Дәріс 5. Ы.Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы .
Жоспар
Ы.Алтынсариннің өмірі, ағартушылық қызметі, балалар әдебиетіне қосқан
үлесі, оның шағын әңгіме жазу шебері. Балаларға арналған әңгімелері, олардың
тақырыптары еңбек, адамгершілік мәселесі екендігі. Бастауыш «Әдебиеттік оқу»
оқулықтарында Ыбырай шығармаларының берілу жайы.
Қазақтың аса көрнекті мәдениеттанушы-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин
Қостанай өңіріне белгілі Балғожаның отбасында тәрбиеленіп, 9 жаста (1850 ж.)
Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған 7 жылдық мектепке оқуға
түседі. Сол кезде Орынбор шекара комиссиясында қызмет істеген белгілі шығыс
зерттеушісі В.Григорьевтен сабақ алады. Оның үйінде жиі болып, кітапханасынан
көркем әдебиет, тарих, философия кітаптарын оқиды. Дүние жүзі әдебиеті
классиктері: В.Шекспир, И.Гетенің, Д.Байронның, А.Пушкиннің, Н.Гогольдің,
М.Лермонтовтың, Ә.Фирдосидің, Низамидің, Ә.Науаидің шығармаларын
өздігінен оқып, нәр алады. Көп ізденіп, кітап оқу Алтынсариннің өй-өрісін
кеңейтеді, орыстың озық ғылымы мен мәдениетіне деген құштарлығын
арттырады. 1859 жылы 1 тамызынан бастап, Ы. Алтынсарин Орынбордағы
облыстық басқармасына тілмаштыққа ауысады. Ы.Алтынсариннің білім мен
ғылымға деген ерекше талпынысын байқаған Орынборда облыстық басқарма
бастығы болып істеген В.В. Григорьев байқап, өзінің бай кітапханасын
пайдалануға рұқсат етеді. Ыбырай ылғи кітап оқумен уақытын өткізді
.
Ы. Алтынсарин оқу барысында В.В. Григорьевтің кеңесі бойынша таныс емес
орыс және шетел сөздерін өзінің дәптеріне жазып отырған және оның
әрқайсысының нақты және қысқаша маңызын көрсетіп, оны Григорьевке ұсынған.
«Бұл дәптер Алтынсарин мен менің достығымды одан әрі берік жақсартты»-деп
жазады өзінің естелігінде профессор Н.И. Ильминский. Ы. Алтынсарин менің
үйіме әр кеш сайын келетін, 7 мөлшерінде, 12 дейін отыратын. Біздің әңгімеміз
негізінен сөздерді түсіндірумен өтетін. Мен шетел сөздерін орысшаға аударып
қоймай, әсіресе техникалық терминдер ұғымын түсіндіруге де көп көңіл
бөлінетін. Алтынсарин менің көп сөздігім үшін оның шыдамдылығына ризамын.
Орынборда көп жыл болуы (1850-1861) кезінде Ы. Алтынсарин орыс ортасында
жүріп, шындықпен, келелі мәселелермен танысты. Орынборда сол кезде
прогрессивті журналдар келіп тұратын, соның ішінде «Современник» журналы,
мұнда Н.Г. Чернышевский, Н.А. Добролюбов және басқада орыс революционер-
демократтарының мақалалары жарияланатын.
1860 жылы көптен өтініш білдіру арқасында Ыбырай Алтынсарин
Орынбордағы қызметтен шығып, Торғай қаласына мұғалімділікке ауысады. Бірақ
мұнда ол толығымен мұғалімділікке беріле алмады, себебі оны сот, одан соң
соттардың бастық көмекшісі, уезд бастығының міндетін орындаушының
орынбасары етіп тағайындады. Оны мұғалімділік қызметте талпынысы ғана емес,
жергілікті билеушілердің халықтық білім беруге немқұрайлық қарауы да
толғандырды. 1862 жылдың басында жазған бір хатында «қазақ халқы менен
көп үміткер» деп жазса, сол жылғы екінші бір хатында «Сірә, қазақ даласынан
көптеп мектеп ашатын мезгіл қашан болар екен» - деп арман етеді. Ыбырайдың
осы дәуірдегі пікірін қорыта келіп, шығыс халықтарының мәдениетін зерттеген
ғалым Ильминский: Ыбырай ылғи оқу жұмысымен айналысуды, қазақ халқын
ағарту жұмысына ат салысуды көксейтін, бұл оған бақыт, рахат сияқты көрінетін
еді» деп жазды.
