Әдебиеттер
Дәстүр және жаңашылдық. – Алматы. Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, 1980. -367 б.
Алмас Темірбай. Автопортрет. – Алматы, «Үш қиян», 2007. – 304 бет.
Ерік Асқаров. Өлеңдер жинағы. – Астана, «Фолиант» баспасы, 2008. – 376 б.
АБАЙ ОТАНДЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК ОЙШЫЛ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ ТАНЫМЫНДА
Қаблаш Аяулым (Қазақстан)
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ,
Ғылыми жетекшісі: Кокбас Жазира
Тәуелсіз Қазақ елі әлемдік өркениет көшіне қосылу үшін Абайдан бастауымыз қажет. Абай шығармаларын оқи отырып, рухани әлемімізге үлес қосамыз. Абай әлемін танытып білу бүгіннен басталуы қажет.
Абайды тану- халықты тану, ұлтты тану, салт-дәстүрді тану болып саналады. Бірақта кемеңгердің кемеңгерлігінің шыңы болып табылатын аса ірі туындылары кеңестік дәуірде керексіз, ескірген делініп, сыртқа тебілді, жасыратын жоқ, әлі күнге дейін «басы ашылмай» келеді. Содан да болар соңғы, жылдарда Абайды «қолдан ойшыл жасадық» деген сорақылықпен тани алмай: «Мынау Абай, қай Абай?!»,-деп елдің үрейін ұшырушылық қатар орын алуда. Абайдың мұрасы, өткен ғасырдың тәжірибесі көрсетіп кеткендей, шынайы идеологиялық қуатқа ие, бір сөзі де көнермейтін мәңгілік хақиқаттар. Абайдың «алланың өзі де рас, сөзі де рас» (1902) деген әйгілі өлеңі ой тереңдігі жағынан, сөз жоқ, әлемдік философиялық поэзияның жауһары әрі кемеңгердің ақтық өсиеті болуымен де құнды.
Абайтану ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің: «Абайдың шынайы үлкен мүддесі, белгілі бір діннің шеңберінен ары түсіп, кең жатады»,- дейтіні де сол. Қысқасы, өлең иесі іздегені жалғыз мұсылман емес, күлі әлемге ортақ хақиқаттар екенін аңдатып отыр. Кемеңгер ақын, ғұлама хакім Абай Құнанбайұлы мәңгілік жасампаз туындылары арқылы халқымен етене жақындасып, өзін де, қазағын да әлемдік мәдени кеңістікке шығарды.
Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов алғаш рет Абайды дала данышпаны деп атаса, Ахмет Байтұрсынов Абайға қазақтың бас ақыны деген баға берді. Шәкәрім Құдайбердиев Абайдың ақындығына қоса, оның хакімдігіне баса назар аударды. Мұхтар Әуезов болса, Абайды жаңа профессионал әдебиеттің көшбасшысы деп бағалады. Ал енді Қ.Жұбанов солардың ішінде бірінші рет Абайды қазақ әдебиетінің классигі деп таныған ғалым [].
Қ.Жұбанов өзіне дейінгі Абайдың еленбей келген төрт ерекшелігін ашады. Біріншісі, Абайдың өз шығармаларын таза қазақ тілінде жазғандығы; екіншісі, жазғанын классикалық әдебиет деңгейіне көтергендігі; үшіншісі, салған, ұстаған бағытының сонылығы, келешегінің зор екендігі; төртіншісі, Абайды классик ренессанстық тұлға деп бағалағандығы.
Абай өзі туралы атақты Ғақлиясының тоғызыншы сөзінде былай дейді: «Осы, мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көремін бе, жек көремін бе? Егер жақсы көрсем қызықтарын қостасам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Себебі, біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бір-бірімізді аңдып, бақталасып, жауласып, кірпік қақтырмай отырғанымыз». Мұның бәрі, деп топшылайды: ол, бұдан былай да осылай бола берсе: «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ». Бұдан ары қарай келесі бір сөзінде: «Қарап тұрсам сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ. Саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзімен-өзі әуре болып ешбір шаһари жауласпайды. Қарасам, молда, медресе сақтап, дін күтудің, еңбек қылып мал табудың жолдарын солар біледі. Орысқа айтар сөз де жоқ. Біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз» [2.20б.]. Абайдың осы бір қазақ туралы ащы шындығы бүгін де өмірде жиі кездеседі.
