің саяси құрылысы әскери демократияға негізделді. Бүкіл елді тайпа мүшелері сайлаған тайпа көсемі - патша басқарды. Сақ қоғамының әлеуметтік құрылымында адамдардың үш тобы ерекшеленді. Олар жауынгерлер, абыздар, қауым мүшелері (малшылар мен егіншілер). Сақтар сол кездердегі әлемдік оқиғаларға да белсене араласқан. Парсы мемлекетінің патшасы Кир - Мидия патшасы Крезбен б.з.б. 558-529 жж. соғысқан кезде - сақтармен одақ жасасқан. Сақтар Ахеменидтердің өзге де патшаларымен соғысқан. Б.з.б. 519-518 жж. сақтарға қарсы I Дарий жорық жасап, сақтарды бағындырып, оларды алым-салық төлеуге, өз жауынгерлерін парсы соғыстарына қатысу үшін жіберуге көндіреді. Парсы әскерінің құрамына кірген сақтар Мысыр мен Грециядағы, Фермофоль маңындағы айқаста көзге түсіп, Палатея жанындағы шайқаста батырлықтың небір үлгісін көрсетеді.. Александр Македонскийдің басқыншылық әрекетіне де сақ тайпалары асқан ерлікпен тойтарыс береді.
Қазақстан аумағындағы сақтар туралы мәліметтердің бір бөлігі археологиялық зерттеу жұмыстары болып табылады. Бұлардың ең көбірек зерттелгендері Жетісудағы Бесшатыр обалары мен Есік обасы, Шығыс Қазақстандағы «Патша обалары» деп аталатын Шілікті аңғары мен Бұқтырма өзенінің жағасы, Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетіне кіретін «мұртты обалар», Батыс Қазақстандағы Сынтас және Бесоба қорымдары, Сырдарияның төменгі бойындағы Шығыс Арал маңындағы Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен жерлеу орындары. Бұлардың ішіндегі әлем жұртшылығына белгілі болғаны «Есік» обасынан табылған «Алтын адам». Сақ заманының осындай құнды ескерткіштері соңғы жылдары көптеп табылуда. Атап айтар болсақ, 1999 жылы Атырау облысының, Жылой ауданындағы Аралтөбедегі қазба жұмыстары (бұл жерде үш мәйітхана зерттелді), 2007 жылдың шілде айында Ә.Марғұлан атындағы археология институты ұйымдастырған қазақ-француз-итальян біріккен халықаралық экспедициясының, Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданындағы Берел қорымынан тапқан құнды дүниелері және Зайсан ауданы Шілікті елді мекенінен тапқан «Шілікті алтын адамы». Археологиялық бұл деректер Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі орасан зор кеңістікті сақтардың мекендегенін және олардың мәдениеті мен өнерінің өркениет көшінен кейін қалмағанын тағы да нақтылай түседі.
Үйсіндер мен қаңлылар. Б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларда Қазақстанның жекелеген аудандары мен көршілес аумақтарда біршама тұрақты және ірі саяси бірлестіктер құрылды. Бұл бірлестіктер – сол кездегі Грек-Бактрия, Парфия, Қытай және Кушандар империяларын да мойындатқан Үйсін және Қаңлылар саяси бірлестігі болатын. Соңғы деректер мен мәліметтер бұл саяси бірлестіктің мемлекеттік деңгейге дейін жеткендігін дәлелдейді. Яғни, б.з.б. ІІІ ғасырдан бастап қазіргі Қазақстан аумағында Үйсіндер және Қаңлылар мемлекеті өмір сүрген деп айтуға біршама негіз де бар.
Жетісудағы тиграхауд-сақтар жерін мұра етіп алған үйсін тайпалары Орталық Азияның түкпірінен келген еді. Б.з.б. ІІ ғ. 160 ж. шамасында үйсіндердің бір бөлігі Жетісуға көшіп келіп, сақ тайпаларын бағындырды, сөйтіп қолбасшы «гуньмо» (күнбек) деп аталатын иеліктің негізін салды. Үйсіндер Қытаймен дипломатиялық және туыстық қатынаста болды. Осы уақытта Жетісу аймағына келген Қытай саяхатшысы Чжан Цзянь үйсіндер туралы алғашқы мәліметтерді береді.