1864 жылы қантардың 8 жұлдызында жұрттың көптен күткен мектебі
ашылады. Өзінің досы қазақ университетінің профессоры Н.И. Ильминскийге
1861 ж. қантардың 19-да жазған хатында: «Осы жылы қантардың 8 күні менің
көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді, бәрі
де жақсы, есті балалар… Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай өте
қызу кірістім. Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік
жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын» - деп, өзінің сүйікті ісіне
белсене кіріскенін зор қуанышпен хабарлайды. Тек 1864 жылы оның
ағартушылық жұмысқа ауысу мүмкіндігі туды, ал 1869 жылдың қырқүйегінен,
яғни 20 жыл бойы халық ағарту ісі қызметінің басшысы, Торғай уезінде халыққа
білім беру бойынша инспектор болып жұмыс істеді. «Мектеп-бұл қырғыздар
білім алуының негізгі серіппесі-деген Ыбырай Алтынсарин 1871 жылдың өзінде-
ақ, … Ол қырғыз халқының болашағы»- деп түсінген ұлы ағартушы Ы.
Алтынсарин осы мақсатпен қысы-жазы ел-елді аралап, халықты өнер-білімге
шақырып қана қоймай, мектеп ашуға қаржы жинау ісімен айналысты.
Егер қазақтар орыс алфавтитін өз еркімен қабылдамаса, патша өкіметі оны
қазақтар арасына күшпен, зорлап енгізбек болған. Өйткені олардың түпкі
мақсаты, Н.И. Ильминскийдің өз сөзімен айтқанда: «Обрусение инородцев и
совершенное слияние их с русскими по вере и языку-вот конечная цель, к которой
должна стремиться система инородческого образования в крае». Сондықтан да Ы.
Алтынсарин өзінің «Қазақ хрестоматиясын» орыс әріпімен жазып, бастырып
шығаруға мәжбүр болған. Дегенмен, патша өкіметі қанша тырысқанмен, орыс
әрпімен жазылған қазақ кітаптары, кезінде Ы.Алтынсариннің ескерткеніндей, ел
ішіне кеңінен тарамады. Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясынан» басқа
аздаған діни кітаптар болмаса, кейін бұл әріппен қазақ кітаптары басылмады.
Орыс әрпіне негізделген қазақ алфавитін жасау тек Совет өкіметі тұсында ғана,
1940 жылдан бастап жүзеге асырылды. Ыбырай мектеп ұйымдастырумен бірге
1881 жылы мектепте алғашқы кітапханаларды да ашты. Бұл кітапханада
ересектерге де арналған кітаптар қоры болған. Бұл жайында ол Н.И.
Ильминскийге былай деп жазған: «Қазір енді кітапханада оқушы, мұғалімдерге,
қолөнер бөлімдерін ашуға кірісеміз, ал келешекте жеміс-жидек, бау-бақшамен
айналысамыз». Ол облыстық, уездік қалаларда орталық училищелер ашуды
ойластырды. Елек, Никалаевск (Қостанай), Торғай, Ырғыз уездерінде бірден-бір
екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашып, олардың жанынан кітапхана, монша
салуға зор күш жұмсады. Ол кейіннен әр болыс сайын бастауыш мектептер
ашуды қолға алды. Ыбырайдың оқу-ағарту ісіндегі тағы бір жаңалығы қазақ
жастарына кәсіби мамандық беру мәселесін қолға алуы болды. Ол Торғайда,
Қарабұтақта қолөнер училищесін, Қостанайда ауылшаруашылығы училищесін
ашып, қазақ жастарынан қажетті маман кадр даярлау ісіне зер салды. Парасатты,
алдын ойлай білетін Ыбырай Алтынсарин: «Әуелі әрбір уезде жақсы
жабдықталған бір-екі кластық немесе үш кластық мектеп ашуымыз керек.
Бұларда оқитын балаларды тазалыққа дағдыландырып, әр нәрсеге ой көзімен
қарай білетін азамат етіп тәрбиеленген жөн»-дейді.
Ы.Алтынсариннің демократиялық-ағартушылық бағыты оның ағартушылық
көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын
мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге және
соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз-тәлімгер
даярлауға, оларға күнделікті ғылыми-әдістемелік басшылық жасауға көп көңіл
бөлді. Үшіншіден, шығармаларындағы қазақ халқының 19 ғасырдағы қоғамдық
өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға
жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек
сүйгіш, өнегелі, азамат болуға, зиянды іс-әрекеттен, ұрлық-зомбылық, жатып ішер
жалқаулық сияқты жаман әдет, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды.
