120
БІЛІМГЕ БАСТАҒАН БАЙТҰРСЫНОВ
Жангужина Зауреш Мейрамовна,
Буламбаева Айгуль Мендыгалиевна,
Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының
«Қостанай ауданы білім бөлімінің
Заречный мектеп-лицейі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері
«Балалар, бұл жол басы даналыққа, келіңдер, түсіп, байқап, қаралық та. Бұл жолмен
бара жатқан өзіңдей көп, соларды көре тұра қалалық па?!
Даналық - өшпес жарық, кетпес
байлық, жүріңдер, іздеп тауып алалық та!», - деп білімге бастаған Байтұрсынов бүгінде
150 жасқа толып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген қоғам қайраткері,
аудармашы, әдебиет пен тілді зерттеуші ғалым, публицист, түркітанушы, ақын, Алаш
ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың мерейтойы халқымыз үшін дүбірлі той болмақ. Себебі,
Ахмет Байтұрсынов білімге ғана бастап қойған жоқ, еліміздің егемен мемелекет болып
қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Бүгінгі таңдағы жарқын болашақтың жолын бастап беруші.
Ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында екенін сонау заманда айтып кеткен болатын. Ұрпағын
білімге шақыру жолында түрлі
еңбектерімен, шығармаларымен даралана білген ағартушы
көздеген мақсатын өзі көре алмаса да, ұрпағына тарту ете білді, ұрпағы Байтұрсыновтың
білімге бастаған еңбектері кеше де, бүгін де қолданыстан түскен жоқ. Білімге бастаған
Байтұрсынов еңбектері ұшан-теңіз:
Ахмет Байтұрсынов алғаш болып қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазды.
Сондай-ақ, қазақ графикасын жасап, оған қазақтың мәдени
мұраларына бірнеше ғасырлық
дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырған туыстық, жақындық сипаты бар
араб таңбаларын енгізе білді. Осылайша, ағартушымыз 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы»
деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын жасап шығарады.
Осыдан барып жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп, Байтұрсынов оқу-ағарту идеясына
барынша назар аударып, сол кездегі әрбір зиялы қауымға қара танытып, сауатын ашу үшін
«Әліппе» құралдарын жазуды мақсат етті:
Біріншіден, Байтұрсынов білімге жолды ақындығымен, аудармашылығымен ашты.
1909 жылы Санкт-Петербургте «Қырық мысал» деген атпен аударма жинағы жарық көрді.
Бұл жинақтағы өлеңдері арқылы аудармашы-ақынымыз қалың ұйқыда жатқан қараңғы қазақ
жұртына жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар күш-жігер, қайратын, білімін жұмсайды.
Ақын әрбір аудармасының соңында өзінің негізгі де, түйдекті ойын, айтайын деген түйінді
проблемасын халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес
келтіріп, қиыстырып отырған. Мәселен, «...Байқамас оны ешкім жақындаспай, істес боп, ой
сынасып, ақылдаспай, бөшкеде не зат барын кім біледі, қақпағын я бір жерін тесіп ашпай?!»,-
деп аудармашы-ақынымыз адам кұр бос кеуде болмай, жан-дүниесін білімге толтыруға
шақырады. Яғни,
бұл туындыда бірінде заты бар, ал бірі бос күйінде, көшеде заты бар
бөшкенің ақырын, бос бөшке болса, елдің мазасын алып салдырлап келе жатқандығы
жайында айтылады.
Жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті
көтеруге, еңбек етуге шақырған еңбектерінің бірі - «Маса жинағы». Жинақ 1911 жылы
Орынборда жарық көрді. Жинақтың атауының өзі ерекше атымен дараланады. Ақын халықты
маса болып оятады. «Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса, сап-сары, аяқтары ұзын маса, қаққы
жеп
қанаттары бұзылғанша, ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, қоймастан құлағына
ызыңдаса?», - деп сергектікті, қамсыз күйді, серпіліс пен ізденісті меңзейтін астарлы бейне
арқылы халыққа ой тастайды. Ол жалқау, надан жұрттың ұйқыдағы күйден оянуына қызмет
етеді, білімге бастайды. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай
121
дамыта түседі. Ақынның жоғарыда айтылып кеткен «Тарту», «Балалар! Оқуға бар! Жатпа
қарап! Жуынып киініңдер шапшаңырақ» деген «Оқуға шақыру» өлеңдерінен балаларды
білімге бастаған Байтұрсыновтың жан айқайын көруге болады. «Ұйқыңды аш, басыңды көтер,
білімге ұмтыл, еңбекке талпын, осы жетістікке жету үшін ақылыңды пайдалан, уақытыңды
бөгде біреуге, босқа сарп етпе» деп ұрандаған. Дәстүрлі мәдениет пен батыс мәдениетін де
білімге арқау еткен. Әдебиетімізді өлеңдерімен толықтырды.
