Диссертацияның құрылымы зерттеу қисынымен анықталады. Бұл жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, бөлімдер бойынша қорытындыдан, жалпы қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ «Негізгі мектепте планиметрия курсын оқытуды ақпараттық технологияны пайдаланып жетілдірудің психология-дидактикалық негіздері» атты бірінші бөлімде мектепте геометрияны оқытудың бүгінгі жай күйіне талдау жасау арқылы, оның ғылыми-теориялық негіздері айқындалып, планиметрия курсын оқытуды ақпараттық технология негізінде жетілдірудің дидактика-әдістемелік мүмкіндіктері көрсетілді.
Жалпы орта білім беретін мектептерде математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесін дамытудағы өзекті мәселелер, солардың ішінде оқушылардың логика-әдіснамалық білім-біліктерін жетілдіру жұмысының ғылыми әдістемелік негіздеріне Д. Рахымбек), математика есептерінің классификациясы мен оқушыларды есеп шығаруға үйретудің әдіс-тәсілдеріне (А. Әбілқасымова, И. Бекбоев, М. Есмұқан т.б.), алгебра және геометрия курстарының өзара байланысын нығайту негізінде геометрияны оқытудың әдістемелік ерекшеліктеріне (Ә. Қағазбаева, Қ. Жұбаев, Ә. Бидосов және т.б.), математика ұғымдарын оқыту негіздеріне (Қ. Қожабаев, Ә. Кенеш т.б.) арналған ғылыми еңбектерде оқушылардың логикалық ойлауының дидактика-әдістемелік ерекшеліктері, ойлауды дамыту мен оқытудың тығыз байланыстылығы, білімнің логикалық құрылымы, оларды оқушыларға түсіндіре білу мәселелері жан-жақты зерттелінген.
Мектеп пәндерінің ішінде оқушылардың логикасын дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір дән геометрия. Біз оны оқытуда оқушыларда логикалық пайымдау, өз тұжырымын дәлелдеу іс-әрекеттерін жүзеге асыру біліктерін қалыптастыруды мақсат етіп қойдық.
Іс-әрекет әрдайым психиканың қатысуымен міндетті түрде түзілетін субъектінің объектімен байланысы болып табылады. Қандай да бір іс-әрекетті орындау барысында адам бір нәрсені қабылдауы, есінде сақтауы, ойлауы, оған зейін аударуы қажет, әрекет желісінде қандай да бір көңіл күй шарпулары туындап, ерік сапалары іске қосылады, ниет-ұстанымдары мен қатынастары қалыптасады.
Психологтар (П.А. Шеварев, Б. Инельдер, Ж. Пиаже) оқу материалының бір бірімен байланысы шамалы болған сайын оқушылардың жадына салмақ түсіретіндігін, ал ойластыра ұйымдастырылған іс-әрекет нәтижесінде олардың оқу материалы игеруі мен есте сақтауы жеңілдетілетіндігін, білімдерді тереңдей түсетіндігін анықтаған.
Іс-әрекеттің атымды игерту үдерісі ұғымның мазмұнын, оның көлемін, басқа да ұғымдармен және дәйектермен маңызды байланысын игеруді қамтиды. Сондықтан да планиметрия курсында ұғымдарды игеруге бағытталған тапсырмалар жүйесі ұғымның барлық маңызды қасиеттерін (ұғымның мазмұны мен көлемін) ашатындай тапсырмалардан тұруы керек.
П.Я. Гальпериннің ақыл-ой іс-әрекеттерін сатылай қалыптастыру теориясы бойынша, іс-әрекет жолдары, өзіне пара-пар ізденіс өрісімен қамтамасыз етілген
жағдайдағы операциялар деңгейінде ғана игеріледі.
Л.С. Выготский білім оқушының өз жасаған іс-әрекеті арқылы ғана игеріледі десе, ал А.Н. Леонтьев оқушының жаңа материалды игеруіне кепілдік беру үшін іс-әрекет оқып-үйренілетін материалға сайма-сай жасалынуы қажет екендігін атап көрсетті. Геометриялық білімді жедел қабылдату мен меңгерту әр алуан көрнекі және техникалық құралдарды (модельдерді, кестелерді, сызбалар мен суреттерді, арнайы диа-кинофильмдерді) тиімді пайдалану арқылы іске асырылып келгені белгілі. Көрнекі құралдар оқушылардың кеңістік жөніндегі түсініктері мен конструктивтік қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Әдістемелік әдебиеттерде математиканы оқытуда көрнекілік принципінің рөлі ерекше екендігі айтылған.
Көрнекілік сызбанұсқалар, кестелер немесе суреттермен шектеліп қала алмайды. Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап дамуы кезінде көрнекіліктердің барлық түрлерін ақпараттық технология алмастырды. Нәтижесінде оқытуды ақпараттық технология негізінде жетілдіру, компьютерлік оқыту технологиясы, оқытудың жаңа ақпараттық технологиялары, электронды коммуникативті жүйелер, қашықтан оқыту, электрондық оқулық деген термин сөздер пайда болды; білім беру іс-әрекетінде саралап және жеке тұлғаға бағытталған оқыту түрлерін ақпараттық технологиялардың қолдауымен жүзеге асыра алатын мүмкіндіктері аныкталды.
Психология-педагогикалық әдебиеттерде ақпараттық технология негізінде оқытуды жалпылама былай түсіндіреді: компьютерді оқу процесін әдістемелік басқаруға пайдалану.
Математиктер мен әдіскерлер математика сабақтарында компьютерді қолдану оқытудың басқа техникалық құралдармен салыстырғанда жетілдірілген тиімді оқыту әдістерінің бірі деп есептейді.
Бағдарламалап оқытудың дидактикалық мүмкіндіктерін ескере келе И.И. Мархель 1990 жылы қандай оқу материалдарына компьютерді қолдану және оны оқытудың дәстүрлі әдісімен байланыстыру керектігі туралы зерттеу мәселесін ұсынды.
Сонымен қатар зерттеулерге талдау оқу үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды енгізу ісі математика курсын толығымен компьютерлік негізге ауыстыруға болмайтындығын да көрсетуде. Біз математиканың абстрактілі сипаты мен оқушылардың абстрактілі ойлау қабілетін дамыту шаралары ақпараттық технологиямен оқытуды дәстүрлі оқыту әдістерімен тығыз байланыста жүзеге асырылуға тиіс деп есептейміз. Бұдан пән мазмұнында ұғымдар арасындағы байланысты ескере отырып дидактикалық бірліктерді ірілендіріп беру, пән мазмұнын өзгерту қажеттілігі, яғни мазмұнды ақпараттандыру қажеттілігі туындайды.
Ал оқыту ісінде электрондық оқулық басылымдарды пайдалану, көрнекілік ретінде демонстрация-мультимедиалық бағдарламаларды пайдалану ақпараттық кеңістіктен қажетті ақпаратты іздеу мүмкіндіктерін қолдану оқудың ақпараттануына алып келеді.