Қазақстан территориясындағы қола дәуірі. Біздің заманымыздан бұрынғы II мыңжылдықта мал және егіншілік шаруашылығымен қоса металл өңдеу кәсібі дами бастады. Ол Қазақстан өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың өзгеруіне әсерін тигізді. Мал өсіруші тайпалар ірі бірлестіктер құрды. Бірлестіктер арасында әр түрлі себептермен келіспеушіліктер туып, қарулы қақтығыстар орын алды. Қару енді жабайы аңдарды аулау үшін ғана емес, тайпалар арасындағы қақтығыстарда пайдаланылатын болды. Қару жасау металл өңдеу қажеттілігін туғызды.
Б.з.б II мыңжылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола мыс пен қалайының қорытпасы. Қола дәуіріндегі экономиканың басты екі бағыты болып табылатын мал шаруашылығы мен металлургияның дамуы өндіргіш күштерінің өсуіне, қоғамдық еңбектің мамандануына, қоғамда еркектер рөлінің артуына алып келді. Жеке отбасылар бөлініп оқшауланды, отбасылық меншік пайда болып, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі көрініс бере бастады.
Қола дәуірінде Сібірдің, Қазақстанның және Орта Азияның кең- байтақ далаларын тегі мен тарихи тағдырлары ортақ туыс тайпалар мекендеп, олар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет ескерткіштерін қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласының маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде "Андронов мәдениеті" деп аталды. Бұл ескерткішті алғаш рет 1914 жылы А.Я.Тугаринов ашты.
Зерттеушілер андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын үш кезеңге бөліп, оларға шартты түрде мынадай аттар береді: Федоров кезеңі (ерте қола) — б.з.б. ХVІІІ-ХVІ ғасырлар, Алакөл кезеңі (орта қола) — б.з.б. ХV-ХІІ ғасырлар, Замараев кезеңі (соңғы қола) - б.з.б. XII - VIII ғасырлар. Қазақстан аумағындағы андронов мәдениетін зерттеуде және оны дәуірге бөлу мәселелері жөнінде Ә.Марғұлан, А.Оразбаев және т.б. еңбектерін атап өткен жөн.
Андронов мәдениетінің Қазақстан аумағындағы негізгі орталығы – Орталық Қазақстан болғандығын осы аймақтан табылған археологиялық материалдар айғақтайды. Бұл аймақтан осы мәдениеттің отыздан астам қоныстары мен жүз елуден астам қабірлері табылып зерттелді. Орталық Қазақстандағы андронов мәдениеті үш кезеңнен тұрады. Алғашқы - Нұра кезеңі, ортаңғы – Атасу кезеңі, соңғысы – Беғазы-Дәндібай кезеңі. Нұра кезеңінің тайпаларында мәйітті өртеп жерлеу ғұрпы басымырақ кездеседі, сонымен бірге, өлікті молаға салып жерлеу ғұрпы да болған. Атасу дәуірінде өлгендер бүктетіліп бір қырыннан жерленді, кен өндірісі едәуір дамыды. Беғазы-Дәндібай дәуірінде андрондық мәдениеттер негізінен сақталғанымен, жаңа элементтердің пайда болуы көбірек кездеседі. Олар негізінен тұрпаты ерекше бейіт тамдар, бүктетіліп жерлеумен қатар, аяқтарын созып шалқасынан жерлеуі, домалақ ыдыстардың пайда болуы және жер бетіндегі қабырғалы баспана үйлер және т.б.