209
Әдеби KZ
босанар күні Дембай бүріскен торғайдай үй сыртыңда бір уыс болып үнсіз отырып
алыпты. Іштегі әйелдердің бірі жүгіріп шығып, «ұлды болдың, сүйінші» дегенде
Дембай әлгі әйелді қалбалақтап кеп құшақтай алыпты да, мойнына асылып емірене егіліп
жылапты. Көптен күткен қуанышын ол осылай жария еткен екен. Мұны көрген өзге кісілер
де шыдай алмай, қосыла жыласа керек. Дембайдың қуанышын құттықтауға да мұршасы
келмей, ықыластарын шын пейілден шыққан көз жасымен көрсетіпті. Басына күтпеген
жерден қона салған мұнша бақытты көтере алмай есеңгіреп қалған Дембай далбалақтап
әркімді бір құшақтайды. Әркімнен бір сұрайды:
— Шын айтасыңдар ма, жұртым-ау? Әке болдым ба, шынымен? Ұл көрдім бе? Үмітім
жанғаны ма, халқым-ау! Е, айналайын жаратқан нем, көз жасымды көрген екенсің ғой.
Жарылқадың ба, шынымен! Тоба! Тоба! — деп ол әркімнің кеудесіне басын сүйеп тұрып
алады.
Біздің ауылға да сүйінші сұрап, елбе-делбесі шығып, бір бала жүгіріп келді. Әр сөздің
аяғын жұтып, ентігіп әрең тұр. «Сү-сү-йінші! Сүйінші!» «Де-ем-бай кө-кө-ем ұлды болды»
— деп әрең айтты. Сонан соң ол Айша әпкеме тілегін білдірді.
— Аққұл
атам сізге сәлем жолдады, Айша апа. Өзіңіз кіндік шеше, ал Жантөре жездем өкіл
әке болсын деп сұранды...
Біздің үй тайлы-тұяғымен көтерілді де, Жантөре мен Айша әпкеме еріп Аққұлдың ауылына
бет алды. Ауылдың ошағынан будақтаған түтін молайыпты. Шамасы, шілдехана тойын
бүгіннен бастамақ сияқты. Бір-екі жігіт үй арасында қой сүйрелеп жүр.
Біз салтанатпен
сабырлы келе жатқан Айша апамның қатарынан озбай әрең шыдаймыз.
Аққұл ауылының адамдары түгел жиналып, бізді күтіп тұр екен.Әйелдер абыр-сабыр
болып, әр үйге жүгіріседі. Әйел қауымы қашан да осы ғой, шіркін.
Қайғы болса шын жүректен қайғыра алады, қуаныш болса бар ықыласымен қуанады.
Адам көңілінің айнасындай ғой әйел деген.