1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» оқулығын кириллица әліппесімен (қазақ
фонетикасына сәйкес) шығарып, онда қазақ халқының ауыз әдебиетінен, өз
шығармаларынан, бүкіл әлемдік әдеби шығармалардан таңдаулы, лайықты
шығармаларды ендіріп, ұлттық тағлымның (этнопедагогиканың) бір негізгі
көркем әдебиет екеніндігін айқын көрсетті. Оның жасаған «Қырғыз
хрестоматиясы» тарихи-мәдениеттік тұрғыдан құндылығы жағынан ерекше
тамаша ескерткіш болып табылады. Бұл хрестоматияны құрастыруда Алтынсарин
зор шеберлікпен, жасөспірімдердің талап тілегін толық қанағаттандыру және
олардың ұнамды мінез-құлқының өсуіне сол кездегі орыс тіліндегі оқу
кітаптарының жақсы жақтарын іріктеп ала білді. Материалды іріктеуде оның
идеясының халықтығы, гуманизмі, демократизмі және отанын сүюі негізгі
жетекшілікке алынды.
Алтынсарин хрестоматия құрастыру жұмысын 1876 жылдан 1888 жылға дейін
үздіксіз алып барды. Педагогикалық қызметінің бірінші күнінен-ақ хрестоматия
құрастыру ойы болғаны оның әркімге жазған хаттарынан байқалады, бірақ ол өз
өмірінде тек бірінші бөлімін ғана бастырып үлгерді. Алтынсарин қайтыс
болғаннан кейін хрестоматия араб әріпінде «Мактубат» деген атпен қайта
басылып шықты.
Оның хрестоматиясының екінші бөлімі бастауыш ғылыми білімнің,
жаратылыс тарихының энциклопедиясы болған тәрізді. Бұл туралы Алтынсарин
былай деп жазады: «Енді мен қырғыз хрестоматиясының екінші бөлімін
құрастырып жатырмын…. Бұл бөлімнің тарихи мәліметтер жөніндегі таруына
қырғыз халқының өз тарихынан материалдар енгізу керек болып отыр, бірақ
ондай материалды қайдан аларымды білмеймін… өз туған халқыма қырғыз
тілінде жалпы білім беретін, дұрысын айтқанда, ғылыми мәліметтермен
құрастырылған тағы бір еңбегіммен қызмет етпекпін» 1880 жылы 7 сәуірде В.В.
Катаринскийге жазған хатында ол өзінің хрестоматиясының екінші бөлімін қалай
құрастыратындығы туралы. «Хрестоматияның бұл бөлімінде мен мүмкін
болғанша толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география, тарих туралы, аздап
химиядан, техникалық өндірістен түсінік бергім келеді. Қазақ халқының қазіргі
жағдайында маңызы күшті болатын бұл еңбекті ойдағыдай орындап шығуыма
құдай тек өмір мен күш беретін болсын, - мұны жақсылап қолдана білсек, бұл
қазақ даласына көп өзгеріс енгізеді»,- деп жазады.
Ы. Алтынсарин халықтың шығармашылық жойқын күшіне, жарқын
болашағына мол сенім артты. Ол, әсіресе, жастарды оқытып, тәрбиелеу
мәселесіне ерекше көңіл бөлді, оларды біздің нағыз келешегіміз, бар үмітіміз деп,
жастарды «желкілдеп шыққан көк шөпке» теңеп, «біз болмасақ сіз барсыз, үміт
еткен достарым, сіздерге бердім батамды» деп, қазақ жастарына үлкен үміт күтті.
Ы.Алтынсарин өз шығармаларында жас өспірімдерді адамгершілік
қасиеттерге баулып отыру мектеп пен ата-ананың ортақ міндеті деп дұрыс
түсінеді. Осы идея Ы.Алтынсарин әңгімелерінің негізгі арқауы.
Халқына өшпес мұра қалдырған Ы.Алтынсарин тұлғасы – бүкіл адамзатқа,
әсіресе жастарға үлгі боларлық тұлға. Ендеше, Ы.Алтынсарин шығармаларын
мектепте жан-жақты оқытудың мәні зор. Өйткені, елжанды, шығармашыл тұлға
тәрбиелеуде ұлы ағартушының өмірін өнеге етіп, оның төл шығармаларын, биік
мақсат-мүдделерін оқушы санасында берік қалыптастыру – қазіргі мектеп
алдында тұрған келелі міндеттердің бірі. Ы.Алтынсарин шығармаларын бастауыш
сыныптарда оқытудың маңызы зор екені анық. Олай дейтін себебіміз оқушылар
ағартушы-ғалымның шығармаларын оқи отырып, одан рухани ләззат алады.Адам
өмірінде еңбектің рөлін түсіндіруде адам жанын ұяттан, жалқаулықтан,
мақтанудан емдейтін еңбек туралы ойлары Ы. Алтынсариннің әңгімелерінің
негізгі қыры болды. Оның «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» деген әңгімесінде
еңбексіз тіршіліктің дамуы, мәні жоқ екенін көрсетеді. Бұл әңгімеде әкесі жас
баласымен сөйлесіп, одан бірнеше сауал сұрайды: - Балам, анау өрмекшіні
көремісің, ол не істеп жүр? Көремін әке, ол өрмек тоқып жүр. Анау құмырсқаны
көремісің? Көремін, аузыңда тістеген бидайы бар, жүгіріп кетіп барады. Жоғары
қарашы, көкте не көресің? Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр. Аузында көлденең
тістеген шөбі бар. Сонда әкесі былай депті: - Олай болса, шырағым, бұл
кішкентай жәндіктердің ісі, еңбегі саған ғибрат: өрмекші маса, шыбынға тұзақ
құрып жүр, ұстап алған соң оны өзіне азық етеді; құмырсқа бала-шағаларына
тамақ тасып, тапқанын өзі жемей, аузына тістеп қуанғаннан ініне жүгіріп қайтып
барады. Қарлығаш балапандарына ұя салуға шөп жинап жүр. Міне, көрдің бе,
жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Бәрі де жұмыс істеп жүр. Сен де ертеден кешке
дейін босқа жүріп уақытыңды босқа жіберме. Еңбек етуге әдеттен. «Еңбек етсең −
емерсің!» деген екен.
Оның пікірінше, адам міндетті түрде еңбек етіп өзінің ұрпағын жалғастыруы
қажет. Ы.Алтынсарин еңбектің мәнін “Таза бұлақ” әңгімесінде көрсетеді. Бір
жолаушы адамның өмірдегі мақсаты еңбекте деп кеңес береді: “Сен адам, еш
уақытта тоқтама, жалқаулыққа берілме, жұмыс істе, егер солай істесең, ақыр
соңында мақсатқа жетіп ұлылардың ұлысы боласың деп”- адамның көңілінің таза
болуын дәріптейді.
«Тапқырлық» деген әңгімесінде танымал ағылшын шебері Браунның өзен
арқылы көпір құруы, «өрмекші жолыңа көлденең» орналасқан өрмекшінің осы
міндетті шешуіне бағытталған. Шебердің әрекеті өрмекші әрекетінен мүлдем
басқадай. Көпір құрудың алдыңда ойланып, ойына сәйкес жоспарлап барып,
көпірді салуға кіріседі, ал өрмекші өздігінен еш ойсыз торын құрады.
Ыбырай әңгімелерінде мейірімділік, кішіпейілділік, ізеттілік, инабаттылық,
жүрек тазалығы, ақ ниеттілік сияқты ізгі адамгершілік қасиеттер үнемі айтылып
отырады.
Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін ол «Аурудан - аяған
күштірек” деген әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейіт
деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да анасын ренжітпеу үшін қабақ
шытпағандығы айтылады. “Сейіт орам-ораммен жүріп бара жатқанда, бір арбалы
келіп аңдаусыз соғып кетіп аяғын сындырады. Ойбайлап жылап жатқан баласын
көріп, шошығаннан шешесі талып, құлапты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ
түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысн шығармай, қабағын
да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да
шытпайсың ғой?- деп сұрайды. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып
сынықшыға сыбырлап: “ауырмақ түгіл жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің
жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жыламасын деп жатырмын»,-
депті. Сейіт шын мәнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда
жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен
әлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас алақанына салып аялап, тәлім-
тәрбие беріп отырған ұлы анасы - Отанын сүйетін, ол үшін, өз жанының
ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады.
Сонымен, Ы.Алтынсариннің педагогикалық мұраларын педагогикалық,
әдістемелік тұрғыдан зерделеу төмендегідей қорытынды жасауға мүмкіндік
береді:
1. Ы.Алтынсарин қазақ даласында тұңғыш рет мектеп ашты. Мектептердің
отырықшы мекендерге де, жайлау бойлап көшіп жүретін ауыл өміріне де сай
келетін жүйесін жасап, іске асырды.
2. Ы.Алтынсарин өзіне дейінгі қолданылып келген оқулықтарға жаңалық
енгізіп, адам, табиғат, жан-жануар, еңбек, өнерден білім беретін соны оқулықтар,
оқу құралдарын жасап, негізін қалады.
3. «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері – әлі күнге
дейін маңызын жоймаған, оқушыларға оқу-білімнің пайдасын, өмірдегі орнын,
қажеттілігін дәріптейтін, тың шығармалар.
4. Ы.Алтынсариннің еңбек тақырыбына жазған әңгімелері де балаларға үлгі-
өнеге берерлік, болашағына жол сілтерлік және іс-әрекетке үйретерлік тағылымы
мол шығармалар.
Достарыңызбен бөлісу: |