Бүгінгі қазақ жұрты Абайдан ұлтты ілгері жетелейтін прогресті, бірлікті, елдікті үйренеді. Кезінде Абай аяусыз сынаған ұлтты кейінге тартатын алауыздықтан, бақталастықтан, күншілдік пен жалақорлықтан безінеді. Жаңашыл, прогресшіл ақын үнемі жақсы қасиеттерге ұмтылудың, керісінше, қаскөй, зиянды нәрселерден қашудың, құтылудың жолдарын іздестіреді. Ұлт өркенінің алтын қазығы – «бірін-бірі қудалап қор болмай, шаруа қуып, білім-өнер іздеп, мал тауып зор болғандық абзал іс» - деп көрсетеді ақын:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Абайды күйдірген халқымыздың бойындағы келіспейтін қылықтар мен кемшіліктер бүгін біздерді де күйдіреді. Абайдың қазағын сынауы оның халқын жек көруі емес, сол халқының кемшіліктерін жек көруі деп түсінеміз. Абайдың осы ұстаған жолынан біз халқымызды Абайша сүю, Абайша жақсы көруді үйренеміз. Ұлтымызды, халқымызды сүю дегенімізді оның кемшілігіне төзбеушілік, оның бойындағы зиян, жамандық қасиеттерге қарсы бітіспес күрес деп ұққан жөн. Абай өзіне-өзі «қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағанын, бірінің тілеуін бірі тілемейтінідігінің, рас сөзінің аз болатындығының, қызметке таласқыш, өздерінің жалақор болатындығының себебі не?» деген сұрақ қояды. Өкінішке орай, Абайды қатты қапаландырған сиықсыз іс-қылықтар бүгінгі күнде көбеймесе азайған жоқ.
Абайтану мәселесіне келгенде шетелдік оқырманда қалыс қалмайды.
Мен өзім Барселонада тудым. Отаным – Каталония. Ана тілім –каталон тілі. Гренаданы екінші отаным деп есептеймін... Осы жерде мен Испанияның ұлы ақыны Федерико гарция Лорка шығармаларының қыр-сырына қанықпын, ал ол дегеніміз ақын ғана емес, әрбір ұл-қызын қастер тұтатын Испания елінің еркіндігі мен мөлдірлігін әлемге жарқырата көрсетіп тұрған шарайна іспетті. Бұл әр ұлттың ақындарына тән қасиет. Абайда осындай ұлы ақынның бірі, бірі ғана емес бірегейі.
«Мен оның (Абайдың) тілегей теңіз шығармаларын түгелдей білемін деп айта алмаймын. Бірақ өзім оқыған еңбектерден оны өз мұңымен ғана өмір сүретін ақын ғана емес, ғалам құбылыстарын өзгенің көзімен көре білетін, жүрегімен сезе білетін, өзгенің мұңымен өмір сүретін адам ретінде таныдым»,- деп баға береді Федерико Майор.
Абайтану ғылымының тарихында Абай туралы тұғыш рет Әлихан Бөкейхановтың 1905 жылы 25-ші қарашада «Семипалатинский листок» газетінде Абайға арналған некрологы жарыққа шықты. Осыдан кейін ақын мұрасы туралы монографиялық еңбектердің жарыққ көруі, диссертациялардың қорғалуы - абайтану ғылымының қарыштап дамығанының айғағы. Бүгінгі абайтанудағы басты проблеманың бірі-ақын шығармаларының шет тілге аударылуы мен насихатталуы. Әдебиет сүюші қауымды қызықтырған тақырыптың бірі-Қытай елінде Абай шығармаларының зерттелуі.
