Үйсіндердің негізгі территориясы Іле алқабында болды, олардың батыс шекарасы Шу мен Талас арқылы өтіп, Қаңлылармен шектесті. Шығысында хұндармен ортақ шекара болды, ал оңтүстігінде олардың иелігі Ферғанамен ұштасып жатты.
Үйсіндердің астанасы Чигучен (Қызыл алқап қаласы) Ыстық көлдің жағасына орналасты. Үйсіндердің этникалық тегі әлі де ақырына дейін анықталмаған. Зерттеушілердің біразы оларды шығыс Иран тайпаларынан шыққан десе, екінші біреулері — түріктердің арғы аталары, олар түрікше сөйлеген деп есептейді.
Соңғы уақытта үйсіндердің көптеген ескерткіштері зерттелді. Үйсіндер дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштер – Қызыл Қайнар, Өтеген, Қызылкене, Алтынемел, Талғар, Ақтас, Қалқан және т.б. қоныстар мен бейіттер. Археологиялық материалдар үйсін тайпаларының жоғарғы мәдениеті мен өнерінің болғандығын дәлелдейді. Табылған бұйымдар мен қару-жарақтар жоғарғы көркемдік деңгейде жасалған. Сондай ескерткіштің бірі Қарғалыдан табылған басқа киетін тәж тәрізді әшекейлі бас киім. Бас киімдегі бір-біріне қарап тұрған қос қанатты тұлпарлар, олардың соңындағы аңдар мен адамдар, ұшып бара жатқан аққулар, өсіп тұрған ағаш пен оның сәнді жапырақтары үйсіндердің табиғат пен дүниеге деген көзқарастарын білдіреді.
Қаңлылар. Үйсіндерден батысқа қарай Талас, Сырдария өзені мен Қаратау маңында және Орталық Қазақстанда б.з.б. ІІІ ғасырлардан бастап қаңлы тайпалары мекендеді. Қытай деректерінде бұл жерлер «Кангюйлер елі» деп аталады. Б.з.б. ІІ ғасырда Қытай императоры Чжан Цзяньды батыс елдеріне сауда елшілігіне жібереді. Ол өзі болған жерлер туралы құнды мәліметтер қалдырады. Үйсіндермен қатар, олардың батысында тұрған қаңлылар туралы да мәліметтер жазады. Қытай елшісінің мәліметтеріне қарағанда қаңлылар елінде 600 мың адам, 120 мың әскер болған. Астанасы ретінде Битянь қаласы аталады. Қаңлылар Ұлы Жібек жолының Сырдария бойымен жүретін бөлігіндегі бағытын өз бақылауында ұстап тұруға ұмтылды. Сонымен қатар Қытай, Рим, Кавказ және Оңтүстік елдерімен сауда, экономикалық және саяси байланыстар жасады.
Қаңлы халқының этникалық сипаты жөніндегі мәселе күрделі де қиын. Қаңлылардың қай тілде сөйлегені жөнінде де бірыңғай пікір жоқ. А.М.Бернштамның пікірінше, қаңлылар түркі тілді халық болған. Басқа зерттеушілер қаңлылар Солтүстік Иранның мал өсіруші тайпалары қатарына жатады, олар б.з.б. бірінші мыңжылдығы ортасында Сырдария бойына түркі тайпаларының қоныс аударуына байланысты өзінің этникалық бейнесі мен тілін өзгерткен деп болжам жасайды.
Бақылау сұрақтары: Тас дәуірінің ерекшеліктерін атаңыз.
Қазақстан территориясындағы қола дәуіріне жататын археологиялық ескерткіштерді атаңыз.