Ахмет Байтұрсынұлы жастардың білімін батырлық жағынан толықтыру үшін
халық
ауыз әдебиетіне де зор үлесін қосты. 1923 жылы Мәскеуде қазақтың «Ер Сайын» атты эпостық
жырын жазып шығарды. Бұдан бөлек, қазақ халық ауыз әдебиетінде сақталған жоқтау-
жырларын арнайы жүйелеп, қарастырып 1926 жылы «23 жоқтау» деген атпен жеке кітап тарту
етті. Екіншіден, Байтұрсынов тіл білімі мен әдебиеттанушы ғалым ретінде білімге бастады.
1911-1912 жылдары А.Байтұрсыновтың Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында
әліппесі жарық көреді. 1912-1925 жылдары арасында бұл әліппе «Оқу құралы» деген атпен
7 рет қайта басылып шығып, оқыту ісінде біраз уақыт пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-
бидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын
дұрыс танытудағы қызметі мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен
жалғасын тапты.
Осыдан соң ғалым үш бөлімнен тұратын «Тіл - құрал» атты еңбегін жазып шығарды,
үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл - құрал» - қазақ тілін ана
тілімізде
танудың басы болды, өз ана тіліміз үшін аянбай еңбек етті. Қазіргі қазақ тілі
ғылымының іргетасы қаланды. Ахмет Байтұрсыновтың «Оқу құралы» мен «Тіл
құралдарының» орны жалпы қазақ тіл білімі тарихында алатын орны айрықша. Қазақ тіл
білімінің саласында атауларға терминдер жасап, қазақша атау берді. Ол 1926 жылы қазақ
әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді – «Әдебиет танытқыш»
еңбегін шығарды. Автор әдебиет теориясына, сыны мен тарихына,
методологиясына тұңғыш
рет нақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Өзі тілші –
редакторлық қызметімен көпшілікті білімге бастады. Алғаш болып «Қазақ» газетін шығарды.
Газетте білімге бастаған Байтұрсынов: «Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты
аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін
қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор
жолының бірі осы», - деп қараңғылыққа қамалып, өзгенің езгісінде жүрген халқын рухты
үндеу жолдаумен қатар білімге шақырды.
Білімге бастаған
Байтұрсынов білім-ғылым, оқу-ағарту ісі жөнінде жазған ғибратты
сөздерімен ерекшелінеді. «Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда
қайырымы қайтпаса», «Балаларға көп үйретем деп, асығып шала-шарпы үйретуден, аз да
болса, анықтап нық үйрету абзал», «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана
оқуы керек», «Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де
келістіріп істейді», «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді», «Біз
әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», - деген мағыналы да,
мазмұнды нақыл сөздерді жазып кеткен. Бүгінгі таңда осынау ғибратты сөздер әр педагог
үшін басты ережеге айналды десем артық айтпаймын.
Қорыта келе айтарым, білімге бастаған Байтұрсынов өз мақсатына кешегі күні жете
алмаса да, бүгінгі күні жетіп отыр. Ахаң салған дара да, сара жолмен ұрпағы жүріп келеді.
«Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік
ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ
баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та,
тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі біледі. Бұның шындығына ешкім де
дауласпайды», - деп Мұхтар Әуезов дөп басып айтқан.
Иә, білімге бастаған Байтұрсыновты тарих ұмытпайды, ел ұмытпйады,
ұрпағы
ұмытпайды. Ендеше, ешқашан ұмытылмайтын ұлы ұстазының білімге бастаған жолын
жандандыра түсейік, құрметті ұстаздар!