Кәсіпкерлікті дамыту Қоры. Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды күшейту және оның дамуын жандандыру мақсатында, 1997 жылы наурыз айында «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ын құруға негіз болған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шықты. Президент Жарлығын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулы шығарды. «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қызметін 1997 ж. 18 тамызда бастады.
Қордың негізгі мақсаты: Қазақстан Республикасындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің (әрі қарай-ШКС) қалыптасуы мен экономикалық өсуін ынталандыру, мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржы құралдарын пайдаланудың тиімділігін арттыру.
Қордың жүзеге асыратын бағдарламалары шеңберінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық көмек көрсету сияқты функциялар мен міндеттерді атқарды.
2007 жылдың соңынан бастап, Қорда тұжырымды өзгерістер болды:
Қор «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мәртебесінен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мәртебесіне өзгерді, сол себепті шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тиісті өкілеттіктері де ұлғайды; Қор қаржы институтынан мемлекеттен бөлінетін қаражат активтерін басқару операторына айналды: ШОК субъектілерін қаржылай қолдау және ШОК субъектілерін ақпараттық-талдамалық және консалтингтік қолдау қызметінің жаңа бағыттары әзірленіп, іске асырылып отыр. Қордың фирмалық стилі өзгерді. 2008 жылғы қазан айында, «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ және «Самұрық» Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдинг» бірігіп, «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болып өзгерді. Жаңадан құрылған қор қызметінің мақсаты өзіне тиесілі меншік құқығында ұлттық даму институттарының ұлттық компаниялар мен өзге заңды тұлғалардың акциялар пакетін, қатысу үлестерін басқару болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг ретінде белгіленді.
Бүгінде «Даму» Қоры 100% акциясы «Самұрық - Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тиесілі ұлттық даму институты болып отыр.