Қытай оқырманына Абайдың ең алғаш танылуы 1954 жылы 11 шілдеде Үрімжі қаласынан шығатын «Шыңжан» газетінде жарық көрген Айхан (Айқын болуы мүмкін-І.Б.) деген қазақ азаматының «Қазақ халқының ұлы ақыны, әрі гуманист Абай Құнанбаев» атты мақаласы болды.Бұл мақаланы жазған Айхан мен қытай тіліне аударған. Бірақ бұл мақала біздің Абай шығармаларының қытай тіліне насихатталуы 1958 жылдан басталады деген тұжырымдаманы алдыға ілгерілетті. Бұған дейін жарық көрген Абайтану библиографиялық көрсеткіші мен Абай энциклопедиясының қытай тіліне аударылуына шолу жасалғанда: «1958 жылы «Тянь-Шянь» журналының 8-ші санында Қабайдың «Қазақтың ұлы ақыны-Абай» атты көлемді ғылыми мақаласы жарық көрді...» (Абай энциклопедиясы. Бас ред. Р.Нұрғали-Алматы, 2007. 632 б. ), -деп одан кейін басылымға шыққан аудармалар мен зерттеулер туралы баяндайды. Жоғарыда аталған мақалада Айхан: «Осы жылдың 6-шы шілдесі жаңа қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ұлы ақын, гуманист Абай Құнанбаевтың дүниеден өткеніне елу жыл толуына байланысты еске алу шарасы өтті». «...Өткен уақыттарда Коминданың (1911-1949 жылдары билік мәдениетіне деген керағар саясатының нәтижесінде ақынды еске алуға мүмкіндік болмаған еді. Бірақ та, қазіргі таңда төраға Маоның көреген саясатының арқасында ұлы ақынды еске алуға мүмкіндік туды » (Айхан. Қазақ халқының ұлы ақыны, әрі гуманист Абай Құнанбаев (Қытай тіліне аударған Ма Жың Хай) // «Шиңжаң газеті». 1954. 11 шілде ), деп, Абайдың шығармашылық, өмірбаянына тоқталып, ақынды еске алу шарасы тұңғыш рет өлке (Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық Район – І.Б. ) көлемінде аталып өткені туралы және М.Әуезовтің «Абай жолы» романы Лениндік сыйлыққа ие болып, жиырмаға жуық ұлттар тіліне аударылғанын баяндайды. Сол жылы еске алу шараға жергілікті қазақ зиялылары, КСРО-ның Үрімжі қаласындағы елшілігі және өлкелік әкімшілік басшылары, әр ұлттың мәдени қызметкерлері, оқушылар, т.б. барлығы бес жүзге жуық адам қатысып, өлкелік мәдениет департамент меңгерушісі Зы Я мен елшілік өкілі Абай туралы арнайы баяндама жасайды. содан бастап Абай шығармалары қытай еліндегі ұлы жорығын бастады. Бала кезінен бастап қазақ ауылында өскен, Шыңжан университеті орыс филологиясы факультетінің түлегі, ұлты сібе Қабай (Ха Хуан Жаң) 1955 жылы «Бейжің» аударма журналының 8-санында Абайдың «Ескендір» поэмасын қытай тіліне аударып жариялады.
Тұң Жоу Миң «Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармалары Қытайда» атты мақаласында Абай шығармаларының аударылуы мен зерттеуі жайында кеңінен тоқтала отырып, Қытай еліндегі абайтану ғылымын төрт бағытқа 1. Абай шығармаларының халықшылдығы. 2. Абайдың әдеби шығармалары. 3. Абайдың Қытай қазақ әдебиетіне ықпалы. 4. Абайтану ғылымы. «Абайтану Қазақстанда қарыштап дамығанымен Қытай елі үшін әлі де «ақтандық»,- деп ескертеді.
Ал, татар поэзиясының классигі Сибғат Хаким «Абайдың жан дүниесінде қазақ даласының зар-мұңы мен көзінен аққан жасы бар. Ол қазақтың ұлы руханиятын қалыптастырды», деген еді. Орыс халқының абайтанушы ғалымдарының пікіріне тоқталсақ: халықтық хал-ахуалының барынша нашарлап, ауыр жағдайға ұшырайтынын, екі жақты отарлық-феодалдық езгіде бұқара халықтың мұңы мен зары Абай поэзиясында молынан көрініс тапқанына ерекше мән берген. Сол себепті де «Оның өлеңдері халыққа деген шексіз сүйіспеншілікке бөленіп, сол кездегі самодержавиелік чиновниктердің тағылық дүниесінің азабын тартып отырған қазақ елінің мұңы Абайдың «көрінбейтін көз жасы» арқылы ашық бейнеленді»,-деп жазды.
Ұлы ақыннымызға өзгелер осындай өз бағаларын беріп жатқанда қазақ елінің қалыс қалып жатқаны ұлтымызға үлкен сын. Елдігіміз биік, рухымыз асқақ, ұрпағымыз тәрбиелі болу үшін әр қазақ Абайды оқуды өзінен бастауы керек. Сөз соңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «…Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс… Абай әлемі біздің жеті түнде адастырмас Темірқазық іспетті» деген сөздерінен артық айту мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |