Монархия (грек сөзі monarchial – бірыңғай билік) – жоғарғы мемлекеттік биліктің нақты немесе формальді түрде бір басшының (монархтың) қолына шоғырлануы. Монархияның белгісі: мемлекетті басқаратын адамның билігі оған әкесінің немесе басқа туыстарының қолынан көшуі. Сондықтан оның билігі – мұралық билік. Монархия екіге бөлінеді – шексіз және шектелген монархиялар.
Шексіз монархия – монархтың билігін басқа мемлекеттік орган шектемейді, биліктің бәрі соның қолында болады. Қазіргі кезде шексіз монархиялар өте сирек кездеседі (Бруней, Оман). Монархиялардың көбі шектелген монархияларға жатады. Бұл монархияда монарх билігі басқа бір органмен немесе заңмен шектеледі. Шектелген монархия шығыс мемлекеттерінде кездеседі, мысалы Үндістан. Жаңа ғасырларда шектелген монархия конституциялық монархия деп аталады. Оның екі түрі бар: дуалистік және парламенттік монархия. Дуалистік монархияда мемлекетті басқарған екі топтың күші тең, буржуазиялық революциялар өткеннен кейін, оның бірінші кезеңінде бұрынғы корольдер биліктерінің жартысынан айырылды, оған біріншіден заң шығару билігі жатады. Мысалы, 1791 жылы Франция мемлекетінде Конституция бойынша король заң заң шығару билігін жоғалтты, ол ұлттық жиналыстың қолына көшті. Бірақ оның қолында қалған билігі әлі күшті болды: ол әскерді өзі басқарды, осыны пайдаланып өзінің халқына қарсы шықты, сот қызметкерлерін, министрлерді және атқару биліктерін өзіне бағындырды, шығарған заңдарға тыйым салды және парламентті таратуға құқылы болды. Сонымен, мемлекеттік билік екіге бөлінді: парламент буржуазияның мүдделерін қорғады, ал король феодалдардың. Бірақ, тарихи процесс объективті түрде парламентті жеңіске жеткізді де, дуалистік монархия парламенттік монархияға айналды. Парламенттік монархия бірінші Англияда құрылды. Қазір Еуропа мемлекеттерінің көбі осыған жатады: Бельгия, Норвегия, Швеция, Дания. Монарх – мемлекеттің көркі, тұрақтылығы, сәні, ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптары. Монархтың өмірін реттейтін әдет-ғұрыптардың көбін халық жақсы көреді: парламенттің бірінші сессиясын ашу процедурасы, мемлекетке келген қонақтарды қарсы алу, монарх сарайларының өмірін реттейтін әдеттер, т.б. [21].
Республика (латын сөзі Republic – қоғамдық іс, мемлекет) – мемлекеттік биліктің барлық жоғарғы органдары не сайланады, не жалпыұлттық мекемелермен қалыптасады. Бұл билік формасының жаңа кезеңде мынадай түрлері бар: президенттік және парламенттік республикалар.